Соғылған жара – тіндердің доғал затпен жарақаттануы кезінде (құлағанда, қысылғанда, соққы тигенде) пайда болады. Соғылған жараның шеттері тегіс емес, кетіктелген, қанмен толған, әдетте өмірге қабілетсіз және цианозды бөліктері болады, көп қансырамайды. Көбіне, тамырлары тромбталады, бұл тіндердің қоректенуін бұзып, олардың өліеттенуіне, қатты іріңдеуіне, екіншілік аррозивті қансырауына әкелуі мүмкін. Тіндердің дөрекі механикалық зақымынан пайда болған жыртылған жаралар, соғылған жаралардың түріне жатады.
Жаншылған (мыжылған) жара – ауыр, доғал заттың әсерінен, яғни жұмсақ тіндер қатты негізді бет пен жарақаттаушы құралдың арасында қысылып қалуының (езілуінің) нәтижесінде пайда болады. Бұндай жаралар шеттерінің мыжылуымен, қансыраудың аздығымен, қоректенудің үлкен аумақты бұзылыстарымен, жара қуысының детрит пен жұлынған тіндермен толғандығымен сипатталады.
Тістелген жара – адамның немесе жануарлардың тістеуінің нәтижесінде пайда болады. Бұл жаралар әрқашан полимикробты флорамен инфицирленеді, олардың шеттері жыртылған және соғылған болады. Тістелген жаралар көбінесе іріңді үрдіспен асқынады және нашар жазылады.
Уланған жара – қабаттасқан зақым болып табылады. Ол жылан, саршаян шаққанда және олардың улары жараға түскенде пайда болады, сонымен қатар жараға химиялық және уландырғыш заттар түскенде де дамиды.
Атылған (оқ тиген)жара – атқыш құралдардың әсерінен пайда болады. Бұндай жаралар алуан түрлілігімен сипатталады және бір-бірінен ерекшеленеді. Олар тесіп өткен (ызғырықты), соқыр және жанап өткен болуы мүмкін. Жараның үш зақымдалу аймағын ажыратады: жараның меншікті өзегі, біріншілік өліеттену аймағы және молекулярлық шайқалу аймағы. Қазіргі уақыттағы жылдамдығы жоғары және тұрақсыз бағытпен ұшатын оқтармен жарақаттанғанда, жараның өзегі тік бағыттан ығысып, тіндердің үлкен аумақты зақымын шақырады. Осындай оқтармен жараланғанда, оқтың шыққан тесігі кірген тесігінен әлдеқайда кең болады. Атылған жара өлген тіндердің көлемінің көптігімен, айқын инфицирленуімен, молекулярлық шайқалу аймағындағы тіндердің өліеттенуінің үдей түсуімен, тамырлардың, нерв бағаналарының және сүйек пен буындардың зақымдалуымен, көп мөлшерде қан жоғалтумен және шоктың дамуымен ерекшеленеді. Бұндай жараларда инфекциялық асқынулардың даму қаупі өте жоғары болады.