Түркі халықтарының рухани қҰндылықтары және маңҒыстау жыраулық ДӘСТҮРІ



Pdf көрінісі
бет42/218
Дата06.01.2022
өлшемі3,59 Mb.
#14043
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   218
ӘОЖ 82/821(100-87) 

 

АЛҒАШҚЫ ДИДАКТИКАЛЫҚ ДАСТАН 

 

Қобланов Ж.Т. 

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, 

Қазақстан 

 

Аңдатпа. Антика мәдениеті мен әдебиеті әлемдік, жалпыадамзаттық мәдениеттің дамуында 

маңызды орынды алады. Мақалада антикалық әдебиеттегі алғашқы дидактикалық эпостың авторы 

болған  Гесиод  шығармашылығы  қарастырылады.  Оның  шығармашылығы  жан-жақты  талданып, 

ғылыми тұрғыда баға беріледі.  

Түйінді сөздер: Фольклор, мұра, миф, вариант, аңыз, бейне, сарын, эпос.  

 

Гомер  өз  шығармаларында  грек  қоғамының  қауымдық  кезеңiн  және  сонымен  бiрге  осы 



қоғамның  iштей  күйрей  бастаған  уақытын  суреттеген  едi.  «Илиада»  заманында  басталған 

экономикалық дағдарыс шамамен бiздiң заманымыздан бұрынғы VIII ғасырлардың соңы мен VII 

ғасырдың  бастарына  келiп,  едәуiр  шиеленісе  түседi.  Соның  нәтижесiнде  ежелгi  грек  қоғамында 

туған  әлеуметтiк  топтануға  байланысты  материалдық  байлықтар  кейбiр  жеке  адамдардың,  яғни 

тайпа  басшыларының  қолдарына  өтедi.  Мемлекетте  айқын,  бiр-бiрiне  қарсы  екi  әлеуметтiк  топ, 

ақсүйектер  мен  оларға  тәуелдi  төменгi  топ  -  құлдар,  жерi  жоқ  шаруалар,  майда  және  орта  жер 

иелерi  мен  кәсіпкерлер  пайда  болды.  Ақсүйектер  озбырлығының  күшейiп  баруы,  салықтардың 

көбеюi, ақша қатынастарының түбегейлi үстемдiк етуі салдарынан кедейленген еңбекшi халықтың 

сол  қоғамдық  құрылысқа  қарсы  наразылығы  күшейдi.  Өз  заманынан  түңілген  шаруалар,  әсiресе 

оның  кедейленген  топтары  ұзақта  қалған  бейғам  патриархалдық  дәуiрлердi  аңсайды.  Мiне,  осы 

жағдайлар жаңа әдеби жанр – дидактикалық эпосты туғызады. 

Грек әдебиетiндегi дидактикалық эпостың ең алғашқы үлгiсi – Гесиодтың  «Жұмыстар мен 

күндер» поэмасы.  

Гомер  туралы  нақты  деректердiң  жоқтығы  сияқты  Гесиодтың  да  өмiрi  жайлы  мәлiметтер 

сақталмаған. Гректiң ұлы тарихшысы Геродот және басқа да ғалымдар бұл екi ақынды бiр дәуiрде 

өмiр  сүрген  дейдi.  Қазiргi  ғылымның  дәлелдеуiнше  «Жұмыстар  мен  күндер»  шығармасының 




81 

 

авторы  Гомерден  көп  кейiн  өмір  сүргендігін  айтады.  Демек,  осы  пiкiрлерге  сүйенсек,  Гесиод 



бiздiң  заманымыздан  бұрынғы  VIII  ғасырдың  аяғы  мен  VII  ғасырдың  бастарында  өмiр  сүрген. 

Гесиодтың  өмiрi  жайлы  мәлiметтер  аз  болғанымен,  тарих  бетiнде  ол  туралы  кейбiр  деректер 

кездесiп  қалады.  Бұл  деректер  оншалықты  терең  болмағанымен,  оны  ғалымдар  жоққа 

шығармайды. Өйткенi, оларды Гесиодтың өзi қалдырған. Поэмада автордың айтуынша, әкесi Кiшi 

Азияның Ким деген жерiнде туған, бiрнеше жылдар осы жерде жасап, соңынан тiршiлiк қамымен 

Грекияға  келiп,  Геликон  тауының  етегiндегi  Беотия  өлкесiне  қарайтын  Аскра  деген  жерге 

қоныстанған.  Әкесi  қайтыс  болған  соң,  оның  дүние-мүлкi  екi  ұлына,  яғни  Гесиод  пен  Перске 

мұраға  қалған.  Бiрақ  Перс  түрлi  айла-шарғы  жолымен  әкiмдердiң  тiлiн  тауып,  Гесиодты  әке 

мұрасынан  айрылуға  мәжбүр  етедi.  Оның  үлесiнiң  барлығын  Перс  иемденедi.  Дүние-мүлiктен 

айрылған  Гесиод  мансаптыларға,  әдiлетсiздiкке  қарсы  күресудiң  пайдасыз  екенiн  түсiнiп,  өз 

еңбегiмен тiршiлiк етуге кiрiседi. Көп қиыншылықпен өзiнiң дәулетiн қайта түзеп алады. Әкесiнен 

қалған  мол  мұраны  аз-ақ  күнде  шашып,  тауысып,  кедейленген  арсыз  Перс  Гесиодтан  көмек 

сұрайды.  Мұндай  арсыздыққа  қатты  ызаланған,  екiншi  жағынан  туысқанының  жағдайына 

ашынған  Гесиод,  қиянатшылдық  жолмен  өмiр  сүруге    болмайтындығын,  адал  еңбекпен  тiршiлiк 

етудiң  абзалдығын  және  осы  мазмұндас  бiрнеше  адамгершiлiк  мәселелер  тұрғысында  iнiсiне 

ұлағатты сөздер айтады. Гесиодтың поэмасы - адам еңбегiнiң ұлылығы, әдiлеттiлiктiң жеңетiндiгi 

және адамның өмiр жолында кездесетiн басқа да түрлi мәселелер туралы Перске арнайы айтылған 

насихаттар түрiнде жазылған шығарма. 

Осылайша, Гесиод - ежелгi грек әдебиетi ақындары арасында тұлғасы бiзге едәуiр дәрежеде 

мәлiм болған алғашқы ақын.  

Бұл адам бiрнеше ғасыр бұрын болып өткен оқиғалар жайлы аңыздық шежiрелер шығарып, 

шығармаларында бейнеленген оқиғаларға өзiнiң қандай көзқараста болғандығын  жоғары қоятын 

ақын  емес,  керiсiнше  ол  дәуiр  жыршысы.  Оның  шығармасы  күнделiктi  өмiр  көрiнiстерiн, 

халықтың ауыр жағдайын, «жемқор» әкiмдердiң әдiлетсiздiктерiн, байлардың зұлымдығын, жалпы 

өмiрдiң қайғы-қасiретiн хикаялайды. Бұл дастан жалғыз автордың басынан өткен қиыншылықтар 

хикаясы ғана емес, ол Гесиодқа ұқсаған мыңдаған майда шаруалардың өмiрiнен алынған көрiнiс. 

Гесиодтың Перске арнап айтқан насихаттары тек әдеби әдiс қана, шындығында ақын бұл сөздердi 

озбырлық көрген шаруаларға бағыттайды.  

Олай болса, Гесиод - осы дәуiрлерде шаруалардың мүддесiн қорғаған ең тұңғыш қаламгер, 

оның дастаны - адамзат тарихында еңбектi дәрiптеген алғашқы туынды.        

Гомердiң қаһармандары адамгершiлiк қасиеттердi шайқастардан, соғыстардан, қантөгiстен 

iздеген, қала мен қыстақтарды өртеудi нағыз ерлiк, батырлық деп түсiнген, еңбекпен өмiр сүретiн 

адамдарға жиiркенiшпен қараған болса, «Жұмыстар мен күндер» поэмасының авторы тiршiлiктiң 

бар  байлығы  еңбек  арқылы  жаратылғандығын  шығарманың  басынан  аяғына  дейiн  бiрнеше  рет 

қайталайды. Атақ-абыройды тек еңбекпен бағалайды, еңбекке терең мән бередi. Шығарманың осы 

негiзгi дидактикалық мазмұны да адам баласын жамандық жолдан қайтарып, еңбекке баулиды.  

«Жұмыстар  мен  күндер»  поэмасында  баяндалған  адамгершiлiк  және  тiршiлiктiң  жаңа 

принциптерi,  әрине  ақсүйектердiң,  бұл  жайлы  ескi  түсiнiктерiне  түбегейлi  қарсы  болады.  Бiрақ, 

осыған  қарамай,  Гесиод  ежелгi  тайпа  ақсүйектерiнiң  жыршысы  Гомердiң  әдеби  тәсiлдерiнен 

толық  қол  үзiп  кетпейдi.  Шығармада  «Илиада»  мен  «Одиссея»  дастандарындағыдай 

мифологиялық  аңыздар,  эпитеттер,  салыстырулар,  тiптi  гекзаметр  өлшемi  де  толығымен 

қолданылған.  Дегенмен,  «Жұмыстар  мен  күндер»  поэмасының  авторы  осы  ескi  форманың  iшiне 

жаңа мазмұндағы өз дәуiрiнiң талап-тiлегiн енгізген. Ақынның айтуынша, Зевстiң қыздары, яғни 

Олимп музаларының өздерi осы шындықты дастан етiп жырлауды рапсодқа жүктеген.  

«Жұмыстар  мен  күндер»  дастаны  адамның  ауыр  тағдыры,  қайғы-қасiретке  толы  өмiрi 

туралы  аңыздардан  басталады.  Жалпы  алғанда,  ақынның  адам  тағдыры  туралы  түсiнiктерi  өте 

күрделi. Оның пiкiрiнше, «құдайлар адам баласына рақымдылық, шапағат жасамайды. Керiсiнше, 

адамзаттың  басына  ауыр  азаптар  салып  келедi.  Еңбектiң    өзi  –  Зевс    тарапынан    жiберiлген  

зұлматтың бiрi». Гесиод өзiнiң бұл сөздерiн Пандора туралы аңызбен шегелейдi.  

Аңызда құдайлар әмiршiсi Зевс адамзатты жою мақсатында жер бетiнен  отты алып кетедi. 

Адамзаттың қамқоршысы Прометей Олимп әмiршiсiнiң бұйрықтарын бұзып, құдайлар мекенiнен 



82 

 

отты    адамдарға  қайта    алып  бередi.  Прометейдiң    осы  әрекетіне  қаһарланған  Зевс  оны  қатал 



жазалайды.  

Онымен  қанағаттанбай,  адамзаттан  кек  қайтару  үшiн  Гефестке  бiр  сұлу  қызды  жасауды 

бұйырады.  Темiршiлер  құдайы  топырақ  пен  судан  сұлулығы  Олимп  тауының  құдайларынан  кем 

түспейтін  бір  қызды  жаратады.  Сұлуға  құдайлар  жан  бередi  және  түрлi  қасиеттердi  сыйлайды. 

Афина  қымбат  бағалы  киiммен  киiндiредi.  Афродита  сұлулығына  сұлулық  қосады.  Гермес 

айлакерлiктi,  қулықты  үйретедi.  Сосын,  құдайлар  бұл  қызға  Пандора  деген  ат  берiп,  Зевстiң 

әмiрiмен  Прометейдiң  ағасы  Эпиметейдің  алдына  жiбередi.  «Зевстен  ешқандай  сыйлық  алушы 

болма»  дегенiне  қарамай,  Эпиметей  Пандораға  ғашық  болып,  оған  үйленедi.  Зевс  үлкен  бiр 

ыдысқа  дүниедегі  түрлі  апатшылықты  жинап,  салып  берген  едi.  «Ыдыстың  iшiнде  не  бар  екен» 

деген оймен, қызыққан  Пандора, бiр күнi оның аузын ашқанында, барлық апатшылық жер бетiне 

таралып кетедi». 

Гесиодтың  адамзат  тарихы  туралы  танымы  да  Пандора  мен  Прометей  аңызы  сияқты  өте 

қайғылы.  Ақын  жер  бетiнде  жасаған  адамдарды  бес  әулетке  бөледi.  «Бұл  әулеттiң  өмiр  сүру 

тарихы құлдырауға бағытталған. Ең алғашқы әулет жер тарихының алтын дәуiрiнде өмiр сүредi. 

Олар  еңбек  пен  азаптың  не  екендiгiн  бiлмейдi,  күнi-түнi  ойын-сауықта,  шаттықта  жасайды.  Бұл 

бақытты адамдарға өмiр сүруге қажет нәрселердiң барлығын табиғат өзi жеткiзiп бередi. Олар бiр-

бiрiне жамандық қылмайды; татулық, бiрлiк бәрiне де тән қасиет  едi. Өлгендерiнде де ешқандай 

қиындықсыз, ұйқыға кеткендей халде болатын.  

Бiрақ  алтын  дәуiр  мәңгiлiк  болған  жоқ.    Оның  орнына  күмiс  дәуiр  келдi.  Бұл  дәуiрде 

жасаған  әулеттер  алдыңғылар  сияқты  бақытты  емес  едi.  Олар  бейбастақ  болды,  құдайларға 

ықылас қоймады. Сол себептi Олимп әмiршiсi қаһарланып, оларды жер астына кiргiзiп жiбередi. 

Күмiс  дәуiрден  кейiн мыс  дәуiрi  басталды.  Бұл  кезеңде  өмiр  сүрген  адамдар  алдыңғы  адамдарға 

мүлдем  ұқсамады.  Мейiрім-шапағаттан  мақұрым  қалған  олар  шайқастан,  қан  төгуден  басқа 

нәрсенi бiлмедi. Бiрақ қанша жауыз, зұлым болғанымен, олар да ажалдан қашып құтыла алмады. 

Төртiншi  дәуiр  -  ұлы  соғыстар,  қаһармандар  дәуiрi.  Олар  өздерiнен  алдын  өткен  адамдарға 

қарағанда мейiрiмдiлеу едi. Бiрақ бұл адамдардың көпшiлiгi Троя өлкесiндегi қанды шайқастарда, 

теңiз  толқындарында  қырылып  кеттi»[1,48].  Гесиод  өз  заманын  алаяқтық,  екi  жүздiлiк, 

әдiлетсiздiк,  опасыздық  өршiген  бесiншi  дәуiрге  жатқызады  және  осы  дәуiрдi  темiр  дәуiрi  деп 

атайды.  

Жалпы,  Гесиодтың  өз  заманы  және  өткен  дәуiрлер  туралы  пiкiрлерi  мiне  осындай.  Ақын 

қоғамдағы  әдiлетсiздiктерге,  зұлымдықтар  мен  қылмыстарға  қарсы  қатты  наразылық 

бiлдiргенiмен, ақсүйектер озбырлығынан құтылатынына көзi жетпейдi. Өйткенi, мансап пен атақ, 

мемлекет  пен  байлық,  билiк  солардың  қолында.  Гесиод  осы  пiкiрдi  «Қыран  мен  Бұлбұл»  атты 

мысалында дәлелдеуге ұмтылады. 

Бiр  күнi  заңғар  көкте  самғайтын  қыран  әншi  бұлбұлды  өз  торына  түсiредi.  Өткiр 

тырнақтарын  оның  нәзiк  денесiне  батырып,  бұлттарға  қарай  көтерiп  келедi.  Сорлы  бұлбұлдың 

ашу-ызадан  булығып,  дамылсыз  шырылдаудан  басқа  амалы  жоқ.  Қыран  оған  былай  дейдi:  «Ей, 

сорлы құс! Неге мұнша шырылдайсың? Саған қарағанда мен күштiмiн ғой. Қанша шырылдасаң да, 

мен  сенi  қалаған  жерiме  алып  барамын.  Соңынан  босатсам  да  -  өз  еркiм.  Тек  ақымақтар  ғана 

қасіретіне қасірет жамайды»[1,48].  

Мiне, осы мысалда ақын заманындағы әлеуметтiк теңсiздiк өте айқын бейнеленген. Бұлбұл 

образында Гесиод еңбекшi  халықтың озбырлар қолында қаншалықты азап шеккендігін, олардың 

бастарында  теңдiк  болмағандығын  ашық  көрсетедi.  «Қарапайым  халық  қанша  адал,  төзiмдi 

болғанымен,  бәрi  бiр  өз  еркiн  қорғай  алмайды,  күштiлер  шеңгелiнен  құтылмайды.  Өйткенi, 

еңбекшiлердiң  өздерi  де  оларға  тәуелдi».  Әрине,  ақынның  бұл  пiкiрлерiнен  ақсүйектерге,  сол 

кезеңдегi  тәртiптерге,  әдiлетсiздiктерге  қарсылық  сезiледi.  Бiрақ  бұл  наразылық  нала  мен 

қайғырудан арыға бармайды. 

 Гесиодтың  мақсаты  -  сол  қоғамдық  құрылысты  өзгерту  емес,  ал  өмiрдегi  зұлымдық  пен 

әдiлетсiздiктердi  әдiлеттiк  идеяларға  қарсы  қойып,  озбырларды  құдайлар  қаһарымен  қорқыту, 

оларды  ар-ұждан    билiгiне  бағындыру,  тәрбиелеу,  сананы  жетiлдiру,  қоғамды  түзеу  болып 

табылады. Әдiлеттiлiктiң жеңiсiне, ар мен намыстың құдіретiне Гесиодтың сенiмi мол. Ақын адам 

баласын жануардан жоғары қоятын жалғыз ғана ерекшелiк - әдiлеттiлiк деп түсiнген. 




83 

 

Гесиод шығармасының негiзгi мақсаты - қазiргi өмiрде әдiлетсiздiк, озбырлық үстемдiк етiп 



тұрғанда  шаруалардың  аштан  өлмеуi  үшiн  еңбек  етуден,  сол  арқылы  жағдайын  түзеуден  басқа 

лажы жоқ дегендi айту. 

Байлық  жинауда  ең  сенiмдi,  әрi  адал  кәсiп  деп  Гесиод  тек  диқаншылықты  ғана 

мойындайды. Өзiнiң өмiрден алған тәжiрибелерiн еңбекшiлермен бөлiседi, диқаншылық сырларын 

үйретедi. 

Ақын  шаруадан  ең  алдымен  құдайларға  құлшылық  етудi  талап  етедi.  Құдайлардан  медет 

сұрап, құрбандық сойып тұру қажеттiлiгiн ұқтырады. Гесиодтың құдайларға ықыласты болудағы 

мақсаты - олардан денсаулық, қырманға береке, мемлекетке тыныштық тiлеу. 

Осыдан соң, шаруашылық  жұмыстарды жыл бойы қалай жоспарлау, жердi қашан жырту, 

қай  мезгiлде  егін  салу,  қай  уақытта  егiндi  жинау,  қырман  бастыру,  т.б.  туралы  әңгiмелейдi. 

Дастанның  қорытынды  бөлiмiнде  ежелгi  дәстүрлерге  сай  әрбiр  ай  «қасиеттi»  және  «қауіпті» 

күндерге  бөлiнiп,  қайсы  күнi  қандай  әрекеттердi  iстеуден  сақтану  керектiгi  айтылады.  Дастанға 

«Жұмыстар мен күндер» деген ат осы соңғы бөлiмнiң мазмұнына байланысты қойылған.  

Шығарма барысында шаруаның iстерiне қатысты кеңестер берумен бiрге, күнделiктi өмiрде 

кездесетiн  басқа  да  мәселелер  жайында  хикметтi  өсиеттер  баяндалады.  Бұл  өсиеттер  ұлтарақтай 

жерде еңбек етiп жатқан сорлы шаруаның мүддесiн ойлай айтылған насихат сөздер. Осы кеңестер 

кедейдiң шаруашылығын нығайту, байлығын арттыруға қызмет қылады.  

Сондықтан  ақын  шаруаны  жоспарлы  болуға,  ысырапшылдықтан  сақтануға,  бiреуге  қарыз 

бермеуге,  қарыз  алмауға,  әрбiр  iстi  ойланып  iстеуге,  көршiлермен  тату  болуға  шақырады.  Ақын 

ғашықтық-махаббат мәселелерiнде де шаруаны сақ болуға шақырады: «Әйел заты адамның басын 

айналдырып, қамбасын тез құртады» дейдi. 

 Оның  үйлену  және  отбасы  мәселесi  туралы  пiкiрлерi  де  осыған  ұқсас.  Ақын  ерлердiң  тек 

отыз  жастарда үйленуiн, онда да тек жас қызды алуын талап етедi. «Есiк көрген әйелге қарағанда, 

бесік  көрген  қызды»  тәрбиелеу,  әдептiлiкке,  шаруашылыққа  үйрету  жеңiл  болады»,  деп 

түсiндiредi.  «Ұл  баланың  санын  бiреуден  асырмау  керек.  Олай  болмаған  күнде  шаруаның  мүлкi 

мұраға бөлiнiп, майдаланып кетедi»[1,49], дейдi. 

«Жұмыстар  мен  күндер»  дастанынан  өзге  Гесиод  есiмiмен  байланысты  тағы  да  екi  поэма 

бар.  Олар  –  «Теогония»  («Құдайлардың  пайда  болуы»)  және  «Әйелдер  кестесi»  поэмалары. 

Бiрiншi  дастан  –  грек  мифологиясын  жүйелеу  ниетiнде  жазылған  шығарма.  Гесиод  өзінің 

поэмасында әлемнің жаратылуы және пайда болуы туралы кең түрде әңгімелейді. «Ол бастапқыда 

Хаос,  Гея-Жер,  Тартар  және  Эрос  сияқты  құдіретті  күштер  болды,  әлемнің  жаратылуында  Гея-

Жердің орны ерекше, ол Уран-Аспанды дүниеге келтірді, осыдан соң ол Уранмен және Тартармен 

қосылып  түрлі  құбыжықтарға  өмір  берді,  деп  жазады»[2,  30].  Ежелгi  гректердiң  жаратылыс 

туралы  түсiнiктерi,  құдайлардың  пайда  болуы  туралы  мифологиялық  танымдарының  бiздiң 

дәуiрiмiзге дейiн жетiп келуiнде Гесиодтың бұл шығармасы маңызды орынға ие.  

«Әйелдер  кестесi»  поэмасы  да  мазмұн  жағынан  «Теогония»  дастанымен  үндес.  Бұл 

шығарма құдайлармен некелескен әйелдердiң кейiн атақты грек тайпаларының таралуына себепшi 

болғандықтары туралы хикаялайды. 

Гесиодты ежелгi гректер Гомермен қатар тұратын ұлы ақын деп таныған. Кейбiр аңыздарда 

оны  тіпті  Гомерден  де  жоғары  бағалайды.  «Гесиод  шындығында  да  халық  ақыны,  еңбекшiлер 

қамқоршысы, данышпан тұлға»[3,78].  

Оның поэзиясында халық ауыз әдебиетiне тән суреттеулер, мақал-мәтелдер мол кездеседi. 

Еңбекшi  халықтың  аянышты  өмiрiн  бейнелейтiн  «Жұмыстар  мен  күндер»  поэмасы  өзiнiң 

заманагөй мазмұны, ғажайып реалистiк эпизодтарымен грек әдебиетi тарихында ерекше маңызға 

ие.  Бұл  дастан  ғасырлар  бойына  грек  шаруасы  үшiн  ауыр  күндердiң  таптырмас  кеңесшiсi, 

данышпандық үлгiсi болып қызмет еткен. 

 

ӘДЕБИЕТТЕР 



 

1.Қобланов Ж.Т. Шетел әдебиеті тарихы. А., «Қазақ университеті». 2004. 

2.Белинский В.Г. Сочинение в одном томе. М., 1950. 

3.Радциг С.И. История древнегреческой литературы. М., 1969. 




84 

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   218




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет