Жіктеу есімдіктері. Жіктеу есімдіктеріне мен, сен, ол, біз, сендер,
сіздер, олар деген сөздер жатады. Жіктеу есімдіктері сан жағынан аз
болғанымен, қызметі жағынан есімдіктердің ішіндегі аса жиі қолданылатын
тобы. Жіктеу есімдіктері үнемі жақтық ұғыммен байланысты келеді. Жіктеу
есімдіктерінің III жағы әдетте, сілтеу есімдігімен ортақ болып келеді. Қазақ
тіліндегі жіктеу есімдігінің III жағы деп есептелетін ол деген сөз кейде сілтеу
есімдігі ретінде жұмсалады.
Сілтеу есімдіктері. Сілтеу есімдіктеріне бұл, осы, сол, анау, мынау
сөздер жатады. Бұл есімдіктер негізінен алғанда сілтеу, көрсету, нұсқауды
білдіріп, қай, қайсы деген сұрақтарға жауап беретін аттрибутивтік сөздер.
Сілтеу есімдіктерінің мағыналарын екі тұрғыдан қараған жөн. 1) Сілтеу
есімдіктерінің мағыналарын кеңістікті аралықты я топографиялық кеңістікті
білдіру тұрғысынан қарау, 2) Олардың мағыналарын уақыт аралығын я
хронологиялық мерзімді білдіру тұрғысынан қарау қажет.
Сілтеу есімдіктері таза аттрибутивтік күйде тұрғанда ешуақытта
септелмейді, көптелінбейді және тәуелденбейді. Олар заттық ұғым беріп
субстантивтенгенде ғана септік, тәуелдік және көптік жалғауларды
қабылдайды. Бұлардың септелуі жіктеу есімдіктеріне ұқсас болады.
Достарыңызбен бөлісу: |