«Әкеміз жақсы тәрбиеші бола білді. Балаларына ерекше көңіл бөлді. Қандай киім киеміз, қай мектепке барамыз, бәрін бақылап отыратын. Шешеме жазған хаттарынан да осыны аңғаруға болады. 1949 жылы әкем бізді Алматыға көшіріп алды. Ол кездері Алматыда екі-ақ қазақ мектебі болған. Бірінде ұлдар, екіншісінде қыздар оқитын. Әкем қолымнан жетектеп №18 мектепке апарып, директорына тапсырып, менің ана тілімде білім алуыма мән берген. Мен үш жыл сол мектепте оқыдым», - дейді Мұрат Мұхтарұлы Әуезов. Бозбала Мұрат орта мектепті бітіргенде әкесі оған кеңес беріп, бағыт көрсетті. Арманшыл жеткіншек алдымен химик, сосын астрофизик болсам деді. Дегенмен ішкі түйсігі арқылы мән беріп қарап, өзіне гуманитарлық білім жақын екенін түсінді. Сонда әкесі оған жымиып қарап отырды да: «Гуманитарлық білімнің өзі екі түрі болады. Бірі – судың жағасында сая жерде жүріп, өзін гуманитармын дейді, ал нағыз гуманитарлар теңіздің тереңіне, дауылына шыдайтын болады. Жеңіл алған біліміңмен өз-өзіңді алдап алысқа бара алмайсың»,- деп кеңес берді. Бұл арманшыл жасқа үлкен сабақ болды. Тарихты, әдебиетті, философияны нағыз ірі ғалымдардан үйрену керектігін түсінді.
Менің оқуым жақсы болды. Мектептегі көшбасшылық қасиетім институтта да жалғасын тапты. Мәскеуге барғанда алдымен вьетнам, корей тілін үйренуді бастағанмын. Сосын әкем «араб тілін оқуың керек» деді. Араб тілін оқу үшін мектепте ағылшын тілінен сабақ алу керек екен, ал мен неміс тілін оқығанмын. Осылайша қытай тілін меңгеруіме тура келді. Әкем тіпті осылай болғанының өзіне қуанды. «Қытайда қазақтың тарихына байланысты көптеген қолжазба бар, сондықтан сенің бұл тілді меңгергенің халқың үшін пайдалы», - деп оң көзқарасын, қолдайтынын білдірді.
Мен үшін әрине, әкемнің орны бөлек. Мұрат Мұхтарұлы өзінің мақтан ететін сапалық қасиеттерін әкесінің тікелей әсерімен байланыстырады. «Әкемнің 50 томдық шығармалар жинағын әзірлеу барысында бұрын еш жерде жарық көрмеген көптеген жаңа дүниелер тауып алдық. Ол – мұхиттай шексіз, барлық уақытын, өмірін қазақтың рухани өмірін көтеруге арнаған жан», - деп сағынышпен еске алады ол.
(Мұрат Әуезов https://stan.kz/murat-auezov-mukhtar-auezovtin-uly-eke/)