Түркі дүниесі мифологиясына ортақ кейіпкерлер


КӨНЕ ТҮРКІЛЕРДІҢ МИФОЛОГИЯСЫНДАҒЫ АҚ РУХТЫ КӨКТӘҢІРІ БЕЙНЕСІ



бет3/20
Дата24.09.2024
өлшемі163,82 Kb.
#145448
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20
Байланысты:
stud.kz-68700 (копия)

1.2 КӨНЕ ТҮРКІЛЕРДІҢ МИФОЛОГИЯСЫНДАҒЫ АҚ РУХТЫ КӨКТӘҢІРІ БЕЙНЕСІ

Көне түркілер үшін жаратылыстың құдіретті иесі – Тәңірі. “Аспан – шамандықтың ең құдіретті жаратылыстың жаратушысы. Көк Тәңірі – көк аспан деп аталады. Қазақтар ұғымындағы бірінші аталатын сын есім “көк” – көріністі бейнелейді және заттық түсінікті білдіреді, ал зат есім (тәңірі) “көк” атауының баламасы (синонимі)… Тәңірі сөзін Шыңғыс хан заманында мұсылмандар “Алла” деп, ал, еуропалықтар “deus” деп аударған”, [5,125б.] - деп көрсетеді Ш.Уәлиханов . “Күлтегін” жазуындағы “Тағдырды Тәңірі жасар” деген тіркестің астарында бүкіл адам баласының амандық-саулығы, тағдыры сол Тәңірінің қолында, ол өз билігін көк биігінен іске асырып отырады деген сенім жатыр. Бағзы дәуірлерден жеткен әлемнің пайда болуы, өмірді танып-білу туралы мифтерде аспанды – әке, жерді – ана деп тану сенімі бар. Осы танымды көрсететін мифтік образдар – Тәңір, Ұмай-ана. Фольклордық мұраларда Көк пен Жерге табынған сенім нышаны түркі мифі мен діни ұғымында сақталған.


«Аспан», «көк тәңірі» – түркі тілдерінде сөйлейтін халықтардың бас иетін тәңірісі. «Тәңір» сөзі құдай, алла, ғаламды жаратушы деген мағынаны білдіреді. Құдай – жаратқан ғаламды билеп төстеуші, бірден бір құдіретті күш ретінде бейнеленеді. Сондай-ақ, «құдай» сөзінің синонимдері – тәңір, жаратқан, алла, жаратушы, жасаған, жаратқан ием, т.б. Ал, алла – құдай, тәңір сөзінің баламасы, мифологиялық түсінік, адамзатты, жан-жануарларды жаратушы ие. Араб тілінде алла сөзі құдай деген ұғымды білдіреді. Құранда алла қайырымды, ақылды, дана, жасаған дүниенің билігін қолына ұстаған деген элементтермен суреттеледі. Құран бойынша әрбір мұсылманның негізгі борышы – алланың құлы екендігін мойындау, басқа құдай бар дегенге сену кешірілмес күнә болып саналады.
«Тәңір» – көне түркі сөзі. Алтай тілдерінен алынған, «аспан», «көк» деген мағынаны білдіреді. Тәңір – аспанның әміршісі саналған. Яғни, Тәңір – ең жоғарғы құдай, ол аспан мен жердегі тылсым тіршіліктің иесі. Адамды да, жер бетіндегі жанды, жансыз заттардың барлығын да, аспанды да, ондағы барлық аспан денелерін де жаратушы Тәңір деп саналған. Міне, мұның бәрі – көне мифтік ілкі ата-демиургтың, жасампаз қаһарманның атқаратын істері. Бұл қызмет түркілер заманында Тәңірге, ал ислам келгенде Аллаға таңылған.
Ал ҮІІ ғасырда өмір сүрген Феофилакт Симатта Күлтегін ескерткішінде көрініс тапқан «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған» деген сөз тіркесі бойынша мүлдем керісінше ой айтады. Ол өз заманында түркілер «жер мен аспанды жаратқан бір Құдайға табынады» [35б.] деп, мәлімдейтін дерек қалдырған.
1240 жылы Моңғол императоры Күйіктің ордасында арнайы сапармен болған Христос діндары Плано Карпини көшпенділердің діни наным-сенімі туралы «Олар тек қана бір құдайға (латынша deus), яғни Тәңірге ғана сыйынады, оны көзге көрінетін және көрінбейтін дүниенің барлығын жаратушы, бақыт пен бейнеттің себепшісі, түпкі иесі деп ұғады» деп жазады. [35,147-150б.] Сол кезеңде өз дінін насихаттап жүрген тағы бір Христос тақуасы жиһанкез Вильям Рубрукке сұхбаттасқан Мөңке хан Тәңірі туралы «Біз оның (Тәңір) арқасында тірі жүреміз һәм оның бұйрығымен өлеміз, оған ғана шын жүрек-ниетімізді арнаймыз», [31,105б.], - деп жауап берген. Түрік жұртына будда дінін таратқысы келген билеушілерге Тоныкөк «...ескі салтта қала берген дұрыс, храм салсақ бағзы дәстүрден жұрдай боламыз, будда, дао ілімінің әсерінен мейірбан, момақан күйге түсіп, жауынгерлік мінезінен айырылған түркілерді Таң империясы оңай-ақ жаулап алады» деп уәж айтып, тойтарыс береді. [31,107б.] Яғни, көшпелі елдердің билеушілері қуатты әлемдік діндердің басшылығына тап келген жағдайда оларға Тәңір сенімінің құндылықтарын алға қойып, рухани жеңістерге жетіп отырғаны тарихи жазба-деректерлерде ерекше сипатта сөз болады.
Түркі халықтарының түсінігінде барша табиғатты, жер-суды, адамзат баласын, ата-бабаларымызды жаратушы Тәңір бар. Түркі халықтарының ежелгі еретедегі ұғымында Тәңір адамзат баласын жаратушы, оны дүниеге әкелуші, оның барлық ғұмыр жасын белгілеуші, күнә-күнаһарлығы болса жазалаушы, әділеттіні қолдаушы, бүкіл ғаламға тәртіп орнатушы, мемлекет пен оның ханын заңдастырушы дің және ақ пен қараны таразылаушы да болып есептелген.
Белгілі дінтанушы ғалым Э.Мирча көшпелі империялар ыдырағаннан кейін олардың зор Тәңірі де бөлшектеніп, өңірлік сипаттағы табиғат күштерін белгілейтін тәңір-иелерге (божество - рух-иелерге) айналып кеткен деген мағынада пікір білдіреді. . Фольклортанушы С.Қасқабасов түркі империясы тұсында Тәңір бейнесі мейлінше дәріптеліп, одан кейін мемлекет әлсіреген жағдайда бұл ұғымның солғын тартқанын атап өтеді. [22,97б.].
Көшпелі империялардың идеологиялық негізіне «Көкте - Тәңір, жерде - хан ие» деген пәлсапалық түсінік тірек болғаны белгілі. Яғни қаған Тәңірден жаралған, ал оның билігі Жаратқанның үкімі деп мемлекетке қасиетті мағына беріледі. Мысалы, «Тәңірі текті Тәңірі жаратқан Біліге қаған сөзім...» , «анам қатынды көтерген Тәңірі, ел берген Тәңірі, Түркi халқының атақ-даңқы өшпесін деп мені сол Тәңірі қаған отырғызды» деген сөздер Біліге қаған бітігінде бар. [27,68б.]
Барша түркі халықтарының аспандағы құдайының аты – Тәңір. Бұл ұғым хунну дәуірінде әлдеқашан орнығып (шамамен б.з.б ІІІ ғасырдан ертерек), содан кейінгі көшпелі империялардың рухани идеологиясына өзек болып, сан ғасырлар бойы үзілмей жалғастық тапқаны байқалады. Хуннулар билеушісін «Тәңір текті Шаньюй» (Мао-тун), «Аспан мен жерден жаралған, ай мен күннен нәр алған ұлы Шаньюй» (Лаошан) деп ұлықтайтыны қытай деректерінде белгіленген. Сонымен бірге олар елбасшысы Түменді «танг-ли кү-тү» (cheng-li kutu), яғни Тәңірқұты деген мәртебелі атақпен құрметтегені туралы жазба дерек бар. [38,350б.]
Тәңір деген атауды туысқан алтайлықтар тенгри, тенгери, шорлар тегри, хакастар тигир, тер, тувалар дээр, чуваштар тура, сахалар тангара, моңғолдар тэнгэр, буряттар тэнгэри, тэнгри, қалмақтар тэнгер деп ұқсас қалыпта атаған. [39,268б.]
Тәңірге қытайдың тянь (аспан), шумердің дингир ұғымдары параллель сипатта. Алайда ғалымдар тянь ұғымы қытайдың чжоу тайпасына солтүстік, солтүстік- батыстағы көршісі хуннулардың рухани ықпалының нәтижесінде алғаш рет орнығып, бұл әулет қытай билігіне келгенде шамамен б.з.б ІІ ғасырдан бастап Шань-Инь ұлысында Тәңірге табыну рәсімі бұрынғы Шань-ди культімен қосарланып тарала бастағанын дәлелді деректермен анықтаған. [27,358б.]
Ежелгі түркi халықтары аспанды көк деп атаған, ал қазақтағы аспан деген атау парсының асман деген сөзінен шыққан. Қазақтар күні бүгінге дейін ешқандай шүбәсіз Тәңір деген сөзді аспандағы құдай деп санайды, көкті оның мекен-тұрағы деп елестетеді. Қазіргі алтай, хакас, тувалықтар аспанды да, көктегі Құдайды да тәңір (тэнгэр, көк тенгр, тегир, тигир, тээр) деп ортақ сөзбен атаған. [39,269б.]
Осыдан болар шетелдік көптеген ғалымдар ежелгі түркi халықтарының Тәңір деген құдайының атын ғылыми әдебиетте кейде «Аспан», кейде «Тәңір-аспан» (Бог-небо) деп жаңсақ аударып келді, содан болар көшпелі халықтар аспанға табынушылар (Небо поклонник) деген қате тұжырым жасалды. Шын мәнісінде түрік халықтары Тәңірді құдай (deus, god) деп ұққан, ал оның мекен-тұрағы жоғары әлем болғандықтан көкке табыну рәсімі қабат синкретті қалыптасқан. [4,126б.]Жалпы, әлемдегі көптеген халықтар көк аспанды Тәңір-әке, төмендегі кеңістікті Жер-ана деп қадірлейтіні универсал түсінік деуге болады. «Үсте көк Тәңір жаралғанда, астыда қара жер жаралған. Екеуінің арасында кісі ұғылы жаралған» деп басталатын көне түрік жазуында көшпелілердің космогониялық түсінігі таңбаланған. Демек, жоғарғы жаратушы Тәңір, ол басқаларға әмірші, ал адамның асыл нәсілі Тәңір мен Жер-ананың ұрпағы болғандықтан киелі мәнге ие. Сонымен бірге Тәңірдің ғажайып көрінісі - аспан денелері Ай мен Күн де ардақталады. [4,127б.]
Исламға дейінгі қазақ халқының рухани мәдениетінде тәңірлік сенім мен шаманизм айрықша орын алады. Тәңірді зерттеушілердің тұжырымы бойынша, шындықтағы болмыс мәдени типтің қажеттіліктеріне икемді сенім жүйесі ретінде бейнеленеді. Академик Ғарифолла Есім “Хакім Абай” кітабында: «Тәңірге сыйыну – сенім емес, дін емес, ол Адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділікті мойындағандық деп тұжырымдаған. “Тәңірді мойындау адам еркін шектемейді. Тәңірге көзқарас өзіне қарама-қарсы түсінікті қажет етпеген. Себебі, тәңір – деген табиғат, ол өмір сүру үшін қажетті жағдай. Тәңір табиғаттың өзінен туған түсінік. Оны табиғаттың синонимі деп те қарауға болады. Адамның табиғатқа табынуы, бір жағынан, натуралистік түсінік болса, екіншіден, өзінен тыс рухты іздеу, оны субъект ретінде қабылдау, дерексіз ойлаудың жемісі” [40,96б.], –дейді.
Мирча Элиаде өзінің «Миф аспектілері» атты еңбегінде қарабайыр қоғамдардың мифологиясында «демалушы құдай» туралы түсініктер сарыны бар екенін айтады: «Көптеген ілкі қауымдық тайпалар, әсіресе, өздерінің дамуында аңшылық пен термешілік сатысында аялдап қалған тайпалар, діни өмірге ешқашан қатыспайтын, ешқандай әрекет жасамайтын Жоғарғы Сүриет туралы келтірімге ие. Ол туралы мәліметтер болмашы, ол туралы мифтер де азын-аулақ және барынша қарапайым. Осы Жоғарғы Сүриет Дүниені және адамды жаратқан, бірақ көп ұзамай ісін тастап, Аспанға кетіп қалған деп есептелінеді. Кейде ол жаратуға қатысты істерінің өзін аяқтамайды, осы істі өзінің «Ұлына» немесе өзінің өкіліне тапсырады.... Бұл Құдай адами және зайырлы өмірге селқос қарайды. Оның бейнесі де, абызы да жоқ....
...Жоғарғы Сүриеттің жоғалуының себебі діни өмірдің әлсіреуінде жатқан жоқ. Қайта керісінше, нағыз «діндер» осындай жоғалудан кейін пайда болады: анағұрлым мазмұнды және драмалық мифтер, анағұрлым ерекше ғұрыптар, құдайлар мен құдай аналардың барлық түрінің сан алуандығы, ғибадатханалар, бет перделер, түрлі - түсті жабық қоғамдар - осылардың барлығы да, Жоғарғы Сүриет не жоғалған (ұмытылған?), не басқа құдайлармен араласып кеткені соншалықты, енді оны түрлеп - түстеу мүмкін болмай қалған, аңшылық пен терімшілік сатысынан өткен мәдениеттердің нышаны болып табылады» [41, 103-105б.].
Тәңір сенімін ғалымдардың бір тобы, атап айтсақ, Л.П.Потапов, М.Мюллер, О.Пүрэв, т.б. дін десе, келесі бір топ зерттеушілер, олар Э.Мирча, В.Диосеги діни наным деп тұжырым жасаған. Тіпті Тәңір діни нанымын Тұран халықтарының ортақ діні деп пікір білдірушілер де бар. Осы ерекше құбылыстың түркі-моңғол империяларының рухани идеологиясының тұғырына берік негіз болғанын зерттеген ғалымдар (Жан-Поль Ру, Ш.Бира) оны тэнгэризм деп атауды лайық санайды.
Тәңірге табыну екі түрде атқарылған: жеке адам тарапынан немесе ұжымдық. Абақандық хакастар 1930 жылдарға дейін «Тигир таг» деген тауға шығып, қасиетті қайыңның қасына жиналып, бұл ырымды қауымдасып өткізгенін белгілі этнограф Л.П.Потапов жазады.
Жалпы алғанда, біздің арғы ата-бабаларымызға ашық дүниетаным негізіндегі сенім көбірек басым, жан дүниесі мен рухани ізденістеріне біртабан жақын. Барлық діни сенімдегі тәрізді тәңірлік сенім де табиғат күштерін құдіреттендіруден, құпия тылсым тіршіліктің терең қатпарларынан тамыр алады.
Алайда, Тәңірге табыну діни түсінігі қоғамдағы табиғат діндерінен кейінгі жоғары саты болды. “Ол – әртүрлі наным-сенімдердің, көбіне табиғатқа, оның стихиялық күштеріне табынудың және оларды бұрмалап бейнелеудің біртіндеп дамуынан туған құбылыс. Тәңірліктің дүниетанымдық негізі дүниедегі заттар мен құбылыстар жанданған деп қарастыратын натурфилософиялық гилозоизм болып табылады, ол түптеп келгенде табиғатты құдай деп қарастыратын пантеизмнің негізін құрайды”, –деп жазады С.Н. Ақатаев. Тәңір түркі халықтары үшін адамзат қалыптасуының бастапқы да жоғары сатысында танылады. Көне түркі халықтары барлық табиғат нысандары мен құбылыстарын құдайландырып, оларға табынған.
Түркі тілдес халықтар мифінде кездесетін Тәңір бейнесіне Е.М.Мелетинскийдің мынадай пікірі бар: «Ерлі-зайыпты баба-құдайлардың ең көне әрі универсалды тараған түрі аспан-әке мен жер-ана. Бұл образдардан бір жағынан, рулардың бабалары болып саналатын ілкі адамдардың космостанғанын, ал екінші жағынан, неке мен отбасылық қатынастардың табиғат дүниелеріне көшірілгенін көруге болады», - [42,193б.] деп жазады ғалым.
Шындығында, бүкіл түркі жұртында Тәңір-көктегі ер адам сипатында, ал Ұмай - жер-ана болып қабылданады [43,213б.]. Сонда жоғарыда Е.М.Мелетинский айтқандай, қазақта да аспан-әке, жер-ана ретінде (Тәңір – Ұмай түрінде) алғашқы ерлі-зайыпты құдайлар болып саналған деуге әбден болады.
Көне түркі халықтарының табиғатты пір тұтуына байланысты жер-су құдайына табынған. Мәселен, алтайлық аңызда: “Үлген жаратылысқа дейін шексіз-шетсіз, түпсіз-тұңғиық теңіз үстіндегі кеңістікте тіршілік етеді. Сонда Үлгенге судан Ақ ана шығып, оған жер мен аспанды жаратуды үйретеді” [4,113б.] делінген. Көк Тәңірі мұнда зор, қаһарлы тұлға сипатына еніп, ең маңызды ие болып табылады. Тәңір сөзінің этимологиясын С. Ақатаев “таң” және “ер” сөздерінің бірігуінен шығуы мүмкін деп қарастырады. Бірінші буын “таң”, автордың пікірінше, күннің шығуымен байла­нысты болса, “ер” – түрік тілдерінде ер адамды білдіреді. Осы тұрғыда Тәңір “Күн адам”, “Аспан адам”, яғни құдай дегенді білдіреді [4,114б.].
Тәңірлік дінмен сәйкес келетінін аңғаруға болады. Жаратушы Құдай көне түркілердің алғащқы аңшылық кезеңінде қалыптасқан. Ал Көк Тәңірі, Су Тәңірі, Жер Тәңірі, Ай Тәңірі, Күн Тәңірі, Жол Тәңірі және тағы басқа тәңірлер түсінігі кейін қалыптасқан.
Көне түркі руникалық жазба ескерткіштеріндегі құдайлар триадасында Тәңiрдiң (Көк Тәңiрдiң) ең басты құдай екенiне және оның әке құдай екенiне ешкандай күмән келтiрмейдi. Егер осы жазбаларға сүйенсек, көне дәуірде түркі халқының өмірінде елеулі орын алған үш құдайдың болғанын аңғарамыз. Бұл Тоныкөк ескерткiшiндегi мына жолдардан да көрiнедi:
Тәңiрi, Ұмай, қасиеттi Жер-Су
Жеңiс сыйлай берген екен
Неге қашамыз көп екен деп [44, 111бб.б.]. .
Және қалған екеуінің - Жер-Су мен Ұмайдың - әйел тәңірлер екенін аңғаруға болады. Жер-Судың тәңір – аналығы Жер-ана, Су-ана түсiнiктерiнен байқалса, Ұмайдың түркі дүниетанымындағы бейнесінен оның әйел тәңір екендігіне күмән қалмайды. «Ежелгi түрiктер Ұмайды өте сұлу және қайырымды, күлiп-ойнайтын, күмiс шашымен аспанды жарқыратқан, күн сәулесiмен кемпiр қосақ шомылған, қолында балаларды қорғайтын алтын садағы бар жас келiншек, әйтпесе қыз ретiнде таныған» [45, 154-155бб.б.].
Ендi Күн мен Ай тәңірлерге келетiн болсақ, көп халықтың мифтерінде Күн әйел жынысты да(шашы бар), Ай ер жынысты(тақыр бас) болып келеді. Ш.Уәлиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбегiнде: «Ай. Шамасы ай қазақтарда қасиеттi планета болып саналған. Қазақтар жаңа айдың туғанын көргенде, тәжiм етедi. Жазда сол айға тәжiм еткен жерден шөп жұлып алып, отқа салады. Қазақтар айда кемпiр бар деп айтады (шамасы, айдағы адамның бет-пiшiнiне ұқсас дақтарды айтады). Қазақтар айға ұзақ қарап тұрмайды, сескенедi. Айдағы кемпiр кiрпiктi санап қояды деп, егер санап қойса, адам өледi. Дәрет сындырғанда да, бетiн айға берiп отырмайды. Жалпы, қазақтар айды құрметпен ауызға алады. [46,17б.].
Егер ай құдiреттi болып саналса, онда күн де сондай құрметке бөленуге тиiс едi, бiрақ қазақтар арасында ондай құрмет-салтты кездестiре алмаймыз. Банзаров та монғолдар туралы осыны айтады. Бұл таңқаларлық жай. ... Қазақтар күнге қарсы қарап тұрмайды, түзге отырғанда да алдын күнге бермейдi, күнге деген бiз бiлетiн қошаметтiң бiзге белгiлi бiр-ақ салты осы ғана» дейдi [46, 181б.б.].
Орта Азиядағы түркі халықтары бірқұдайлық ислам дінін қабылдағаннан кейін Тәңір ұғымы синкретті сипатқа ие болып, ислам мәдениетіне бейімделіп, сіңісіп кетті. Халық Тәңірді бір деп ұғатындықтан монотеистік ислам дінін жатсынбады, әрі тез қабылдады дейтін пікір де бар. Бұл жайында ғалым Ш.Уәлиханов «...қазақтарда шамандық салт-сана мұсылмандық наныммен мидай араласып, ортақ - ислам атты дінді құрайды. Қазақтар, әуелде, Мұхаммедті білмей тұрғанда да Алла мен аруаққа бірдей табынып, мұсылман әулиелерінің басына құрбандық шалып, бақсылардың құдіретіне де сенді, пайғамбар ұрпақтары - қожаларды да құрмет тұтты. Халық отқа табынып, ал бақсылар болса, жын-перілермен қоса мұсылмандардың періштелерін де шақырып, Алланы да мадақтады. Осылай екі дінді араластыра табыну ешқандай қайшылыққа жатпағандықтан қазақтар екі сенімді де қосып ұстаған. Екі дінге бірдей табыну - осы күнге дейін келіп жалғасты» [46,21-23б.] деп қорытынды жасайды.
С.Қасқабасов классикалық көне мифтің бас кейіпкері – ілкі-ата – демируг, жасампаз қаһарман екенін айта келіп, “қазақтың көне мифінде болуға тиісті ілкі-ата – демируг бейнесі Тәңір образымен алмастырылған. Ал, Тәңір – аспанның әміршісі саналған. Яғни, Тәңір – ең жоғарғы құдай, ол – аспан мен жердегі тылсым тіршіліктің иесі” [22,17б.]. деп жазады. “Ежелгі түркілер негізінен қос күшке – Көкке (оны Тәңір деп атаған) және Жерге (Жер-суға) сыйынатын болғаны тарихтан жақсы мәлім”,[6,191б.]. - дейді Н.Келімбетов. Көне түркі жазбаларын зерттеуші И.В.Стеблева “Тәңір – көктегі ер ролінде, ал, Ұмай – жер-ана болып қабылданады” [43,96б.]. деген пікірді айтады. Өзіміз сөз етіп отырған түркі мифологиясында Тәңірімен қатар Ұмай-анаға сыйыну, құрмет көрсету аңғарылады. Түркі қағанаты кезінде бір жүйеге түскен архаикалық миф аспан-әке – Тәңір, жер-ана – Ұмай бейнелерін даралады. Бұл мифтік таным туралы мифті зерттеуші Е.М.Мелетинский “Ерлі-зайыпты баба құдайлардың ең көне әрі жан-жақты тараған түрі – Аспан-әке, Жер-ана. Бұл образдарда бір жағынан рулардың бабалары болып саналатын ілкі адамдардың космостанғанын, ал, екінші жағынан, неке мен отбасылық қатынастардың табиғат дүниесіне көшірілгенін көруге болады” [42,125б.] деп жазады.
Ежелгі түркі халықтарының Тәңірге табыну рәсімін «Тәңір тайы» деп атаған. Түріктер бұл салтты көктем келгенде, нақтырақ айтқанда, маусым айының 5-10 күндері киелі асқар таудың басына шығып немесе Тамыр өзенінің бойына жиналып қой, жылқы сойып ерекше салтанатпен өткізетіні қытай деректерінде жазылған. [4,67б.].
Тәңір тайы рәсімін қаған басқарған, кейіннен ұлыстың ұлық бақсысы бэхи (ақ қам) өткізетін бұқаралық сипаттағы мейрамға айналған. Бір ескертетін жайт, ақ қам қаған үкімімен тағайындалып, ақ киім киіп, ақ боз атқа мініп, ел аралап, ғұрыптар орындап, бұқаралық Тәңір тайы салтын басқаратын. Ақ қамның киімін қаған белгілеп, ол халықтық мейрамдарды өткізетіндіктен қызметі де азаматтық сипатта еді. Ал, қара қам Тәңір тайы салтына қатыса бермейтін, ол арнайы бақсылық костюм - «манjакты» киінетін, қатерлі қара магия жасаумен айналысып, қара жердің астындағы әлеммен тілдесіп, үш кеңістікті аралап, күрделі шаманизм салттарын орындайтын. Сол себептенде қара қамды «манжыкты қам» деп те атайтын. . [4,68-69б.].
Яғни, кеңірек мағынада айтқанда, ақ қам -мемлекеттік ресми қызметте, бір сөзбен айтқанда далалық малшы тайпалардың ортасында пайда болған Тәңір сенімінің арнайы өкілі. Ал қара қам – негізінен орманды мекендеген аңшы рулардың арасында қалыптасқан.
Тәңірлік діннің бір айырмашылығы – ол өзіне дейінгі діни наным-сенімдерді теріске шығармайды, оларды бір жүйеге келтіруші қызметін атқарады десек те болады. Плано Карпини түркілердің бір құдайға иланатындығын айта келіп, “... оның үстіне олар күнге, айға және отқа, сонымен бірге таңертеңгілік тамақ жеудің немесе су ішердің алдында сол ас-дәмдерінен ауыз тидіретін сыбаға арнап, су мен жерге де құдай деп табынады”, – дейді. В.В. Бартольд: “Ежелгі түркілер дінінің негізі Көкке (Тәңір) және Жерге (жер-суға) сыйыну болды”,– деп жазады. Тәңірді түркілер барлықты жаратушы “шындық идея” ретінде қарастырса, жер-су тіршіліктің тірегі деп білді.
Сонымен, жоғарғы, әке-құдай Тәңiр мен екi әйел құдай Жер-Су мен Ұмай үштiгi шықты және екi әйел құдай «бәйбiше-тоқал» бинарлық жұбын еске түсiредi. М.Орынбеков Ұмайдың беделiнiң бiртiндеп өсуi, Тәңiрмен қатар қойылуы Жетiсу, мен Ыстықкөл маңынан табылған көп ескерткiштерден, Құдырғы тасына салынған суреттен: Тәңiр мен Ұмайға түрiк әскерлерiнiң сыйыну сәтi бейнеленген, айқын көрiнетiнiн, бiртiндеп Жер-Су соңғы орынға ысырылып, Ұмайдың Тәңiрден кейiнгi екiншi орынға шыққанын, бұның түрiк өмiрiндегi қатардағы құбылыс, жас әйелдiң өзiнен бұрынғы жасы үлкен әйелдi ығыстырып шығаруына ұқсайтынын айтады [45, 11-12бб.б.].
Демек, түркі халықтарының салтында Тәңір мен қаған (мемлекет) қос қанаттай үндес құндылық екенін байқауға болады. Тәңір сенімінің негізгі қағидаларын былайша тұжырымдауға болады:
1. Тәңір – бір, ол бас жаратушы, жарылқаушы, тағдырды белгілеуші, табиғат пен адамның аман-саулығына кепілдік етуші, күнәһарларды жазалаушы.
2. Қаған - Тәңірдің баласы, Тәңір жарлығын орындаушы, халықтың имани Һәм ар-намыс бостандығын қорғаушы. Қаған -Тәңір жарылқаған алтын әулеттен, ол - ел-жұрттың құты, киесі.
3. Ата-бабалар аруағы мәңгілік қасиетке ие, олар ұрпаққа қалдырған аманаты мен өсиетін кез келген уақытта қадағалай алады, аруақ пен адамды ұластырып тұрған - ел мен жердің шежіресі.
4. Бақсы - Тәңір мен басқадай рух-иелерді адам қауымымен байланыстыратын дәнекерші, ұлық бақсы (ақ қам, бэхи) - орданың сәуегей көріпкелі, жұлдызнамашысы, күнтізбелік салтты атқарушысы, алайда ол шынтуайтында Тәңірге қағандай жақын тұлға емес.
Алтай-Саянды мекендейтін түріктерге көпқұдайлы будда діні орасан ықпал етуіне байланысты Тәңірдің сан алуан түрлері мен үнді-тибет түсінігімен будандасқан атаулар пайда болады. Мәселен, алдымен буряттар, содан кейін моңғолдар «барлығы 99 Тәңір бар, оның 55-і оңтүстікте, 44-і солтүстікте болады» деген түзім жасады. [45, 17-92бб.б.]. Шынтуайтында бұл 99 Тәңір емес, тәңір-иелер, яғни бұлардың әрбіреуі белгілі бір табиғат құбылыстары мен жергілікті мекен-өңірдің рух-иелері екені байқалады.
Сонымен, барша түркі халықтарының дүниетанымындағы ежелгі заманда шешуші қызмет атқарған Тәңір, Ұмай ұғымдары бүгіндері ұрпақтарды бабалар дәуірімен тоғыстыратын мифологиялық сырлы символдарға айналды. Аталмыш жағдаяттардың барлығы рухани мәдениет пен өнерде жаңғырып, көркемдік тәсіл ретінде қолданылып, күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймай келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет