82-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi жалдау (қосымша жалдау)шартын жарамсыз деп тану 1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi жалдау (қосымша жалдау) шарты: 1) азаматтар мұндай тұрғын үй берiлуiне мұқтаждық туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген; 2) шартта көрсетiлген тұрғын үйге басқа азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарын бұзған; 3) лауазымды адамдар тұрғын үй беру туралы мәселенi шешу кезiнде заңсыз әрекеттер жасаған; 4) тұрғын үйдi беру кезегi бұзылған; 5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тұрғын үй берудiң тәртiбi мен шарттары бұзылған өзге де жағдайларда жарамсыз деп танылуы мүмкiн. 2. Шартты жарамсыз деп тану туралы талап шарт жасалған күннен бастап үш жыл iшiнде мәлiмделуi мүмкiн. Ескерту. 82-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 182, 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
83-бап. Жалға алушының (қосымша жалға алушының) отбасы мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi 1. Жалға алушының (қосымша жалға алушының) отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес айқындалады. 2. Жалға алушының (қосымша жалға алушының) отбасы мүшелерi жалға алушымен тең құқықтарды пайдаланады және мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi жалдау (қосымша жалдау) шартынан туындайтын мiндеттердi атқарады. Отбасының кәмелетке толған мүшелерi аталған шарттан туындайтын мiндеттемелер бойынша жалға алушымен (қосымша жалға алушымен) бiрге мүлiктiк жағынан жауапты болады. 3. Егер осы Заңның 21-бабында аталған азаматтар жалға алушының (қосымша жалға алушының) отбасы мүшелерi болуын тоқтатса, бiрақ олар тұратын тұрғын үйде тұруды жалғастырса, олар да жалға алушы (қосымша жалға алушы) мен оның отбасы мүшелерi сияқты тұрғын үй құқықтары мен мiндеттерiн сақтап қалады. Ескерту. 83-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 182 Заңымен.
84-бап. Жалға алушының (қосымша жалға алушының) өзiтұратын мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорындағы жергiлiктiатқарушы орган жалдаған тұрғын үйге өз отбасының мүшелерiн кiргiзу құқығы 1. Жалға алушы (қосымша жалға алушы) мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы өзi тұратын тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорындағы жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге жұбайын, балаларын, ата-анасын өз отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң жазбаша келiсiмiн алып кiргiзуге құқылы. Кәмелетке толмаған балаларын ата-аналарымен бiрге тұрғызуға отбасының басқа мүшелерiнiң келiсiмi талап етiлмейдi. 2. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорындағы жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге отбасының мүшелерi ретiнде кiргiзiлген адамдар осы бапқа сәйкес, егер кiргiзiлген осы азаматтардың, жалдаушының (қосымша жалдаушының) және онымен бiрге тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң арасында өзгеше бiр жазбаша келiсiм болмаса, бұл тұрғын үй-жайды онда тұратын қалған адамдармен бiрдей пайдалануға құқық алады. 3. Алынып тасталды - ҚР 2006.07.07 N 182 Заңымен. Ескерту. 84-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 182 Заңымен.