Бұл дәрілер асқазан секрециясы төмендеп, ас қорытылуы бұзылуына байланысты гипоацидті гастрит, гастроэнтерит, энтероколитте тағайындалады. Асқазан секрециясы төмендегенде сілекейдің, асқазан сөлінің бөлінуіне ықпал ететін ащы, жұпар иісті дәмдеуіштер және дәрілер қолданылады.
Қолданылатын дәрілік шөптер мен олардың препараттары: Плантаглюцид, толғақшөп, ащы жусан, қызыл бұрыш тұндырмасы, бақ- бақ, жолжелкен, субеде.
Тілдегі дәм сезу талшықтарын тітіткендіру үшін, ауыз қуысында шамалы уақыт ұстау керек. Қозу гипоталамустағы тамақ қорыту орталығына өтеді. Осы орталықты рефлекторлы қоздыруға суға араластырып сұйылтылған тұз қышқылы (HCl) 20-40 тамшыдан тағайындалады. Табиғи асқазан шырыны 2 ас қасықтан; 0,2г, 0,5г пепсин тұз қышқылымен, ацидин-пепсин 0,5г. таблеткасы 50-100мл суда ерітіліп 3 рет тамақпен бірге немесе тамақтан соң беріледі. Ферментті дәрі Абомин 0,2г. күніне 3 рет 1- 3 таблетка тамақпен бірге 1-2 айға тағайындалады.
3.2. Асқазан секрециясын төмендететін дәрілер. Бұл дәрілер асқазандағы париетальды жасушаларда тұз қышқылының өндірілуіне тежегіш әсер көрсетеді. Париетальды жасушалардың белсенділігін бірнеше биологиялық белсенді заттар бақылайды. Олардың негізгілері М- холинорецепторлардан бөлінетін ацетилхолин, Н2-гистамино-рецепторлардан бөлінетін гистамин және гастринді рецепторлардан бөлінетін гастрин.
Асқазан сөлі көбейгенде асқазан қабаттары зақымданып, гиперацидті гастрит, асқазан ойық жарасы, рефлюкс-эзофагит және т.б. аурулар дамиды.
Осы ауруларды емдеуде антацидті дәрілер, тұз қышқылының өндірілуін тежейтін дәрілер, гастропротекторлар (асқазан ішек зақымдануына қарсы), Helicobacter Pilor-ға қарсы дәрілер қолданылады.
М-холиноблокатор Гастроцепин түнгі HCl секрециясын тежеуге негізінен кешке тағайындалады. HCl секрециясын 50%-ға және пепсиногеннің секрециясын (бөлінуін) төмендетеді, сілекей бездері секрециясын аздап төмендетеді. Бүйрек және өт арқылы өзгермеген түрде шығарылады.
Циметидин тұз қышқылын 50% төмендетеді. Оның көптеген жанама әсерлері бар: бауыр ферменттерінің тежелуі, осыған байланысты зат алмасу процесінің бұзылуы, гепатотоксикалық, канцерогенді, антиандрогенді әсер, гинекомастия, импотенция, лейкопения болады. Сондықтан сирек қолданылады.
Ранитидин (Пилорид) жоғарыдағы циметидин сияқты жанама әсер көрсетпейді. Тұз қышқылын 70%-ға төмендетеді. Әсері 12 сағатқа созылады. Күніне 2 рет 150 мг-нан тағайындалады. Негізгі жанама әсері ауыз құрғау, бас айналу, диарея немесе іш қату, аллергия. Ранитидин 1988 жылы синтезделді.
Фамотидин (Квамател) тұз қышқылын 80%-ға төмендетеді. Ранитидиннен 10 есе, Циметидиннен 50 есе тиімді. Асқазан ойық жарасында 40мг-нан түнге қарай тағайындалады. Жанама әсері әлсіз, өте сирек.
Н2-гистаминоблокаторлардың қарсы көрсеткіштері: жүктілік, лактация, 12 жасқа дейінгі балаларға, бауыр мен бүйрек қызметі бұзылыстары. Жылына 16 аптадан артық қабылдауға болмайды.
Ұзақ уақыт асқазанда қышқылдықты төмендетуден канцергенез өрбуі мүмкін. Н2-гистаминоблокаторларын кенеттен доғарғанда «Рикошет синдромы» болады (асқазан секрециясы кұшейіп, аурудың асқынуы).