4-тапсырма. Мәтінде айтылған ойға өз көзқарасыңызды білдіріңіз.
5-тапсырма. Кестеде берілген адамгершіліктің басты қағидаларын сәйкестендіріңіз.
1. Кешікпеу -
а. айналасындағыларды құрметтеу, кішілік мінез таныту.
2. Қайырымдылық -
ә. адамшылықтың асыл белгісі. Әділетті қоғам адамдар имандылық қағидаларын қатаң сақтағанда ғана құрылады. Әдет-ғұрып дәстүрлеріне, қалыптасқан қағидаларға, құқықтық нормаларға, заңға сүйенгенде ғана әділдік жеңеді.
3. Амандасу -
б. бұл дағдыны адам өзіне бала жастан дарытқаны жөн. Кешігу – адамдарды сыйламау. Жұмысқа немесе сабаққа, кештерге кешігіп бару – барып тұрған мәдениетсіздік. Уәделі жерге ерте бару керек, кешіккен жағдайда кешірім сұрау керек.
4. Әділ болу -
в. айналадағы адамдарға ізгілікті іс жасау. Қайырымдылық бар жерде қатыгездікке жол жоқ. Өзгелер үшін жасалған ізгілік адам жанын нұрландырады, адамдық мәртебесін көтереді. Қайырымды бала – қашанда ата-анасының мақтанышы.
5. Ізеттілік -
г. бейбіт пейілдің, достық ықыластың белгісі, мінез-құлықтың нормасы.
6-тапсырма. Мәтінді түсініп оқып, төмендегі сұрақтар бойынша пікірлесіңіздер.
Бір жұрттың үлкен оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қастарынан бір жарлы адам өтіп бара жатып, оқымыстыға келіп, басын иіп сәлем береді. Оқымысты басын одан да төменірек иіп сәлемдеседі. Қасындағы бай:
- Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз. Сөйте тұрып, жарлы адамға соншалық иіліп сәлемдесуіңіздің мәні қалай? – деп сұрайды.
Сонда ғалым тұрып:
- Ешбір ғылым-білім үйренбеген ол кісі әдептілік көрсеткенде, мен одан әдепсіз болып көрінсем, лайық па?- деген екен.
(Ы. Алтынсарин)
Жарлы адам оқымыстыға өзінің әдептілігін қалай көрсетті?
Оқымыстының байға берген жауабынан не түсіндіңіздер?
Қазақ «Сәлем – сөздің анасы» - деп, баласына алдымен сәлемдесу әдебін үйреткен. Неге?
«Сәлемдесе білу адамның ішкі дүниесін айқындайды» деген пікірге көзқарасыңыз қалай?
Грамматика Байланысты, бойынша, шығар, екен сөздерінің қолданылуы
Сөйлеу үлгілері: Мәтінде айтылған ойға байланысты, мен өз пікірімді білдірсем деймін.
Менің көзқарасым бойынша, адам бойында адамгершілік қасиеттің қалыптасуына достары да ықпал етеді.
Мүмкін, менің ойым дұрыс емес шығар.