Ауызша сөйлеу мәдениеті мен дыбыс тілінің тікелей байланыстылығы
Ауызша сөйлеу мәдениеті сөйлеген кезде орфоэпия қағидаларын сақтап мәнерлеп сөйлеумен тығыз байланысты, яғни, сөздер қалай дыбысталса сөйлеген кезде де әрбір сөздің дұрыс айтылуына мән беруіміз керек.
Өйткені, қазақ тілі - өз табиғатында үнді, әуезді тіл.
Әрбір сөзбен сөйлеу, не мәтінді мәнерлеп, сөздің нақышына келтіріп айту - ауыз әдебиеті асыл қазыналарынан, айтыс өнерінен келе жатқан табиғи заңдылық.
Сондықтан ауызша сөйлеу кезінде тілдің өзіндік заңдылықтарын сақтаумен қатар, сөйлеудің техникасын жетік біліп, қорымыздың да мол болғаны қажет.
Белгілі бір мәтінге грамматикалық талдау жасау, тәрбиелік мәні жоғары үзінділердің әдеби сырын ашып, басқа біреулерге үлгі-өнеге ету үшін де тілдік заңдылықты қатаң сақтаудың үлкен пайдасы бар.
Ойды жеткізер тілдің мәнері, нақышы жеткіліксіз болса, ойшыл ақынымыз Абай айтқандай: «көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда сәні кететінінің» бірі болмақ.
Ауызекі тілде бір сөзді қайталай бермей, оған мағыналас, мәндес синоним сөздерді қолдану да, ойды әсерлі, түсінікті жеткізудің айғағы.
Қашан да сөзді қарапайым қолдана отырып, тартымды да көркем айта білген ғұламалардың шешендігін, сөйлеу мәнеріндегі қатаң сақталған әуезділікті өзімізге өнеге тұтуымыз керек.
Академик, жазушы М. Әуезов сөзінде және жазылған мақалаларында халық даналығы болып есептелетін мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестерді, қанатты сөздерді қолданудың шебер үлгілерін ұсынғаны баршамызға белгілі.
Ол қажет жерінде мифтік шығармалардан бастап, өз дәуірінің озық жазушыларынан, халықтың сөйлеу тілінен, керек десе, дүние жүзінің әдебиетіндегі озық үлгілерді алып, ойын дәл, әрі әсерлі жеткізуге дағды-ланғандықтан көркем сөздің атасы болып есептелінеді. Сол сияқты бұл бағыттағы Ғ. Мүсіреповтің, Ғ. Мұстафиннің, С. Мұқановтың шығармаларын атауға болады.
Сөйлеу мәдениетін арттыруда, әрбір сөздің мағынасын дұрыс түсініп, орынды жеткізе білуде сөздіктерді, нормативтік сипаттағы анықтағыштарды, орфоэпиялық сөз тудыру, синонимдер, омонимдер, фразеологиялық сөздіктерді, тілді грамматикалық жағынан дұрыс көрсететін сөздіктерді пайдаланудың маңызы зор.
Ауызекі сөйлеу тілінің өзіндік ерекшелігі - бірін-бірі бетпе-бет көріп отырған екі не одан да көп адамдардың өзара пікір алысу, түсінісу құралы.
Бірін-бірі түсіну үшін сөйлеуші адамдардың дауыс ырғақтары, сөз құралындағы әрбір дыбыстың орфоэпиялық нормаға сай естілуі қажет.
Мысалы: қонбады - қомбады, басшы - башшы, көкөніс - көгеніс, көзсіз - көссүз, өзенге - өзөңгө, айдын көл - айдың гөл, ай қабақ - ай ғабақ, тас бауыр - тас пауүр, жас бала - жас пала т. б.
Сөздерді жазылуынша айту, әсіресе, жастардың тілінде үйреншікті машыққа айналып бара жатқанын аңғару қиын емес. Мұны тіліміздің табиғи дамуының нәтижесі деп қарауға болмайды. Бұл - күнделікті өмір сүріп жүрген ортаның тілге мән бермеуінен және мектептегі оқытуда жіберіліп жатқан кемшіліктер.
Соның салдарынан, адам баласының бір-біріне деген қарым-қатынасы, түсініспеушілігі басталады, бір-бірінің ойын, ішкі жан-дүниесін түсінбейді немесе әр сөзін селқос, енжарлықпен тыңдап, босаңдық танытады.
Сөйлеу тілінде адам баласының бір-бірімен түсінісуі сөз арқылы ғана емес, сонымен қатар, бұған кісінің бет-аузы, қас-қабағы, қол-қимылы қатысып отырады. Яғни, өз сезімін, ез ойын бірнеше нұсқада, бірнеше әдіс-тәсілдерді қолдана отырып жеткізуге тиісті.
Оның үстіне сөйлеуші дауыс ырғағын құбылта сөйлеп, әр сөзіне жан бітіреді, көріктендіре сөйлейді, әсерін, мақамын келтіреді. Бұл жерде әрбір сөйлеуші радио, теледидар, лекторлар мен шешендердің, айтыс ақындарының сөз мәнеріне, сөз саптауына мән беріп, сол негізде сөйлей білуге тырысқаны абзал. Абай атамыз «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, әр нәрсені, жағымды нәрсені үлгі тұта білу керек.
Кейде ауызекі сөйлеу стилінде сөйлем мүшелерін қысқартып айту, сөйлемді аяқтамай бітіру, сөйлем мүшелерінің орын тәртібін өзгертіп айту, сөзді талғамай қолдану жиі кездеседі. Бұл кезде сөз немесе сөйлем ажарсыз, әсерсіз болмас үшін әр сөзді дұрыс қолданып, өз орнымен келтіріп отырса, сөйлем түсініксіз болмайды.
Ол үшін синоним, омоним сөздерді талғампаздықпен қолдана білуіміз керек.
Оның үстіне, көбінесе, дәстүрге айналып кеткен кейбір сөздер жиі кездеседі, көбірек айтылады.
Мысалы: «Жұрт, халайық, халық» деген синоним сөздердің ішінен «халайық» сөзі, «барлық, күллі, баршасы, барлығы» дегендерден «барлығы», «бет, жүз, рең, әлпет» дегендерден «бет әлпеті» өте көбірек қолданылады.
Ауызекі стилін жандандыру үшін жазба әдебиеттегі сияқты әрбір синонимдерді басқа да көркемдік тәсілдерді талғампаздықпен қолданса, ой дәл, анық, әсерлі жеткізіледі.
Мысалы: Қайғы, уайым, қасірет, шер т.б. синонимдердің орнын былайша алмастырып қолданса: «Солардың жетуін келтіріп, жазғытұрғы аласапыранға ұрындырсақ, қолда барды тауысып, құралақан отырсақ, Қарағанды қара қайғының астында қалады, мейрамдау түгілі кейде жақын адамның да көңіліне қаяу салады. Оңашада үйде аналы-балалы екі адам іштегі қайғы-шерін жаспен жібітті». (Ғ. Мүсірепов)
Әрине, ауызекі тіл жазба тілдегідей құрылымды, стилистикалық заңдылықты қатаң сақтай бермейді.
Десек те, тіл байлығын, халқымыздың сөз асылдарын тиімді, өз орнымен пайдалана білсек, ана тіліміз де жұтаңдамай, көркейе түседі.
Айтайын деген ойыңды бейнелі де әсерлі жеткізудің бір жолы - эпитет пен теңеуді пайдалану, сөзді бейнелі қолдану, сөйлеу тілінің стиліне мән беру, айрықша эмоциялық рең беру.
Тақырыптың мазмұнына қарай шешен сөзінің ішкі тебіренісі мен толқынысын, көзқарасын көбіне дауыстың ырғағы, күші, ым-ишара, қимыл-қозғалыс арқылы да жеткізіп отырады.
Оның үстіне ауызекі тілдегі жеке сөздің айтылу интонациясы да оның қандай мәнде, қандай мақсатпен айтылып тұрғанын дәл көрсетіп тұрады.
Мысалы: Берілген сұраққа қалай жауап берді?
Дыбыс әуені қандай? Сол адамның ішкі ойын да, сезімін де бірден көрсетіп береді.
Қорыта келгенде: сөйлеген сөздерді дұрыс айта білу, әсіресе, сөз ішінде, сөз аралықтарында, сөз тіркестерінде орфоэпиялық негізгі заңдылықтарын сақтап әуезді де мәнерлі сойлей білу. Мысалы: протеза - сөз алдынан дауысты дыбысты қосып айту: лашын - ылашын, рақат - ырақат, радио - ырадио, рақым - ырақым; элизия - қатар келген қос дауыстының бірін түсіріп айту: ала алмады - алалмады, жақсы өнер – жақсөнер т.б. Оған қоса дауыс ырғағын, интонацияны дұрыс белгілеп, сонымен бірге, әр түрлі бет қимылы мен дене қозғалысы, ым-ишара сәйкес келіп бірін-бірі толықтыру арқылы тыңдаушыны қызықтыра түсу - шешен адамдардан бастап, жеке адамдардың өзіне қойылатын талап-тілектердің бірі.
Ауызекі сөйлеу тілігнің өзіне тән стильдік ерекшеліктері бар:
сөйлеу тілі қарапайым қарым-қатынас жасау кезінде айтылады (бірі бірін жақсы тинитын, жақын адамдардың арасында);
көбіне – көп алдын-ала дайындықсыз өтеді (көлма-қол сұрақ - жауап беру, спондандық – ішкі себептермен пайда болу, сыртқы әсерден болмаған);
сөздердің, сөйлемдердің қалыптасқан қалпы өзгеріске түседі;
қаратпа, одағай, қыстырма сөздер жиі қолданылады;
дауыс ырғағы, интонация, бет-әлпет, қол қимылдары қосымша қызмет атқарады. Ауызша сөйлеу дәстүрін жандандырып, шешендікке үйрету - тіл мәдениетінің ең басты міндеті.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
Ауызша сөйлеу мәдениеті дегенді қалай түсінесіңдер, оның жазба тілден қандай айырмашылыгы бар?
Ауызша сөйлеу мәдениетіне дыбыс тілінің қандай қатынасы бар, оны қалай түсіндірер едіңдер? Орфоэпиялық дағдының ауызекі тілге әсері қандай, мысалдармен дәлелдеңдер.
Тіл мәдениетін қалыпқа келтіру үшін қандай жагдайлар керек, оны әдеби нормага қалай жеткіземіз? Әдеби тіл дегеніміз не?
Ақпарат құралдары: радио, теледидар тілдерінің дыбыстық ерекшелігі, ортага бейімделуі, көпшілік қауымды өздеріне тарта білетін қасиеттері неге байланысты? Оны қандай ғылыммен тікелей байланыстыруга болады?
Әдеби тіл нормасы бай болса да оның сезімге, ой-санага әсер етпеуін қалай түсінеміз? Дауыс ырғағы, интонация, мимика, дикция сияқты ұгымдардың, ерекшеліктердің ауызша сөйлеу мәдениетіне қатысы бар ма, мысалдармен дәлелдеңдер.
Ритмикалық топ деген не, ауызша сөйлеу мәдениетіне оның әсері туралы айт, шешендік сөздерден, поэзиялық шыгармалардан мысалдар келтіріп айтып көріңдер. Сөз бен сөз аралыгында кездесетін «элизия», «протеза», «редукция» құбылысына әдеби шыгармалардан мысалдар келтір, мәнеріне, дыбыстың ерекшелігіне көңіл бөл.
1-тапсырма: Түсіндірме сөздіктен сөйлеу тіліне тән ерекшеліктері бар 20 сөз алып, түсіндіріп көріңіздер. Ол сөздерді сөйлем құрау арқылы айтып орфоэпиялың нормаға сай қолдана біліңдер.
2-тапсырма: Төмендегі мәтіннен ауызекі тілге тән сөздерді көрсетіп, мағынасын түсіндіріңдер. Оны дыбыстық тілмен, сахналық тілмен айтып көріңдер.
Достарыңызбен бөлісу: |