«Сүйіспеншілік пен достық», «Музыка өнері және қазақтың киелі домбырасы» бөлімдері
Тыңдалым мен айтылым Тапсырма. Мәтінді оқып шығыңыз. Мәтіндегі көркем бейнелеуіш, эмоционалды-экспрессивті сөздерді тұрақты тіркестерді түртіп алып, мазмұндауда қолданып, көтерілген басты мәселені анықтаңыз. Өз көзқарасыңызды жан-жақты тұжырымдап, мысалдар арқылы дамытып, дәлелдеңіз.
Өз жұбыңды мұқият тыңдауға тырысыңыз. Оның мәтіні бойынша маңызды деп санайтын екі сұрақ қойыңыз. Оның мәтінінің басты идеясын анықтауға белсенді қатысып, пікіріңізді білдіріңіз. [10]
Дос – көңілдің күмбезі Достар – бір-біріне ұқсас жандар, бір-бірін толықтыратын, бір-бірінің кемшілігін жауып тұратын адамдар. Соның арқасында екеуінің де кемшілігі көрінбей қалады. «Дос – көңілдің күмбезі» деп айтылатыны содан. Мұны халқымыз «екі жақсы қосылса, өле-өлгенше дос болады» деп бір ауыз сөзбен жеткізген.
Дос, әсіресе, қиындықта сыналады. «Жаман дос жауыңмен бірге шабады» дейді халқымыз. Жаман дос – көлеңке дейді, яғни, басыңда күн барда қашып құтыла алмайсың, бұлт төнсе, іздеп таба алмай қаласың. Халық арасында «Біреу жаныңа жолдас, біреуі малыңда жолдас» деген де дана сөз бар. Дүниеңе қызыққан достық ұзаққа бармасы анық. Ал шынайы жаныңа дос болатын адамның достығы да, бауырмалдығы да өміршең.
Адам достықты іздей бермей, өзі де дос бола білуі қажет. «Жолдасын тастаған жолда қалады» деп босқа айтылмаса керек.
Бұл өмірде туған-туыспен, дос-жаранмен тату-тәтті, ұйымшыл, бір болғаннан артық қандай бақыт бар? Әрдайым туған-туысыңа да, достарыңа да қол ұшын беріп, көмектесіп жүрсең, өзің де елдің алдында абыройлы, беделді боласың. Досқа деген пейілің жақсы, көңілің күмбез болса, досыңа дос қосылары хақ. massaget.kz/okushyilarga/shyigarma/
Достыққа адалдық Баяғы өткен заманда бір патша базардан екі құл сатып алыпты. Құлдарының бірі сиықсыз, тістері шірік әрі аузынан жайсыз дем шығады екен, ал екіншісі болса келбетті, маржандай тістері бар әрі аузынан хош иіс шыққан жағымды адам екен.
Патша келбетті құлын сыйға бөлеп, моншаға жібереді. Демі нашар екінші құлды қасына шақырып:
– Сені ұнатып-ақ едім, бірақ ана моншаға кеткен досың сен туралы көп жаман нәрселер айтты. Сен де қаласаң маған оның жаман тұстарын айтып бер, – дейді. Құл болса жолдасына шаң жуытпай, ол туралы еш жаман сөз айтпайды. Патша қалай тырысса да, мақтаудан басқа ештеңе айтқыза алмапты.
Екінші құлы моншадан қайтып келгенде, патша оны да сынамақ болып қасына шақыртты. Біраз мақтау сөз айтқан соң:
– Ана досың айтып берген жаман мінездерің болмаса, жап-жақсы жігітсің, – депті. Сөйтсе әлгі ашуланып, жолдасы туралы қайдағы жоқты айтып, жамандай бастайды. Патша біраз тыңдаған соң:
– Доғар сөзді, кімнің кім екенін енді білдім. Сен жамандаған жолдасың аузы жаман болса да, адал екен. Ал сенің сыртың әдемі болғанмен, ішің нашар екен. Бар, сол жамандаған досыңның қол астында жұмыс істейтін боласың, – депті.
Адамның ішкі дүниесі, мінезі жаман болса, сұлу келбетінен еш пайда жоқ.