Жарақат алғаннан кейін алғашқы уақытта тісте және тіс аймағында аздаған, тістері тістесу кезінде күшейетін ауыру сезімі пайда болады. Кейде жарақат әсерінен қантамыр шоғыры үзіліп кетуі және ұлпаға қан құйылуы мүмкін (қан құйылса тіс сауыты қызғылт түстенеді). Мұндай жағдайда тістің электрқозғыштығын 2-3 күннен кейін анықтайды. Тістің төңірегіндегі жұмсақ тіндер қызарып домбығуы мүмкін, кейде ірілі-ұсақты қан құйылу ошақтары (гематома) да орын алады. Тістің жаншылуын түбірінің сынуынан ажырата білу керек (рентгендік тексерудің көмегімен).
Емі. Жарақат алған тіске тыныштық жағдай жасау керек, қатты тағам тістеуге және шайнауға болмайды. Сирек жағдайда қарсы тісі тие бермеу үшін оның тістеу қырын немесе төмпешіктерін аздап егеп – тегістеп тастайды. Тістің электрқозғыштығын бір ай ішінде ауық-ауық анықтап тұру керек. Егер электрқозғыштығының көрсеткіші ұлпанның өліеттенгенін дәлелдей алса, бүтін тіс сауытын тиімді бетінен тесіп (трепанациялап), өліеттенген ұлпаны алып, түбір өзегін пломбылайды. Тіс сауытының түсі өзгерген болса (ұлпаға қан құйылуы әсерінен), трепанациялық тесікті тісті түссіздендіріп алған соң композиттермен немесе шыныиономерлік цементтермен жабады.
Тістің орнынан таюы (вывих зуба).
Бұл патологиялық үрдіс тістің өз ұяшығында қалып жарақаттаушы ықпал әсерінен әртүрлі бағытта орнынан ауытқуымен сипатталады. Тіс ұяшығынан таюы кезінде қызылиек те жарақаттануы мүмкін.
Тістің орнынан толық таюы периодонт талшықтарының тұтастай үзілуі нәтижесінде оның ұяшығынан толық ажырауымен немесе түсіп қалуымен сипатталады және оны тістің жарақат әсерінен жұлынуы (травматическая экстракция зуба) деп атайды. Тіс толық тайған немесе шыққан кезде кейде жұмсақ тіндерге ілініп, салбырап тұруы да мүмкін.
Тістің жартылай таюы – периодонт талшықтарның аз-кем аймақта үзілуіне байланысты түбірдің тіс ұяшығынан жартылай ауытқып орналасуы.
Шегеленген тіс (вколоченный зуб) – тістің жартылай немесе толық жақ сүйегі денесіне еніп (кіріп) кетуі. Бұл кезде тіс енген аймақтағы сүйік тіні бұзылысқа ұшырайды.