Жаралардың регенерациясы Репаративті регенерация – бұл сыртқы әсерден бұзылған тіндер мен ағзалардың қалпына келуімен сипатталатын биологиялық құбылыс. Репаративті регенерацияның негізін тіндердің қалпына келу қабілетін анықтайтын физиологиялық үрдістер құрайды.
Сонымен, жара үрдісі деп жарадағы тіндерде бірте-бірте дамитын биологиялық құбылыстардың жинағын айтады. Оның дамуы тіндердің сипатына, дененің жалпы жағдайына, микрофлораның және жүргізіліп жатқан емдеу әдістерінің түріне байланысты болады.
Жара үрдісінің даму кезеңдері
Жара үрдісінің ағымында үш негізгі кезеңді ажыратады.
Бірінші кезең – қабыну немесе гидратация кезеңі. Ол альтерация, экссудация және некролиздің басым болуымен сипатталады. Бұл кезең жарақаттан кейін бірден басталып, өліеттенген тіндердің ыдырауымен және жараның тазаруымен аяқталады. Жарақаттан соң бірден тамырлардың тарылуы пайда болады. Ол бірнеше минуттан кейін, тамырлардың паралитикалық кеңеюіне ауысады, соның нәтижесінде тамыр қабырғасының өткізгіштігі бұзылады және тіндердің жарақаттық ісінуі дамиды. Ацидоз жағдайында және биологиялық белсенді заттардың әсер етуінен, тіндердің ісінуі тез арада ұлғайып, тамырлардан айналасындағы тіндерге қанның сұйық бөлігі мен қан түйіршіктері шығады. Қабынған аймаққа шоғырланған лейкоциттер, бірінші тәуліктің ішінде-ақ өліеттенген аймақтың айналасында лейкоцитарлы жиекті қалыптастырып құрайды. Бұл шектеуші демаркационды аймақ болып табылады. Шоғырланған нейтрофилдер жасушаішілік протеолиз есебінен фагоцитарлы қызмет атқарады. Жасушасыртылық протеолиз лейкоциттердің протеолиттік ферменттерімен жүзеге асырылады. Олар лейкоциттердің өлуі кезінде пайда болады және қан мен айналасында орналасқан тіндерден келетін ферменттер болып табылады. Фагоцитоз бен протеолизді атқарған лейкоциттер өледі. Пайда болған ірің өлген лейкоциттер болып табылады. Лейкоциттердің бір бөлігі макрофагтармен жұтылады. Макрофагтардың жараның тазаруында маңызы өте зор, өйткені оларда күшті лизосомальді ферменттердің (протеазалардың) жинағы болады. Жараны өмірге қабілетсіз тіндерден тазартуда микроорганизмдердің де қосатын үлесі жоғары, турасын айтқанда олардың протеолиттік ферменттері үлкен қызмет атқарады. Алайда, патогенді флорамен микробтық ластану өте айқын болса, онда ол жара үрдісіне теріс әсерін тигізеді.
Жара үрдісінің екінші кезеңі жарақаттан кейінгі 2-3 -ші күндері басталады. Бірінші кезеңнің екінші кезеңге өтуінің қатаң шегі жоқ. Жара үрдісінің бұл кезеңін пролиферация немесе дегидратация кезеңі деп атайды. Басталған пролиферацияда капиллярлардың эндотелийі мен фибробласттардың ерекше маңызы бар. Грануляциялардың түзілуі жараның түбінен басталады. Ол негізінен ескі тамырлардың бүршіктенуінен түзілетін жаңа тамырлар және ескі тамырлармен байланыспаған, пролиферацияға ұшыраған эндотелий жасушаларының арасынан жаңадан түзілген тамырлар болып табылады. Гранулалардың түзілуі жараның түбінен басталады. Гемодинамикалық факторлар өсетін тамырлардың жалпы бағытын реттеп отырады, капиллярлардың ұштары доға түзіп, пролиферациялық жасушаларға қайта енеді. Осылайша грануляциялық тін пайда болады. Ол «granula» – «дән» деген сөзден шыққан. Грануляциялық тіннің беті дәнді болады. Эндотелийден басқа, грануляциялық тін фибробласттардан тұрады. Олардың коллаген талшықтарын түзуде және тыртықтың дамуында маңызы зор. Жарадағы грануляциялық тіннің пайда болу кезеңінде, алмасу үрдістеріне семіз және плазмалық жасушалар белсенді қатысады. Грануляциялық тінде коллаген синтезімен бірге эластикалық талшықтардың түзілуі де жүріп жатады. Грануляциялық тін тек репаративті ғана емес, сонымен қатар қорғаныш қызметін де атқарады. Ол токсиндердің сіңірілуін және микроорганизмдердің түсуін болдыртпайды. Грануляциялық тіннің, тағы да бактерицидті қасиеті (қызметі) бар. Ол лейкоциттер мен макрофагтардың қызметінің және протеолиттік ферменттердің есебінен жүзеге асады. Грануляцияның сипатына байланысты жара үрдісінің ағымын анықтауға болады. Сау грануляциялар ашық-қызыл немесе алқызыл түсті, қаныққан шырынды және тұрақты болады, тиіскенде қанамайды. Патологиялық өзгерген грануляциялар – сұр түсті, бозғылт, солған, борпылдақ болады, тиіскенде оңай қанайды.
Жара үрдісінің екінші кезеңі 12-30 күннен кейін, жара бетінің грануляциялық тінмен толып, тығыз грануляциялық тін пайда болғаннан соң аяқталады.