ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ ДАМУЫ
Жеңімпаз
Бір бозбала ұстазға келіп, одан білім үйренгісі келетінін айтады. Сонда ұстаз:
- Оның саған керегі не? - деп сұрайды. Бозбала:
- Мықты әрі жеңімпаз болғым келеді, - деп жауап беріпті.
- Онда жан-жағыңдағының бәріне мейіріммен қара, сыпайылық, әдептілік таныт, қырағы бол. Мейірімді және әдепті болсаң, ел саған құрметпен қарайды. Ал сенің жаның тазарып, мейірімің артады, демек күшің де көбейе түспек. Қырағылықтың арқасында кез келген өзгерісті байқай білесің. Осылайша түрлі келеңсіздіктің алдын алып, күреске түспей-ақ жеңімпаз бола аласың.
- Қалайша?
- Өйткені сенімен күреске түсетін ешкім де болмайды, - дейді ұстаз. Бұл әңгімеден кейін өз жөнімен кеткен бозбала бірнеше жылдан кейін ұстазға қайта келеді.
Саған не керек болды? - деп сұрайды ұстаз.
Сонда ол:
- Мен Сіздің хал-жағдайыңызды біліп, көмегім керек емес пе екен деп келдім, - депті... Бозбаланың сөзіне разы болған ұстаз оны шәкірт қылып жанына алыпты...
(https://massaget.kz/layfstayl/debiet/tmsil/52163/)
Абайдың әкесі
Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы өмірге келген. Ол өзі өмір сүрген ортасында өте беделді, абыройлы адамның бірі болады. Ақыл сұрап, әділдік іздеген қазақтар оған елдің түкпір-түкпірінен тоқтаусыз келіп жатады, себебі ол іскер, әділ жан болған. Табиғат оған терең ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Бұл қасиеттері Құнанбайды өте әділ би атандырады. Дала заңдарын, үкімет жарлықтарын, Құран қағидалары мен небір шежірелерді жетік білетін әрі оны жатқа айтатын сөзге бай шешен етеді. Сол себепті жұртшылық Құнанбайды қатты құрметтеген. Ол ауырып, өлім халінде жатқанда, барша туған-туысы, алыс-жақын ағайыны Құдайға жалбарынып, амандық тілеген.
Құнанбай өзінің ұзақ та өнегелі өмірінде көптеген игілікті іс тындырған. Жұрт оны сол кездің өзінде-ақ «қарапайым халықтан шыққан хан» санап кеткен. Өйткені ол қарапайым қазақтың баласы бола тұрып, аға сұлтандыққа сайланады. Аға сұлтандық – бұл беделді, жоғары лауазым, ел басқаратын қызмет. Сұлтан болу әркімнің қолынан келе бермеген және сұлтандыққа кез келген адамды тағайындамаған.
Құнанбай аға сұлтан қызметін атқарып жүрген кезінде Қарқаралы қаласында халыққа арнап мешіт салдырады. Кейін қартайған шағында ел билеу ісін артындағы жастарға тапсырып, Меккеге қажылыққа барады. Осы сапарында Меккеге келген қазақтар тоқтап, түсіп жүрсін деген ниетпен өз қаражатына «Тәкия» дейтін қонақүй салдырып кетеді. Құнанбай қажының осындай істері оның атағының кеңінен жайылуына себеп болған. Қарқараладағы мешіт те, Меккедегі «Тәкия» үйі де қазірге дейін сақталған.
Дегенмен, Құнанбайдың қатал әрі өзіне ұнамаған нәрсені бетке айтатын тура мінезі болған. Жұрттың «Қыс алты ай болса, Құнанбаймен жетеу болды» дейтін сөзі оның айтқанынан қайтпайтын қаталдығына байланысты айтылса керек.
(https://abai.kz/post/95334)
Достарыңызбен бөлісу: |