Қазақ мәдениеті - Әлемдік мәдениет ырғақтарын анықтаған соң, қазақ мәдениетіне тоқталайық. Қазақтар — Қазақстан Республикасының негізгі тұрғындары, әлемдегі жалпы саны 13 миллионнан асады, исламдық суперөркениеттің солтүстік шығыс жағын мекендейді, діні жағынан ханифиттік мағынадағы мұсылман сунниттер, Алтай тіл бірлестігінің түрік тобының қыпшақ топтамасына жатады. Бұл мәдениетті түсіну мақсатында алдымен оны кеңістік өрісі мен уақыт ағынында қарастырып, кейін қазақ мәдениетінің типтік ерекшеліктерін айқындайық. Қазақ мәдениеті еуразиялық Ұлы дала көшпелілерінің мұрагері болып табылады. Сондықтан осы ұлттық мәдениетті талдауды номадалық (көшпелілік) өркениет ерекшеліктерінен бастайық.
Әрбір ұлттық мәдениет бос кеңістікте емес, адамдандырылған қоршаған ортада әрекет етеді. Мәдени кеңістік оқшау, мәңгіге берілген енші емес. Ол тарихи ағынның өрісі болып табылады. Мәдени кеңістіктің маңызды қасиеті — оның тылсымдық сипаты. Мысалы, «ата қоныс» ұғымы көпшелілер үшін қасиетті, ол өз жерінің тұтастығының кепілі және көршілес жатқан мекендерге де қол сұғуға болмайтындығын мойындайды. Қауымдық қатынас мекендер егемендігінен туады. Ата қоныстың әрбір жағрафиялық белгілері халық санасында киелі жерлер деп есептелінеді, яғни қоршаған орта киелі таулардан, өзен- көлдерден, аңғарлар мен төбелерден, аруақтар жататын молалардан т.б. тұрады. Олардың қасиеттілігі аңыз-әпсаналарда, жырлар мен көсемсөздерде болашақ ұрпақтарға мұра ретінде қалдырылған.
Белгілі бір парасаттылық, ізгілік, ұстамдылық, интуициялық жоғары қабілеттері жоқ адамдар қатал далада өмір сүре алмас еді. Кеңістікке үйлесімді мәдениетте адам мен табиғаттың арасында «қытай қорғаны» тұрған жоқ. Керісінше, мәдениет олардың арасындағы нәзік үндестікті (гармонияны) білдіретін дәнекер қызметін атқарады. Қазақтың төл мәдениетінде экологиялық мәселе әдептіліктік жүйесіндігі обал және сауап деген ұғымдармен тікелей байланыстырылды.
Табиғат аясындағы мәдениетті қатып-сеніп қалған, өзгеріссіз әлем дейтін пікірлер де әдебиетте жиі кездеседі. Алайда, бұл осы мәдениетке тынымсыз қозғалыс тән екендігін аңғармаудан туады. Шексіз далада бір орында тоқталып қалу көшпелілік тіршілікке сәйкес келмейді. Ол мезгілдік, вегитациялық заңдылықтарға бағынып, қозғалыс шеңберінен шықпайды. Әрине бүл қозғалыс негізінен қайталанбалы, тұрақты сипатта болады. Қуаң даланы игеру табиғатты өзгертуге емес, қайта оның ажырамас бір бөлігіне айналуға бағытталған. Яғни, адам табиғат құбылыстарына тәуелді болып қалады.
Енді қарастырып отырған өркениеттің кеңістікті игеру құралдарына тоқталып өтейік. Бұл жерде ең алдымен көшпелілер өміріндегі жылқының ерекше бір қызметіне назар аударған жөн. Жылқыны адам еркіне көндіру арқылы адамзат кеңістікті меңгеру ісінде үлкен қадам жасады. К.Ясперстің пікірі бойынша, тағылықтан өркениетке өтуде жер суару жүйелерін жасаумен, жазудың ашылуымен, этностардың пайда болуымен қатар жылқыны пайдалана білу адамзат үшін өте маңызды болды. ([2]. — М., 1991. — С. 71, 72). Жылқыны пайдалана білу шектелген кеңістіктен бүкіл әлемді игеруге бағытталған қадам еді. Бұл әртүрлі мәдениеттердің сұхбаттасуына мүмкіндік берді. Әрине, бұл сұхбаттасу көптеген жағдайда зорлық-зомбылық арқылы жүзеге асқанын ұмытпаған да жөн.
Сонау көне заманнан халықтар солтүстіктен оңтүстікке, шығыстан батысқа қарай (немесе керісінше) қозғалыста болған. Белгілі болжам шумерліктердің Қосөзен аңғарына Орталық Азиядан келгенін, үндігерман тайпаларының оңтүстікке жылжып, Үндістан, Иран, Грекияға енгенін, түрік тайпаларының Кіші Азияны жаулап алғанын көрсетеді. Қытай империясы мен Үндіге көшпенді түрік-моңғол тайпалары ылғи қысым жасап отырған. Белгілі ғұлама А.Вебердің пікірі бойынша, көшпелі тайпалардың кеңістікті игеруі «халықтардың Ұлы қоныс аударуы» атты құбылысты әкелді. Бұл қазіргі өркениетгердің қалыптасуына үлкен себебін тигізді. Осы айтылғандардан адамзат тарихында жылқыны пайдалана білудің маңызы зор болғандығын көреміз.
Жылқыны кеңістікті жеңу мақсатында әсіресе, көшпелі халықтар шебер пайдалана білген. Ат пен көшпенді біріккен жан болып көрінеді. Мұны көрші халықтардың миф-аңыздарынан да анық байқаймыз. Мысалы, ежелгі грек мифологиясындағы қанатты түлпар Пегас бүкіл елді қан қақсатқан жауыз Химераны өлтіруге көмектеседі. Ал салт атты көшпенді скифтің метафорасы — кентавр Хирон өзінің досы атақты Прометейге көмек беру үшін мәңгілік өмірден бас тартады. Бұл сарынды ертедегі шумерлік жырдағы Гильгамеш пен көшпенді Энкидудың достығынан да аңғарамыз.
Атқа мінген адам жерден өзінің босай бастағанын, еріктілік мүмкіндіктерінің молайғанын және ғарышқа жақындай түскенін сезінеді. Жер-Ана оны қаншама босатқысы келмесе де, ол шексіз әлемге өзінің қадамын нық басады. Халық дәстүрінде де тәй- тәй қадам басқан нәрестенің тұсауын кеседі.
Кеңістікті игеруге көшпелілер үшін жылқыдан басқа да себебін тигізген қолға үйретілген жануарлар болған. Себебі далада тек малшылар мен үй малдарынан басқа да тіршілік иелері бар. Олардың ішінде иттің алатын орны бөлек. Қазақ «ит — жеті қазынаның бірі» деп бекерден-бекер айтпаған. Егер қой мен сиырдың өнімдерін қажеттікке жарату үшін оларды бағу жеткілікті болса, онда ит пен жылқыны баулу, үйрету керек. Бұл үлкен шеберлік пен төзімділікті талап етті. Тек сол жағдайда олар адамның көмекшілеріне айнала алады. Кейін осман түріктері бұл тәжірибені өз империясындағы халықтарды ұстап тұруға пайдаланды.