XI ғасырдың соңында Кіші Азия түбегіне Орта Азиядан оғыздардан тараған көшпенді селжұқ тайпалары кірді. Сол кездегі ірі, қуатты Византия империясы да оларға тойтарыс бере алмады. 1071 жылы Манцикерт (түрікше Маназкерт) маңындағы шайқаста селжұқтар византиялықтарды күйретті. Нәтижесінде селжұқтар олардың Кіші Азиядағы, Сирия мен Палестинадағы иеліктерін тартып алды.
Шыңғысханның және оның ұрпақтарының шабуылдарынан құтылып, Хорасаннан, Сырдария жағасынан Сүлеймен шахтың басшылығымен оғыздардан тараған қайы тайпасы Арменияға, одан кейін, оның баласы Ертұғырыл бейдің кезінде Кіші Азияға көшіп кетті де, Конья сұлтаны Ала-ад-дин Кейқубат Византиямен соғыста көмектесті, сондықтан ол оғыз қайыларына Ангора(Анкара) мен Брусса (Бурса) қалаларының арасындағы жерлерді берді.
Ертұғырылдың баласы Осман бей Византиямен күресте оның Кіші Азиядағы көптеген жерлерін тартып алды. Содан кейін, 1299 жылы Осман Конья сұлтандығынан тәуелсіздігін жариялап, Осман империясын құрды.