Мақсаты: Студенттерді қазақ тілін қадірлеуге, сыйлауға шақыру. Олардың сөздік қорын молайту арқылы, тілдің байлығын көрсету.
Қазақ тілінің қоғамдық қызметі арта түсіп отырған қазіргі кезде оның үздіксіз даму процесін терең ұғынып, өмірлік мәселелерін жан-жақты зерттеуге ерекше мән беріліп отыр. Солардың қатарында теориялық, тәжірибелік биік талаптар деңгейінен қарайтын сала - тіл мәдениеті мәселелері болмақ.
Бұл - қазақ тіл білімінің өзінің даму жолына түскен саласы. Тіл мәдениеті халқымыздың жалпы мәдениетімен астарлас дамуға тиісті болатындықтан, бұл ғылым саласы алдымен тіл мәдениетінің дәрежесін арттыруды, тілдің қатынас құралдық қызметін жетілдіру үшін оның күнделікті өмірлік мәселелерін ғылыми тұрғыдан дұрыс шешіп, жөн сілтеуді көздейді.
Еңсесі биік еліміздің барлық іс-әрекеті мәдениетінің, әсіресе тіл мәдениетінің дәрежесін көтеру халыққа кызмет ету мүддесімен ұштасып жатса, әрине, ондай іске тілшілер ғана емес, көп болып көмектесу талабы қойылады. Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан, тілді жасаушы, тілді өмір құралы етіп жұмсаушы қоғамның сана өкілдері, көзі ашық тіл ұстартушылары тіл мәдениеті мәселелеріне әрдайым көңіл бөліп, игілікті істерге ат салысуы тиіс. Тіл мәдениетінің басты талабының бірі - тілдің халықтық қасиетін дамыту, ана тілінің байлықтарын талғам елегінен өткізіп молынан әдеби тіліне енгізу.
Талдау бөлімі: Халық тілі, К.Д. Ушинский айтқандай, оның рухани өмірінің ең жақсы, еш уақытта солмайтын және әрдайым гүл-гүл жайнап тұратын қоры, оның өмірі тарих шекарасынан әлдеқайда әріден басталады. «Кен байлығы - жерде, сөз байлығы - елде» екенін жақсы білетін ақын-жазушылар және басқа қалам қайраткерлері сол байлықтарды әдебиетке емін-еркін ендіріп келеді. Енді әдебиеттің, ең алдымен көркем әдебиеттің көп табысының бірі - халық тілі байлықтарына кенелгендігі дей аламыз.
Ана тілін тірлігінің тірегі етемін деген ақын-жазушылар үшін ол тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар, көрікті, көркем нақышқа толы туындыларының да бірден-бір құралы. Сөз шеберлерінің жасампаздык қабілеті мен шабытына үйлесе дүниеге келіп, игілік қорына қосылған шығармаларынан кестелі тілдік бояуларын да көреміз Абай, Ыбырай, Сәкендерден бастап жібі үзілмей келе жатқан осындай тіл жұмсалудағы «мәдениет» деген терминді бұрын қоғамның оқу-білім, ғылым, өнер, т.б. рухани табыстарының жиынтығы деп қана түсінеміз.
Жеке кісінің мәдениеттілігі қоғамда алатын орнымен, білім дәрежесімен, өнерге қанықтығымен өлшеніледі. Оқымысты, мәдениетті кісінің білім, ғылым, өнер дәрежесі ғана биік болмайды, солармен қатар, оның жүріс-тұрысы, басқалармен қарым-қатынасы, әсіресе тіл жұмсау дағдысы ерекше болады. Тіл мәдениетінің екі түрі бар: баспасөз тілінің мәдениеті және сөйлеу тілінің мәдениеті. Бұлар өзара тығыз байлынысты. Қазақ елінің қазіргі әдеби тілі жалпыхалықтық ауызекі сөйлеу тілі негізінде қалыптасқан. Әдеби тіл сөйлеу тілінде бардың бәрін емес, оның құнарлы, жалпыға ортақ әрі тиімді байлықтарын бойына сіңіреді де, керісінше сөйлеу тіліне ықпалын тигізеді, әдеби тілдің дәстүрлі жаңа нормалары сөйлеу тіліне ауысады. Осыдан келіп әдеби тілдің екі түрі пайда болады біріншісі - әдеби тілдің жазба түрі, екіншісі - әдеби тілдің сөйлеу түрі. Бұлар өзара тығыз байланыста дамиды. Жазба әдеби тіл жасалмай тұрьш, ауызша әдеби тіл жасалмақ емес.
Тіл мәдениетінің басты талабының бірі тілдік нормаларды қалыптастыру. Олар халық тілінің, әдеби тілдің даму барысында қалыптасады, кейбіреулері (жазу нормалары, терминдер, пунктуация нормалары) қолдан жасалады да, басқалары тілде бұрыннан бар жүйелер негізінде баспасөз арқылы қалыптасады. Әдеби тіл деп - жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары сараланған, қоғамдық қызметі әр алуан тілді айтамыз. Көркем әдебиет тұрғысынан алғанда М.Горький айтқандай, «Әдебиет тезіне түспеген «шикі» тілді халық тілі дейміз де, көркем сөз шеберлері шыңдаған тілді әдеби тіл дейміз». Осылардай қасиетке ие болған тілді әлі де ширата, іргесін бекемдей түсудің орнына «халықтық мұра» дегенді теріс түсініп, сөйлеу тілінде бардың бәрін жаза беретін авторлар аз ба? Әсіресе бірде олай, бірде былай айтылатын сөздер мен грамматикалық тұлғалардың әдебиетте жұмсалуында талғам аз.
Норма мен тілдің ішкі заңы деген бір емес, норманы ойдан шығаруға болады, ал заңды ойдан шығармаймыз, айкындаймыз, ашамыз. Оның үстіне тілдік заң көрінгеннің икеміне көніп өзгеріле бермейді, норманы орайына қарай өзгертуге болады.
Тілдік норма - тілдің әдебиеттілігінің бір белгісі. Біз халықты әдеби тілге баулитындықтан, халықтың, баспасөздің тіл мәдениетіне көз жібергенде, олардың әдеби тіл нормаларын каншалықты сақтау - сақтамауы еленеді. Ол тіл мәдениетінін бір жағы. Оған одан басқа сыпайы сөйлеу, ойды дәл, айқын айту, сөзді орынды қолдану, ой мақсатына лайық сөйлемді дұрыс құру сияқтылар да енеді. Сондықтан тіл мәдениетінің негізі - норма дегені де, онымен тілдік заң бір дегені де қате. Біз норманы заң деп түсінбейміз.
Бұл мәселенің қиын жағы - нормалаудың принциптерінде. Бұл жайында орыс ғалымдарының арасында әртүрлі пікір айтылып жүргені белгілі. Біздіңше, ол нормалау принциптерінің негізгісі әрбір әдеби тілдің дәрежесімен, нормалау объектілігінің ерекшелігімен байланысты. Мұнда да нормалау бағытын көп жылғы тілдік тәжірибе көрсетуге тиіс.
Әдетте әдеби тілде болуға тиісті прогрессивті құбылыс оның белгілі даму кезеңінде қылаң беріп, бой көрсетеді. Біздің мамадардың мақсаты - жоқты жону, барды місе тұту емес, тілдің әлгіндей бір ұшы көрінген даму процесін тани біліп, соларын ұштай, жетілдіре түсу. Нормалардың басты принципі осы болу керек.
Тілдік норма - тарихи кұбылыс. Әдеби тілдің бір кезеңдегі норма кейін басқаша түрде жалпыхалықтық қасиетке ие болған болса, сезімтал, әдеби тілге талғам мұнарасынан қарайтын жазушы бұрынғысын өзгертуді ар көрмейді.