БАСТЫҢ ЖАРАҚАТТАРЫ
Бастың жарақаттары ашық және жабық болуы мүмкін. Бас терісінің бүтіндігінің бұзылуымен бірге жүретін жарақаттар, ашық болып есептеледі. Жабық жарақаттар – тері бүтіндігі бұзылмаған бассүйек-ми жарақаттары. Ашық жарақаттар енетін (мидың қатты қабығының зақымдалуы) және енбейтін (жұмсақ тіндер мен бассүйегінің зақымдалуы) болып бөлінеді.
Егер бассүйегінің сынығында ауа өткізуші мұрын, құлақ жолдарынан ликвор ақса, онда жарақат ашық болып есептеледі.
Бассүйек-мидың жабық және ашық жарақаттары мидың механикалық зақымдалуымен ерекшеленеді: шайқалу, соғылу, қысылу.
Бассүйек-ми жарақатындағы ОНЖ нейродинамикалық үрдістерінің бұзылыстары тамырлық ликвородинамикалық және эндокринді-гуморальді өзгерістермен сипатталады. Ми тамырларының жарақатқа реакциясы – тамырлар тарылып, мидың гиперемиясы мен венозды тоқырауы дамиды. Венозды қысымның жоғарылауы, ми затының ісінуі мен керілуі бассүйегінің ішіндегі қысымның жоғарылауына және ми қызметінің бұзылыстарына алып келеді.
Мидың шайқалуы
Мидың шайқалуы (commotio) – механикалық жарақаттың әсерінен болған, ми қызметінің бұзылыстарының симптомокомплексі. Клиникалық көрінісінің 3 дәрежесі болады: жеңіл, орташа, ауыр.
Жеңіл жараланған науқастар құлақ шуына, қысқа уақытқа көздің қарауытуына, есінен танғандығына, басының ауырлылығына, әлсіздікке, лоқсуға шағымданады. 7-10 күн ем қабылдағаннан кейін, науқас ауруханадан жазылып шығады.
Шайқалудың орташа түрінде науқас есінен танып, жерге құлайды. Ол 5 минуттан екі сағатқа дейін созылуы мүмкін. Есіне келген соң, науқас ешнәрсені есіне түсіре алмайды (ретроградты амнезия), есеңгіреп тұрады, әңгімелесу қиын; басының қатты ауыруына, құлақ шуына, лоқсуға шағымданады. Психомоторлы қозу байқалуы мүмкін. 4-5 күннен кейін жағдайы жақсарады, бірақ орнынан тұрса, шағымдары қайталанады. Сондықтан, мұндай науқастарда төсектік тәртіп 2-3 аптаға созылады.
Ми шайқалуының ауыр түрінде науқас бірден ес-түссіз жағдайға душар болады. Есінің жоғалуы 4 сағаттан 3 тәулікке дейін созылады. Беті бозарған, суық термен қапталған, акроцианоз анықталады, ауыру сезіміне реакция болмайды, көздің қарашықтары кеңейген, жарыққа әлсіз жауап береді, аяқ-қолдың бұлшықеттері мен сфинктерлердің тонусы төмендеген, кіші және үлкен дәреті еріксіз бөлінуі мүмкін. Тынысы жиілеген, тахикардия байқалады. Есіне келгенде, есеңгіреп тұрады. Науқас тынымсыз, қай жерде жатқанын түсінбейді және уақытты сезбейді. Психикалық бұзылыстар болуы мүмкін. Науқасты көпке дейін басының ауыруы, басының айналуы, нистагм, көздің көруінің төмендеуі, заттардың екіге бөлініп көрінуі мазалайды. Ми шайқалуының ауыр түрінің ағымы қолайсыз болады. Бассүйегінің ішіндегі қысымның жоғарылауының, гипертермияның, жүрек немесе тыныс жетіспеушілігінің салдарынан науқас өлуі мүмкін. Қолайлы жағдайда еңбекке жарамдылығы 2-4 аптадан кейін қалпына келеді. Науқастардың біразы мүгедек болып қалады.
Алғашқы көмек: толық тыныштық; басына суық басу; ауыру сезімін жоятын дәрілерді енгізу. Наркотикалық заттарды енгізуге болмайды, себебі олар тыныс алу орталығын тежейді.
Достарыңызбен бөлісу: |