Тіл туралы ахмет байтұрсынұлының ЕҢбектері қазақ ұлты руханиятында Ахмет Байтұрсынұлының орны ерекше. Оның шығармашылығы ғибратқа толы



бет1/2
Дата26.12.2023
өлшемі25,38 Kb.
#143571
  1   2
Байланысты:
Ахмет Байтұрсыновтың тіл туралы еңбектері ғылыми мақала (копия)


ТІЛ ТУРАЛЫ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ


Қазақ ұлты руханиятында Ахмет Байтұрсынұлының орны ерекше. Оның шығармашылығы ғибратқа толы.

Әрбір халық бүкіл адамзат мәдениетін, рухын, сауатын, ұлттық құндылықтарын байытатын өз мәдениетінің қайталанбас мазмұнын жасап, өзіндік үлесін қосады. Кез келген халықтың өсіп-өркендеуі, мәдениеті мен әдебиетінің, өнерінің дамуы бір сөзбен айтқанда, ұлттық сананың салтанат құруы, ұлттың ішкі рухани дүниесінің жалпыадамзаттық игілікке жетуге ұмтылысы халықпен өз өмірінен, тарихи қайталанбас талантымен қоғамды жақсы жаққа өзгерткендігі көрнекті адамдардың жетістіктерімен өлшенеді. Қазақ халқының ірі қайраткері, өз заманының ең үлкен, түйгенін келелі көріністі сөзімен де, қаламгерлік жасампаздығымен де, журналистік, баспагерлік қырымен де танытып, қазақ халқы үшін даналықтың, өнегенің өшпес үлгісіне айналған биік тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы. Осы орайда оның қазақ халқының, ұлт рухының сапалық сипатын жетілдіруге қосқан үлесі толассыз.


ХХ ғасырдың басында ұлттық-саяси, ағартушылық бағытта азаматтық, шығармашылық жолын жасаған Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы, мәйекті айтқан ойлары, оқу-құралдары ұлттың бір қазанда ұйып, жұмыла жүк көтеруге бағыт беретін тың бастаманың жаршысы болды. Қазақ тіл білімінің негізін салып, кірпішін қалаған ағартушы-педагог, сөз құдіретінің бағасын біліп, құнын жоғарылатуда еңбектенген ақын, публицист, халқының рухани дүниесін еселентде бар күшін тәрк еткен қоғам қайраткері Ахметтің еңбектері, шығармашылығы, өзі күллі жұртқа үлгі.
Мемлекеттік мәртебеге ие ана тіліміз – қазақ тілі туралы сөз қозғалғанда, алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының есімі қоса айтылады. Оның тіл тазалығы, тіл мәртебесі, абыройы жолында жұмсаған есіл еңбегін айтпасқа, жазбасқа құқымыз жоқ. Себебі, ол қазақ ұлтының ана тіліне ғылыми жүйеде із салып, негізін қалаған. Жүзжылдықтар тоғысында тәуелсіз елінің тарапынан Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін қалаушы, реформатор-ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ана тілдің айбары» омырау медалі және «Ғасыр саңлағы» алқа белгісімен марапатталды [1].
 Ахметтің тіл жайында көтерген ауқымды тақырыптары, яғни, тілдің орфоэпиялық, орфографиялық нормаларының сақталуы, тіл табиғатының бұзылмауы, сөзжасам, сауаттылық, тіл көркемділігі сынды мәселелер айтылып, қазақ тілін сақтау, тіл тазалығы, сөз мәдениеті тақырыбында өзектілігін жоймаған ойлар қамтылған. Сондай- ақ қаламгердің термин жасаудағы қағидаттары, қазақ тілінің бай мүмкіндіктерін қолданудағы әдістері мен дағдылары қазіргі ұстаздар мен оқушылардың, ғылым саласының мамандары үшін таптырмас құрал, тіпті, мектебі іспетті.
Жалпы, қандай да бір ұлттың тіл туралы сөз қозғағанда, тілдің төңірегіндегі түрлі таласты әңгімелердің тууы заңды. Ұлт ретінде қоғамдағы орныңды анықтау үшін тіл майданы кез-келген ортада өз-өзінен туындайды. Тіл майданы тілдің саяси астарына үңілуді, төл тілінің тағдыры үшін күресуді үйретеді. Қазақ деген ұлыстың ұлт болып қалыптасуының тамыры тереңде жатса да, оның бір-бірімен қатынас құралы ретіндегі төл тілі – сөйлесу тілі болғанымен, төл жазуы өзінен ілгері жұрттың таңбасымен тәуелді болды. Ғасырлар бойы бөгде жұрттың таңбасына таңылу, тіл майданында өзінің тарихи тұлғасы – Ахметін күрес сахнасына шығарды. Тілімізге төтеден түрен салып, дербестік әпкеру бақыты Ахметтің маңдайына жазылған тағдырдың тауқыметті де ең үлкен сынағы болды. Шын мәнісінде, Ахмет әр тілдің жетегінде жүрген қазақ жұртының төл жазуы – Әліпбиінің таңбасын түрлеп қана қойған жоқ, оны бастауыш мектептің сыныбында қалай оқытып, қалай үйретудің әдіс-тәсілдері қарастырылған арнайы оқулықтарды жазып шығарды. Сонымен қатар, оқытушыларға ауадай қажетті көмекші нұсқаулықтарды да жазды. Осылайша қазақы танымдағы оқулықтар алғаш рет ғылыми жүйеленіп, қазақ тіл білімінің негізі болып қаланды [1. 57-60 б.].
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің грамматикасы – фонетика, морфология, синтаксис бүтін бір бірлікте алып, ұлттық тіл ғылымын жасады. Қалыптасқан қазақ тіл білімінің ғылымы аз ғана уақытта қаланған жоқ. Ол талай жылғы, талай майталмандардың көз майы жегілген жұмыстардың нәтижелері арқылы жинақталды. Ғалымның өзі айтқандай тілдің әуелі грамматикалық ілімін қалыптастырудан, сонан соң грамматикалық құрылысын зерттеп-зерделеуден басталады. Мұны өзі өмір сүрген тұстағы замандастары «Ақаң түрлеген ана тілі», «Ақаң салған әдебиеттегі асыл сөз» деп әспеттесе, тәуелсіздік кезеңіндегі ғылымның тілші-мамандары қазақ тіл біліміндегі «Байтұрсынұлы бастаулары» деп жүр [2].
Тұлғаның замандастары: «... Ақаң түрлеген ана тілі», «... Жаңа алфавит тіліміздің таза сақталуына, ... әлемдік мәдениетпен араласуға, ... халық мектептерінің өркендеу жолына алып адым жасады» «Қазақ әліпбиі» мен «Қазақ тілінің дыбыс және сөз жүйесі атты оқулықтарының өн бойына сыйғызған өзекті өзгерістерінің өзі қазақ грамматикасына бөлекше реңк әкелді» деді.
Ахмет саналы ғұмырын қазақ қоғамының сауаты жолында білім мен ғылымның дамуына, ағартушылық істерде өткізді. Қазақ ұлттық ғылымында «Әліпби», «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» т.б. оқу құралдарын жазып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың оңтайлы әдістерін талдап, зерттеумен айналысты. Қазақ тілінің табиғаты, ерекшеліктері, араб әліпбиін дамыту, терминдер туралы кең жүйелі еңбектер жазып қалдырды. Күні бүгінге дейін қазақ тілінде кездесетін зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу сынды алуан түрлі лингвистикалық ғылыми терминдердің бәрін Ахмет құрастырған.
А.Байтұрсынұлы – қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған адам. Күш жұмсауға тура келген себебі мынада. Қазақ балаларына арналып 1902 жылдан бастап ашылған үш жылдық бастауыш мектептің өзінде (ол «ауыл мектебі» аталды) шәкірттер сауатын орыс тілінде ашатын, қазақша оқылатын пәндердің тілі қазақша болғанмен, жазуы, яғни ресми түрде қабылданған графикасы жоқ болатын, сондықтан әр мұғалім өз ыңғайына қарай не орыс, не араб жазуларын пайдаланатын. А.Байтұрсынов пен өзге де бір топ қазақ интеллигенциясы уәкілдері болып, 1905 жылы 26 июньде Россия Империялық Министрлер Советінің Председателі атына петиция жазады. Мұнда бір пункт етіп қойған талаптары «қазақ даласында оқу-ағарту ісі дұрыс жолға қойылсын, ол үшін ауыл мектептерінде балалар қазақша сауат ашатын болсын, оқу ана тілінде жүргізілсін» деген болатын. Осы талаптың жүзеге асуы үшін А.Байтұрсынов қазақша сауат ашатын тұңғыш әліппе құралын жазады. Оны «Оқу құралы» деген атпен шығарады [3].
Ахаң атқарған ұшан-теңіз руханият істерінің ең маңыздысы тұңғыш тілші-ғалым ретіндегі қазақ тіл білімін дамытуға қосқан үлесі. Бойында туа біткен дарыны бар тілші-ғалым тума біліктілігінің арқасында туған тілінің табиғатын, оның құрылымдық категорияларын жете зерттеген. А.Байтұрсынұлы қазақ тілін оқыту мен зерттеуде белгілі бір жүйелі мақсат ұстанған. Ол алдымен қазақша сауат аштыруды мұрат тұтып, бұ жолда тұңғыш әліппе – «Оқу құралды» жазды, одан соң қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикалық құрылымын, ана тілінің төл заңдылықтарын талдап, пән ретінде оқытып, үйретуді жолға қойды, сөйтіп үш бөлімнен тұратын «Тіл –құралды» дүниеге келтірді [4].
Ахмет Байтұрсынұлы халқын азаттық жолына бастап, келер күннің шапағатына ұмтылтуға басқа емес ең әуелі, өз іс-әрекеті арқылы жол бастап, келер ұрпаққа шырағданның үлгісі болды. Сол жол үшін, надандықтың алдын аттап, алауыздыққа кесе-көлденең тұруға қалам қуаты арқылы төтеп берген қайраткер. Жас буынға керек дүниені жалынды сөзбен жаза да, бере де білді. Бүгінгі бағаммен сараласақ, Ахметтің еңбектері отандық журналистикадағы, қазақ әдебиеті мен филология ғылымындағы бағалы еңбектер деп санасақ болады. Құндылығы күн артқан сайын артқан ғалымның оқу құралдары әлі күнге дейін өз бағасын жоғалтпаған қайнаркөз.
Қазақ филологиясы ғылымында қазақ тілі мен әдебиетінің негізін салған А.Байтұрсынұлы тіл саласында бірнеше зерттеу еңбектер жазып қалдырған. Ұлт ұстазының алғаш рет 1912 жылы Орынборда жарық көрген кітабы «Оқу құралы. Қазақша алифба». Автор «Балалар, бұл жол басы даналыққа» деп басталатын «Тарту» атты ғибрат тақпағын оқулықтың беташары ретінде берген [5].
Тіл – құрал. Оқулық негізінен, үш жылдыққа арналып, әр жылғы сыныптарға жеке-жеке жазылған құрал. Бірінші тіл танытқыш кітап: Дыбыс жүйесі мен түрлері (1914), екіншісі: Сөздің жүйесі мен түрлері (1914-1915), үшіншісі: Сөйлем жүйесі мен түрлері (1923). Барлығы да Орынборда жарық көрген [6, 7, 8].
Ахмет Байтұрсынов методикалық бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, соның негізінде 1920 ж. Қазанда «Баяншы» деген атпен тілді оқытудың методикасына арналған әдістемелік құрал шығарды. Онда автор мұғалімдерге «Әліппені» оқытудың, сауат ашудың әдістерін ғылыми тұрғыда көрсетіп берді [9].
«Сауат ашу» құралдары болсын, бастауыш сынып оқулықтары болсын, жоғары сынып шәкірттеріне арналған кітаптар болсын, ең маңыздысы – ұлы жазушы Ғ.Мүсіреповтің өз аузымен айтып кеткен қазақ тілінің теориясына қатысты қалың қолжазбасы болсын – осылардың қай-қайсысында да тұңғыш қалам тартқан Ахаң. Оның үстіне, қазақ тіл білімінің бір немесе екі ғана саласында емес, дыбыстар жүйесі, сөздің құрамы, сөйлем құрылымы әліпбидегі реформа, терминологиядағы тұжырымдар сияқты тараулардағы алғашқы пікірді білдіруші А.Байтұрсынов екені даусыз танылып отыр. Ахаңның «Әліппелері» мен «Сауат ашқышы» қазақ тілін оқып үйренушілер үшін таптырмас құралдар деуге әбден болады. Оның бірнеше себептері бар: біріншіден, ережелері қысқа-қысқа, демек, ондай тұжырымдар ойда оңай сақталады; екіншіден, көрнекі мысалдары да күнделікті тіршілікке байланысты тез жаттап алуға оңтайлы ыңғайластырылған; үшіншіден, жекелеген материалдардың да көлемі шағын [10].
Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін, шығармашылығын тереңнен қазып, үңілген сайын, соғұрлым оның шығармашылық еңбектеріне, әсіресе тіл жолында аяусыз еткен еңбегіне алғыстан басқа сөз таппасымыз анық. Оның сындарлы әдебиетінің бай тәжірибесін оқулықтары арқылы меңгеруге бет алушылық, қазақ көркем сөз ізденістерінде сәйкестік, үйлесімділік табуы ұрпақ еншісінде болар.
Байтұрсынұлы әдебиет зерттеушісі ретінде қазақ әдебиетінің даму жолын жеке дара етіп бөліп қарамай, барлық халықтар әдебиетіне ортақ белгілерімен байланыстыра талдауға ұмтылған. Қазақ тіл біліміндегі ұстаз-ғалымның ана тілімізде зор жанашыр, ұлттық тілімізде қайтпас қайраткер, күрескер екенін, туған тілдің тағдырын ойлап, оның жетіліп, өркендеп, дамып, сұлуланып түсуі үшін барынша жаны шырылдап, тәні қайысқанын тіл туралы жазған еңбектерін зерттеу барысында анық байқауға болады. Қазақ тіл білімінің ана тілінде кең етек жайылып, зерттеу жолында ұрпаққа даңғыл жол ашқан туған тіліміздің теориялық тұрғыдан зерттелуінің негізін жасаған ғұламаны «Тіл сақшысы, тіл ғалымы, тіл жанашыры» деп атауымызға толықтай негіз бар. Оның қаламынан туған оқулықтар бүгінде халқымыздың игілігіне жарап, ұлттық ғылымның қалыптасуына жағдай жасап отыр. Ұлт ұстазының ұрпаққа қалдырған мол мұралары мен атқарған ісінен хабардар болу әр қазақтың мойнына артылған жауапкершілік. Оның ұлттық тіл мәселесінде қаузаған түрлі даулы тақырыптарды кеңінен зерттеп, шығармашылық мұрасын, жүрген жолымен етене танысу, насихаттау міндетіміз!




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет