Диссертациялық жұмыстың теориялық және тәжірибелік маңыздылығы. Диссертацияда алынған нәтижелер туристік саланың инновациялық дамуын басқару саласындағы ғылыми және қолданбалы зерттеулерді одан әрі дамыту үшін пайдаланылуы мүмкін. Зерттеу нәтижелерін іске асыру 3 енгізу актісімен расталған: «Арман-Тур» ұлттық туроператорлық компаниясы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы және Туризм индустриясының комитеті.
Зерттеу нәтижелерінің апробациясы:Диссертацияның негізгі ережелері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жария талқылауға шығарылды. Диссертация тақырыбы бойынша ғылыми мақалалар жарияланды. Сондай-ақ, нәтижелерді жүзеге асыру туралы енгізу актілері алынды (Қосымша А).
Ғылыми жарияланымдар: зерттеу нәтижелері ҚР БҒМ БҒСБК ұсынған 5 отандық басылымдарда, 3 халықаралық конференцияларда жарияланды. Сонымен қатар 1 ғылыми мақала Q2 квартиліндегі «Journal of Environmental Management and Tourism» атты халықаралық ғылыми журналында жарияланды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиет көздері мен қосымшалардың тізімінен тұрады. Жұмыстың негізгі мәтіні 163 бетте берілген. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 168 атаудан тұрады. Диссертацияға 35 сурет және 50 кесте, 7 қосымша, 3 енгізу актісі кіреді.
1 ТУРИСТІК САЛАНЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУЫН БАСҚАРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Туристік саланың инновациялық дамуын басқарудың теориялық тұжырымдамалары
Қатаң бәсекелестік пен экономикалық тұрақсыздық, шикізат ресурстарына бағаның жоғары тұрлаусыздығы жағдайында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйвері − туристік сала субъектілерінің өнімді инновациялық қызметі мен инновациялық белсенділігі болып табылады. Бұл әрбір елге әлемдік туристік нарықта қосымша бәсекелестік артықшылыққа ие болуға және халықаралық нарықта ілгерілеуге мүмкіндік береді. Мысалы, халықтың өзге өңірлердегі өмір салтымен танысуға және жаңа білім алуға деген қажеттіліктері; классикалық және дәстүрлі дестинациялардың қанығуы; келу туризміндегі нарық квотасын жоғалту қаупі; бәсекелестіктің күшеюі, стандартталған жаһандық өнімдер ұсыныстарының өсуі; азаматтардың өз елінің өңірлеріне ұқсас аймақтарға шығуын тежеу қажеттілігі; технологиялық революция; экономикадағы қызметтердің кеңеюі; ұсыныс экономикасынан сұраныс экономикасына өту сияқты бірқатар факторлар инновациялық дамуға көшу үшін қуатты серпін болып табылады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда туризм қалыпты қарқынмен дамып келеді, оның әлеуметтік-экономикалық әсері аз және даму көрсеткіштері төмен. Туристік саланы басқарудың қолданыстағы тәжірибесі көптеген ұйымдастырушылық және басқару кезеңдерінен өтті. Мәселен, тәуелсіздік алған уақыттан бастап туристік саланы басқару функциясы бір мемлекеттік органнан екіншісіне бірнеше мәрте берілді [1]. Осының барлығы туристік қызметті басқару және ұйымдастырудың қолданылатын әдістері мен құралдарының тиімсіздігін көрсетеді және оларды жетілдіру жолдарын талап етеді.
Туристік саладағы инновациялық дамуды басқарудың жетілдіру жолдарын ұсыну үшін инновация бойынша ғалымдардың теориялық ұстанымдарына шолу жүргізу қажет. Біз бұл терминді негізгі 4 тәсіл тұрғысынан қарастырдық. Бірінші тәсіл инновацияны өзгеріс ретінде қарастырады. «Инновация» термині алғаш рет 1939 жылы австриялық экономист Й. Шумпетердің «Business Cycles: A Theoretical, Historical and Statistical Analysis of the Capitalist Process» еңбегінде көрініс тапты. Й. Шумпетер инновацияны − өнімді өндіру, жеткізу, сату процестерінде жаңа техникалық, технологиялық, ұйымдастырушылық шешімдерді коммерциялық пайдалану немесе қолданыстағы техникалық, технологиялық, ұйымдастырушылық шешімдерді жетілдіру нәтижесінде пайда болатын кез-келген өзгеріс ретінде түсіндірді.
Сонымен қатар, Й. Шумпетер инновацияға экономиканың өсуін қамтамасыз ететін өндіріс факторының бес «жаңа комбинациясын» жатқызды: жаңа техниканы, технологиялық үдерістерді немесе нарықтың жаңа талаптарын пайдалану; жаңа сипаттағы өнімдерді енгізу; жаңа шикізат көздерін пайдалану; өндіріс пен оның материалдық-техникалық қамсыздануын ұйымдастырудағы өзгерістер; жаңа өткізу нарықтарының пайда болуы [2-4].