Византияға тағы да Аттиланың елшісі келді. Бұл өзгелерден ерек әскери ерлігімен көзге түскен Скиф ер Эдикон еді. Онымен бірге сол кезде батыс Рим қолбасшысы Аэтимен жасасқан келісім шарт негізінде Аттиланың билігіне көшкен Сая өзенінің жағалауындағы Пеон аймағының тұрғыны Римдік Орест болды. Эдикон патшаға таныстырылып ол оған Скиф патшасының қашқындарды әлі күнге дейін қайтармағандығына наразылығы туралы грамотаны тапсырды. Егер оған қашқындар қайтарылмаса, Римдіктер бұлар жаулап алған жерді өңдеуді тоқтатпаса оларға қарсы соғыс ашамын деп қорқытты. Ол ұзындығы Истраның ағысымен Пеонидан жаңа Фракиялықтарға дейін созылып жатқан, ал ені бес күншілік жер еді. Онымен қоса Аттила келісім-шарт бұрынғыдай Истраның бойындағы Иллиркте емес, өзі Скиф пен Рим жерінің шекарасы санайтын, өздері талқандаған қала Наиссада өтуін талап етті. Ол Истрадан жаяу жүрген жолаушыға бес күндік жер еді. Сонымен қатар Аттила онымен әлі де шешімін таппаған істер жөнінде келіссөз жүргізуге жай адамдарды емес, консулдық мәртебесі жоғары елшілерді жіберуді талап етті; егер Римдіктер оларды жіберуге қорқатын болса, онда ол оларды қабылдау үшін Сардикуге өзі барады. Патша Аттиланың грамотасын оқып шықты, ал Вигила Аттиланың бұйрығы бойынша Эдиконның ауызша айтқандарын түгел аударып берді. Эдикон сарайдан олармен бірге шығып, басқа үйлерді де аралап көрді; соның ішінде патшаның қалқанын ұстап жүретін, керемет қара күштің иесі Хрисафиге де жолықты. Эдикон патша үйлерінің сән-салтанатына таң қалды, ол Хрисафимен сөйлескен кезде, Вигила оның сөзін аударып жатып Эдиконның патша сарайын асыра мақтап, римдіктердің байлығына сұқтана қарағанын жеткізеді. Хрисафий оны дер кезінде аңғарып, егер ол Скифтерді тастап Римдіктер жағына өтер болса алтын шатырлы үй мен үлкен байлыққа белшесінен бататынын сыбырлайды. Эдикон қызметшіге өзінің билеушісінің еркінсіз олай істеуге болмайды деп жауап береді. Әтек сонда Эдиконнан: ол Аттилаға кез-келген уақытта еркін кіре ала ма, Скифтер арасында ол қандай күшке ие екенін сұрады. Эдикон өзінің Аттилаға жақын адам екенін, оған басқа да маңызды Скифтермен бірге патшаны күзету сеніп тапсырылғанын және олардың әрқайсысы белгілі бір күндері оның маңында қарулы қарауыл ұстайтынын жеткізді. Одан кейін әтек егер Эдикон оған құпияны сақтаймын деп ант берсе, онда ол оны бақ-дәулетке кенелтетін бір іс жайлы айтар еді, ол үшін оларға бос уақыт керек, ол әрине оларда болады, егер Эдикон оған Орестсіз және басқа да жаушыларсыз келсе дегенді айтты. Эдикон оны орындауға уәде берді, ол әтекке түскі ас кезінде келді. Олар бір-біріне қол беріп аудармашы Вигила арқылы ант берісті, Хрисафий Эдиконға зиянды емес, керісінше оны үлкен бақытқа жеткізетін ұсыныс жасайды, ал Эдикон болса өзіне жасалынған ол ұсынысты іске аспаған күннің өзінде ешкімге айтпайды. Сонда әтек Эдиконга Скифияға барған соң Аттиланы өлтіріп, сосын Римдіктерге оралсаң, сонда үлкен байлыққа ие болып, бақытты ғұмыр кешер едің дегенді айтты. Эдикон оны құптап, мұндай іске аздаған ақша керек екенін, Аттилаға шабуыл жасағанда бірге әрекет ететін оның қол астындағы адамдарға тарату үшін- елу литр алтын қажет болатынын айтты. Әтек оған тез арада ақша тауып беруге уәде етті. Сонда Эдикон елшіліктің жетістігі туралы хабарлау үшін оны алдын ала жіберу керектігін және талап етіп отырған қашқындар туралы Аттиланың жауабын алу үшін онымен бірге Вигиланы да қоса аттандыру керек екенін айтты. Яки алтынды оған қандай жолмен жеткізу керектігін айтып Вигила арқылы Хрисафияға хабар береді, себебі елге оралған соң Аттила басқа жаушылар сияқты мұнан да Римдіктерден қандай сый-сияпат алды, оның өзіне қанша ақша берді деп қызығушылықпен сұрайды, сол кезде ол мына алған алтынын өзінің жолдастарынан жасыра алмай қалады. Бұл сақтық шарасы әтек үшін ойға қонымды көрінді: ол Эдиконның пікірімен келісті, тамақтан соң оны жіберді де, өз ойын патшаға баяндап берді. Патша магистр Мартиалиді шақырып алып Эдиконмен қандай келісім болғанын айтып берді. Мұны Мартиалиге білдіру оның дәрежесіне сай қажет деп танылды. Магистр патшаның барлық кеңестеріне қатысатын, себебі оған патша сарайын күзететін барлық ақпарат жинаушылар, аудармашылар мен сарбаздар бағынатын. Өз ара ақылдаса келіп олар Аттилаға тек Вигиланы ғана емес, жаушы дәрежесінде Максиминді де аттандырмақ боп шешті.