1.Оның бірінші қателігі: Алтын Орданы қазақ ордасы ретінде көрсетуі. Ол – қазақ ордасы емес, қазақ жерін жаулап алған және оларды құлдықтың құрсауында ұстаған Монғол-Татар ордасы.
2.Тарихтағы Едіге қазақ батыры емес, Алтын Орданың батыры.
3.Алтын Орда мемлекеті – орыс халқын ешқашанда жаудан қорғаған жоқ, керсінше, орыс халқын құлдықта ұстаған мемлекет.
4.Орыстар немістердің тефтон орденін Алтын Орданың көмегімен жеңген жоқ, олар (орыстар) ит-немістерді өздерінің күшімен жеңді. Бұл шайқаста орыстарды басқарған Едіге емес, оған Александр Невский басшылық еткен болатын.
Қажым өзінің «Едіге» атты пьесасында Едігені тарихи шындыққа қарама-қайшы, орыстардың одақтасы мен қорғаушысы етіп суреттейді. Оның образын осындай жақсы мақсатта көрсетуі – саяси қателік.
Жазушылар одағы мен өнер комитеті бұл пьесаны қолдау арқылы саяси қателік жіберген. Қажым Жұмалиевтің бұл саяси қателігін Әлкей Марғұлан да қайталады. Жолдас Марғұлан Едіге мен Алтын Орданы мадақтап мақала жазды. Мұндай көзқарастармен аянбай күресу қажет, олардың қайталануына жол беруге болмайды.
«Едіге батыр» туралы шығарылған қазақ эпосы туралы да айта кетейік. Бұл эпосты осыдан 103 жыл бұрын қазақтың белгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов Жұмағұл ақынның аузынан жазып алған және оны өзі орыс тіліне аударды. Эпостың мазмұны Алтын Орданы мақтауға емес, Алтын Орданы қолдау туралы да емес, керісінше, оған қарсы күрес пен оны құлатуға ұмтылған құлшынысты баяндайды. Бұл эпоста халық жағына шыққан Едіге Алтын Ордаға қарсы күреседі. Қазақ халқының Алтын Ордаға қарсы күресінің себептерін мен 1939 жылы жарық көрген «Батырлар жырының» І томдығында ашып көрсеткен болатынмын. Бұл арада оны қайталап жатпаймын. Бұл эпоста Едіге халық мүддесін қорғайды және Алтын Орда мен Тоқтамыс ханның қарсыласы ретінде көрсетіледі! Мен дәл қазір эпостағы Едіге тарихи тұлға ма, әлде халық қиялының жемісі ме дегенге, нақты жауап айта алмаймын. Бұл мәселе тер төгіп зерттеуді қажет етеді.
Ұлы Отан соғысын бейнелеуде жіберілген татар әдебиетшілерінің ұлтшылдық қателікері қаулыда мынадай дерекпен аталып өткен: татардың бір жазушысы Ұлы Отан соғысы кезіндегі біздің ақ финдермен күресімізді көрсетуге арналған пьеса жазыпты. Пьесада біздің халқымыз жеңіске жеткен бұл майданда тек татарлар ғана көрсетіліпті. Пьесадағы 23 кейіпкердің 22-і татар. Ал онда жалғыз ғана орыс бар. Сол жалғыз орыстың өзі сатқын болып шыққан.
Ұлы Отан соғысын бұлай көрсету, әрине, дұрыс емес. Бұл соғыста татар халқы және біздің одағымыздың өзге де туысқан халықтары өзінің кеңестік отанын шын жүрегімен қорғады. Дұшпанмен күресте бар күш-қуатын, бар ақыл-ойын жұмсады. Бұл шындық және татар мен өзге де туысқан халықтардың арасынан кеңес одағының батыры атағына ие болған даңықты ерлердің де шыққаны шындық. Алайда, соған қарамастан соғыстың негізгі ауыртпашылығының ұлы орыс халқына түскенін көрсетпеу, әрине, қателік!...».
Осыдан кейін Сәбит Мұқанов өзінің баяндамасында ауыз әдебиеті мұраларына тоқтала келіп, үйреншікті және қалауына қолайлы автор – Мұхтар Әуезовке көшеді.
Сәбит Мұқанов: «… Мен өзімнің бүгінгі баяндамамдағы фольклор туралы мәселеге қатысты пікірімде Мұхтар Әуезов пен Леонид Сергеевич Соболевтің орыс тілінде жазылған және «Литература и исскуство» журналының 1939 жылғы тамыз және қыркүйкек айларындағы сандарында жарияланған «Эпос және фольклор» атты еңбегіне тоқталғым келеді. Содан кейін бұл мақала Москвадан шығатын «Литературный критик» журналының №10-11 сандарында жарық көрді. Кейінгі басылым нұсқасының алдыңғысынан айырмашылығы сол, мұнда біраз көркем шығармалардан мысалдар келтірілген.
Бұл еңбектің жағымды жағы, мұнда өзге де халықтар сияқты қазақ халқында да фольклордың бар екендігінің көрсетілгендігі, өзге халықтардың фольклоры сияқты қазақ халқының фольклорының да әртүрлі сыпатта дамығандығының дәлелдене баяндалуы. Бұл сыпаттар аталған авторлардың ғана сіңірген еңбегі емес. Қазақ фольклорына қатысты мұндай ойларды оларға дейін де Радлов, Потанин және басқалар айтқан болатын. Әуезов пен Соболев жолдастар өздерінің бірігіп жазған еңбектерінде алдыңғыларға қарағанда фольклор туралы біршама кең пікір білдірген. Бірақ мәселе, осы талдаулардың қалай жүргізілгендігінде.
Алайда бұл сұраққа жауап бермес бұрын фольклордың қалай дүниеге келу тарихына қысқаша да болса толқталып өткен жөн деп есептеймін. Бұл менің сіздердің алдарыңызда өзімнің білімпаздығымды көрсету емес, фольклорды зерттеу барысындағы қателіктерді естеріңізге сала отырып, осы қателіктерді түзетуге көмектесуден туған ұмтылыс болып табылады... ».
Бұдан кейін фольклор мен оның шығу тарихына байланысты, фольклор мен көркем әдебиеттің ара қатынасына және фольклордың таптық тегіне қатысты ұзақ толғай келіп, қайтадан Әуезов пен Соболевке қарай ойысады.
Сәбит Мұқанов: «Біздің аға бауырымыз болып саналатын орыс халқының фольклорын зерттеуде олар марксизмнің әдіс-тәсілдеріне сүйенді. Қазақ фольклорын зерттеу барысында Әуезов пен Соболев жолдастар осы тәсілге сүйенді ме, жоқ па? Бұл мәселеге тоқталмас бұрын Әуезов жолдас пен Соболев жолдастың арасындағы айырмашылықты ажырата кеткім келеді. Леонид Соболев жолдас өзінің қазақ әдебиетінің досы екенін іспен көрсетті. Өзінің қазақ халқына, оның мәдениетіне және оның әдеби мамандарына деген шынайы ықыласына біздің көзімізді жеткізді. Қазақ халқының мемлекеттігін, оның мәдениетін, соның ішінде бізді бүкіл кеңес одағының халқына таныстыру ісіне ол үлкен еңбек сіңірді. Мұның бәрі де дұрыс, алайда қазақ фольклорының нәзік мәселелерін түсінуде Соболевті Әуезовпен қатар қоя алмаймыз. Егерде біз қазақ фольклоры саласында Әуезов білгеннің жүзден бірін ғана біледі десек, бұл Л.С.Соболевтің беделін түсіргендік емес, өйткені біздің фольклорлық мұраларымыздың жүзден бірі ғана орыс тіліне аударылды десек, қателеспейміз. Соболев жолдас қазақ тілін білмейді. Ол қазақ фольклорының орыс тіліне аударылған бөлімін ғана біледі. Осыған орай қазақ халқының мұқым фольклоры туралы нақты пікір білдіруі өте қиынға соғады.
Ал Әуезовтің жағдайы мүлдем басқа. Ол қазақ фольклорын Соболев жолдас сияқты орыс тіліне аударылған материалдардың деңгейінде ғана білмейді, Әуезов қазақ фольклорын қазақ фольклористерінің көбінен жақсы біледі, қазақ фольклорының қайнарынан тікелей сусындай алады. Сондықтан да Әуезовтің кемшіліктері мен қателіктері оның материалдармен жеткіліксіз таныстығынан туындап отыр деп ешкімде айта алмайды. Сондықтан да Әуезовтің қателігі материал мен тілді білмеуінен туындап отырған жоқ, керісінше оның қателіктері материалды зерттеу кезінде біздің заманымыздың талабынан туындап отырған маркстік әдісті қолданбауынан туындап отыр. Фольклор материалдарын игеру жөнінен Әуезов пен Соболев жолдастардың арасында үлкен айырмашылық бар екенін жоғарыда айтып өтсек те, «Эпос және фольклор» атты аталған очеркке екеуінің қолы қатар қойылғандықтан да, бұл мәселе жөніндегі бұдан кейінгі пікірімізде олардың фамилияларын қатар атаймыз. Әуезов пен Соболев жолдастар журналдың 24 бетін алған, яғни 52 бағанға берілген көлемді очеркінде қазақ фольклорында баяндалатын тап тартысы туралы бір ауыз сөз айтылмаған, егерде журналдың 92-бетінде: қазақ фольклоры социалистік мәдениет тұсында ғана лайықты баға алды, өзге тілге аударылып, бүкіл әлемге белгілі болды (қазақ тілінен орыс тіліне аударылу арқылы) – деген аудармашының ескертпесін есепке алмасақ, бұл очеркті кімнің жазғаны туралы деректі кеңес тарихшыларының білуі қиынға соғар еді. Бұл очеркті басқа біреу жазды деп те жорамалдауға болатын еді. Өйткені очеркте фольклорға қатысты маркистік көзқарас жөнінде ештеңе айтылмаған, автордың өздері де марксизмге жүгінбеген. Егер де осы очерктегі талдауларға сенсек, авторлар талдап отырған фольклорлық мұралардың түрлері тап тартысынан тыс жағдайда өмірге келген, өткен дәуірдегі қазақтардың өмірі біржақты және романтикалық таңғажайып күйде өткен.
Достарыңызбен бөлісу: |