Түркі академиясы халықаралық Ұйымы йүСҮП ҰЛЫҚ хас-хажиб баласағҰНИ


Құрметті, жеңімпаз, қамқоршы, шындық пен діннің



Pdf көрінісі
бет8/139
Дата03.10.2023
өлшемі1,36 Mb.
#112851
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   139
Байланысты:
Й.Баласағұн.-Құтадғу-білік

Құрметті, жеңімпаз, қамқоршы, шындық пен діннің 
таянышы, ұлұғ билеуші Арыслан ханнан туған Әлі 
Хасаннын баласы Тавғач-ұлұғ Бұғра Қараханның (оны 
Құдай жарылқасын!) құрметіне!
Шығыс желі есті – көктем, ал енді,
Жәннәт етіп безеу үшін әлемді.
Қара жерге жұпар толып түсті енді,
Әлем көркі әдемі бір түске енді.
Қуды самал қасаң қысты, боранды, 
Көктем бақыт сәулесіне оранды.
65. Күн байыды бүгін жолын тауысып,
Ол Амалға һүттен барар ауысып*.
Жалаң ағаш жасыл киер кезі енді,
Ақ пен сары, көк, қызыл боп безенді.
Қара жерге жасыл желек тартқандай, 
Қытай жаққа бір керуен артқандай.
Дала, таулар керіліп бір сүйінді,
Қолы, қасын бояп, қайта киінді.
Түмен түрлі гүлдер күліп ашылды,
Бар әлемге жұпар исі шашылды.
70. Таңғы самал көтеріліп барады, 
Қалампырдың исі әлемге тарады.
Аспан тола үйрек-қаздар сүрісіп,
Қиқу салып биік-төмен жүр ұшып.
Марғау тырна сызылтады үзіліп, 
Қалықтайды керуендей тізіліп.


22
Ұлар шулап, іздер досын көз көрген,
Ару қыздай сүйгеніне сөз берген.
Салды сайран кекілік те әуезді үн, 
Тұмсық – қызыл, қасы – қара бейне түн.
75. Көкала үйрек сыңқылдатып ән салды
Ерке қыздың үніндей – жұрт тамсанды.
Бәйшешек те мың түрлі айтып үмітін,
Ән салады бұлбұл тынбай күні-түн.
Гүлмайсада елік асыр салады,
Жүйіткіп ойнап марал мәз боп қалады.
Аспан қабақ түйді, көзден жас парлап, 
Гүлдер жүзін ашты күліп, астарлап.
Көктен айтты наразы боп енді ісін: 
«Көрмедің бе бұ қағанның өң-түсін?*
80. Қалғып жүрсең – оян, тұр да көзді бақ, 
Естімесең – есіт мына сөзді хақ.
Түмен жылдан тұл едім мен – тақ тұрдым, 
Таза киіп, тұл киімін лақтырдым.
Мен безендім «Ұлы қаған – бегім» – деп, – 
Соған жаным бағыштадым тегін» – деп.
Бұлт күркіреп – дабыл апшы қуырды,
Жай жасынап – қаған қылыш суырды.
Қыннан – қылыш сермеліп ел жаулайды
Қаған даңқы бар әлемге лаулайды.
85. Бар әлемді Бұғра қолға алған-ды,
Берсін Алла тағы да екі жалғанды!


23
Дін шырағы, елдің тірек, тіні еді,
Халық тәжі, шариғаттың діні еді.
Берсін Құдай тілекті қам жемейтін,
Құдай өзі бола берсін жебейтін.
Ей, дүние сымбаты, ойла ізгіні,
Елдің нұры, тұрақсыз бақ тізгіні!
Шыр айналған тағдыр берді тақытты
Берсін Тәңір таққа қосып бақытты!
90. Тыныш өмір қамын қаған жеп тұрды,
Оған тарту, сый-сияпат кеп тұрды.
Бектерінен жұрттың Үнді, Румдай, 
Қаптады құс көктен қара-құрымдай*.
Мадақтайды – қаған аты оларға әз,
Ән салысып, қуанысып, болар мәз.
Түрлі гүлдер көрік берген бай дала, 
Көк-жасыл боп жасанды тау, сай-сала.
Қайсы біреу хош иісін есіпті,
Нұр жүзімен біреу ашты есікті.
95. Біреу ханға түтшік беріп ол тұрды*, 
Әлемді олар әтір сеуіп толтырды.
Мыңдап тарту берді Шығыс қатысқан, 
Жай жұмысқа тұрып жатты Батыстан.
Бақыт келіп, болды есікті бағатын,
Есік баққан өтер жұмыс сағатын.
Бар әлемді қызметке тартыпты,
Жауын жеңіп, қаған даңқы артыпты.


24
Қаған аты бар әлемді кернепті,
Көре алмайтын көздерге ұйқы бермепті.
100. Заң түзіпті бәрі әділет болатын,
Сол арқылы дәріптепті ол атын.
Десең сақи адам көріп тұрайын, – 
Аңсап келіп көр қағанның шырайын.
Сен іздесең опалы адам, қарағым, – 
Келіп қаған жүзіне бір қарағын!
Зиян емес, пайда іздесең түйсініп,
Қыл қызмет, кел, көңіл бер исініп.
Момын көңіл, мейірімнің сабасын 
Көрем десең – кел, қағаннан табасың.
105. Ей, құлықты, тегі, таза алмасым,
Әлем, сірә, Сізсіз қурап қалмасын!
Берді Құдай саған түрік, бақ, тағын, 
Шүкір етіп, оның атың жаттағын!
Бір ескі сөз мақалды еске салады:
«Әке орны мен аты ұлына қалады!»
Мыңдап сыйлық тартар саған – біл, ұғын, 
Менен сыйлық бұл – «Құтадғұ білігім».
Басқа сыйлар келеді де кетеді,
Бұ сыйлығым өзін бақи етеді.
110. Дүние-мал жисаң – тозар ол безіп,
Сөз жазылса – жүрер тарап ел кезіп.
Жаздым мұнда қаған атын, тағын да, 
Мәңгі ат қалды Түркілердің бағына.


25
Ей, раббым, бер тілекті ұтатын,
Барлық істе болғын арқа тұтатын!
Сақта досын, хан жауына жаза қыл,
Бер қуаныш, қайғы-мұңнан таза қыл!
Гүл ашылып, құйсын аспан жаңбырын, 
Жалаң ағаш көктеп төксін сан нұрын.
115. Аспан тынбай шыр айналсын тағы да, 
Жау бас иіп, қаған жетсін бағына.
Бұ қара жер мыстай қызыл болғанша
Жасыл шөп те, гүлдер өспей қалғанша.
Бағы мыңдап түріктердің есілсін,
Көре алмастың көзі шоқпен тесілсін!
Тағы қандай тілек болса жолдайтын, –
Бір Құдайдың өзі болсын қолдайтын.
Ел тыныш боп, өссін төкпей көз жасын, 
Берсін Алла Лұқпан Әздің өз жасын!*


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   139




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет