КЕУДЕ ТОРЫ МЕН ОНЫҢ АҒЗАЛАРЫНЫҢ ЖАРАҚАТТАРЫ
Кеуде торының жарақаты ашық және жабық болады. Ашық жарақаттарда терінің бүтіндігі бұзылады. Ашық жарақаттар қуысқа енген және енбеген болып та бөлінеді. Кеуде торының жабық зақымдарына шайқалу, соғылу және қысылу жатады. Кеуде торының жабық жарақаттарының ауырлылығы, ондағы ағзалардың, әсіресе өкпе мен плевраның зақымдалуына байланысты болады. Өкпе мен плевраның жарақаттарының белгілеріне тері астылық эмфизема, пневмоторакс, парадоксальді тыныс гемоторакс, қан қақыру және өкпелік қансырау жатады.
Теріастылық эмфизема
Теріастылық эмфизема кеуде соғылып, екі тесік пайда болғанда дамиды: біреуі – өкпеде, екіншісі – париетальді плеврада. Эмфизема өкпе тіні жарақаттанбай, бірақ кеңірдек пен бронхтардың кеудеішілік бөлігі зақымдалғанда да дамиды. Өкпе зақымдалып, медиастинальді плевра жыртылса және кеңірдек пен негізгі бронхтар жарақаттанса, ауа көкірекаралығына жайылады да, онда орналасқан ағзаларды қысады. Содан кейін, терең шандырдың астымен мойындырық тілігінен жоғары көтеріліп, басты иетін бұлшықеттерімен шектелген мойын кеңістігіне жиналады. Тұншығу үдей түседі. Теріастылық эмфизема көзбен көрінеді және пальпаторлы анықталады: крепитация белгісі байқалады.
Медиастинальді эмфизема өте ауыр болады: мойын аймағы тез ісінеді, мойын веналары кеңейіп кетеді, цианоз бен ауыр ентігу байқалады. Рентгенограммада көкірекаралығының кеңейгендігі, онда ауаның жиналғандығы және зақымдалған өкпенің ателектазы анықталады. Бұл кезде шұғыл операция орындалады: табылған жарақатты жойып, қысылған өкпені босатып жазу керек.
Пневмоторокс
Пневмоторокс – плевра қуысына ауаның жиналуы. Оның ашық және жабық түрлері болады. Плевра қуысына жиналған ауаның көлеміне қарай пневмоторакстың кіші (өкпенің ⅓ бөлігі қысылады), орташа (өкпенің ½ бөлігі қысылады), үлкен (өкпе түгел қысылады) түрлерін ажыратады. Плевра қуысына ауаның жиналуы неғұрлым көп болса, соғұрлым клиникалық белгілер айқын болады. Науқастың негізгі шағымдарына ентігу, кеуде торындағы ауыру сезімі жатады. Объективті тексергенде ентігу, цианоз, зақымдалған кеуде торының бөлігі тыныс алу актісінен қалып қоятындығы анықталады. Перкуссия жасағанда – тимпанит, аускультация кезінде – зақымдалған өкпенің тыныс шуларының төмендегендігі анықталады, тіпті естілмеуі мүмкін. Рентгенологиялық зерттеу диагнозды нақтылауға мүмкіндік береді. Рентгенограммада өкпе мен кеуде қабырғасының арасында ауа қабатын байқауға болады, сонымен қатар өкпенің қысылғандығы анықталады.
Достарыңызбен бөлісу: |