Әрине олай емес, олай болуы мүмкін де емес. Өйткені барлық ұлттардың тарихы тап күресінің тарихы. Демек, қазақ тарихы да – тап күресінің тарихы болып есептеледі. Егерде барлық ұлттардың фольклоры тап тартысының айнасы болса, онда қазақ фольклоры да тап тартысының айнасы болып табылады. Бірнеше мысал келтірейік:
Құдандалық жырлыры атты 1 – 13 тарауда Әуезов пен Соболев жолдастар (таптық көріністі) төмендегідей жолдарда жалпылама және ешқандай мағынасыз тіркестермен баяндап өте шыққан: «Қалың мал, көп әйел алу, теңіне ұзатпау, бесік құда болу, әмеңгерлік сияқты салт-дәстүрлердің нәтижесінде әйелдер қиын жағдайға тап болды». Әуезов пен Соболев жолдастар байлардың қалың малды қоздырушы дерт екені, оның қазақ әйелдерінің бақытсыздығының басты себебі болып табылатындығы және олардың көп әйел алатындығы, осы таптан шыққан кәрі шалдардың қалың мал беріп жас қызға үйленетіндігі туралы бір ауыз сөз айтпайды. Очерктің авторлары жар-жар, сыңсу, беташар сияқты халықтың өзі шығарған жырларда әйелдер өздеріне көрсетіліп отырған қорлыққа ішкі қарсылығын білдіреді.
2. Ертегілерде еңбекші халықтың қанаушы тапқа деген көзқарасы мен қарым-қатынасы Алдар көсе, Жиренше, Тазша т.б. кейіпкерлердің ісі арқылы білдіріледі. Олардың аты аталған ертегілердің барлығында да байлар мен билер, хандар мазақ етіледі. Халыққа қасірет әкелетін қанауды, зорлықты, өктемдікті аяусыз сынайды және оларға тән зұлымдықты әшкерелейді. Әуезов пен Соболев жолдастар ертегіге тән мұндай ерекшелік туралы үндемейді. Тек олардың мазмұндарын сыдыртып қана баяндап өтеді. Тек Алдаркөсеге келгенде ғана «әлеуметтік» маңызы бар», «нағыз халықтық» деген сөздерді үстірт қолданады. Олар өздерінің зерттеулерінде шынайы халықтық кейіпкердің тегі мен алғышарттарына тоқталмайды.
3. Таптық қайшылықтар ашық көрінетін фольклорлық жанрдың бірі – мақалдар мен мәтелдер болып табылады. Мысалы: «Бай мен бай құда болса – арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса – арасында дорба жүреді, бай мен кедей құда болса – зорға жүреді». Тағы бір мақалды алайық. Мысалы: «Малдының беті – жарық, малсыздың беті шарық», сондай-ақ: «Аузы сасық болса да байдың ұлы сөйлесін». Тағы да бір мысал келтірейік: «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң – талтаңда». Тағы да: «Байдың әйелі өлсе – төсегі жаңғырады, кедейдің әйелші өлсе – басы қаңғырады», «Байға – мал қайғы, кедейге – жан қайғы». Осыдан асырып таптық қайшылық туралы айту мүмкін бе? Әуезов пен Соболев жолдастар бұл мәселені де айналып өтеді.
4. Батырлар жырында отанды қорғау желісімен қоса таптар арасындағы қайшылық та жүріп отырады. «Қамбар батыр» дастанында таптар күресі тікелей бейнеленеді. Дастан бойынша, Қамбар ең алдымен «тоқсан үйлі тобырдың» батыры. «Ер Тағын» дастанында ханның ит тілеуі мен Тарғынның жоғары адамгершілігі баяндалады. Өзге дастандарда да тап қайшылығы ұмыт қалмаған. Әуезов пен Соболев жолдастар бұл мәселені де ашып көрсетпейді.
5. Айтыс өнері – таптық қайшылық пен таптық күрес ерекше көзге түсетін фольклор жанрының бірі. Айтыстың маңызы туралы баспасөз бетінде өзімнің ойымды тиянақты түрде баяндағанмын, сондықтан да бұл арада қайталап жатпаймын. Әуезов пен Соболев жолдастар бұл жанрға өзге жанрлар сияқты романтикалық көзқараспен ғана қараған.
Қысқасын айтқанда, қайталап айтсам, егерде Әуезов пен Соболев жолдастардың пікіріне сенетін болсақ, онда қазақ фольклоры таптық күрестен дербес, одан тыс жағдайда қалыптасқан. Бұл жолды орыс фольклористикасы осыдан жүз жыл бұрын басынан өткергенін мен өзімнің баяндамамның басында айтқан болатынмын.
Қазақ фольклорын талдау барысында Әуезов пен Соболев жолдастар марксизмнің деңгейі түгілі сыншыл реализмның деңгейіне де көтеріле алмаған. Соболевпен бірге жұмыс істеген Әуезов жолдас мұны оған ескертуі тиіс еді...»,– деп олардың еңбегіне «маркстік сыншыл реализм» тұрғысынан баға береді.
Өзінің әлеуметшіл сыншыл көзқарасын дәлелдеуге келгенде, өзін Мұхтар Әуезовтің орынды ұстазы дәрежесінде сезінетін Сәбит Мұқанов, бұл арада әдеби көзқарасы мүлдем басқа деңгейде қалыптасқан Л.Соболевті де қосақ арасына қыстырып жіберді. Ал қазақ әдебиеттанушыларына келгенде онша именбестен тіпті еркін көсілді. Қиыннан қиыстырып, оларды Әуезовке әкеп көгендеу С.Мұқановқа онша қиындыққа соқпайтын.
С.Мұқанов (жалғасы): «... Ал Исмаиылов жолдастың қазақ фольклоры туралы зерттеуі Әуезов пен Соболев жолдастардың очеркінің конспектісі ғана. Тек Есмағамбет Исмаиылов жолдастың жанынан қосқаны «ақындар қанаушыларды сынаған» деген бір ауыз сөз ғана. Есмағамбет Исмаиылов жолдас фольклордың өзге жанрлары жөнінде неге осындай тұжырымдар жасамайды? Мектеп бағдарламасы өте жауапты құжат. Біздің қазақ мектептерінің оқушылары, әсіресе, жоғары сынып оқушылары Исмаиыловтың фольклор туралы бағдарламасын пайдаланса, онда Әуезов пен Соболев жолдастардың теориялық материалдарына сүйенген болар еді, мәселенің шиі сонда шықпай ма?
Шыққанда да ши емес, тікен болып шығар еді! Фольклор тарихына қатысты зерттеулерінде ғана емес, жазба әдебиеті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі еңбектерінде де Әуезов жолдас марксизммен онша жанаса бермейді. 1934 жылы құрастырған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің хрестоматиясында Әуезов өткен дәуірді үнсіз айналып өтіп, Махамбетті, Шортамбайды, Шерниязды, тағы да басқа ХІХ ғасырдағы барлық ақындарды кіріктіріп, «феодалдық таптың жыршылары» деп жариялап, әдебиеттің бір жағалауынан екінші жағалауына барып соқтыққан. Мұндай бояманың орынсыз екендігі туралы кезінде баспасөз бетінде айтқан болатынбыз, оны қазір қайталап жатпаймын.
Соңғы жылдары Мұхтар Әуезов жолдас ХІХ ғасырдағы ақындардың ішінде Абаймен көбірек айналысып жүр. Әділдіктен аттап кетуге болмайды, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, М.Әуезовтің Абай туралы көркем шығармалары біздің кеңес әдебиетіне қосылған бағалы үлес болып табылады.
Мен бұл жолы тек Мұхтар Әуезов жазған Абайдың өмірбаянына ғана тоқталып өтемін. Бұл өмірбаян 1940 жылы жарық көрген Абайдың ІІ томдық шығармалар жинағында басылды. Бұл еңбекте кездесетін М.Әуезовтің кемшілктері мыналар:
1. Абайдың өмірі мен шығармашылық қайраткерлігі біте қайнасып өткен замандағы экономикалық және саяси алғы шарттар қамтылмаған. Бұл алғышарттарды анықтамайынша маркстік көзқарас тұрғысынан ақынды тану мүмкін емес.
2. М.Әуезов жазған өмірбаяннан біз алдына үлкен ұлттық мақсат қойған алып Абайды көре алмаймыз, керісінше, жігітекпен күрескен, бірде жеңген, бірде одан жеңілген Айдос табының ру жетекшісін көреміз.