«Күн нұрына бөленген, социалистік қырғыз ұлтының ұлы да ғажайып тарихы...»,– деп сөзін бастағанда сырттағы қырғыздар дауыстап, іштегі қырғыздар ішінен «тайкемайлап!» ұран салды.
Өзі де толқуын баса алмаған М.Әуезов халықтың мына құрметін тебірене қабылдап, иіріліп келген күрделі ойларын түйдектете төгіп, сессияға мүлдем басқаша рең берді.
«Бір адамның ғана өмірімен өлшенетін мезгілдегі ұрпақтардың өмірінде, Октябрьге дейін өмір сүрген әкелер мен шешелердің, Октябрьден кейінгі ұлдар мен қыздардың тағдырын салыстыратын болсақ, олардың арасындағы айырмашылықты ондаған жылдардың бедерінен ғана, ұрпақтардың жаңғыра түлеуінен ғана байқамайсың, бейне бір бұл екі арада ғасырлар өткендей, бұрынғы халық жаңа халықпен ауысқандай толысуды аңғарасың. Қырғыздың күндей күлімдеген өспірімдерінің балалығы басқаша бір дәуірде – шексіз еркіндікпен, жастықтың асқақ арманымен, биік ойлы санамен, еркін құлшыныспен, теңдікпен және әкелік пен аналықтың кемел ақылы мен мейрімі аясында өтті.
Кей шақтарда, кемел жасыңа келген кезде, бәрін анық та қанық түсінген, сабырлы да салиқалы көзқараспен өткенді шолып шығатын сәттерің болады, сонда алыста қалған балалықтың өзгеше бір көрінісі көз алдыңа келеді, ал есіңе түскен сол елестер ен далада алыстан жылтырап көрінген шоқ құсап маздап, жылдар, оқиғалар, адам бейнелері мен аттары көз алдыңнан көшіп өтеді,сол арқылы аңғал өміріңнің бастауы мен қуаты толысқан шағыңның арасын көрінбейтін, бірақ жаныңмен жалғасқан байланысты қалпына келтіретіні бар – тура сол сияқты кеңестік қырғыз халқы да осы сәтте өзінің өткен рухани өміріне көз салып отыр. Иә, бұрылып қарады, бұрылып қарады да, өткеннің түгелін түгендей алмаса да, бұрынғы санада сараланған ойлардың мәйегін бүгінгі күндегі көтерілген кемелденген сыни сана баспалдағының деңгейінде саралауға ұмтылып отыр».
Әбден саясаттанып кеткен ойлау жүйесі мен қасаң тартқан сөз мәнері жүйкелетіп бітірген, әлдебір әшкереленуді тітіркене күтіп отырған қырғыздар, осы сәтте өздеріне «жаны мен жаны жалғасқан», беті теріс қарап кеткен Манастың өзі «бұрылып қарағандай» сезінді. Осындай тебіреністі екпінмен негізгі тақырыпқа бет бұрып, оның басты «себепкерін» атап өтті:
М.Әуезов (жалғасы): «Манас» эпосын талқылауға арналған қазіргі жағдайдың барлығы мені тура осындай көңіл-күйге жетелеп отыр. Бұл, осы талқылау, партия-кеңес баспасөздеріндегі пікірталасынан басталды. Әділін айту керек, соңғы төрт айдың ішінде республика баспасөзі үлкен жұмыс атқарды, тек «Советская Киргизия» мен «Қызыл Қырғызстанның» беттерінде 15-тен артық мақала жарияланды. Біздің осы конференциямыз да сол басылымдардағы талқының табиғи жалғасы болып табылады. Мен көтерілген мәселелердің негізіне тоқталмас бұрын, мұндағы қалыптасқан жағдайға және оның жұмыс барысында назар аудармасқа болмайтын жайларды айта кеткім келеді. Соның ішінде мен біздің талқылап отырған мәселемізге қалың жұртшылықтың аса зейін қойып, үлкен назар аударып отырғанын айтпай үнсіз қала алмаймын. Соның бір дәлелі, анық дәлелі, осы залды толтырып отырған жоқ, тек қана ғылыми қызметкерлер, жазушылар, жыраулар, мұғалімдер, студенттер ғана емес, сонымен қатар министрліктердің, облыстық атқару комитеттерінің, Мемлекеттік жобалау мекемесінің жауапты қызметкерлерінің, Қырғыздың партия және үкімет басшыларының қатысып отырғандығы»,– деді.
Ол «қалың жұртшылықтың аса зейін қойып, үлкен назар аударып отырғандығын» ескерту арқылы тек эпос ғана емес, мұқым қырғыз ұлтының тағдыры талқыға түсіп отырғандығын ғалымдардың қаперіне іле кетті.
Мұхтар Әуезов (жалғасы): «Баспасөз беттерінде және осы конференцияда тек ғалым-зерттеушілер ғана пікір білдіріп қойған жоқ, сонымен қатар кеңестік қырғыз халқының барлық жетекші жазушылары да белсене атсалысты. Сондай-ақ, «Манас» мәселесі туралы талқылауға тек Қырғызстанда ғана көңіл бөлініп қойған жоқ, сонымен қатар Мәскеу де аса мүдделілік танытып отыр, Бүкілодақтық Ғылым Академиясы біздің конференциямыздың байыпты шешімін күтіп отыр, олар өздерінің өкілдерін, көрнекті ғалымдарын жіберді, солардың ішінде СССР Жазушылар Одағының өкілі де осында отыр.
Жоғарыда айтылғандар нені байқатады? Біріншіден: біздің жұртшылығымыздың біздің ғалымдардың еңбегіне зейінмен қарайтынын байқатады. Екіншіден, бұл «Манастың» – біздің халықтарымыздың эпосы мен фольклорының арасындағы қатардағы құбылыс емес, одан тыс шығарма екендігін көрсетеді. Егерде Багиров жолдас жаңылыс айтпаса: «Дәдем Қорқыт» әзірбайжан халқына белгісіз»,– деді, ал мұнда мүлдем керісінше, «Манас» кеңестік қырғыз халқының арасына өте кеңінен танымал. Мұның барлығы, біздің, баяндамашылардың, қосымша баяндамашылардың, сонымен қатар әр түрлі бағытта кеңінен пікір толғап сөйлеушілердің қандай жауапкершілікті мойынына көтеріп отырғаны аңғартады».
Саяси әулекілікпен, идеологиялық желікпен «Қорқыт атадан» бас тартып отырған – Әзербейжан, «Көрұғлыны» кергіге салған – түркімен «Едігеден» жеріген – татар, «Қобыландыны» қуғынға ұшыратқан – қазақ ағайындарының кебін құшпаса екен – деп сақтандырды.
М.Әуезов (жалғасы): «Ендеше, жоғарыда аталып өткен, бәріміз де құрметпен қарайтын біздің жетекші жұртшылығымыз бізден не күтіп отыр? Олар бізден: осында айтылған барлық пікірлердің анық та нақты нәтижесі болғанын және «ұзақ жылдардан бері «Манастың» айналасына үйіріліп алған шиырлау мен бұзылған шырықты доғаруды күтеді. Егер де, біздің барлық сөзімізден кейін соңымызда – бірікпеген пікір, өзара кикілжің, қостау мен жоққа шығару, тарих алдымызға қойып отырған міндеттің шешілмеген, белгісіз түйіндері қалатын болса, онда өте өкінішті болар еді.
Демек, ең алдымен конференциядан, соның ішінде, ең бірінші баяндамашылардан, қосымша баяндамашылардан, содан кейінгі сөйлеушілерден «Манасқа» байланысты қойылып отырған бүгінгі мәселеге анық, тармақталған, негізді жауап күтеді. Нақты жауап күтіп отырған жоғарыдағы шешілуге тиісті міндеттер қандай? Оларды, менің ойымша, үш мәселенің айналасында тұжырымдауға болады:
Достарыңызбен бөлісу: |