Қазақ тілі - өзінің өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, қысылтаяң қатал жағдайға қайрап, егеп, «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін ерге, елге медет болып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын ең әсерлі, ең әдемі шешен тіл. Б.Момышұлы Егер де сөйлеуші адамның сөзі көпшілік қауымды ұйытып, тыңдаушының айызын қандырса, сөзі әсерлі, қызықты, тартымды болды дейміз. Солай бола тұрса да әр сөзді сазына келтіріп, жігерлендіріп айта білу де әрбір тыңдаушыға жақсы әсер етіп, сол сөзге назар аударып мән беруге жетелейді. Ой мен сезімге бірдей әсер етіп жатқан мұндай сөздерді тыңдай беруден ешкім де жалықпайды. Сондықтан орфоэпиялық норманы қатаң сақтап, сол негізде сөйлесе, сөз мәнеріне, табиғатына көңіл бөлсе, даусы ашық, түсінікті, жігерлі болса – сөз әсерсіз, ойсыз болмайды. Әсерлі сөйлеудің тілге тікелей байланысты шарттарының бірі – сөзді сазына, нақышына, мақыныма сай айта білу. Әрбір сөзге, әрбір тілге тән дыбыстық заңдылық болады, тыңдаушының құлағына түрпідей тиіп жалықтырып жіберетіндері де бар. Яғни, қазақ тіліндегі үндестік заңын қатаң сақтап, сол жүйені бұзбай сөйлесек әрбір сөздің сазына, ритмикалық-әдістемелік ерекшелігіне де ешбір сызат түспейді. Мысалы: құлын – құлұн, бұрын – бұрұн, көңіл – көңүл, орын – орұн, досжаран – дошшаран, он қабат- онғабат, мен келдім – меңгелдім т.б. (соңғы сыңары сөздің орфоэпиялық нормасы).
Сонымен сөзді сазына келтіріп, нақыш өрнегін сақтап айту, сөйлейтін сөзіне, тыңдаушысына селқос қарамау, әдеби тіл нормаларын сақтап сөйлеуді мақсат ету –сөз әсерлігінің ең негізгі шарттары. Кейде әдеби шығармаларда деректі ұғымдағы сөздерді әдеттегідей бәрімізге үйреншікті, қарапайым үлгіде қолданатын болсақ, әрбір сөздің не сөйлемнің ешбір әсері болмайды. Мысалы: Жел соқты, қар жауып, боран болды деген сөйлемнің айтылуы кім-кімге болса да таңсық емес. Шығарма тілі де бастан-аяқ осындай дағдыла сүрлеуден шықпай, үйреншікті қолданыста құрылса, ешкімді қызықтырмайтындығы, әсерсіз болатындығы айдан анық. «Тілі тартымсыз», «сөзі бедерсіз» деген үлкен мін тағылып, ондай шығарманың сыналып жататындығы белгілі. Сөз шеберлерінің қолданысында сөз әдеттегі қызметінен басқа күйге көшіп, тосын құбылысқа тап болады. Мұндай тосын қолданыстың әсері айрықша болып, шығарма тіліне шырай беріп отырады.
«Боран үскіріп соғып тұр. Асау жел ащы күйінен жаңылған жоқ, ойнақ салып ысқырып тұр. Ақ дала меңіреу болып түнеруде. Қайғылы сары бел боран әкеліп тұрған ақ киімін қымтай түсіп жата берді» (М.Ә.)
Сол сияқты мына үзіндіге көңіл бөлейік: Ай сүттей жарық, ауыл адамдарының бәрі тегіс ұйқыда. Қыбырлаған жан жоқ. Тек қана күйіс қайырған малдың дауысы ғана естіледі (студенттің шығарма жұмыстарынан).
Осы бір көріністі көркем әдеби шығармада жазушының қалай суреттеп бергеніне назар аударайық. «Қазіргі жарық түннің тыныштығының ортасында көкөзек ұйқыға кеткен сұлудай болымсыз дымқыл тұманмен бусанып, тыныс алған сияқты. Өзек бойына шашырап қонған ақ шұбар ауылдар әр жерде тарғақтың, үйрек-қаздың ұядағы жұмыртқасындай болып, өзінше бір жарастықпен дөңгеленіп, үрмелей отыр еді, ауылдардың көпшілігі жатқан. Түңліктері жабылған ақ тұнжырай қарауытып, түн тыныштығына бойсұнып қалқығандай. Қотандағы мал тегіс жатқан, тегіс қалғыған ұйқыда» (М.Ә).
Әдеттегі тіл жұмсауымызда «асау жел», «қайғылы сара белборан», «ұйқыға кеткен сұлудай болымсыз дымқыл тұман», «ай сәулесі түсіп маңқиып» деген сөз тізбектерін қолдана бермейміз. Алайда, жансызға жан бітіру, сөзді тосын қолдану құр мақсат емес.
Алайда тұрақты сөз тізбектерін шамадан тыс, бірінен кейін бірін бастырмалата қолданудың әсері басқаша болуға тиіс. Негізінде басы артық бейнелі қолданыс оқушы ойын алаңдатып, көркем шығармаға деген ықыласын төмендетеді. Өйткені, үсті-үстіне, іргелес қолданылған тұрақты тізбектердің бояуы шымқай, жылтыры басым болған сайын өзара «бәсекелесіп» біріне-бірі бөгеліс болады. Басқаша айтқанда, тіл көркемдігіне кері әсерін тигізеді. Мысалы:
«Жанымызды шүберекке түйіп, қанымызды торсыққа құйып, басты оққа байлап, қыз асылатын мойнымызды қылышқа тосып, тәуекел деп, жалаңдаған қылыш, жасанған жаумен жамыраған қойдай араластық та кеттік» (журналдан).
Осындағы «жасанған жаумен жамыраған қойдай араластық та кеттік» тәрізді қолданыс қой қоралап, көгеннен қозы ағытып көрген қазаққа сүйсінер сурет бола қояр ма екен? Шындыққа жүгінсек, қой емес, жамырайтын қозы ғой. Көгеннен ағытылған қозылар өрістен қайтқан енелерімен жапа-тармағай еміреніп, табысып жатпай ма? Олай болса, жалаңдаған қылыш, жасанған жаумен сарбаздардың қоян-қолтық айқасын автордың жамыраған қой арқылы бейнелеймін деуі құр сөз әурешілігі сияқты.
Кейде кейбір әңгіме, повестерді оқып отырғанда «сыңғырлаған күлкі», «қозғалмайтын тау», «таза ауа», «өзгеріссіз өмір» тәрізді дағдылы тіркес, дайын теңеулердің шектен тыс көбірек қолданылуы тіл шеберлігін таныта бермейді. Болмысты өз көзімен көріп, оны өзіндік тіл өнерімен жеткізе білу жазушының дүниетанымын, ой-өрісін, стильдік ерекшелігін, эстетикалық талғамын көрсетіп қана қоймай, көркем сөз шебері аталуының мықты бір дәлелі де бола алады.
Сөйлеу мен жазудағы басты назарда ұстар қағидалардың бірі – сөздің әсерлі жетуі. Сөздің әсерлігі сөйлеушінің даусына, сөйлеу мәнеріне, сөздерді дұрыс таңдап ала білуіне байланысты.
Дауыстың түрлі болуына қарай біз көңіл-күй жағдайын, сөйлеушінің ойға, іске қатынасын анықтай аламыз. Көптеген мамандық иелері үшін дауыс үлкен роль атқарады. Сөздің дәл, орнымен қолдануымен қоса, көркем де әдемі сөздерді таңдап алғанымен, орынсыз дыбысты, сөзді көтеру, созу немесе ақырын айту сөздің, ойдың әсерін төмендетіп қана қоймай, тыңдаушыны жалықтырып та жібереді. Екпіні, кідірісі дұрыс қойылған, жағдайға лайық сөздер дұрыс таңдап алынған әнгіме, сұхбат, кез келген жазбаша үлгідегі мәтінге тыңдаушы үшін де, оқушы үшін де әсерлі болатыны сөзсіз.
Сөздің әсерлігінің екінші жағы – сөздің тура мағынасында қолданумен бірге оны суреттеп, бейнелеп, ауыстырып айту. Мысалы: қуанды дегеннен де «көзі жайнап, жүзі бал-бұл жанды» деген әсерлі болары сөзсіз. Сөз мағынасының басқа мағынаға ауысуы.
Метафора тәсілі – сөз мағынасын салыстыру, жақындату негізінде астарлы тың мағына жасау. Мысалы: «Өзім – Күнмін, өзім - от» (Мағжан). Осындағы «Күнмін», «от» метафора тәсілі арқылы ауыспалы мағынаға ие болған.
Метонимия – зат, құбылыс атауларының екінші бір зат құбылысқа шектестігі, ұласпалылығы негізінде жұмсалуы. Мысалы: Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетер, Құйма құлаққа айтсаң, құйып алар (мақал). Ақпа құлақ «ұғымсыз» мағынасын, құйма құлақ «ұғымтал», «зерек» мағынасын ауыстырып тұр.
Синекдоха – жалпының орнына жалқы, бүтіннің орнына бөлшек немесе керісінше қолданылатын мағына. Мысалы: Көп қорқытады, терең батырады. Мақалда көп «халық», «ел» мағынасын береді.
Ауыспалы мағына метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеу т.б. бейнелеу тәсілдері арқылы беріледі. Ойды неғұрылым кең берем деп тыңдаушы, оқышыға тегеурінді әсер беретін ауыспалы мағынадағы сөздерді тым қоюлатып, сурет-сөзге әсері еліктеп кетуге де болмайды.
Қорыта келсек, сөздің әсерлі жетуі сөзді мәнерлеп айтуға қажет: екпін, дауыс кідірісі, дауыс күші, дыбыстың айтылу ерекшелігіне, тілде бейнелеу құралдарын: метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеуді орнымен қолдану, жағдайға қарай сөздерді дәл тауып, қолдануға байланысты.