МЕНІҢ ҚАТЕЛЕРІМ ЖАЙЫНДА
Биылғы ақпанның 23-індегі Алматыдағы жазушылардың жиналысында, «Правданың» 30-ыншы қаңтарындағы «Сынау орнына мадақтау» деген мақаласын талқылағанда менің ауызша айтқан мәлімдемем бар-ды. Қазір сондағы сөзімді толықтыра, дамыта отырып, өзімнің жазушылық, зерттеушілік жұмыстарымда болатын кейбір идеялық-саяси қателерімді баспа жүзінде батыл сынамақпын.
«Правданың» мақаласын, барлық жазушы жұртшылығымен бірге, мен де партия мен кеңес халқының обьективтік сыншылдықты, әділ талапты танытқан үні деп білемін. Ол мақала Қазақ совет әдебиетінің идея жағынан таза, сапалы боп өсуін ойлаған Ленин-Сталин партиясының қамқорлығын көрсетті. Қазақтың жас кеңес әдебиетін лениндік-сталиндік ғылымға жат салт-санадан, бағыттардан сақтауға тырысты.
Сонымен қатар, сол мақаланы менің өзіме де көмек етуді мақсат еткен, мендей қазақ, кеңес жазушысына да қамқорлық ойлағаны деп бағалаймын. Бұл – мен сияқты кеңес қайраткері, халық пен Ленин-Сталин партиясының сенімі мен құрметін, өз еңбегімен және әлеуметтік мінезімен дұрыстап ақтай білсін дегенді аңғартады.
Негізі, салмақты сөзбен менің қателерімді өзіме танытқысы келген партиялық әділ сыннан өз еңбектерімде мен қорытынды шығара білуге міндеттімін. Ол сын, менің еңбегімді халық үшін пайдалырақ, бағалырақ ету талабымен айтылған, идеялық-саяси әралуан олқылықтар мен қателіктерден сол еңбектің сау болуын ойлаған сын деп түсінемін.
Бізде – тіршіліктің бар саласына және бар майданындағы адамдардың бет-ажарына қарамай айтылатын сын мен өзара сын бар. Оны халқымыздың, Отанымыздың ұлы оқытушысы және тәрбиешісі Ленин – Сталин партиясы қайратты даналықпен қолданады. Менің өзіме бұдан бұрын да пайдалы, бағалы әсері болған сондайлық сынды аса зор бағалаймын. Өзімнің жазушы болып қалыптануым мен кеңес қайраткері атану жолында мен Коммунистік партия мен кеңестік Отанның тәрбиелік әсерін, жақсы ықпалын көре отырып өскенмін. Сол үшін өзімді оларға моральдық тұрғыдан өмірлік қарыздармын деп санаймын».
Әрине, бұл кіріспенің құлақ күйі ғана. Әуелі партияның көңілін жібітіп алмаса, құрғақ сөз, кебір арқан сияқты қолды ысып кететін. «Ашық хат» жазудан тәжірибесі бар Әуезов үшін оның тігісін жатқызу онша қиындыққа соқпайтын.
М.Әуезов (жалғасы): «Осы жайларды қабылдаумен қатар «Правданың» мақаласында көрсетілген менің шығармамдағы сыналған нақтылы фактыларды түсінуім туралы, сол мақалада көрсетілген жайларға қатысты қосымша фактыларды да айтпақпын. Жұртшылықтың әділ талабы мен күткеніне орай өзімді салт-сана майданының жауапты қайраткері деп біле отырып жауап бермекпін. Бұл жайды баяндау кеңес жазушысы есебіндегі қарызым деп білемін. Әсіресе, бұрын ешбір тарихтарда болмаған қалыпта, партия мен халықтың жазушылардың сөзіне берген салмағы мен мәнін, беделі мен қуатын, бейілі мен құрметін есте тұтамын.
Кейбір шірік, орасан, зиянды жайларды сынап серпіп тастаумен қатар, менің атыма байланысты кейбір әдебиет фактыларын оқушыларға айрықша ескерте атаймын. Бұлар – идеялық қателігі бар шығармалар болғандықтан да ең нашар шығарма, көркемдігі жоқ шығарма – деп санаймын. Ал ғылыми еңбектерімнің сондайларын идеялық құнсыз, залалды, шығармалар деймін.
Өткендегі осындайлық қателерімді мансұқ етуім арқылы оқушылар алдындағы өз жауапкершілігімді ендігі еңбектерімде тереңдеп түсінбекпін. Социалистік қоғамның көмегі мен керегіне жарап келген бұрынғы еңбектеріме қосымша жаңа шығармалар туғызуға барлық ой-қуатымды, өнерім мен қайратымды түгел жұмсауға тырысамын. Сонымен Отан алдындағы кеңес жазушысы деген атқа сай зор қарызымды ақтамақпын».
Иә, «Кер заман кез болды ғой, маңдайыма. Адымымды аштырмады, жібермеді еркіме ақыл-ойымды шырмап»,– деген кейіпкер Абайдың толғауы, шындығында да, Әуезовтің өзінің авторлық мәтіні еді. Өмір үшін өзінің ең асыл рухани қазынасынан бас тартып та үйреніп қалған болатын.
М.Әуезов (жалғасы): «Осы аталған жайлардан соң З.Кедринаның «Правдадағы» мақаласында сыналған мен жайындағы кітабына ораламын. Бұл еңбекті менің де, қазақ кеңес әдебиетінің де пайдасына арналып жазылған кітап деп танымаймын. Жазушы мен оның шығармасына және негізгі қоғамдық сынға, біздің заман қойып отырған талаптарға бірде-бір жауап бере алатын кітап емес бұл.
Кітап толған мадақтау мен әсірелей мақтаулар. «Правданың» мақаласы өте әділ түрде атап отырған сол кітаптың ең негізгі міндеті болған жайға да жауаптар жоқ. «Правданың» мақаласында: «М.Әуезов өзге де барлық кеңес жазушылары тәрізді мадақтау мен қошеметті күтпейді, ол өзінің табысы мен жетіспегендігін айтатын негізгі әділ сынды тосады»,– делінген.
З.Кедринаның өзі зерттеген жазушыны оның замандас жазушыларының тобынан даралап бөліп, аспандатуы сорақылық. Әсіресе бір жазушыны өзге жазушылардан асыра мақтау жолында көңілдестікті, отбасышылдықты қолдануы, әсіресе, татымсыз айыпты, залалды мінез.
Достарыңызбен бөлісу: |