2
АУДАРМАШЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҰЛҒАСЫ
Қарастырылатын мәселелер:
Аудармашы қызметінің өзіндік ерекшелігі.
Аударма барысындағы аудармашылық қиындықтар.
Автор мен аудармашының арасындағы байланыс.
Аудармашы мамандығының шығармашылық және даралық сипаты.
Аудармашының аударма үдерісінде ұстанатын басты қағидалары.
Аудармада синонимдік қатарды қолдану.
Аудармашының интерпретатор ретіндегі рөлі.
Жетекші ұғымдар мен тірек сөздер: аударма үдерісі, шығармашылық тұлға, тілдік сәйкестік, тілдік орта, интерпретатор, шығармашылық мектеп, шығармашылық шеберхана, мәдениетаралық коммуникация дәнекері, синоним, синонимдік қатар, коммуникативтік акт.
«Аударма – адам қызметінің ең ежелгі түрі екендігі күмән тудырмайды. Адамзат тарихында тілдері бір-бірінен айырмашылығы бар адамдар тобы құралғаннан бастап «әртүрлі тілді» ұжымдар арасында қарым-қатынас жасауға көмектесетін «билингтер» пайда болды (12).
З. Тұрарбеков аудармашыны «шын мәнінде екі ел мәдениеті мен әдебиетінің уәкілі; ол өзінің творчестволық шеберлігінің жемісі – аударма арқылы өзге ұлт пен халықта, бөгде ортада туған әдеби шығарманы туған топрығына әкеп, ана тілінде сөйлету жолымен рухани жаңалық ашады, оқырманының дүниетаным шеңберін, сана-сезімін ұлғайтуға себепші болады. Қазақ мәдениетінің тарихында көне заманда да, жаңа заманда да аударма саласында қызмет еткендер ұлттық рухани қазынаға азды-көпті үлес қосты» (13, 25), – деп, аудармашының рухани жаңалық ашушы, рухани қазынаны молайтушы қызметін жоғары бағалаған. Расында да, аудармашылардың қызметі арқасында әдеби інжу-маржандар бір ұлттың шеңберінде қалып қоймай, сонымен бірге әлемдік қазынаға айналады.
Аударманың жаңа тілдік ортада қабылдануында оны қайта жаңғырту әрекеттері мен оны қайта жаңғыртушы аудармашының тұлғасы көрініс табады. Аударма өзге тілді ортада сөз өнерінің жеке бір шығармасы ретінде өмір сүріп, сол шеңберде қабылданып, бағаланады. Салыстырмалы әдебиеттану тұрғысынан алсақ, ол түпнұсқамен, сол тілдегі басқа да аудармалармен, типологиялық құбылыс ретінде өзге тілдегі аудармалармен де салыстырыла алады, ал олардың арасындағы айырмашылықтар тілдік ерекшеліктерге, ортаға, уақытқа, оқырман қабылдауына, әдеби дәстүрлерге және т.б., әсіресе, аудармашының жеке даралығына байланысты. Осы ретте белгілі бір тілде жазылған көркем шығарма аудармашының шығармашылық ой елегінен өтіп, жаңа кескін-келбетке ие болады.
Түпнұсқа тілі мен аударма тілі арасындағы тілдік сәйкестіктерді анықтаудан бастап, аударматануда аудармашылық үдерісті көп қырлы құбылыс ретінде ұғыну барысында тілдік қалыптар ғана емес, сондай-ақ әлем мен жағдаятқа тілдік көзқарас пен қатар жалпы мәдениет ұғымымен анықталатын тілдік емес факторлар шеңбері де салғастырылады. Осы үдерісте аудармашының шығармашылық тұлғасы басты рөл атқарады.
Кез келген тілдің тек өзіне ғана тән құралдары, ерекшеліктері мен қасиеттері бар. Қандай бір образды немесе сөзді аудармада дұрыс жеткізу үшін кейбір тұстарда оларды өзгертуге тура келеді. Бұл кезде сол образдың немесе сөздің сыртқы көрінісінің сәйкестігін сақтап қана қоймай, яғни аудармада түпнұсқаның ішкі көрінісінің сәйкестігін сақтау маңызды.
Сондықтан да аудармашы аударма жасалатын шет тілін, сол елдің мәдениетін, сонымен бірге өзге тілді, оның құрылым ерекшелігін, оның бөлшектерінің өз ана тілінің бөлшектерімен өзара байланыс қисынын көрсету үшін ана тілінің мүмкіндіктерін сарқи пайдаланатындай терең меңгеруі тиіс. Түрлі тілдер тасымалдаушылары арасында қабылданған сөйлеу нормалары туралы көзқарастардың бір-біріне сәйкес келмеуі де аудармашы үшін ауыр сын.
Кез келген аударманың деңгейі аудармашының білім деңгейінен, таланты мен тәжірибесінен хабар береді. Соған қоса аударма үдерісінде дұрыс шешім қабылдау аудармашының шығармашылық сезімталдық қабілетіне байланысты. Шығарманың сюжетін, кейіпкерлерін жасау автордың еншісінде болғанымен, аудармашы өзге тілде түпнұсқаны қайта жасап шығады. П.М. Топердің пайымдауынша, көркем аударма – шығармашылық саласы. Осы орайда аудармашы алдын ала тілдік құралдарды тәртіппен таңдап қана қоймай, өнер туындысын басқа тілдік, әлеуметтік, тарихи жағдайларда қайта дүниеге әкеледі (14, 27). Осылайша ғалым көркем аударманың заңдылықтарын өнер саласына жатқызады.
Ә. Сатыбалдиев аудармашы қызметінің шығармашылық сипаты туралы былай деген: «Аудармашылық − нағыз творчестволық өнер. Ол әркімнің қолынан келе беретіндей еріккеннің ермегі емес. Аудармашы екі тілді де жетік білумен қатар әрі жазушы, әрі ғалым болуға тиіс. Аударма сапасы оның талантына, біліміне, жалпы мәдени дәрежесіне және тәжірибесіне байланысты» (15, 23).
Аударматануда аудармашыны көбінше әртіспен немесе пианистпен салыстырады. К.И. Чуковский аудармашы жұмысының шығармашылық сипатын, оның бойындағы әртіске тән қасиеттерді ерекше атап көрсеткен:
«Переводчик – раньше всего талант. Для того чтобы переводить Бальзака, ему нужно хоть отчасти перевоплотиться в Бальзака, усвоить себе его темперамент, заразиться его пафосом, его поэтическим ощущением жизни» (16, 51).
Кез келген аудармашы шығармашылық әлемнен орын алатын дара тұлға болып есептеледі. Өйткені аударма үдерісінің нәтижесінде оның өз шығармашылық мектебі, шығармашылық шеберханасы, өзіндік қолтаңбасы қалыптасады. Басқа мамандықтармен салыстыратын болсақ, аудармашы мамандығының ерекшелігі осы жеке даралық сипаттан тұрады. Аталмыш мамандықтың күрделілігі де, айрықша қызығушылық тудыруы да осының
айғағы, себебі аудармашылық жұмыс барысында тез арада шешімін талап ететін, кейде күйзеліс жағдайына дейін апаратын интеллектуалдық мәселелер туындайды. Бұл жерде аудармашыға ешкім де көмектесе алмайды, бәрі де оның біліміне, мінез-құлқына, бір адамды басқа адамнан ажырататын психофизиологиялық қасиеттеріне байланысты. Аударма туралы, оның теориясы мен тәжірибесі туралы қажетті мәліметтермен қаруланған нағыз кәсіби маман туындаған мәселенің күрделілік деңгейін дұрыс анықтап, оларды шешудегі жалғыз дұрыс жолды таба біледі.
Осыған байланысты аудармашының жұмыс барысындағы мінез-құлқы айрықша деуге болады. Ол аударманы оқитын, оны қабылдаушы аудиторияның көзқарасын сезінуі тиіс, аударылатын мәтіннің мағынасы ғана аудармашы үшін ең басты мақсат болып табылады. Осы ретте аудармашының өз дауысы мен мінез-құлқы бейтарап күйде болуы қажет.
Аударма үдерісі туралы сөз қозғағанда, бір тілдегі мәтіннің өзге тілде тіларалық түрленуін немесе трансформациясын ғана емес, аудармашының аударма жасау барысында миында жүретін психофизиологиялық үдерісті де елестетеміз. Л.С. Бархударовтың пікірінше, аударма үдерісінде аударма теориясының ешқайсысында ескерілмеген жеке дара, бірен-саран сәйкестіктерді табу аудармашылық қызметтің шығармашылық сипатын көрсетеді. Алайда, аудармашы аударма теориясын меңгермеген болса, онда аударманың коммуникативтік қызметі де, сәйкестігі де жүзеге асуы мүмкін емес. Осы арада аудармашы қызметін коммуникативтік акт ретінде, ал аудармашыны тіл, мәдениет, елдің ұлттық дәстүрлерін жақсы меңгерген, дүниетанымы мол мәдениетаралық коммуникацияның делдалы ретінде бағалауға болады.
Түпнұсқа мен аударма мазмұндарының бірдей болуы мүмкін емес жайт болғанымен де, түпнұсқаның мазмұнын барынша толық жеткізу аудармашының басты міндеті болып саналады. Екі тілде жасалған мәтіндердің мазмұнының барынша ортақтығын білдіретін сәйкестікті, аудармашылық сәйкестікті, аударма үдерісінде аудармашының қол жеткізетін түпнұсқа мен аударма мәтіндерінің мағыналық жақындықтарын ажырата білу қажет.
Аудармашының аударма үдерісіндегі рөлі, оның тұлғасының аударма мәтінге тигізетін әсері туралы мәселе көпшілік назарын аудартып, пікірталастар тудырып келеді. ХХ ғ. екінші жартысында аударма теориясы мен тәжірибесінде аудармашы рөлін «көрінбейтін» тұлға ретінде бағалап, аударма үдерісінде барынша бейтарап болуын талап етті. Алайда осы пікірді аударматанушылардың барлығы бірдей қолдамады. Мәселен, белгілі американдық аударма теоретигі Д. Робинсон аудармашыны бейтарап аударма машинасы емес, оны мұндай рөлде көру мүлдем дұрыс еместігін жазады. Аудармашының жеке тәжірибесі, яғни оның сезімі, көзқарасы, мотивациялары, ассоциациялары аударма мәтінде мүмкін ғана емес, сонымен қатар қажетті элементтердің бірі деп санайды.
Аудармашының елеулі рөлін жақтаушылардың пікірінше, кез келген аударма түпнұсқаның бір ғана интерпретациясын білдіреді, сондықтан да аудармашы өзінің интерпретациялық іс-әрекетіне батыл кірісуі керектігін алға
тартады. Алайда, оқырманның түпнұсқа авторы туралы пікірі аудармашының интерпретациялық көзқарасына байланысты қалыптасады. Сондықтан да ол өз интерпретациялық қызметін саналы түрде ой елегінен өткізе отырып атқаруы тиіс деп санаймыз.
Әр аудармашының өзіне тән аудару тәсілдері бар, қазіргі заманғы зерттеу әдістері арқылы аудармашының жеке сөз бен сөз орамдарын, синтаксистік құрылымды, терминологияны және т.б. таңдауда аңғарылатын құштарлықтарын айқындауға болады. Мұндай талдау оның жұмыс сапасын бағалау үшін маңызды. Өйткені, қандай да бір ой әр тілде түрліше көрініс таба алады. Мәселен, ғылыми мәтіндерді аударуда ой дұрыс әрі түсінікті жеткізілу маңызды. Көркем аударма түпнұсқаға жақын болып қана қоймай, аударылған шығарманың эстетикалық күш-қуатын сақтауы тиіс.
Көркем аударманы ең биік өнер деп санаған К. Чуковский аударма өнерінің шеберлері жайлы: «Шебер аудармашылар орта кәсіпті аудармашылардан синонимдердің бай қорына ие болуымен айрықшаланады.
Синонимдерді жинақтай отырып, аудармашы оларды тәртіпсіз үсті-үстіне үюі тиіс емес. Ол синонимдерді стиль бойынша дәл қолдансын, өйткені әрбір сөз сентиментальды, салтанатты, әзіл-оспақты, іскери стильге ие» (16, 62), – деп, синонимдік қатарды ретіне қарай қолдану аудармашылық шеберліктің бір қыры екендігін алға тартады.
Профессор Ә. Тарақ синонимдік қатарды дұрыс таңдау аудармашылық шеберліктің нәтижесі деп атап өткен: «Аудармашы түпнұсқа мазмұнын жеткізу барысында мәтіндерді баламалы түрде аударуда бір немесе бірнеше синонимдік құрылымдарды дәл таңдап алуы аса қажет. Екі тілдің заттық-құбылыстық сәйкестілігі бойынша өзара мағыналас жекелеген элементтерді дұрыс таба білу
– аудармашылық шеберлік нәтижесі. ... Синонимді сәтті қолдана білу аудармашының тіл байлығының молдығын, тәжірибелігін, шеберлігін байқатады. Синонимдік қатарды аударма мәтініне лайықты ала білу – талантты аудармашыға тән ізденіс қыры. Синонимді дұрыс таңдау сөйлемнің мағыналық қуатын, экспрессивтік-эмоционалдық бояуын күшейте түседі. Стильдің көркемділігін, мәнерлілігін, айқындылығын үстейді» (17, 87-88). Сонымен, аударма үдерісінде тілдегі синонимдік қатарды орынды қолдана білу де аудармашы шеберлігінен туындайды.
Мәселен, аудармашы Н. Сыздықов «Ағайынды Карамазовтар» романындағы портрет пен пейзажды аударуда өнімді еңбек етіп, аударма мәтінде олардың тамаша балама үлгілерін жасаған. Аудармашы романдағы кейіпкерлердің үйлесімсіз образдарын, ондағы түр мен түстің ара қатынасын, пейзаждың эстетикалық функциясын, яғни осы бейнелеу құралы арқылы автордың романдағы кейіпкер образын, ішкі жан әлемін ашып көрсету тәсілін аударма мәтінде дұрыс жеткізе білген. Осы ретте ол қазақ тіліндегі сөздер мен сөз тіркестерінің бай синонимдік қатарын ретіне қарай қолданған. Мәселен,
«физиономия» деген сөзді контекстке қарай жағымсыз реңкін «сықпат» деп берсе, ал жағымды реңкін «келбет» деп берген. Ал, «привлекательный» деген сөздің «тартымды», «қияпатты» деген синонимдерін, «сильный» деген сөзді аударуда «күшті» сөзінің «әлуетті» деген синонимін және т.с.с. сөздердің
синонимдік қатарын орынды қолдана білген. Осы тәрізді тәсілдер аудармада түпнұсқаның көркемдік күш-қуатын, эстетикалық әсерін жеткізуге септігін тигізеді.
Көркем аударма өзге тілде қайта жаңғыртылған әдеби шығарма болғандықтан, ол – сөз өнерінің айрықша бір түрі, ал аудармашы – екі мәдениет тоғысуында өмір сүруші өнер иесі, айрықша суреткер. Аудармашының ажырамас талантының бір қыры – аударма сюжетін жеткізуде түпнұсқаның беретін әсеріне тең әсер қалдыра білу.
Автор мен аудармашы арасындағы шығармашылық айырмашылыққа келсек, көркем материал жазушы ойының қайнар бұлағынан шыққан көркем материалды аудармашы «дайын күйінде» қабылдап, өз шығармашылық шеберханасында талдаудан өткізіп, ана тілінде қайта жасайды. Түпнұсқа шеңберінде осы барлық өмірлік оқиғалар, сезім мен күйініш-сүйініштер, образдардың портреттері мен олардың рухани-психологиялық әлемі аудармада қайта жаңғырады. Мысалы, кескін-келбеті, киім киюі, дауысы, сөйлеу нақышы, өзін ұстау мәнері сияқты адамның мінез-құлқын құрайтын барлық нақтылықтар абстрактілі құбылыстармен бірлікте, үндестікте болуы тиіс. Осы тұрғыдан алсақ, аудармашы да – жазушы. Ол шығарманы жазған жазушыға бағына отырып, бойына бір ғана мәдениетті емес, бірнеше мәдениетті, мәнерді сіңіріп, жазушы ретінде еңбек сіңіреді.
Тіларалық байланыс кезінде автор мен оқырман арасында аудармашы тұлғасы көрініс табады. Тіл табиғатының жүйелі сәйкессіздіктері сияқты мәселелермен қатар өзгенің мәтінін аударуда аудармашының дүниетанымында қалыптасқан тұлғалық, әлеуметтік және басқа да факторлар шығармашылық қайта жаңғырту үдерісіне өз ықпалын тигізеді. Мәтінді түпнұсқа тілін білмейтін оқырманға таныстыру үдерісінде аудармашының рөлі мен жауапкершілік деңгейін бағалау қиын. Бұл жерде аудармашылық этика туралы сөз қозғау орынды. Аудармашы өз шығармашылық даралығын аударатын авторының еншісіне қарай шектеуге тырысуы тиіс.
Аударма үдерісінде образдарды қайта жаңғырту мақсатында аудармашы негізінен төмендегідей үш шартты сақтағаны абзал:
образдың сыртқы портретін жасау;
образдың қызмет шеңберін қоғамдық ортамен байланыста суреттеу;
образдың ауызекі тілін қайта жаңғырту.
Аудармашының басты шығармашылық өнерінің бір қыры – осы үш шартты өзара бірлікте сақтау, өйткені осы шарттардың әрқайсысы жекелей алғанда ешқандай мағынаға ие емес. Егер де аудармашы образдың сөзін, сөйлеу мәнерін ести алмаса, онда көзделген мақсатқа қол жеткізілді деуге болмайды. Аудармашы образдың ішкі жан дүниесін ашатын детальдарды суреттеуге қажетті сәйкес сөздерді іріктеуге аса мән беруі тиіс. Мұның барлығы да аудармашыдан еңбекқорлық, ізденімпаздық пен қатар асқан ыждаһаттылықты талап етеді.
Ал, Н. Сыздықов аудармашы тұлғасына қойылатын жауапкершілік пен талапшылдыққа назар аудартады: «Көркем аударма – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын да қызық өнер деген ақиқаттың мәніне терең үңілмейміз.
Домбыра ұстап, «әу!» деп аузын ашқанның бәрі әнші-күйші еместігі сияқты,
«аздаған желі бар» қалам ұстағанның бәрі аудармашы бола алмайтындығын зерделей бермейміз. Автордың, оқырманның, сосын жалпы әдебиет алдындағы зор жауапкершілікті сезінбейміз. Аударманың көркемдігіне қойылатын талаптарға жеңіл-желпі қарау сүйекке сіңген дертке айналған. Бейнелеп отырған өмір көріністері мен құбылыстарына авторша қарап, авторша толғанып, қаламды авторша сілтемейінше, ана тілінің образдық жүйесін жетік игеріп, орыс тілінің қыры мен сырын аша алатындай болмайынша суреткер аудармашы дәрежесіне көтеріле алмайтынымызды ескермейміз» (18, 7). Шындығында да, аудармашылардың «түпнұсқаны дұрыс түсіну үшін аудармашы әлемге автордың көзімен қарай білуі тиіс» деген қағидаға жүгінгені дұрыс деп санаймыз.
Аудармашы әлемге өзі аударатын шығарма авторының көзімен қарай білуі тиіс. Аудармашы өзінің дүниетанымына ұқсас авторды дұрыс таңдай білуі оның шығармашылығын шабыттандыра түсіп, жұмысын біршама жеңілдетеді. Бұл жерде аудармашы мен жазушы арасында рухани үндестіктің болуы заңды құбылыс. Осыған байланысты Қ. Нұрмаханов: «Бір авторды стилі, рухы, творчестволық табиғаты жағынан жақын бір адам аударсын, сонда аударма сапасы тәуір болып шығады» (19), – деген пікір айтады.
Көркем аудармада интерпретатор рөліндегі аудармашы түпнұсқа шығарманы интерпретациялау, яғни оны түсіну, түсіндіру, яғни талқылау қызметтерін атқарады. Бұл жерде автор мен аудармашы туындыларының, атап айтқанда, түпнұсқа мен аударма арасында толық математикалық сәйкестіктің болуы мүмкін емес.
Сонымен, аудармашы түпнұсқа мәтіннің интерпретаторы және аударма мәтіннің авторы ретінде аударма мәтінге түпнұсқаны өзіндік ұғынудың элементтерін қосады. Бұл жерде түпнұсқадан ауытқудың себептері негізінен қандай да бір лексикалық бірліктердің мағынасындағы елеусіз немесе едәуір өзгерістерге тіреледі.
Аударма үдерісінде аудармашының ұстанатын басты қағидаларын атап өтсек:
аудармашы түпнұсқаның мағынасын жетік түсінуі керек, алайда аудармашы оқырманға түсініксіз болатын жайттарды алдын ала ескере отырып, түсіндіре білуі тиіс;
аудармашы түпнұсқа тілі мен аударма тілін жетік меңгеруі қажет;
аудармашы аудармада түпнұсқаның мағынасы мен идеясын толық жеткізе білуі тиіс;
аудармашының тілі қабылдау үшін түпнұсқа авторының тілі сияқты шынайы және жеңіл болуы шарт;
аудармашы сөзге шешен болуы тиіс, ал аударма мәтін өз шынайылығын, табиғилығын сақтауы қажет.
Сонымен, аударматануда аударма үдерісі бірауыздан шығармашылықтың бір саласы ретінде қарастырылады. Демек, аудармашы қос тілдің қыр-сырын меңгерген, жазушылық қабілет пен жан-жақты білімге ие, ұдайы ізденіс пен
тәжірибенің арқасында шыңдалатын шығармашылық тұлға деп тұжырымдаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |