Алғашқы дәрігерлік көмек. Инфузиялық ем жүргізіледі: реополиглюкин, 5% глюкоза ерітіндісі, 4% гидрокарбонат ерітіндісі, жаңа мұздатылған плазма – 500-700 мл, 5-10% альбумин ерітіндісі – 200 мл тағайындалады. Инфузияның көлемі тәулігіне 2000 мл -ден кем болмауы керек. Интоксикация белгілері бар, аяқ-қолы 4 сағатан астам уақыт қысылған және айқын жарақаттық белгілері бар науқастарға плазмаферез немесе гемосорбция жасау қажет. Тіндердің гипоксиясын азайту мақсатымен тәулігіне 1-2 рет ГБО жүргізіледі. Диурезді жақсарту үшін диуретиктер (лазикс, фуросемид), микроциркуляцияны жақсарту үшін – курантил, трентал, белок алмасуын дұрыстау үшін – ретаболил тағайындалады.
Жергілікті гипотермия жүргізіледі – зақымдалған аяқ-қолға мұз қояды. Ісіну мен микроциркуляторлы бұзылыстар үдей түссе, шандыр футлярларын кесіп, кең лампасты тіліктер жасау керек. Бұл тіндердің қысылуын жойып, қан айналымының қалыптануына әкеледі, сонымен қатар детоксикация шарасы болып табылады. Өліеттенген аймақтар айқын болса, некрэктомия жасалады. Ал егер зақымдалған аяқ-қол толық өліеттенсе, ампутация орындалады.
Екінші кезеңде – жедел бүйрек жетіспеушілігінде – суды ішуді шектейді. Диурез тәулігіне 600 мл -ден аз болса, гемодиализ жүргізіледі. Анурия, гиперкалиемия (6 ммоль/л жоғары болса), өкпе пен мидың ісінуінде гемодиализ шұғыл көрсеткішпен жасалады. Инфузиялық терапия тәулігіне 1,2-1,5 литрден аспауы қажет (альбумин, жаңа мұздатылған плазма, 4% гидрокарбонат ерітіндісі, 10% глюкоза ерітіндісі). Уремия мен ҚШҰ синдромының нәтижесінде болатын қан кетуде, шұғыл түрде плазмаферез жасап, соңынан 1000 мл жаңа мұздатылған плазманы тез тамшылатып немесе ағызып енгізу керек (30-40 минут ішінде). Сонымен қатар, протеаза ингибиторлары (трасилол, гордокс, контрикал, цалол, протинол) тағайындалады.
Үшінші кезеңде инфекциялық асқынулармен күресу және алдын-алу шараларын орындау керек. Әсіресе, сепсистің дамуына қарсы әрекет жасалады.
Қорыта келе, ұзақ қысылу синдромы көп компонентті емді, соның ішінде қарқынды емді жүргізуді талап етеді.