Патшалық Ресей кезеңіндегі ислам. XVIII-XIX ғасырларда Қазақстан жерін отарлай бастаған Ресей империясының Ислам дініне деген қарым-қатынасы да қазақтардың исламдану үдерісіне шешуші рөл атқарды. XVII ғасырда Ресей үкіметі көшпелі халық арасына христиан дінін тарата бастады. Патша үкіметі христиан дінін тықпалаумен қатар, Ислам дінін әлсірету саясатын ұстанды. Қазақтардың шығыс елінде мәселен, Түркияда оқуына тыйым салды. Молдалардың қызметіне үкімет тарапынан қатаң бақылау орнатылды. Әр болыста бір ғана молда болды. Көшпелілер арасында молда Ресей империясына шын берілген қазақ болуы тиіс деді. Мешіт салу үшін генералгубернатор рұқсаты керек болды. Молдалардың, жергілікті тұрғындардың сауатын ашу үшін уезд басшысының рұқсаты талап етілінді. Дегенмен, қоғамдағы дін ықпалының қаншалықты күшті екенінің негізігі көрсеткішін ғибадатханалар мен діни білім беру жүйелерінің көптігінен көруге болады. XIX ғасырдың 60 жылдары Түркістан қаласында 20-ға жуық мешіт, 2 медресе болған. Ал, 1917 жылы Қазан төңкерісіне дейін Ақтөбе аймағында 200-дей, Жетісу өлкесінде 269, Бөкей ордасында 78, Әулие ата қаласында 15 мешіт болған. Зерттеулер орыс отарлауына дейін Түркістан өлкесінде білім берудің негізгі түрі дәстүрлі мектептер мен медреселер болғандығын көрсетеді. Кейбір зерттеулерде XX ғасыр басында 5892мектеп пен 353 медресе болғандығын мәлімдейді. Бұлардың басым бөлігі «заңнан тыс» ашылғандар еді.
3. Алтын Орда мемлекетіндегі ислам дінінің мемлекеттік дін болып жариялануы және оның халықтың рухани және мәдени өміріне тигізген ықпалы. XIII ғасырдан бастап Шыңғысхан шапқыншылығы нәтижесінде Ұлы моңғол империясының, кейінірек Жошы ұлысының негізінде құрылған Алтын Орда империясы түркі мәдениетінің үлкен орталығына айналды. 1258 жылы Алтын Орда тағына Берке ханның отыруымен Ислам дінінің даму дәуірі басталды. Беркенің Ислам дінін қабылдауына байланысты Алтын Орда мемлекеті Шыңғысхан құрған ұлы қағанаттан еншісін бөлек алып шығып, ғалам тарихында дербес саясат жүргізетін державаға айналды. Мысыр тарихшысы Бадр ад-Дин әл-Айнидің «Акд әл-джаман» атты шығармасында Берке ханның Кубрави тарихатының Әл-Бахарзи атты шейхіне мурид болып, Ислам дінін қабылдағандығы жазылған. Ал, Кубрави тарихатының негізін салушы Наджм ад-Дин Кубра ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басында Үргеніш қаласында өмір сүрген атақты сопы еді. Қарахандар дәуірінен бастап Орталық Азияның Ханафи мәзһабын ұстанғанын ескерсек, Наджм адДин Кубраны да осы мәзһабтың өкілі болды деп болжауға негіз бар. Себебі, сол кездегі тарихи құжаттарға зер салсақ, Орталық Азияда тек бір Ханафи мәзһабының салтанат құрғанына көз жеткізе аламыз. Демек, Алтын Орда ханы Беркені Ислам дініне мойынсұндырған Кубрави өкілі Әл-Бахарзи де Ханафи мәзһабын ұстанған деп тұжырымдауға болады. Берке ханнан кейін Алтын Ордаға билік жүргізген Тудай Мөңке мен Ноғайдың Мысыр билеушісіне жазған хаттарында Берке ханның жолын ұстанғаны айтылады.
Дегенмен, Берке хан Қарақорымнан сырт айналғаннан кейін тәуелсіз мемлекет ретінде Алтын Орда мемлекетінің ішкі-сыртқы функциясына жаңа өзгерістер жасауға тиісті еді. Өйткені, оның билігі тұсында Шыңғыс ұрпақтары жаулап алған иеліктерді бөлісе алмай, өзара қырқыса бастады. Сондай-ақ, Алтын Орда мемлекетінің алғашқы билеушісі Бату хан дін мәселесінде бейтартап ұстанымда болса, Берке ханның Ислам дінін қабылдауына байланысты Жошы ұлысының ішкі-сыртқы саясатында діни мүдде негізгі рөл атқарды. Берке хан таққа отырғаннан кейін Алтын Орда мемлекетінің ішкі әкімшілік түзімін және сыртқы саяси арналарын жаңа бағытта өрбітуге күш жұмсады. Ішкі әкімшілік жүйеге өзгерістер енгізу барысында Берке хан Шыңғыс тұқымының билігін мүлде шектемесе де, олардың қатаң түрде орталыққа мойынсұнуын қолға алды. Мемлекет қуатын одан ары қарай арттырып, әкімшілік жүйедегі ондық, жүздік, мыңдық, түмендік әскери тәртіпті нығайта түсті. Мемлекеттік басқарудағы диван қызметіне Ислам орталықтарынан арнайы шақыртылған діни оқымыстылар тартылып, Алтын Орда қалаларының сипаты мұсылмандық нақышта өріле бастады. Империяның мұсылмандар қоныстанған қалаларында жаппай мешіт-медреселер салынып, исламдану үдерісі қарқынды түрде жүзеге асырылды. Берке хан Ислам дінінің жанашыр-жоқтаушысы екенін өзінің әрбір ісінде ашық білдіріп отырды. Мысалы, оның Сарай-Батудан сәл жоғарырақ Еділ өзенінің бойынан Сарай-Берке қаласын салдырып, Алтын Орданың астанасын ауыстыруында да мұсылмандық мүдде басым-тын. Бас қаланы ауыстыру реформасы, ең бірінші кезекте, ел астанасының кескін-келбеті мұсылмандық өрнекте болу үшін қолға алынды. Бір жағынан, сол кезде Алтын Орда мен Мысыр мемлекетінің мұсылмандық саяси-діни одақ құруы Жошы ұлысындағы қалалардың исламдық сипат алуына өз әсерін тигізді. Мысыр билеушілері Алтын Ордадағы мешіт құрылыстарына қаражат бөліп, тас қашаушы сәулетшілерді жіберіп отырған. Ал, Ислам дініне деген бетбұрыстың нәтижесінде Алтын Орда қалаларында мешіт-медреселермен бірге қоғамдық монша, әжетхана, кәріз жүйесі, су құбырлары, хауыздар, бұрқақтар салына бастады. Бұрын жаулап алушы саналған халық бірте-бірте қала мәдениетін де игеріп, қолөнер кәсібін де тиісінше жолға қойды.
Берке ханның Исламның дініне қамқорлығы оның сыртқы саясаттағы ұстанымынан да айқын аңғарылып отырды. Ол Алтын Орданың иелігі деп саналған оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжан жері үшін өзінің немере інісі Иранды билеп-төстеген Құлағумен саяси текетіреске түседі. Оның себебі, Мөңке қайтыс болған соң, Ұлы Қаған тағына отырған Құбылай 1261 жылы Құлағуға «Елхан» атағын беріп, оны Иранның заңды билеушісі етіп бекітеді. Мысыр жылнамашысы әл-Омаридың жеткізуінше, Құлағудың Иранмен шектелмей, одан ары қарай Ислам халифатын жаулап алу жоспарына Ислам дініндегі Берке хан әу бастан-ақ үзілді-кесілді қарсы болған. Алғашқыда ағасы Батудың беделін пайдаланып, Құлағудың Амудариядан ары өтуіне тыйым да салдырған. Алайда, 1256 жылы Бату дүние салысымен Мөңке қағанның бұйрығымен Құлағу әскері Амудариядан өтіп, Иранға кең көлемдегі шабуылын бастайды. Ал, Бату ханнан кейін таққа отырған Сартақ хан Мөңке қағанның бұйрығына мойынсұнып, Құлағудың Иран мен Ислам халифатын жаулап алуына көмек ретінде Алтын Орда әскерін аттандырады. Бұл кезде Сартақ ханмен арасы салқын Берке Иран мен Ислам халифатын жаулауға кіріскен Құлағуға қарсы тұра алмады. Құлағу қолбасылық жасаған көшпелілердің қуатты әскері қысқа уақыттың ішінде Исмайлиттер билігіндегі Иранның қырыққа жуық қамал-бекіністерін талқандап, 1258 жылы Ислам халифатының орталығы Бағдатты жаулап алады. Одан ары қарай Сирияны бағындыруға Мысырдағы мәмлүк билеушілерінің тегеурінді қарсылығына ұшырағанымен, Құлағу аз ғана уақыттың ішінде Оңтүстік Кавказ және Иран мен Иракты жаулап алып, Алтын Орда империясына бәсекелес қуатты Елхан мемлекетін құрады.
Ал, Жошы ұлысында Сартақ пен Ұлақшының өлімінен соң 1258 жылы Берке хан Алтын Орда тағына отырады. Ол билікке келгеннен кейін Оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжан жерлерінің Алтын Ордаға тиелісі екенін алға тарта отырып, Елхан мемлекетімен текетіреске түседі. Берке хан әу бастан-ақ Құлағудың Ислам елдеріне шапқыншылық жасауына қарсы болған еді. Осы себептен де, Мысыр билеушісі мәмлүк Захир ад-дин Бейбарыс сұлтан Алтын Орда билеушісіне өз елшілерін аттандырып, мұсылмандық мүддені бірге қорғауға ұсыныс білдіргенде, Берке хан Құлағуға қарсы бірлесіп қасиетті соғысты бастауға пейілді болды. Алтын Орда мен Елхан мемлекетінің арасындағы алғашқы қарулы қақтығыс 1262-1263 жылдары орын алды. Дербент түбінде шешуші шайқаста Алтын Орда қолы Елхан әскерін тас-талқан етіп жеңді. Әскер шығыны көп болған бұл соғыстың нәтижесінде Берке хан Дербентті Алтын Ордаға қайтарып алады. Құлағу 1265 жыл қайтыс болғаннан соң Елхан билігінің басына келген Абағаның тұсында екі мемлекет арасында әдепкіде дипломатиялық қарым-қатынас орнап, даулы Әзірбайжан жерлері үшін екі билеуші өз позициясын ашық білдірген жоқ. Берке хан екі арадағы жылы қарым-қатынасты пайдаланып, Абағаның келісім беруімен Тебризде мешіт пен тоқыма шеберханаларын салдырады.
Дегенмен, бұл империяның жаппай исламдануы XIV ғасырдың бірінші жартысындағы Өзбек хан Мұхаммедтің билеген тұсына тап келеді. Қазақтың «Дін Өзбектен қалған», «Өзбек ханның тұсында атамыз қазақ дін баққан, Алтын Орда хандары жердің жүзін шаңдатқан» деген халық аузындағы сөздері де осыны дәлелдейді. Алтын Орда тағына 1312 жылдары Өзбек ханның отыруымен Ислам дінінің орны барынша нығая түсті. Сол кездегі Алтын Ордалық мұсылман қауымының көрнекті басшылары Құтлық Темір әмір, оның бауырлары Сарай Темір, Мұхаммед Қожа, сондай-ақ, өзге де мұсылман дінбасыларының қолдауымен билікке келген Өзбек хан таққа отырысымен «Сұлтан Мұхаммед» деген жаңа есім иеленеді. Бұл жайында Өтеміс қажының «Шыңғыснамасында» Өзбек ханды Ислам дініне мойынсұндырған Яссауи тарихатының өкілдері Садр ата, Сайид ата, Ұзын Хасан ата, Бадр ата атты дін ғұламалары екендігі баяндалады. Аталған тұлғалардың мәңгілік дамыл тапқан жері қазіргі Оңтүстік Қазақтан аумағында деп саналады. Тарихи деректерге сүйенсек, сол кездегі Алтын Орда астанасы Сарай-Батуда 13 мешіт қызмет етіп, ханның өзі күніне 5 уақыт намаз оқыған. Өзбек хан билікке келісімен өз ұлысында исламдану үдерісін тез әрі қысқа уақыт ішінде жүргізуге тырысты. Билік құрған екі жылдан кейін Мысыр сұлтаны Мәлік ән Нәсирге жазған хатында Өзбек өзінің ұлысында кәпірлердің аз қалғандығын айтады. Парсы жылнамашысы Муин ад-Дин Натанзи: «Өзбек хан тұсында Дешті Қыпшақ «Аллаға табынған елге айналды», – деп жазады. Осының нәтижесінде ұлан-ғайыр аумақтағы түрік, моңғол, иран тектес этностардың исламдану үдерісі басталды. Кейін олардың негізінде түркі этностары – қазақ, өзбек, әзірбайжан, татар, ноғай, түрікмен, башқұрт, қырғыз т.б. қалыптасты. Яғни, Өзбек ханның басты еңбегі Алтын Орданы күшейтіп қана қоймай, сондай-ақ, Ислам дінінің Еуразияның далалық аймақтарында кең таралып, жаһандық дінге айналуына ықпал жасауында жатыр.
XIII ғасырдың соңында Ислам діні Шыңғысхан империясынан бөлініп шыққан Алтын Ордада ресми дін дәрежесіне көтерілді. Оқиғаның осылай дамуы тек қана ішкі саясаттың қиын-қыстау кезінде емес, бірегей идеологиялық мүддені қалауда және билік басындағылар мен көшпелі көпшіліктің арасындағы қарым-қатынасқа себепші болды. Ислам дінінің әлеуетін Алтын Орданың билеушілері, сыртқы саяси міндеттерге жету үшін де пайдаланды. Мысалы, діни ынтымақтастық соғыс өнері бойынша озық тұрған Мысырдағы мәмлүк сұлтандармен тізе қосып, біріге одақ ұйымдастыруға жол ашты. Ордадағылардың айтуы бойынша, «алтын кезең» дәл осы Өзбек ханның билік құрған дәуірінде болған. Ол кезде Ислам діні басымдылық жағынан көрінді, жергілікті мәдениет мұсылман таңбасына анық ие болды, ал бақсылар мен ламалар (будда дінінің сопылары) қуғынға ұшыраған. Әрбір алтынордалық хан өзінің түркіше қойылған атынан басқа, араб есімін алып жүрді. Тиындарға қарап айтсақ, Жәнібек Сұлтан – Жалал Ад-Дин Махмұд, Бердібек – Сұлтан Мұхаммед, Тоқтамыс – Сұлтан Нәсір Ад-Дин, т.б. деп аталып жүрген. Өзбек ханнан кейінгі Алтын Орданы билеген Тыныбек хан, Жәнібек хан, Бердібек хан, Хызыр хан, Орыс хан, Тоқтамыс хан, Едіге би, Темір Құтлық, Болат хан, Шәдібек хан, Ахмет хандар да Ханафи мәзһабын ұстанды. Алтын Орда дәуіріне қатысты тарихи деректерді қаузай келе осындай тұжырым жасауға толық негіз бар. Себебі, Алтын Орда тарихына қалам тартқан Ислам тарихшылары Ибн әл-Асир, Ибн әл-Уасил, Әл-Омари, Ибн Кәсир, Ибн Батута, Әл-Қалқашанди, Әл-Асқалани, Ибн Арабшах Дешті-Қыпшақ халқының Ислам дінін ұстанғанын жазып қалдырды. Алтын Орда дәуірінде ғұмыр кешкен бабаларымыз: Қауам ад-Дин Әл-Фараби «Ғаййа ал-байан уа надира аз-заман фи ахар ал-ауан», Мәула Мұхаммед Низам адДин аш-Шаши «Усуль», Шейх Ахмет Түркістани «Шауаһид ан-Нубуууа ли-тақуйат йақин аһл ал-футууа», Шайхы Баба Сығнақи, Мұхаммед әл-Женди «Иғджаз әл-байан фи шарх бағд асрар умм әл-Куран», Молла Ахмет әл-Женди «әл-Ақиад», Хусаммаддин ас-Сығнақи «ан-Ниһаия», «Хидая», Мұхаммед әл-Кердери «Китаб ар-радд уа-л интисар ли-Әбу Ханифа имам Фуқаһа әл-амсар», Мұхаммад бин Мұхаммад бин Шиһаб ал-Кердери әл-Баззази «Фатауа әл-Баззази», Жамал ад-Дин Атырауи «шарх әл-Уиқаия» атты еңбектер Ханафи мәзһабының құқықтық үкімдері мен сенім негіздеріне түсіндірме ретінде жазылған. Белгілі тарихшы Н.Нұртазина Алтын Орда және Қазақ хандығы дәуірінде Ислам дінінің Дешті-Қыпшақта нық орнағанын былайша жеткізеді: «Исламдану үдерісінің ортағасырлық Қазақстанда сонау VIII ғасырдан бастау алып, X-XII ғасырларда шарықтау кезеңінен өткені (Қарахандар дәуірінде), одан кейін екінші діни-мәдени өрлеу Алтын Орда кезінде Қазақстанның далалық аймақтарында толық және біржолата Ислам үстемдік құрып, осы негіздер болашақта сақталып отырғаны себепті Қазақ хандығы толыққанды мұсылман мемлекеті ретінде дамығанын батыл түрде айтып дәлелдеуіміз керек». Алтын Орданың мұрагері Қазақ хандығы да бабалар салған сара жолдан қиыс кетпей, Ханафи мәзһабына арқа сүйеді. Бұл сорап Қазақ халқының кешегісі ғана емес, бүгінгі күнгі де ұстанған асыл бергек, алтын діңгегіне айналып отыр.