Асқар тау
Отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол – ата, әке, бала. Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы.
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер-білімі – ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Отбасындағы бала, әсіресе ұл тәрбиесінде әкенің орны ерекше. Баланың болашағына жауапкершілік алдымен әкеге жүктелетінін ескерсек, әкенің ақылы мен ықпалы болмай адал еңбекке, мағыналы өмірге дұрыс баулу, жас жеткіншектің бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан Абай атамыз баланы ұлағатты азамат – «толық адам» етіп тәрбиелеу үшін ата-аналардың өздері дәрежесіне сай, үлгілі, өнегелі болуын талап етті. Бұл туралы ойшыл ақын әкенің ізгі қасиеттері – оның адамгершілік, еңбексүйгіштігі отбасына, жарына деген сүйіспеншілік сезімі үй-ішін нұрландырып тұрса, ері ақылды, әйелі мінезді болып, тату болса, үстіндегі үй жұмаққа айналып, бала жақсы мінезге, асыл қасиетке тәрбиелене алатынын айтады.
Абай «Әке оны берем, міне мұны берем деп бастан балаңды алдағаныңа мәз боласың, соңынан балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта» деп біреуді боқтатып, «кәпір қияңқы, осыған тимеңдерші» деп, «пәленшенің баласы сенің сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қыласың», -деп теріс тәрбие беретін ата-аналарды қатты сынға алған. «Ақыл –ардың сақтаушысы» деп қарап, адамгершілік мәселелерін жоғары бағалап, ар тазалығы үшін күресуді дәріптейді.
«Әкеге қарап ұл өсер» дейді халқымыз. Әкесінің өзіне, отбасына, бауыр-қарындастарына, туған-туыстарына деген бауырмалдығын көріп өскен бала да сол қасиеттерді өз бойына жинары хақ.
Әке – балаға сыншы. Ол бала бойындағы әрбір жақсы ісіне сүйсініп, теріс әрекетіне күйінеді. Әке тәрбиесі – асауды ауыздықтандыратын, тентекті тұзақтайтын, елдікті сақтайтын, ерлікті жақтайтын, шаңырақтың шаттығын шалқытатын ұлы мектеп.
(Жүндібаева Т.Н. Отбасы педагогикасы.,72-73бб)
Үлгілі отбасы болуға 8 кеңес
Бақытты отбасы өздігінен орнай салмайды. Оған екі жастың еңбегі мен маңдай тері ауадай қажет. Ендеше, өзгелер қызыға да қызғана қарайтын отбасы болу үшін не істеу керек?
Достарыңызбен бөлісу: |