Үйреншікті буын шығуы әдетте, иық буынында дамиды және дұрыс емес емдеу нәтижесінде, яғни буынды жарақаттап салу кезінде, дұрыс бекітпегенде және бекіту уақыты аз болғанда пайда болады. Мұндай буын шығуы ешқандай күштің әсерінсіз, қалыпты қозғалыстың өзінде-ақ пайда болуы мүмкін.
Буын шығуының үш механизмі бар:
тікелей сыртқы күштің әсерінен;
жанама сыртқы күштің әсерінен;
бұлшықеттердің шектен тыс жиырылуының салдарынан.
Тікелей сыртқы күштің әсерінен сирек жағдайда пайда болады. Буынның шығуы көбіне жанама сыртқы күштің әсерінен (әдетте, аяқ-қолдың жазылып тұрған қалпында құлауынан) дамиды.
Буынның шығуы шар тәрізді буындарда жиі кездеседі.
Буынның шығуының үшінші механизмі өте сирек кездеседі, ол бұлшықеттердің шектен тыс жиырылуынан болады. Бұл үшін қажет факторлар мынадай: байламдардың бос және әлсіз болуы, буындағы патологиялық өзгерістер. Осындай буын шығуының механизмі төменгі жақтың есінеу кезінде және иықтың – қолды тез көтерудің нәтижесінде кездеседі.
Буынның шығуында буын қапшығы, байламдар, айналасында жатқан жұмсақ тіндер, шеміршектер зақымдалады. Буын қапшығының жыртылуының деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Жыртылған буын қапшығының бөлігі буын беттерімен қысылып, буынды орнына салғанда кедергі келтіреді. Буын айналасындағы бұлшықеттер сүйек қабығы және сүйек төмпешігімен бірге жұлынуы мүмкін. Тамырлар сынықтардан гөрі, буын шыққанда жиі зақымдалады. Ұсақ тамырлардан қан көп ақпайды. Буын шыққанда қан құйылу бірнеше күн өткеннен кейін анықталады. Нерв талшықтары да зақымдалуы мүмкін. Нервтердің жарақаты сезімталдықтың және қимылдың бұзылыстарымен сипатталады.
Буынның шығуының клиникасы мен диагностикасы
Негізгі шағымдарының бірі – зақымдалған буындағы ауыру сезімі. Дәрігер науқасты шешіндіріп, симметриялы дене бөліктерін қарайды: сау және зақымдалған аяқ-қолдарын салыстырады. Көзбен қарағанда буын аймағындағы деформация анықталады. Көбінесе аяқ-қолдың жалған, мәжбүрлік қалпы байқалады. Сау және зақымдалған аяқ-қолды өлшеу арқылы, олардың ұзындығының ара-қатынастық айырмашылығы анықталады. Әдетте, зақымдалған шеткі мүше ұзарады. Буын аймағының пальпациясы буынның деформациясы туралы визуальді мәліметтерді дәлелдейді. Зақымдалған буындағы белсенді қимылдар мүлдем жоғалады. Енжар қимылдар шектелген және ауыру сезімін тудырады. Серіппелі қарсыласу байқалады: аяқ-қолды тұрған қалпынан шығару кезінде, олар бастапқы қалпына қайта оралады. Буынның шығуы рентгенологиялық зерттеу әдісімен дәлелденеді. Буынның шығуын соғылудан, созылудан, буынішілік және жай сынықтардан ажырату керек.
Достарыңызбен бөлісу: |