Эндостальді қабат – эндост және сүйек кемігінің ретикулярлы жасушаларынан дамиды. Осы жас жасушалар сынған сүйек ұштарының аралығын толтырып, сүйек сүйелінің эндостты қабатын түзеді.
Интермедиальді қабат – сүйектің остеон және Гаверсов өзекшелерінің жасушалық элементтерінен дамиды.
Периостальді қабат – сүйек қабығының камбиальді жасушаларының көбеюінен түзіледі. Бұл сүйелдің регенерацияны анықтаушы ең үлкен қабаты. Сүйек қабығы сақталғанда, сүйектің үлкен аумақты жарақаттары да қалпына келеді. Ал сүйек қабығымен қапталмаған ортан жіліктің мойны, білезіктің қайық тәрізді сүйегі және басқа да сүйектер баяу тұтасып бітіседі.
Сынықтың айналасындағы жұмсақ тіндерден сүйек сүйелінің параоссальді қабаты түзіледі.
Сүйек сүйелінің дамуымен бірге жаңа эндостальді сүйек дамиды, ол сүйек майының өзегін екі жағынан кемікті затпен толтырып бітейді.
Сынықтан кейінгі сүйектің тұтасып бітуінің 4 клиникалық сатысын ажыратады: Бірінші сатысы – біріншілік жабысу мерзімі алғашқы 3-10 күнге созылады. Бұл кезде сүйектің ұштары қозғалмалы болады және оңай ығысады.
Екінші сатысы – біріншілік сүйек сүйелінің даму сатысы – сүйек ұштарының жұмсақ сүйелмен бітісуі жарақаттан соң, 10-15 күннен кейін басталып, 4-5 аптаға созылады.
Үшінші сатысы – екіншілік сүйек сүйелінің даму сатысы – 5-6 аптаға созылады. Бұл сатының аяқталуының клиникалық көрінісі: серіппелі деформация белгісінің болмауы, яғни сүйелдің қатаюы және пальпаторлы – ауыру сезімінің жоғалуы. Бұл сатының соңында сынық ұштарының тұтасып біткендігі рентгенологиялық зерттеумен анықталады. Ол иммобилизацияны доғару қажеттігін білдіреді.
Төртінші сатысы – сүйектің функциональді немесе архитектуралық қайта құрылу сатысы, ол бір жылға және одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Бұл сатыда артық сүйек сүйелі сорылып, сүйек бағаналарының орналасу бағыты мен сүйек майының өзегі қалпына келеді.
Сүйектің қалпына келу үрдісі жалпы және жергілікті факторларға байланысты болады. Жалпы факторлар: науқастың жасы, физикалық және нерв-психикалық жағдайы, дене бітімі, эндокринді жүйесінің қызметі, зат алмасуы, тамақтануы. Жергілікті факторлар: сынықтың орналасу орны және түрі, жұмсақ тіндердің интерпозициясының, үлкен гематоманың болуы, сүйек қабығының зақымдалу деңгейі.
Репаративті регенерация үрдістері ашық сынықтарда, әсіресе инфицирленген сынықтарда, айналасындағы жұмсақ тіндер мен сүйек кемігінің (сүйек майының) үлкен зақымдалуларында бұзылады. Сүйектің тұтасып бітуінің баяулауының себебі дұрыс емес, үзілмелі немесе аз уақыт иммобилизация жасау болып табылады.