IV ТАРАУ. БІТПЕГЕН СЫНЫҚ, ЖАЛҒАН БУЫН, ҚИСЫҚ БІТКЕН СЫНЫҚ Бітпеген сынық деп, егер сынықтың бітетін уақытында ешқандай
мүйізгек болмаған жағдайды айтады.
Оның белгілері - ауру аяғын басып жүре алмайды, басқанда ауырады
және сынған жерде қозғалыс білінеді. Рентгенограммада мүйізгек жоқ,
жіліктің каналы сүйекпен жабылмаған. Сүйектің уақытында бітпеу
себептері: сынған жерге ет қыстырылып қалса, емдеу әдістерін сүйектің өсу
уақытынан бұрын өзгерте берсе, сынған жердің қан айналысы жеткіліксіз
болса, авитаминоз, әртүрлі аурулар. Бірақ, негізгі себебі - таңғышты ерте
алып тастау.
Емдеу тәсілі сүйекті уақытында бітіртпейтін себептерге байланысты
болу керек. Егер сүйек көлденең сынса және орнында тұрса гипс таңғышын
салып, балдақсыз жүру керек. Сүйектің бітуі үшін қан құю, витаминдер,
хлорлы кальций, фосфор беру қажет. Сынған сүйек орнына салынбаған
жағдайда операция жасау керек. Операцияның қандай түрін қолдануды
сынған күннен бері қанша уақыт өткенін, сүйектің және маңайындағы
тіндердің жағдайын еске ала отырып шешеді.