Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Қазақстан жазушылар басқармасының төрағасы С.Мұқанов. Алматы. Пролетар көшесі, 3. 18 наурыз, 1946 жыл»,– деген жеделхат жолдады



бет122/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   118   119   120   121   122   123   124   125   ...   273
Қазақстан жазушылар басқармасының төрағасы С.Мұқанов. Алматы. Пролетар көшесі, 3. 18 наурыз, 1946 жыл»,– деген жеделхат жолдады.

Жеделхаттың мазмұнына қарағанда «Абай» романының аудармасының «сүйінші» данасы сол күндері қолға тиіп, Мәскеудің баспасы сыйлыққа тікелей ұсынған. С.Мұқанов оны республика атынан мақұлдап отыр. Әрине, сылтауратып кешіктіруіне болатын еді, бірақ ондай пендешілікке бармаған. Ең бастысы «Абай» романын аяқталған шығарма ретінде атап өтуі еді.

Әрине, бәрі де жақсы ниет. Алайда романның орыс тілінде жариялануына байланысты М.Әуезовті тағы бір талқы күтіп тұрды. Одақтық оқырмандар тамсанды, ал қазақстандық орыс идеологтарының төбе шашы тік тұрып, «қазақ ұлтшылдығы мен феодализмді аңсау сарыны етек алып барады» деп өре түрегелді. Оның үстіне саясат майданының «қара дүлейі» тағы да көтеріліп, «Звезда» журналы, А.Ахматова мен М.Зощенконың шығармаларындағы идеясыздық, В.Сосюраның «Украинаны сүй!» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы», «Драма театрларының репертуарлары» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті. Бұл қаулыларға саяси екпін берілгені сондай, оларға арналған жиналыстардың баяндамаларын Орталық комитеттің бөлім меңгерушілері мен қалалық партия комитетінің хатшыларының өзі жасады.

9.

Осы жылдары, яғни, 1945-1946 жылдардың өліарасында қазақ ғылыми ойлау жүйесінде үлкен жаңалық өмірге келді. СССР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1945 жылғы 26-қазан күнгі №2747 қаулысымен Қазақ ССР Ғылым академиясын құру туралы шешімі шықты. Міне, осындай қуанышты да жұбанышты оқиға мәдени және ғылыми ортада жаңа бір ұмтылыс пен бақталасты тудырды. Жоғары жақта академияның толық мүшелеріне сайланатын адамдарды іріктеу басталды. Әрине, Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің ешқандай алаңдамауына болатын. Дегенмен де, ғылым саласына да сенімді пәленбайлар мен түгенбайларды кіріктірмесе, еркін ойлы ғалымдарға кеңестік идеологияны сеніп тапсыруға болмайтын.



Осыған орай ұзақ жүргізілген партиялық және идеологиялық құпия екешеулерден кейін және СССР Ғылым академиясының мақұлдауын ала отырып 1946 жылы 31-мамырда Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновтың қолымен Ғылым академисының құрамын жариялады. Онда толық мүшенің саны, яғни, академиктердің саны – 14, мүше-корреспонденттердің саны – 16 адам деп бекітілді. Сол кездегі республикадағы 76 ғылым докторы мен Еңбек сіңірген ғылым қайраткерлерінің арасынан академиктердің құрамына: 1. Қаныш Сәтбаев, 2. Мұхтар Әуезов сайланды.

Осы науқанның қарсаңында, яғни, 1946 жылы 4-наурызда Тіл және әдебиет институтының №4 ғылыми отырысында Мұхтар Әуезов Қажым Жұмалиевті мүше-корреспонденттік атаққа ұсынды. Ол өзінің ұсынысын:



«15 жылдан астам уақыттан бері қазақ әдебиетінің тарихынан, соның ішінде ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан жоғары оқу орындарында – мысалы, Орал пединститутында, Алматыдағы ҚазПИ-де, Қазақ мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары жоқ кезде дәріс оқыған Қ.Ж.Жұмалиев қазақ әдебиеті туралы тереңдетілген ғылыми зерттеулер жазылмаған тұста, өз бетінше «ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы» туралы дербес те байсалды ғылыми курстың бағдарламасын жасады. Өзінің таңдап алған саласындағы пайымды, табанды ғылыми-зерттеу бағытындағы ізденістерінің нәтижесінде Қ.Ж.Жұмалиев қазақ орта мектептеріне арнап бірқатар оқулықтар жазды. Солардың ішіндегі әдебиет теориясы туралы, ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы туралы оқулықтары толық орта мектептерге арналған негізгі оқу құралы болып табылады. Жұмалиев жолдас 1943 жылдан бастап жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиеті тарихының» көптомдығының аса жауапты тарауын («Қазақтың батырлық эпостары» туралы) жазуға табанды түрде атсалысып келеді. Қ.Жұмалиев жолдас жазған «Эпос туралы» тарау аталған «Тарихтың» фольклор жөніндегі І томына енді. Сонымен қатар соңғы жылдары Жұмалиев жолдас «Абай поэзиясының тілі» атты диссертациялық тақырыбын игерумен жүйелі түрде айналысты. Ғылым үшін аса маңызды осындай қиын да игілікті істі ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттеудің нәтижесінде тақырыпты сәтті игеріп шыққан автор өзінің толысқан ғалым екенін танытты, сөйтіп, Ленинградтың Шығыстану институтының Ғылыми кеңесінің оған – қазақтың белгілі ғалымы, әдебиеттанушы Қажығали Жұмәліұлы Жұмалиевке филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беруіне негіз қалады. Жоғарыда баяндалып өткен Жұмалиев жолдастың ғылыми қайраткерлігінің негізіне сүйене отырып, оның кандидатурасы Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспондетігіне ұсынуға лайық және орынды деп есептеймін»,– деп негіздеді.

Мұндағы «Қажығали Жұмәліұлы Жұмалиев» деп баса көрсетуін, өзінің ұнатпаған адамын фамилясымен атайтын әдетіне жатқызуға болмас. Ресми сөздің аты – ресми сөз. Алайда араға бес жыл салып барып М.Әуезов «Жұмалиев жолдастың» осы «ғылыми қайраткерлігін» жоққа шығаратынын ол кезде білмеген де еді. «Келер күннің тұманды бір тылсымы» (Абай) осы болар. Анығы, бұл тұста екі ғалымның арасында бір-біріне түсіністікпен қарайтындай төзім сақталып қалғанға ұқсайды.

Ал екеуінің арасына сына қағатын майдан мен саяси науқандық тығырық та ұзақ күттірмеді. «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеясыздық пен өрескел саяси қателер туралы» және соған ілесе 1946 жылы 26-тамызда БК(б)П Орталық комитетінің «Театрлардың репертурлары және оны жақсартудың жолдары» туралы қаулысы шықты. 1925 жылы 18-маусымда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің «Партияның көркем әдебиет саясаты туралы» қаулысы шықты. Соның екпінімен 1946 жылы 30-тамызда Қазақстан Қ(б)П Орталық комитеті бюросы «Қазақстан Қ(б)П Орталық комитеті насихат және үгіт бөлімінің үгіт-насихат жұмыстарына басшылықты жақсарту шаралары туралы» қаулысы шығып, баспасөздегі сынның пәрменділігіне идеологиялық басымдылық берді.

Осыған байланысты Тіл және әдебиет институтында «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы талқыға түсіп, томның бас редакторы М.Әуезов қаулыға орай түзетілген тараулар жөнінде баяндама жасады. Ол «БК(б)П Орталық комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеясыздық пен өрескел саяси қателер туралы» қаулысына сәйкес және соған орай Қазақстан К(б)П Орталық комитеті ашып көрсеткен институттың тарапынан жіберілген «қателіктерге» байланысты:



«Біз «Қазақ әдебиеті тарихындағы» барлық тарауларды түбірімен қайта қарадық және соған орай тиісті толықтырулар мен өзгертулер енгіздік, кейбір тараулар, мысалы «Айтыс», «Шешендік өнер» (Мәметова жазған) тараулар қайтадан жазылды. Бұл жұмысты қайта қарау барысында жүмыс барысында кеткен жекелеген өрескел кемшіліктерді атап көрсеткен рецензеттердің ескертуі үлкен көмек көрсетті. Рецензенттердің ресми ескертулерін назарға ала отырып, жекелеген әдебиетші-мамандардың да пікірлеріне құлақ астық. Біздің еңбегімізге көмек көрсеткен рецензенттерге алғысымызды айта отырып, әлі де талас тудыратын, шешімін таппаған бірқатар принципті мәселелердің бар екенін, соның ішінде, «Қозы Көрпеш – Басян сұлу» батырлық эпосы жөніндегі рецензент Дүйсембаев жолдастың қорытындыларымен менің өз басым келіспейтіндігімді білдіремін. Рецензент (томдықтың – Т.Ж.) стильдік тұрғыдан жеткілікті деңгейде өңделмегендігін атап өтті. Әр (тарауды әр) түрлі авторлар жазғандықтан да стильдік тұтастықтың болуы мүмкін еместігін атап өткім келеді»,– деген пікір білдірді.

Әрине, бұл амалсыздың әрекеті. Қызы – Мәншүк Ахметқызы Мәметова: әке-шешесінің «халық жауы» емес екендігін дәлелдеу үшін майданға сұранып, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының Батыры атағын алса да оның шешесі, қазақтың ғұлама тектісі Әминә Мәметованың аты идеология жөніндегі кеңестік қаулылардың барлығында да баса көрсетіліп отырды. Осы кеңесте бөлім меңгерушісі Қ.Жұмалиев те қазақ кеңес әдебиетінің тарихы туралы хабарлама жасады. Ол хабарлама емес, томдықты, сонымен қатар М.Әуезовтің ұлтшылдық, иедеясыздық шығармаларын айыптауға ұласып кетті. «Абай поэзиясының тілі» атты Қ.Жұмалиевтің диссертациялық еңбегі баспаға ұсынылғанда оған М.Әуезов батып-батыл сын-ескертпелер айтып қарымтасын қайырды. Міне, осыдан бастап М.Әуезов пен Қ.Жұмалиевтің арасы бұрынғыдан бетер ушыға берді.

Сонымен, дені жаз айларында қабылданған қаулыларға арналған талқылаулар қыркүйек айынан бастап арасына апта салып алаөкпелене өткізілді. Қазақстан Жазушылар Одағының архивте сақталған БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.Н.Поспеловтің жасауға тиісті баяндамасының 1946 жылы 16-қыркүйекте талқыланған жобасы мен 24-қыркүйек күні өткен қалалық мәжілістегі қалалық партия комитетінің хатшысы Сәрсеновтің «Қазақ әдебиетінің тарихы туралы даулы мәселелер жөніндегі баяндамасының тезистеріне» жүгінсек, мұнда қамшы тимеген қаламгер қалмапты. Соның ішінде тарихи тақырыпқа қалам тартқандарға ерекше шүйіліпті. Тіпті Едіге мен Нысанбай жырау да, С.Торыайғыров та, оларды әдебиет тарихына енгізуге ұмтылған Б.Кенжебаев та сыпыра сыналыпты.

Сәрсеков: «Хандық-феодалдық «Едіге» эпосының, сондай-ақ «Шора батырдың» да жылдар бойы дәріптеліп (возвеличивание) келгені кездейсоқтық емес. Бұл эпостарда Қазан қаласын екінші Станбол ретінде, «мұсылмандардың тірегі ретінде суреттейді, Шора батыр «оны орыстардан қорғау үшін аттанады». Бұл нұсқа эпостың (түпнұсқада – былина) пантүркистік және панисламистік өңделуі екені анық көрініп тұрған жоқ па. Бұл «былинаның» қазақтың батырлық жырына қандай да бір қатысы бар ма? Бұл «былина» неге қазақтың өткендегі батырлық әрекетінің көрінісі ретінде оқырмандарға ұсынылады? Әдебиет пен халық шығармашылығы қоғамдық-саяси өмірден тыс қалыптасқан жоқ. Біз өзінің жеріне шапқыншылықпен басып кірген шапқыншыларға қарсы қазақ елінің өзінің өмір сүруі үшін күресін бейнелеген ескі әдебиетті заңды түрде мақтаныш етеміз. Мұның қатарына «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қара қасқа атты Қамбар» және Сырым батыр мен Исатай, Махамбет жырлар жатады. Ұлы бунтарь Махамбеттің қанаушыларға қарсы бағытталған жырларын еске алсақ та жеткілікті.



Өткеннің көптеген батырлық жырлары ұлы отан соғысы жылдарында біз үшін қайта тіріліп, рухымызды өсірді. Біз мұның бүгінгі әдебиетпен – Абайдан бастап кеңес жазушыларымен ашық та дәстүрлі түрде байланысып жатқанын өте жақсы түсінеміз. Алайда, біз қазақ әдебиетінің ХҮІІІ, ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы тарихының зерттелуі тарихи-әдеби ғылымның ең осал тұсы деп санаймыз. Біз, өткеннің мәдени мұрасына сыни көзқарастың жоқтығынан, бүгінгідей бұрмалаулар мен қателіктерге жол беріліп отыр деп есептейміз.

Бізге: сендердің бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасын жер бетінен ысырып тастағыларың келе ме?,– деп сұрақ қояды. Ол шындық емес. Бұл өтірік. Асан қайғы туралы қазақтар қандай сөздер айтқан!... Бір бола жаздап, болмай қалған қызықты айтайын. Егерде «Едіге» туралы сын мақала «Большевик» журналында жарияланбаса, ол біздің мақаламызда айтылса, онда қандай шу көтерілетінін білесіздер ме? Қып-қызыл төбелеске айналар еді. Осындай жағдай Асан қайғы туралы аңызға да қатысты болар еді. Өйткені ол айтты делінген өлеңдер орысқа қарсы болғандықтан да біздің жастарды лениндік-сталиндік рухта тәрбиелеуге кесірін тигізеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   118   119   120   121   122   123   124   125   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет