2.Алғашқы құжаттарды жіктеу. Тексерілген және есепке алынған құжаттар операцияларды жасау күні бойынша жүйеленеді және мемориалды ордерлермен – нысандар альбомының нысандары бойынша жинақтау ведомостерімен ресімделеді, оларға мынадай тұрақты нөмірлер беріледі:
1-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 381 нысанды кассалық операциялар бойынша жинақтау ведомосі;
2-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 381 нысанды мемлекеттік мекемелердің кодтарындағы қаражаттың қозғалысы жөнінде жинақтау ведомосі;
3-мемориалды ордер – 381 нысандар альбомында ақылы қызметтердің қолма-қол ақшаны бақылау шоты (бұдан әрі - ҚБШ), демеушілік, қайырымдылық көмек ҚБШ, ақша қаражатын уақытша орналастыру ҚБШ, шетел валютасындағы шоттағы және сыртқы қарыздар мен гранттар бойынша бюджеттік инвестициялық жобаның арнайы шоттарындағы ақша қаражатын есепке алу жөніндегі жинақтау ведомості; жергілікті өзін өзі басқару ҚБШ, нысаналы қаржыландыру ҚБШ;
5-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 405 нысанды еңбекақы мен стипендиялар бойынша есептеу ведомостерінің жиынтығы;
6-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 408 нысанды ұйымдармен есеп айырысу бойынша жинақтау ведомосі;
7-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 408 нысанды аванстық төлемдер тәртібіндегі есеп айырысу бойынша жинақтау ведомосі;
8-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 386 нысанды есеп беруге жауапты тұлғалармен есеп айырысу бойынша жинақтау ведомосі;
9-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 438 нысанды ұзақ мерзімді активтердің шығып қалуы мен орын ауысуы бойынша жинақтау ведомосі;
10-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 438 нысанды арнайы киім-кешекті және жеке пайдаланудағы басқа да заттардың шығып қалуы мен орын ауысуы бойынша жинақтау ведомосі;
11-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 398 нысанды тамақ өнімдерінің кірісі бойынша жинақтау ведомостерінің жиынтығы;
12-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 411 нысанды тамақ өнімдерінің шығысы бойынша жинақтау ведомостерінің жиынтығы;
13-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 396 нысанды материалдардың шығысы бойынша жинақтау ведомосі;
14-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 406 нысанды балаларды қамсыздандыру үшін ата-аналармен есеп айырысу бойынша жинақтау ведомостерінің жиынтығы;
15-мемориалды ордер - Нысандар альбомының 409 нысанды айырбасталмайтын операциялардан кірістерді есептеудің жинақтау ведомосі;
16-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 409-а нысанды тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан кірістерді есептеудің жинақтау ведомосі;
17-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 409-б нысанды активтерді басқарудан түсетін кірістерді есептеудің жинақтау ведомосі;
18-мемориалды ордер - Нысандар альбомының 409-в нысанды өзге операциялар бойынша кірістерді есептеудің жинақтау ведомосі;
19-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 458 нысанды операциялық шығыстарды есептеудің жинақтау ведомосі;
20-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 458-а нысанды бюджеттік төлемдер бойынша шығыстарды есептеудің жинақтау ведомосі;
21-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 458-б нысанды активтерді басқару бойынша шығыстарды есептеудің жинақтау ведомосі;
22-мемориалды ордер – Нысандар альбомының 458-в нысанды өзге операциялар бойынша шығыстарды есептеудің жинақтау ведомосі.
Қалған операциялар және «Сторно» операциялары бойынша Нысандар альбомының 274 нысанды жеке мемориалды ордерлер жасалады, олар әр ай үшін 23-тен бастап жеке нөмірленеді.
Жеке мемориалды ордерлер операцияны жасау шамасына қарай, бірақ келесі күннен кешіктірмей (алғашқы құжатты алғаннан кейін), жеке құжаттардың негізінде де, біртекті құжаттар тобының негізінде де жасалады. Мемориалды ордерде қосалқы шоттарды корреспонденттеу бір қосалқы шоттың дебеті бойынша және басқа қосалқы шоттың кредиті бойынша немесе бір қосалқы шоттың дебеті бойынша және бірнеше қосалқы шоттардың кредиті бойынша немесе керісінше бір қосалқы шоттың кредиті бойынша немесе бірнеше қосалқы шоттардың дебеті бойынша операция сипатына қарай жазылады.
Мемориалды ордерлерге бас бухгалтер мен оның орынбасары және орындаушы қол қояды.
Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 12.10.2013 № 481 бұйрығымен (алғашқы ресми жариялағаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Барлық мемориалды ордерлер Нысандар альбомының 308 нысанды «Басты-журнал» кітабында тіркеледі. «Басты-журнал» кітабындағы есеп әдетте қосалқы шоттар бойынша жүргізіледі.
«Басты-журнал» кiтабы өткен жылдың бухгалтерлік балансына сәйкес жыл басындағы сома қалдықтарының жазбаларымен ашылады. Онда жазбалар мемориалды ордерлердi жасау шамасына қарай жүргiзiледi, ал жинақтау ведомостерiнiң мемориалды ордерлерiн жасау кезiнде айына бiр рет жүргiзiледi. Мемориалды ордердiң сомасы алдымен «Ордер бойынша сома» бағанына, содан кейiн тиiстi қосалқы шоттардың дебетi мен кредитiне жазылады. Бiр айда айналымдардың сомасы дебет бойынша да, кредит бойынша да, барлық қосалқы шоттар бойынша «Ордер бойынша сома» бағанының қорытындысына тең болу керек. Бiр айдағы айналымнан кейiн екiншi жолда әрбiр қосалқы шот бойынша келесi айдың басындағы қалдық шығарылады.
Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 2012.07.24 № 348 (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
Талдамалы есеп есепке алу тіркелімдерінде (кітаптарда, карточкаларда, жинақтау ведомостерінде және басқа есепке алу тіркелімдерінде) жүргізіледі.
Бухгалтерлік кітаптарда жазбаға дейін барлық беттер (парақтар) нөмірленеді. Беттің соңғы парағында бас бухгалтердің қолымен: «Осы кітапта барлығы ___ бет (парақ) нөмірленді» деген жазу жазылады. Нысандар альбомының КО-4 нысанды және 440 нысанды кассалық кітап, Нысандар альбомының 449 нысанды еңбек кітапшаларының бланкілерін есепке алудың кіріс-шығыс кітабы да бау өткізілуі және сүргіш немесе мастикалық мөрмен басылуы тиіс, КО-4 және Нысандар альбомының 440 нысандарындағы беттердің саны мемлекеттік мекеме басшысының және бас бухгалтердің қолдарымен расталуы және Нысандар альбомының 449 нысанына мемлекеттік мекеме басшысы қол қоюы тиіс.
Әр кітапта мемлекеттік мекеме, орталықтандырылған бухгалтерияның атауы және кітап ашылған жыл жазылады. Кітапта онда ашылған қосалқы шоттардың мазмұны болуы тиіс. Жазбаларды кітаптың басқа бетіне көшіргенде, осы қосалқы шот бойынша мазмұнда жаңа беттерді көрсете отырып жазуларды көшіру туралы белгі жасалады.
Бухгалтерлік есеп кітаптары жыл өткенен кейін бос беттер болған кезде келесі жылдың операцияларын жазу үшін пайдаланылуы мүмкін. Бұл жағдайларда кітаптар екі жылда бір рет мұрағатқа тапсырылады.
Карточкалар (активтер бойынша карточкалардан басқа) әр шот бойынша жеке жүргізілетін Нысандар альбомының 279 нысанды каточкалар тіркелімінде тіркеледі. Активтерді есепке алу карточкалары Нысандар альбомының ОС-10 нысанды активтерді есепке алу бойынша түгендеу карточкаларының тізімдемесінде тіркеледі.
Карточкалар картотекада сақталады, олар онда қосалқы шоттар бойынша іштей материалды жауапты тұлғалар бойынша бөліну арқылы орналасады, ал орталықтандырылған бухгалтерияларда қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелер бойынша да орналасады.
Материалдарды есепке алу карточкалары тігілген түрде карточкалар тізілімімен, тіркелімдерімен және басқа бухгалтерлік құжаттармен бірге жыл сайын немесе екі жылда бір рет мұрағатқа тапсырылады. Жыл бойы шығып қалған активтерді есепке алу карточкалары осындай мерзімдерде мұрағатқа тапсырылады.
Нысандар альбомының ОС-10 нысанды активтерді есепке алу бойынша түгендеу карточкаларының тізімдемесі Нысандар альбомының ОС-6, 8, 9 нысанды соңғы түгендеу карточкасы бойынша мүкәммалды есептен шығару туралы белгі болғанда мұрағатқа тапсырылады. Тізімдемесіз түгендеу карточкаларын мұрағатқа тапсыру кезінде олар жеке ведомосте жазылады, онда карточка нөмірі және есептен шығарылған мүкәммалдың атауы көрсетіледі, ал орталықтандырылған бухгалтерияларда одан басқа қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекеменің атауы да көрсетіледі.
Бухгалтерлік есеп тіркелімдеріндегі жазбалар алғашқы құжаттардан, оларды алғаннан кейін келесі күннен кешіктірмей жүргізіледі. Әр ай аяталғаннан кейін талдамалы есеп тіркелімдерінде айналымдар қорытындысы саналады және қосалқы шоттар бойынша қалдықтар шығарылады.
Өткен жыл үшін бухгалтерлік есеп жазбаларында анықталған қателерді түзеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) осы мемориалды ордердің мәліметтерін өзгертуді талап етпейтін, бухгалтерлік балансты ұсынған сәтке дейін осы есепті кезеңде анықталған қате сызылып тасталғанды оқу үшін, дұрыс емес мәтінді немесе соманы жіңішке сызықпен сызу жолымен түзетіледі және сызып тастағанның үстінен түзетілген мәтін мен сома жазылады. Бір уақытта бас бухгалтердің қолтаңбасымен жолақта тиісті жолға қарама-қарсы «Түзетілді» деген ескертпе жасалады;
2) мемориалды ордердегі қатеден туындаған бухгалтерлік балансты ұсыну сәтіне дейін анықталған қате сипатына қарай қосымша мемориалды ордермен немесе «Қызыл сторно» тәсілі бойынша түзетіледі. Қателерді түзету бойынша қосымша бухгалтерлік жазбалар, сондай-ақ «Қызыл сторно» тәсілімен жасалған түзетулер мемориалды ордерлермен рәсімделеді, оларда әдеттегі деректемелерден басқа осы мемориалды ордермен түзетілетін мемориалды ордердің нөміріне және күніне сілтеме жасалады.
Қаржылық есептіліктегі кейбір баптар есептеу бағаларына негізделеді. Есептеу бағаларын айқындау процесі ең соңғы, қолжетімді және шындыққа сай ақпаратқа негізделеді. Есептеу бағасы, мәселен, қаржы активтерінің немесе қаржылық міндеттемелердің, күмәнді борыштар бойынша резервтердің, бағалау міндеттемелерінің әділ құнын айқындау кезінде қажет болуы мүмкін. Есептеу бағаларындағы өзгерістер нәтижесі перспективтік мойындауға және егер ол тек осы кезеңге немесе өзгеріс болған кезеңге ғана әсер ететін болса, өзгеріс болған ағымдағы кезеңдегі және оларға әсері болған жағдайда келешектегі кезеңдерде де қаржылық нәтижелердің есептелуіне қосуға жатады.
Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 2012.07.24 № 348 (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 12.10.2013 № 481 (алғашқы ресми жариялағаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.
Синтетикалық және талдамалы есеп шоттары бойынша бухгалтерлік жазбалардың дұрыстығын бақылау үшін тиісті синтетикалық шотпен біріктірілетін сараптама шоттарының әр тобы бойынша Нысандар альбомының М-44, 285, 326-ОС, 326-НА, 326-ИН және 326-БА нысандардағы айналым ведомостері жасалады. Айналымдардың қорытындысы және әрбір талдамалы шот бойынша айналым ведомостерінің қалдықтары айналымдардың қорытындыларымен және Нысандар альбомының 308 нысанды «Басты-журнал» кітабының осы қосалқы шоттарының қалдықтарымен салыстырылады.
Айналым, оның ішінде активтер бойынша ведомостер ай сайын жасалады. Нысандар альбомының 326-ОС, 326-НА, 326-ИН, 326-БА нысандарындағы айналым ведомостеріндегі жазбалар бірнеше жыл бойы жүргізіле алады.
Жаңа қаржы жылында синтетикалық және талдамалық шоттар бойынша бухгалтерлік тіркемелерде жыл басындағы қалдықтардың сомасы бухгалтерлік баланс пен өткен жылғы есепке алу тіркемелерімен толық сәйкестікте жазылады.
Егер бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi есепті қаржы жылындағы қаржылық есептiлiктi қабылдау кезiнде түзетулер жасаса, онда тиiстi жазбаша өкiмнiң негiзiнде бұл түзетулер осы есепті қаржы жылының бухгалтерлiк есебiнiң тiркелiмдерiне (бухгалтерлiк жазбаны түзету жолымен), ағымдағы жылдың бухгалтерлiк есебiнiң тiркелiмдерiне (кiрiс қалдықтарын өзгерту жолымен) енгiзiледi.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 2012.07.24 № 348 (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
Әрбір есептік ай өткенен кейін барлық мемориалды ордерлер, мемориады ордерлер – жинақтау ведомостері оларға қатысты құжаттармен бірге хронологиялық тәртіппен іріктелуі және түптелуі тиіс. Құжаттар саны аз болған кезде түптеуді үш айда бір дестеге жүргізуге болады. Мұқабада: мемлекеттік мекеменің немесе орталықтандырылған бухгалтерияның атауы; істің, дестенің атауы мен реттік нөмірі; есепті кезең жыл мен ай; мемориалды ордерлердің бастапқы және соңғы нөмірлері; істегі беттердің саны жазылады.
Мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы заңнамасында белгіленген кезең ішінде алғашқы құжаттарды, бухгалтерлік есептің тіркелімдерін қағаз және электрондық тасығыштарда, қаржылық есептілікті, есеп деректерінің электрондық өңдеу бағдарламасын сақтауы тиіс.
Алғашқы құжаттардың, бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің, қаржылық есептіліктің сақталуын, олардың рәсімделуін және мұрағатқа тапсырылуын мемлекеттік мекеменің бас бухгалтері қамтамасыз етеді.
Алғашқы құжаттар, бухгалтерлік есеп тіркелімдері, қаржылық есептілік мұрағатқа тапсырғанға дейін бухгалтерияда арнайы үй-жайларда немесе жабылатын шкафтарда бас бухгалтердің уәкілетті тұлғаларының жауапкершілігінде сақталуы тиіс.
Мемлекеттік мекеменің бухгалтерлік мұрағатында істер іс номенклатурасында белгіленген мерзім ішінде сақталады. Сақтау мерзімі өткеннен кейін істер тиісті мемлекеттік мұрағатқа тапсырылады. Мұрағатқа істердің тапсырылуын растайтын құжаттар үнемі бухгалтерлік қызметте сақталады.
Алғашқы құжаттар жоғалған немесе жойылған жағдайда мемлекеттік мекеме басшысы тергеу органдарының, күзеттің және мемлекеттік өрт бақылау өкілдерін тарта отырып, бұйрықпен жоғалу немесе жойылу себебін қызметтік тергеу бойынша комиссия тағайындайды.
Комиссия жұмысының нәтижелері актімен (еркін нысандағы) ресімделеді, оған комиссия мүшелері қол қояды және мемлекеттік мекеме басшысы бекітеді.