Мидың қысылуы
Мидың қысылуы (crash – апат, авария) – ол бассүйегінің батыңқы сынықтарында, бассүйекішілік гематома ұлғайғанда, мидың ісінуімен қабаттасқан үлкен көлемді соғылуларда дамиды. Көбінесе бассүйекішілік гематомамен қысылады. Орналасуына қарай гематомалардың мынадай түрлерін ажыратады: эпидуральді, субдуральді, миішілік және қарыншаішілік гематомалар. Қан субарахноидальді кеңістікке құйылса, мидың қысылу белгілері болмайды. Мидың қысылу белгілері гематоманың белгілі бір көлемінде (50-80см3) ғана дамиды.
Ми қысылуының дамуында төрт кезеңді ажыратады:
1 кезең – компенсирленген қысылу кезеңі. Клиникасында – ол жарық кезең болып табылады. Мидың қызметі өзгермеген. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық, басының ауыруына, ұйқышылдыққа, апатияға шағымданады.
2 кезең – венозды тоқырау кезеңі. Гематоманың көлемінің ұлғаюының нәтижесінде алғашқы клиникалық белгілер дамиды. Бассүйекішілік қысым жоғарылайды, мидың ісінуі үдей түседі. Науқас мазасызданады, есеңгірейді, кеңістіктік дезориентация байқалады, ошақтық симптомдар пайда болады.
3 кезең – гематоманың ұлғаюы үдей түседі, мидың қысылуы күшейіп, ол бассүйегінің негізіне ығыстырылады да, үлкен шүйде тесігіне батыңқырайды. Мидың анемиясы күшейеді. Науқастың жалпы жағдайы нашарлап, есі жоғалады, сөйтіп кома дамиды. Болжамы ауыр болады.
4 кезең – терминальді кезең. Ми сына тәрізді батады, тынысы мен жүрек қызметі бұзылады. АҚ төмендейді, тамыр соғуы әлсіз, жиі және ырғақсыз болады. Тынысы қалыпсыз, Чейн-Стокс тәріздес. Кома өзінің жоғарғы деңгейіне жетеді, қуық пен тік ішек сфинктерлері босаңсиды. Қатты кеңейген көз қарашықтары жарыққа жауап бермейді. Болжамы сенімсіз.
Сурет 13.1. Бассүйекішілік гематомалар:
1 – эпидуральді; 2 – субдуральді; 3 – миішілік; 4 – қарыншаішілік
Диагнозды нақтылау үшін энцефалография, ангиография, КТ және диагностикалық тесікті (фрезді) трепанация жүргізіледі.
Алғашқы көрсетілетін көмек мидың шайқалуындағыдай. Батыңқы сынықтарда және миішілік гематомаларда операция шұғыл көрсеткішпен орындалады. Операцияның көлемі: батып тұрған сынған сүйектердің бөлшектерін және гематоманы алып тастау, қанды тоқтату (гемостаз жасау). Жүргізілген дегидратациялық ем тиімсіз және мидың ісінуі айқын болған жағдайларда бассүйегінің трепанациясы жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |