Дауыс: Бақбергенов Кеңестік Жазушылар Одағының мүшесі ретінде сөйледі.
Жаймурзин: Оның пәлендей маңызы жоқ. Ол – республикалық партиялық газеттің қызметкері, ол ресми сөз алды, ал мен түсініктеме беріп тұрмын, ол енді өз кезегінде өз сөзіне жауап беруге тиісті.
Төртінші: Кадрларды таңдау мәселесі туралы. Мен: кадрды сыбайластығына, жағымпаздығына және жеке берілгендігіне қарап таңдайды – деген айыпты жоққа шығарамын. Бұл арада менің ешқандай жақындарым жоқ. Тиесовке қатысты айтарым: ол бұрынғы партия қызметкері, біздің әдебиетімізге көптен бері араласып келеді. Бұл қызметке оны Орталық комитет тағайындады. Ол істі бүлдірген жоқ, қайта журналдың жұмысын жақсартты. Оның қызметтегі кемшілігін көрсету керек, сынау керек, бірақ та оны кездейсоқ адам деуге болмайды. Ал жұмыстағы кемшілік әркімде бар. Бұдан әрі қарай біздің қателерімізді түзетуге осындай талап тұрғысынан қарайтын боламыз»,– деп тұжырымдады.
Біз осынау шағын ғана денелі, кесіп, нықтап сөйлейтін Әбдірахман Жаймурзинмен үйінде де, түзде де ұзақ-ұзақ әңгімелестік. Тура пікірлі адам партиялық тапсырмамен Жазушылар Одағын басқаруға келгендегі ең басты мақсаты – екі алыптың айтысын тоқтатып, арасын қиюластыру болғанын, осы жиналыс арқылы соған уақытша тоқтау салғанын талдай отырып айтты. Әсіресе, С.Мұқановты ығынан қайыру, М.Әуезов қолды болса, мұның өзін де аман сақтап қалуға шамасы жетпейтініне сендіру өте қиынға соғыпты. Партия жиналысында мұны ашық ескертіпті, әйтпесе, оны партиядан шығару туралы мәселе қоятынын айтқанда ғана, шарасыз қалыпты.
Ал партиядан шығу деген сөз – түрмеге қамалумен бірдей еді. С.Мұқановтың жоғарыдағы сөзінің пәс шыққанында да осындай астар бар еді.
Алдыңғы мәжілістерден бұл мәжілістің ерекшелігі – кеңес өкіметінің дұшпаны мен ұлтшыл-буржуазияшыл элементтер әшкереленген жоқ, барлық назарды, шындығында да соған дейін асқынып келген «топшылдыққа, жікшілдікке», нақтылап айтқанда, Әуезов пен Мұқановтың арасындағы қарым-қатынасқа аударып, «Жаймурзин жолдастың баяндамасының негізінде төмендегідей қаулы қабылдады (мазмұны):
«1953 жылы 30 қаңтарда «Правда» газетінде жарияланған «Сынау орынына мадақтау» атты мақалада Нұртазиннің идеядан ада «Сәбит Мұқановтың шығармашылығы» кітабі мен мәскеулік сыншы З.Кедринаның қате пайымдауларға орын берілген зиянды «Мұхтар Әуезов» монографиясы орынды сыналған. Мұндай кітап тек топшылдықтан, отбасылық мүддеден әлі де арылмаған кейбір қазақ жазушыларының ықпалымен ғана шығып отыр. Төралқа мынаны атап өтті:
Мұқанов өзінің Жазушылар Одағының төрағасы кезінде алаяқ және жалған сыншы Нұртазиннің Жазушылар Одағына өтіп кетуіне, сөйтіп, Нұртазиннің идеялық жағынан зиянды халтурасының – шимай-шатпақтарының (стряпни) баспасөзде жариялануына мүмкіндік жасап, сол арқылы көзжұмушылық танытып, жалпақшешейлікке жол берген. Жазушылар қауымы осы кітапты қатал сынға алғаннан кейін де Мұқанов жолдас одан тиісті қорытынды шығармады және оны қорғауын жалғастырып келеді;
З.Кедринаның «Мұхтар Әуезов» кітабында жазушының шығармашылығы принциті түрде жан-жақты бағаланбаған, керісінше, Әуезовтің шығармашылығы туралы жалған түсінік беретін, тек қана зиян келтіретін көптеген жаңылысты және қате бағамдаулар орын алған. Сыншы Әуезовтің шығармашылығындағы идеялық қателіктер мен құлдыраушылықты жасырады да, оны қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі ретінде көрсету үшін басқа жазушыларға қарсы қояды, сөйтіп, жекелеген жазушыларды бір-біріне өшіктіру бағытын ұстаған.
Мұқанов пен Әуезов жолдастар өзгелерге партиялық принцип пен жолдастық өзара ынтымақтастықтың негізінде шығармашылық достықтың үлгісін көрсетудің орынына, міне, он бес жылдан бері қазақ әдебиетіндегі жетекші орынға ие болуы үшін өзара принципсіз, жікшіл күрес жүргізіп келеді, ол күреске өзге де жазушыларды тартты, олардың арқасын қалқалаған халтурщиктерді, жағымпаздарды айналасына топтастырды. Мұндай топшылдық жазушылар арасындағы батыл, принципті партиялық сынның өрістеуіне кедергі келтіріп келді, әдебиетші жастардың идеялық және шығармашылық тұрғыдан зиянын тигізді және бүкіл қазақ әдебиетінің дамуына кесірін тигізді.
Төралқа: топшылдық күрестің осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқанының басты бір себебі – Жазушылар Одағының кейбір басқарма мүшелері топшылдықтың кесірінің зиянкестігіне дер кезінде мән бермеді, Әуезов пен Мұқановтың арасындағы дауды шешуде қатаң талап пен принципті талдау көрсете алмады, тіпті, олардың өздері де солардың жетегіне еріп кетті. Жекелеген жазушылар Әуезов пен Мұқановтың көңілін жықпас үшін олардың беделін көтеруге тырысты, бұл жазушыларды сынаудан жалтарды, қысқасы жалтақтық танытты – деп есептейді.
Достарыңызбен бөлісу: |