Keywords: word, language, concept, thought, consciousness, cognition, the subject, the universe, logic, linguistics,
being, idea, knowledge, etc.
Қазақ тілі лексикасының табиғатын танудың бірден-бір жолы сөз бен ұғымның байланысын тану
және олардың аражігін ажырата білуде жатыр. Ал олардың байланысының ар жағында лингвистика
мен логика атты екі үлкен ғылым саласының өзара тоғыспалы сипатының жатқандығы мәлім. Мұнда
негізінен лексикалық сөз мағыналарының лингвофилософиялық аспектісі, яғни ойлау, сана, ұғым,
мағына, түйсік, қабылдау, елестеу, таным категорияларының бір-бірінен ажырамастай болып
кеткен өзара байланысы мен тілдің даму эволюциясы және сөз жүйесінің қалыптасуындағы санадағы
табиғи тамырластықтың жатқандығын көруге болады.
Қазақ тіл білімінде сөз бен ұғымның байланысы туралы мәселе лексикология ғылымында тұрақты
бір теорияға негізделгендігін байқауға болады. Ғ.Қалиев пен Ә.Болғанбаевтардың «Қазақ тілінің
лексикологиясы мен фразеологиясы» атты оқулығында сөз бен ұғымның байланысы былайша
түсіндіріледі. «Ұғым - логикалық категория, ойлау процесінің нәтижесі, ал сөз – тілдік категория.
Ұғым мен сөз арасында тығыз байланыс бар. Логикалық ұғымның тіл жүйесіне қатысы сөз арқылы
іске асады. Ұғым - шындық өмірдегі зат, құбылыс, іс-әрекетке тән басты белгілердің адам санасында
жинақталып берілген бейнесі. Ұғым адам танымына негізделеді. Танымның төменгі сатысы болып
табылатын сезімдік таным адамның көру, есту, ұстау, иіскеу, дәмін алу сияқты нақты физиологиялық
каналдары негізінде жүзеге асады. Ұғым сөз мағынасымен тікелей байланысып, оймен байланысты
болады.
Танымның жоғары сатысы болып табылатын психикалық процесс-ойлау сезімдік танымға
негізделеді, санадағы бейнелерге енеді. Ұғым – логикалық категория да, ал мағына – лингвистикалық
категория. Ұғым дүниенің бейнесі ретінде санада өмір сүреді. Ұғым сөзге мағына түрінде бекітілген
жағдайда дүниенің тілдік бейнесі түзіледі. Санадағы ұғымның адамдардың қоғамдық өмір тәжірибесі
барысында сөздік қабыққа бекітілген бөлігі ұғымдық мағына деп аталады. Сөзбен бірге өмір сүретін
ұғымдық мағынада материалдық дүниенің белгілі бір дәрежедегі бейнесі көрініс табады. Ұғымдық
мағына ғылыми әдебиеттерде заттық-логикалық ұғым деп те аталады.
Ұғым – жалпы және жеке заттар мен құбылыстардың ұқсас және ерекше белгілерін айқындайтын
ойлаудын элементі болуына байланысты өз ішінен жалпы ұғым, жалқы ұғым болып екіге болінеді.
Осыған байланысты сөз мағыналары да жалпы, жалқы және жеке мағынаға бөлінеді.
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №3 (49), 2014 ж.
15
Сөздер ұғымды білдіру, білдірмеуіне байланысты екі топқа бөлінеді:
1) ұғыммен тікелей байланысты, ұғымдық сипаты бар толық (дербес) мағыналы сөздер. Оларды
грамматикалық қызметіне қарап атауыш сөздер деп те атайды. Лексикалық, грамматикалық
мағыналары бар, тілдік қарым-қатынастың негізі болатын зат есім, сын есім, сан есім, етістік, үстеу,
еліктеу сөздер жатады.
2) Зат, құбылыс ұғымымен тікелей байланыссыз, ұғымдық сипаты жоқ дербес мағынасыз сөздер.
Тіліміздегі көмекші сөздерде (шылау, одағай, көмекші сөздер, модаль сөздер) ұғым болмайды.
Сонымен бірге атауыш есім сөздердің орнына жұмсалып, есімдер тобына қосылғанымен, нақты
ұғымды білдірмейді» деп түсіндіріледі [1]. Қазақ тілі лексикологиясын қала берді тілдік жүйенің
дамуы мен қалыптасуын жаңаша сипатта қарастырып жүрген профессор Б.Сағындықұлы сөз бен
ұғым қатынасын былайша түсіндіреді. «Дүниедегі заттар мен құбылыстар сезімдік бейнелеулер
арқылы адам санасында сәулеленеді. Олар туралы ұғым пайда болады. Ұғым шындық өмірдің ең
жалпы, ең қажетті жақтарын білдіреді. Демек, ұғым – заттың немесе құбылыстың жай ғана бейнесі
емес, ойда қорытылған, жинақталған бейнесі. Заттардың, құбылыстардың, іс-әрекеттердің жалпы
және мәнді белгілері туралы ой ұғым деп аталады» - деп таниды [2, 6]. Ғалым аталған пікірін
нанымды етіп бірнеше мысалдармен дәлелдеп, аталған ойдың дұрыстығына көз жеткізеді. Сондай-ақ
ғалым ұғымның логикалық категориядан тілдік категорияға айналуы туралы мәселеге қатысты өз
ойын былайша сабақтай түседі. «Ұғым – дүниенің бейнесі ретінде санада өмір сүреді. Ол жарыққа
шығып, іске, қажетке асуы үшін белгілі бір материалдық формаға енуі шарт. Адамдардың дыбыс
шығару, дауыстай білу қабілеті бұл мұқтаждықтан құтқарады. Дыбысталу ұғымы таңба ретінде
қызмет көрсетеді. Алайда, дыбысталу сөз емес, небары сөздің материалдық қабығы (қауызы,
жамылышы). Ұғым мен дыбысталу әбден бірігіп, біте қайнасып, қоғамның сандаған ұрпақтарының
талқысына түскенде ғана сөз пайда болады. Кез келген дыбыстардан әркім өз қалауынша сөз
жасауына, болмаса грамматикалық тұлға жасауына болмайтындығын» түсіндіреді [2, 7].
Ұғымның көрсеткіші ой түзу, ойлау арқылы анықталады. Ал, ойлау – біліммен қарулану, таным
таразысына салу, санада екшеу, санадағы ойды тіл арқылы жарыққа шығару секілді опперацияларды
жүзеге асырады. Мұндағы тіл арқылы жарыққа шыққан тілдік бірлік негізінен сөз болып табылады.
Сөз мазмұны ұғым арқылы толысатынын ескерсек, сөз бен ұғым бірлесе келе ойға жан бітіреді. Яғни,
ойды жүзеге асырады. Бұл туралы И.М. Кобозева: «Тілдік мағына және ұғым – ойлау категориялары,
басқаша айтқанда, менталды феномендер. Екеуі де – шындық дүниенің біздің санамыздағы бейнеле-
рі. Бірақ бейнелеудің әртүрлі түрлері. Егер ұғым – шындық дүниенің кейбір нысандары мен құбылыс-
тарының қасиеттері мен белгілерінің санада толық бейнеленуі болса, онда тілдік мағына олардың
ерекше, айыру белгілерін бейнелейді», – деген байлам жасайды [3, 47 б.]. Ғалымның аталған пікірі-
нен тілдік көрсеткіш сөз болса, ойда сөздің мәні болатындығының байқауға болады. Сондай-ақ, тілде
мағынаның моделі берілсе, ойда ұғымның моделі орын алады. Адамның ойлау жүйесі мен танымдық
әрекеті өзара бірлікте тең дәрежеде қызмет етуі арқылы зат, таным, ұғым, сөз, таңбалық жағдай бір-
бірімен өзара қатынаста жұмыс жасауы арқылы тілдің мүмкіндігін паш етеді.
Қазақ тіл білімінде сөз бен ұғымның қатынасын зерттеу екі бағытта жүргізілді деп айтуға болады.
Мұндағы бірінші бағыт дәстүрлі-құрылымдық (структуралық) жүйе болса, екіншісі, антропоцен-
тристік бағытта қарастырылды. Дәстүрлі-құрылымдық (структуралық) бағытта сөз бен ұғымның
негізгі теориялық базасы тыңғылықты зерттеліп, берік орнықты деп айтуға болады. Бұл мәселелерде
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, т.б. көптеген ғалымдардың
ғылыми байламдары басшылыққа алынды. Мәселен, Ы.Маманов: «Сөз – шындықтың адам санасын-
дағы сәулесі. Барлық зат пен құбылысты білдіретін ұғым сөз арқылы таңбаланады. Ұғым заттың,
құбылыстың ішкі мазмұны болса, ұғымды білдіретін сөз – сыртқы формасы, таңбасы. Тілде әрбір
ұғым өз формасында (сөзде) қолданса ғана, сөз өз функциялық қызметін дәл атқарады. Сөздер сөйлем
құрамында бір-бірімен тіркесіп, коммуникативтік қызмет атқарады», – деп жазса [4, 422], С.Исаев:
«Тіл – қоғамдағы адамдар арасындағы аса маңызды қатынас құралы. Осы себептен де, ол бір
жағынан, ойлаумен, екінші жағынан, сол арқылы санамен тікелей байланысты және қоғамдық өмірде
белгілі бір қызметтер (коммуникативтік, эстетикалық-экспрессивтік т.б.) атқарады. Тіл, ең алдымен,
ойды жарыққа шығарып, жетілдірудің құралы болу арқылы ойлаумен тікелей байланысты. Сондық-
тан тілдің негізгі единицалары ойлаудың басты категорияларымен сәйкес келіп жатады. Мысалы, сөз
ұғымды білдіріп, соның тілдік көрсеткіші болса, ойды білдірудің бірден-бір тілдік көрінісі сөйлем
болып табылады. Сондай-ақ тілдік единицалардың бұдан басқа да өзіндік мәндері, атқаратын
қызметтері бар. Міне, осы қасиеттері арқылы тіл айналадағы дүние, объективтік шындық туралы
адамның санасын қалыптастырады, оларды есте сақтауға негіз болады», – деп ой түйеді [5, 4].
Вестник КазНПУ им. Абая, серия«Филология», №3 (49), 2014 г.
16
Аталған ғалымдардың пікірлері дәстүрлі-құрылымдық (структуралық) жүйедегі сөз бен ұғым
қатынасының көрсеткіші ретінде танылды деп айтуға болады. Жалпы аталған бағыт пен ондағы сөз
бен ұғымға қатысты ғылыми пікірлерді ХХІ ғасыр қазақ тіл біліміндегі антрпоцентристік лингвисти-
каның негізгі базалық апараты, теориялық сүйеніші болды деуге негіз бар. Бүгінгі таңдағы қазақ
грамматикасын антропоөзектік бағытта қарастырған ғалым О.Жұбаева грамматикалық салаларды
категориялау мен концептуалдық тұрғыда қарастыра келе мынадай ой түйеді. «Категориялау ұғымы
адамның білім деңгейін, жинақталған білімді қатынас құралы, ақпаратты қабылдау, сақтау құралы
ретінде қолдану ерекшеліктерін де көрсетеді. Тілдік бірліктер концептуалды жүйе мен оны түзуші
концептілермен тығыз байланыста болады. Көп жағдайда категориялау дайындықсыз түрде жүзеге
асады, адам қажет болған жағдайда ғана сол туралы ойланады. Күнделікті өмірде адам жан-
жануарларды, адамдарды, физикалық құбылыс ретінде де, сондай-ақ адам түзген артефактілер
ретінде де категорияларға жіктейді. Басқаша айтқанда, категориялау – бір жағынан, белгілі бір
заттар мен құбылыстарға атау беру болса, екінші, жағынан, белгілі бір зат не құбылыстарды
категорияға жіктеу болып табылады. Яғни категориялау қандай да бір атау беру арқылы жүзеге
асады. Ол таным әрекетінің ортақ принциптерін айқындап, білімді қалыптастырады, сол арқылы
адамның болмысты қабылдау, тіл арқылы жинақталған білімді сақтау ерекшеліктері айқындалады» -
дейді [6, 21].
Сөз болу үшін ұғымның болуы заңдылық яки табиғилық. Сөздің мәні ондағы ұғым мен мағынадан
анықталады. Сөз болмысы оның таңбалық сипаты мен туындауынан, ойлау мен тілдің
сабақтастығынан көрінеді. Лингвистикадағы сөз бен ұғым сабақтастығын тек жалпы тіл білімі ғана
емес, сонымен бірге тілдің философиясы да арнайы қарастырады. Энциклопедиялық сөздіктерде сөз
айтылған жерде ұғымның немесе ұғым айтылған жерде сөздің қатар айтылуы аталған
категориялардың бір-бірінен ажырамас бірліктер екендігін көрсетеді. Мәселен, « Сөз орыс. слово,
ағылш. Word – зат пен құбылыстың атын, түр-түсін, сапалық белгісін, амалын, қимыл-әрекетін
таңбалаушы негізгі мағыналық-құрылымдық бірлік. Болмыстың тілдік атауы ретінде дыбыс пен
мағына тұтастығынан тұрады. Сөзді құраушы бірлік – дыбыс, ал мағына – сөздің ішкі мәні, мазмұны.
Дыбыстық құрылым сөздің ішкі мәніне, ұғымға бағынышты болады. Сөз – тілдік категория, ұғым –
логикалық категория. Ұғым сөз арқылы айтылады, бірақ сөз тілдегі барлық ұғымдарды білдіре
бермейді. Одағай, шылау сөздерде мағына болғанмен, олардың ұғымға қатысы болмайды. Сөздің
негізгі белгілері:
Құрылымдық тұтастығы: яғни, сөз белгілі бір дыбыс жиынтығынан тұрып, дайын күйінде
жұмсалады;
Семантикалық тұтастығы: құрамында қанша буын не сөз болғанына қарамастан бір ұғымды
анықтап, бір мағына береді;
Грамматикалық тұтастығы: сөз ішкі мағыналық құрылымына қарай грамматикалық топтарға
бірігіп, грамматикалық категориялар негізінде түрленеді;
Танымдық тұтастығы: сөздің ішкі мағыналық құрылымы халықтық дүниетаным негізінде
анықталады.
Ішкі мағыналық құрылымы мен қызметіне қарай сөздер атау және көмекші сөздер болып бөлінеді.
Атау сөздер зат пен құбылысты, болмысты оның ерекше белгілері арқылы таңбалайды; көмекші
сөздерде мұндай атауыштық қабілет жоқ, олар қызметтік-грамматикалық мәнге ие. Сөздің
лексикалық және грамматикалық мағыналары болады. Тілді жүйелі құрылым ретінде зерттеу сөзді
анықтаудың төмендегідей міндеттерін көрсетеді: сөзді тілдік бірлік ретінде тану; оны анықтаудың
негізгі шарттарын айқындау; сөздің мағыналық жағын зерделеу; лексиканың жүйелілігін зерттеу;
сөздің лебіз бен мәтіндік бірлік ретіндегі ерекшелігін тану. Сөз жүйелі құрылым ретінде түрлі
бағыттағы зерттеу нысаны болып табылады. Сөздер семантикалық-грамматикалық белгілері (сөз
таптары), сөзжасамдық байланыстары (сөзжасамдық ұя), семантикалық қатынастары, мағыналық,
концептік өрістері арқылы өзіндік тілдік жүйелерді құрайды» деген анықтамадан тек сөз бен
ұғымның байланысын емес, семантикалық үш бұрыштың табиғатын тануға болады [7]. Мұндағы
«семантикалық үшбұрыш»: а) сыртқы элемент (дыбыстар немесе графикалық белгілер); ә) болмыс
заты (зат, құбылыс, процесс, қасиет) – денотат (референт); б) зат туралы ұғым не түсінік (ұғым,
сигнификат, интенсионал, белгіленетін нәрсе) секілді бірліктерден тұрады. Ал, семантика дегеніміз
(грек. semantikos – белгілеуші) тіл немесе оның бірлігі арқылы берілетін мағына, хабар болып
табылады. Семантика дегенімізді мағыналы сөз деп танысақ, ол «семантикалық үшбұрыштан»
тұратындығын анық көруге болады.
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №3 (49), 2014 ж.
17
Қазақ тіл білімінде сөз бен ұғымның байланысын лингвистикадағы семантика мен синтагматикаға
қатысты зерттеу жүргізген ғалымдардың еңбектерінде тұтастай дерлік қарастырылды деп айтуға
болады. Бұл бағытта М.Оразов, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, Б.Қалиев, Б.Сағындықұлы, А.Салқынбай,
Ғ.Хасанов, М.Жолшаева т.б. көптеген зерттеушілердің еңбектерін атауға болады. Аталған ғалымдар-
дың зерттеулерінде сөз негізінен адамзатқа тән көрсеткіш және адамзатқа тән болмыс пен
танымының мазмұнын білдіретін рухани әрекетінің көрсеткіші ретінде қарастырылады. Бұғанға
дейінгі зерттеулерде сөз бен ұғым тек құрылымдық лингвистика аясында лингвистика мен логиканың
өзара шектесуі нәтижесіндегі сабақтас бірліктер ретінде қарастырылса, антропоцентристік бағыт
аясындағы сөз бен ұғым тек өзара шектес бірліктер емес, олар өзара біртұтас бірліктер ретінде
қарастырылады. Мұндағы біртұтастық негізінен лингвокогнитологиялық зерттеулерде анық көрінеді.
Когнитивтік лингвистика қазіргі антропоцентристік парадигма аясындағы үлкен тармақты ғылым
саласы. Когнитивтік лингвистика тіл мен таным категорияларын өзара біртұтастықта қарастыратын,
адамның танымдық әлеуетінің тілдегі көрнісін зерттейтін, сан тарау ғылым салаларымен шектесетін
ғылым саласы. Тілді когнитивтік тұрғыдан зерттеу тілдің табиғатын адам болмысымен байланыстыра
тануға мүмкіндік беріп, лингвистикалық зерттеулердің өрісін кеңейтеді. Когнитивтік лингвистика
ғылымының зерттеу нысанындағы когнитивизм, когниция, концепт категориялары тек адамның ішкі
жан әлеміне (сана, ақыл, ой, ұғым, түсінік, білім, шығармашылық, ойлау, логикалық түйін, мәселені
шешу, қиялдау, армандау т.б.) қатысты мәселелерді ғана емес, сонымен бірге қабылдау, еске сақтау,
таным таразысына (талқысына) салу, зейін, танып білу секілді күрделі когнитивтік категорияларды
қамтиды. Демек, лингвокогнитологиядағы сөз тек атау таңбасы, ұғымдық мәнге ие ақпарат беруші
бірлік қана емес, сөз күрделі ұғымдар жиынтығын бойына сіңірген (концепт), бейнелі образдар
арқылы әлемнің қарабайыр бейнесінен бастап, тілдік-концептуалды бейнесін танытуда ерекше
қызмет атқаратын лингвокогнитологиялық бірлік.
Сонымен сөз бен ұғымның біртұтастығы көпшілік қолды оқулықтарда былайша беріледі. Сөз
дегеніміз - «ұғымның қалыптасуында маңызды роль атқарады. Заттар мен құбылыстардың бәрі де
белгілі бір сөздермен аталады. Атаусыз сөз жоқ, сөз болмаған жерде атау да жоқ. Сондықтан сөз
болған жерде ұғым бар. Ұғым тек жалпылықты ғана бөліп алып қарамайды, сонымен бірге, заттарды,
олардық қасиеттері мен қатынастарын өзгешеліктеріне қарай қарастырады. Мысалы, «адам» деген
ұғым жалпылық мәнге ие. Барлық адамдарға тән ерекшелікті бейнелеумен қатар, кез-келген жеке
адамның басқалардан айырмашылығы барлығын да көрсетеді. Демек, ұғым деп кез келген сөз
табында баяндалған (есімдік, шылау, одағайдан басқаларының) ой жүйесін айтатын болсақ: сөз
мағынасы деп ойың білдіретін түсінігін, сөздің өзі атау болған затқа қатынасын, сөз арқылы аталатын
заттың, құбылыстың бейнесін, сәулесі деп танылса» [8], ұғым дегеніміз – «сөзбен ажырамас
байланыста болады. Ұғым көрінісінің тілдік формасы - сөз және сөз тіркестері. Адамның ойлау
қызметінде ұғым мен сөз бір-бірімен қабысқан байланыста болады. Алайда оларды теңестіру
қателікке соқтырар еді. Ұғым – ойдың логикалық формасы, ал сөз оның тілдік-грамматикалық
көрінісі. Кейде бір ұғым әр түрлі сөздермен берілуі мүмкін (синоним сөздер). Сонымен қоса
мағынасы бір болса да, қолданылуына қарай түрлі мағынада, түрлі ұғымдарды білдіретін омоним
сөздер де болатыны белгілі (мысалы, «кілт» сөзі). Ұғымдар «есім» деп аталатын сөздер мен сөз
құрылымдарында бейнеленеді және бекиді. Қарапайым есімдер, мысалы «құқық», «заң», «аңғалдық»,
«қатысу», ал киын есімдер – «демократиялық заңдылық», «аса қажеттілік», «қоғамдық демократия-
лық өзін-өзі басқару» және тағы басқа осы ұғымдардың материалдық, тілдік негізі болып табылады,
бұларсыз ұғымдар да, олардың жасалу амалдары да қалыптаспайды.
Сөздің ұғымнан айырмашылығы, ол барлық тілдерде әр түрлі: ал белгілі бір ұғым әр түрлі
тілдерде де әр түрлі бейнеленеді. Сонымен қатар бір тілде де ұғым мен сөз тепетеңдігі болмайды.
Мысалы, барлық тілде синоним сөздер мен омоним сөздер өмір сүреді.
Ұғымдар тек шынайылықты дұрыс бейнелесе ғана дұрыс ұғым болады. Егерде бір ұғым болмысты
дұрыс бейнелемей, бұрыс бейнелесе, онда ұғымның жалған болғаны. Жалған ұғым, мысалы, теория
мен практиканың байланысы бұзылғанда пайда болады. Дұрыс ұғымдар адамдардың еңбек
әрекетінен, еңбек үдерісінде құралып шығады: ондай ұғымдардың болмыстағы нәрселер мен
құбылыстарға сәйкестігі адамның практикасымен тексеріледі.
Айналадағы болмысты тани, біле отырып, адам нәрселерді бір-бірімен салыстырып, олардың
ұқсастығы мен айырмашылығын табады; талдау және жинақтау арқылы нәрселердің мәнін ашып
береді, ойша олардың белгілерін бөліп алады. Ол белгілерді абстракциялап, жалпылайды. Нәтиже-
сінде адамда болмыста бар нәрселер мен құбылыстар туралы ұғым қалыптасады» деп берілген [8].
Вестник КазНПУ им. Абая, серия«Филология», №3 (49), 2014 г.
18
Мұнда көрсетілген энциклопедиялық анықтамаға лингвистикалық теориялық тұрғыдан былайша
дәлелдеуге болады. Мәселен, сөз мағыналарына қатысты арнайы еңбек жазған Б.Қалиев пен
А.Жылқыбаева «сөз-ұғым-мағына» арасындағы байланысты тереңнен талдап, ұғым мен сөздің
байланысын былайша түсіндіреді «... ұғым екеу: жалпы ұғым және жеке (нақты) ұғым. Бір сөзде осы
екі ұғымның екеуі де болуы мүмкін. Мәселен, терек десек бірде дүние жүзіндегі терек атаулының
бәрін ұғамыз (терек – ағаштың бір түрі), бірде өзіміз қасында тұрған, қолымызбен сипап немесе
құшақтап тұрған теректі ғана ұғамыз (мына терек жуан екен). Алдыңғысы – жалпы ұғым, соңғысы –
жеке, нақтылы ұғым. Өзен деген сөздің берер ұғымы да дәл осындай. Ол бірде – жалпы өзен
атаулыны, бірде нақтылы бір өзенді (айталық, Іле өзенінің) өзін ғана білдіреді. Сөздердің бұл
жалпылық және жекелік қасиеттері олардың ең басты қасиеттері болып табылады» деген пікірлерінен
көруге болады [9, 7].
Тіл білімінде сөз бен ұғым сабақтастығының ерекшелігі, өзіндік белгілері, құрылымы мен қызметі
тіл деңгейлеріндегі сипатымен анықталады. Тіл білімінде сөз бен ұғымның байланысы – ХІХ
ғасырдан бастап зерттеле бастады. Бүгінгі күні тіл білімінде осы факторға аса назар аударыла, тіл
«сөз-ұғым-мағына» деген құрылымда кеңінен зерттеліп, ғылыми өндірісте кеңінен қолданылып жүр.
Лингвистикадағы сөз бен ұғым өзара бірліктегі сабақтас категориялар дегенде, олардың өзара тең
дәрежеде емес екендігі де ғылымда қарастырылған мәселелер. Олар әлбетте бір бірінен ажырағысыз
болғанымен бірінсіз бірінің болмайтындығы одан толық мағыналы сөздің тумайтындығында ескеру
қажет. Алайда олардың арасындағы басты айырмашылықтары мыналар: кейбір ұғымдар жеке сөздер
арқылы емес, сөздердің тіркестерімен айқындалады; фразеологиялық сөз тіркестерінің құрамындағы
кейбір ұғымдар жеке сөздермен емес, сөздердің тіркестерімен айтылады; фразеологиялық тіркестер
құрамындағы кейбір сөздер ұғымды өздігінен емес, тек тұрақты тіркес құрамында қолданылғанда
ғана яғни микромәтіндер арқылы білдіре алады. Тілдік қолданыста бірнеше мағынаны білдіретін бір
сөздің өзі әлденеше ұғымды білдіру әлеуетінің де болуы мүмкін. Алайда сөз кейде ұғымды ғана емес,
байымдауды да білдіруі ықтимал. Мұндай жағдайда сөз сөйлемнің қызметін атқаратын сәттері де
болады. Яғни бұдан шығатын қорытынды сөз бен ұғым өзара бірлікте болғанымен, өзара теңдесте
категориялар емес. Сөз бен ұғым бір-бірімен тығыз байланыста болады дегенде, логика-лингвистика-
лық категорияларының өз ара байланысымен олардың өзара арақатысыда ескерілуі керек. Сонымен
сөз болмыс туралы адам ұғымының баламасы, әрі таным категориясының эквиваленті болып
табылады.
Сөз бен ұғымның байланысы сол адам санасындағы ойды қандайда бір ұғымдар арқылы бейнелеп,
сөз арқылы суреттейді. Санадағы ойды ұғым арқылы бейнелеу монологты (іштей) немесе диалогты
(сырттай) түрде де жарыққа шығара алады. Яғни санадағы ұғым белгілі дыбыс я таңба арқылы
жасалса, ол сөйлеу әрекеті арқылы жарыққа шығады. Мұны ғылымда сыртқы сөз деп те таниды. Сол
сияқты адам сөйлемей, дыбыстамай ойлауы - ішкі сөз деп танылады. Ал бұл мәселені зерттеуді
логика ғылымы лингвистиканың еншісіне қалдырып отыр. Мұны логика ғылымы сөз деп таниды.
Лингвистикадағы белгілі жайт сөздің атауыштық және мазмұндық қызметі қатар жүреді. Атауыштық
қызметі - затқа ат беру, ат телу (табу). Мысалы: ағаш, тас, орман, тау және т.б. Осындағы аталған
заттардың қасиеті мен мазмұнын көрсету – сөздің мазмұндық қызметіне жатады.
Сонымен сөз бен ұғым логика мен лингвистика атты дербес ғылым салаларының жекелеген
категориялары бола тұра, ойды жандандыру барысында өзара бірлестікте болатындығы лингвистика
мен логика ғылымдары шектесіп, ортақ мәселелерді бірлесе зерттейді. Жалпы сөз бен ұғымның
бірлігін «семантикалық үштаған» аясында ғана емес, таным категориясымен байланыстыра зерттеу
арқылы да, тіл болмысының жалқы заңдары мен жалпы заңдарының табиғатын ашып айқындауға
және түсінуге болады. Осы жағынан келгенде тіл білімі белгілі дәрежеде лингво-логика-
философиялық ғылым болып табылады, нақты тілдік құбылыстарды зерттеумен бірге, тілдің
философиясына, логикасына, когнитологиясына қатысты мәселелерді де қарастырады. Бұл
айтылғандырдың бәрі тіл білімі мен басқа да ғылым салаларымен (қоғамдық және жаратылыстану)
өзара байланысты ғылымдар екенін көрсетеді.
1
Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.
2
Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология. І бөлім: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті,
2008. – 101 б.
3
Кобозева И.М. Лингвистическая семантика. – М.: Комкнига, 2007. – 352 c.
4
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Арыс, 2007. – 488 б.
5
Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы, Рауан, 1998. – 304 б.
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология» сериясы, №3 (49), 2014 ж.
19
6
Жұбаева О. Қазақ тілі грамматикалық категорияларының антропоөзектілігі. Фил. ғыл. док... дис.
авторефераты.: 10.02.02. - Алматы: А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты, 2010. – 60 б.
7
Қалие Ғ. Тіл білімі терминдерінін түсіндірме сөздігі. – Алматы: «Сөздік-Словарь», 2005. – 364 б.
8
Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі:Информатика және компьютерлік
техника / Жалпы редакциясын басқарған – түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-
баспа бағдаламасының ғылыми жетекшісі, А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002. – 456 б.
9
Қалиев Б., Жылқыбаева А. Сөз мағыналарының негіздері. Оқу құралы. - Алматы: КазҰУ, 2002. - 110 б.
Достарыңызбен бөлісу: |