Xviii ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ жүздерінің сыртқы саяси жағдайы



Дата19.10.2023
өлшемі433,68 Kb.
#119344
Байланысты:
д-7


Дәріс-7. Тақырып. XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ
жүздерінің сыртқы саяси жағдайы.
Жоспар
  1. Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының күресі.


2. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы және оның салдары.
3. Абылай ханның қазақ хандығын нығайту жолындағы қызметі.
XVIII ғасырдың басында көшпелі өмір салтын сақтап, тәуелсіз меклекет ретінде сақталған екі халық қалды: олар қазақтар мен жоңғарлар еді. Қалғандары Қазақ хандығының, Ресей империясының және Жоңғарияның вассалдары болды.
Аталған кезеңде Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы шиеленісті. Тәуке хан өзара тартыстарды уақытша тыйып, тыныштықты қалпына келтірген еді. Алайда сұлтандардың өз алдына оқшауланып, билік үшін күресуі көп ұзамай бірлікті бұзды. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар етек алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Ал бұл жағдайды көршілер дереу пайдаланды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан – Ресей мемлекетінің, шығыстан – жоңғарлардың, оңтүстіктен – Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп – Жоңғар хандығы тарапынан төнді. Жоңғар экономикасының негізі мал шаруашылығы болды. Мал басының өсуімен, жер көлемін кеңейту мақсатында жоңғарлар Қазақ хандығы территориясына шапқыншылықты жиілетті. Сонымен бірге жоңғарлар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда- қолөнер орталықтары шоғырланған қалаларды басып алуды көздеді.
1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары мен жоңғар әскерлерінің арасында болған үш күндік қантөгіс ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп: Әбілқайыр және Қайып сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді. Осы жылы жоңғар әскерлері Түркістан маңында Бөген, Шаян және Арыс өзендерінің бойында қазақтарды тағы да қырғынға ұшыратқан.
1715-1722 жж. жоңғарлардың негізгі әскери күші Цин империясы әскерлеріне қарсы соғысып жатты. 1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылы қазақ-жоңғар қарым-қатынасы шиеленісті. Қытай мемлекетімен бейбіт келісім-шартқа отырғаннан кейін жоңғарлар Қазақ хандығына қарсы соғыс ашуды шешті.
Қазақ хандықтарының саяси бытыраңқылығын пайдаланып, 1723 жылы көктемде жоңғарлар 70 мың әскермен жеті бағыттан қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірді.
Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген, дайындалмаған халық әуел баста оларға еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты жаппай қырып, мал- мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүліктерін тастап босып кетуге мәжбүр болды.
Қаратау мен Арыс өңіріндегі қазақтардың көп бөлігі жаудың қолынан қаза тапты. Алтай өңірі толығымен жоңғарлардың қолына көшті. Қазақ рулары мекендерін тастап, Сырдарияның арғы бетіне қарай қашты. Сырдариядан өткен Ұлы және Орта жүз қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз қазақтарының біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара территориясына өтті. Ал жоңғарлар қазақ ауылдарын, қалаларын басып алды, халқын қырып, тұтқынға айдады. Әсіресе, Шона-Дабаның бағытындағы халық ауыр зардап шекті. Оның әскері 5000 қазақ жанұясын тұтқындап, 1000 жанұяны тұтқынға айдады. Жоңғарлар Қазақ хандығы территориясының басым бөлігін жаулап алды. Ендігі жерде қазақ жері мен жоңғарлар ұлысының шекарасы Ұлытау, Балқаш көлі мен Шу, Талас өзендерінің арасымен өтті. Қазақ тарихында бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама » деп аталады. Қашып, босқан қазақтардың паналаған жері Сырдарияның сыртындағы Алқакөл көлі болды. Бұл оқиға қазақтың кіші жүзі арасында «Сауран айналған» деген атпен әйгілі болған. Жоңғарлардан қашқан Кіші жүз қазақтары соңынан түскен жауды көз жаздыру үшін Сауран қаласын айнала көшкендіктен, бұл оқиға «Сауран айналған» деп аталған екен. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» әні халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.
Бұл жылдардың өзінде жау халықтың рухын сындыра алмады. Көп жерлерде халық жауға батыл қарсылық көрсетті. Ташкенттің 300 мың тұрғындары қаланы үш ай бойы ұстап тұрды. Халық жоңғарларға қарсы күресте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Сайрам, Түркістан қалаларының тұрғындары да жауға табанды қарсы тұрды. Осындай қарсылықтарды ұйымдастырушы Бөгенбай, Қабанбай, Саңырық, Тайлақ, Жәнібек, Малайсары және т.б. халық батырлары болды. Түркістан қорғанысына Қабанбай мен Айшыбек батыр қатысты. Қоршауда қалған Сайрам қаласын басып ала алмаған жоңғарлар Сайрамсу мен Тубалақ өзендерінің ағысын өзгертуге шешім қабылдайды. Бұл өзендер қаланы сумен қамтамасыз еткендіктен қала тұрғындары сусыз қалады. Осыдан кейін ғана әбден әлсіреген халық қаланы жауға беруге мәжбүр болады. Тек қалаларда емес, тау, дала өңірлерінде де жау халықтың ұйымдасқан қарсылығына тап болды. Қожаберген жыраудың айтуы бойынша қазақтар шегінуі барысында да үлкен қарсылық көрсеткен.
Осы жылдары Қазақ хандығының батысындағы қалмақтардың да қазақ жеріне шабуылы жиіледі. Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ жасақтары бұл бағытта да жауға ұйымдасқан тойтарыс берді. Осынау қиын-қыстау кезде халық сұлтандар мен ру басыларына үміт артпай, өз тарапынан да қарсылық ұйымдастыра бастады. Қазақ жасақтарының басында халық батырлары тұрды. Халық рухын көтеруде Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рөлі зор болды. Жауға қарсы жаппай қарсылық көрсету 1724 жылдан басталды. Бұл жылы негізгі әскери қақтығыстар Орталық және Батыс Қазақстан территориясында болды. Бұл қақтығыстарда Әбілқайыр хан бастаған қазақ қолдары табысты қимылдады. Әбілқайыр ханды қазақтардың басым бөлігі, қарақалпақтар мойындады. Бұл жылдары Әбілқайыр хан соғыс даласында асқан батырлық танытты. 1725 жылы Әбілқайырдың қол астындағы сарбаздардың соны 50000-ға жетіп, қазақтар жаудың басып алған жерлерін азат етуді бастады. Осы жылы басқыншыларға қарсы алғаш рет үлкен тойтарыс берілді. Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам төңірегін жаудан азат етуде қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаратау тауларының Теректі алқабындағы Садырбұлақ өзенінің төңірегіндегі қалмақтардың қолын Үлкентұр тауына қуып тығып, жойып жіберді.
Мәшүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан қайтып келе жатқан Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жәнібектің қолбасшылығымен Шұбаркөл көлінің маңында жоңғарларды талқандады делінеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы да бұны растайды. Осы жеңістен кейін Ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сарбаздары жаудың тас-талқанын шығарды. Бұл шайқаста Әбілқайыр ханның, батырлар Тама Есет, Тама Жантай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас болған жер «Қалмаққырылған» деген атқа ие болды. Одан кейін қазақтар Сырдарияның төменгі ағысы ғана емес, Мұғалжар тауларының бір бөлігін жоңғарлардан азат етті.
1726-27 жылдары сұлтандар мен билер қазақ жерін жаудан азат етуде қазақ руларының басын біріктіру саясатын қолға алды. Осы бағытта Кіші жүз ханы Әбілқайыр белсенділік танытты. 1726 жылы Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары - Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, батырлар қатысты. Жиналыс барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен қуу мәселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп шешті. Сонымен қатар қаралған маңызды мәселенің бірі – бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мәселе болды. Ордабысында Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың ішінен Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Жиналыста елімізді жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында қазақ халқы бас біріктіріп, бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады. А.И.Левшиннің айтуынша дұшпанға қарсы бірігу басталды.
1727 жылдың жаз айларында үш жүздің біріккен қолы әскери дайындықтан өтіп, қару- жарақты жетілдірумен, дайындаумен айналысты. Әбілқайыр Бұхарадан ат, қару-жарақ сатып алып, әскерді соғыс өнеріне жан-жақты дайындайтын батырларды өзі тағайындаған. Сонымен бірге әскери барлау ісіне үлкен мән берілді. Күзде Сарыарқа даласындадағы Бұланты өзенінің маңында жауға үлкен соққы берілді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп аталады. Осы маңдағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысындағы Қарамолда деген жерде болды. Бұл шайқаста да жоңғарлар жеңіліс тапты. Кейіннен шайқас болған аймақ «Қалмақ қырылған» деп аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ күреске жігерлендірді. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында бетбұрыс жасауға мүмкіндік берді. Әбілқайыр хан және Бөгенбай батырдың басшылығымен Қаракерей Қабанбай, ошақты Саңырық, тама Тайлақ, Шақшақ Жәнібек, тама Есет, Малайсары, тарақты Байғазы қолдары асқан ерлік көрсетті. Осы шайқастағы қазақтардың ерлігі туралы мәліметтер М.Тынышпаевтың, А.И.Левшиннің, А.Диваевтың еңбектерінде айтылады. Үмбетай, Ақтамберді, Тәттіқара, Бұқар, Көтеш тағы басқа жыраулардың жырларында шайқаста ерлік көрсеткен батырлардың іс-қимылдары жан-жақты сипатталған.
Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор шайқастардың бірі – Аңырақай шайқасы



Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік- батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға созылды. Бұл шайқастың болған орны М.Тынышпаевтың, А.Диваевтың зерттеулерінде нақты сипатталған. 1997 жылы Қазақстан халық жазушысы Ә.Кекілбаев пен тарихшы М.Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеді. Экспедиция барысында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, географиялық жер атауларына да үлкен мән берілді. Балқаш көлінің оңтүстігімен Алакөлге бет алғанда Сұнқайтты (Сұмқайтты) өзені, қазіргі Жамбыл облысы Тараз қаласының шығысында Әбілқайыр сайы бар. Ал халық ауыз әдебиетінде бұл жерде жоңғарлар аңырай жеңілген деген мәлімет бар. Археологиялық зерттеулер барысында сарбаздардың қару-жарағы, ер саймандары көптеп табылды.
1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай тауларына қарай жылжыды. Осы кезеңде қазақ әскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық берілген. Олар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал Барақ, Керей Жәнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей Жанатай ер, Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай және т.б. Мыңдықтар құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Әскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек батырлар басқарды. Әскердің орталық тобын Әбілқайыр, Әйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар басқарды. Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Әбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын. Олардың әскерінің саны да 28-30 мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты әскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе- жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен. Жекпе- жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тарихи оқиғадан кейін Сабалақ батыр (шын аты Әбілмансұр) Абылай есіміне ие болды.
Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Құдайменді Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, әскери стратегия, тактикамен таныс тәжірибелі ерлер еді. Қазыбек, Әйтеке, Төле билер бастаған қазақ билерінің жалынды ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын қазақ батырларының жоңғарлармен соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, Ақтамберді, Үмбетай жыраулар өздері де бұл соғысқа қатысқан. Бұл жыраулардың еңбектерінде соғыс барысындағы көптеген іс-қимылдар жан-жақты сипатталған. Жыраулардың Отан қорғау тақырыбына арналған жырлары қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін жақындата түсті.
Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас басталды. Тәукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның орнын Орта жүзден Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр хан аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Әбілмәмбет болды. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап, кетіп қалды. Нәтижесінде Әбілмәмбет сұлтан Түркістанға көшсе, Әбілқайыр кіші жүз территориясына қайтады. Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді. Қазақтардың Аңырақайдағы жеңісіне қарамастан жоңғарлар тарапынан шабуыл тиылмады.
1723-1730 жылдардағы Отан соғысы жылдары Шәкәрім Құдайбердіұлының жазбаларында тек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының өзінде қазақ халқының санының үштен екісі кемігені туралы мәлімет бар. Демограф М.Тәтімовтің санағы бойынша 1723 жылы қазақ халқының саны 3 млн. 330 мың болса, 1725 жылы 2 млн. 222 мыңға азайған.
1730-шы жылғы жеңістің тарихи маңызы зор болды. Қазақ халқы өз мемлекетінің тәуелсіздігін сақтап, басып кірген жаудың тас-талқанын шығарып жеңіске жетті. Жоңғарлармен соғыста ерлік көрсеткен батырлардың, билердің есімдерін ұрпақтары биікке көтеріп, батырлығын мақтаныш тұтады. Ел қорғаған батырлар ерлігін дастан ететін жырлар жазылды. Атап айтсақ, «Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр», «Шақшақ Жәнібек батыр», «Қойгелді батыр», «Өтеген батыр» тағы басқа. Олардың аты ұранға айналып, ел ардақтайтын аруақты жандар дәрежесіне көтерілді. Бүгінгі таңда олардың атымен аталатын Қазақстанның әр қаласында көшелер, мекемелер бар. 1723-30 жылдардағы Отан соғысы қаһармандарының ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қалмақ.
Жоңғарлардың шапқыншылық жылдары қазақ жүздерінің экономикалық және саяси өміріне ұзақ уақытқа терең із қалдырып, қазақ тарихына алапат ауыр жылдар болып енді. Қазақтар мал-мүлкі мен адамдарынан ғана емес, сонымен қоса Жетісудағы шұрайлы жайылымдарынан да уақытша айырылып қалды. Көшіп-қонудың ғасырлар бойы қалыптасқан жолдары бұзылды. Сырдария мен Жетісудағы егіншілік мәдениетінің ошақтарына үлкен нұқсан келтірілді. Жоңғарлардың Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды басып алуының қазақ қоғамының экономикалық және мәдени өмірі үшін елеулі зардаптары болды. Қазақ рулары сауда және қолөнер орталықтарынан ажырап қалды. Қазақ жүздерінің арасындағы шаруашылық-саяси байланыстар әлсіреді.
Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамының әлеуметтік қатынастарына да теріс әсерін тигізді. Елдің құлдырауы мен күйзелуі салдарынан кедейлер, қоңсылар, жатақтар және т.б. көбейді. Өз бетімен шаруашылық жүргізу мүмкіндігінен айырылған олар малы көп байлардың бақташылары, үйдегі малайлары ретінде жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан Жоңғар хандығының жаңа шабуылының тікелей қаупі сақталып қалды. Қазақ хандықтары жөнінде барынша агрессияшыл саясат жүргізген Қалдан Цереннің (1727-1745 жж.) билік басына келуі мұндай шабуылдың қаупін күшейтті.
Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қатынастары шиеленіскен күйінде қала берді. Еділ қалмақтары және башқұрттармен қарым-қатынастар да күрделі еді. Осындай жағдайда қазақ билеушілері алдында маңызды да күрделі міндет – қазақ жүздерін сыртқы жаудан қауіпсіздендіру және елдің феодалдық бытыраңқылығының күшейе түскен үрдісін жою міндеті тұрды. Олардың бұған өз күштерімен жете алмайтындығына көздері жете түсті. Солтүстіктегі қуатты көрші – Орыс мемлекетімен одақтасу қажеттігі туралы пиғыл туындады. Осылайша қазақ билеушілерінде орыс-қазақ саяси және экономикалық байланыстарын нығайтып, Ресейдің қарауына кірудің жолдарын іздеуге деген ұйғарым қалыптасты.

  1. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы және оның салдары.

Қазақ халқының тарихында XVІІІ ғасырдың басы аса бір ауыр кезең болды. Тәуке хан 1718 ж. қайтыс болған соң қазақ жүздері арасындағы саяси және шаруашылық байланыстар әлсіреп, билеуші топтар арасындағы алауыздықтар барған сайын үдей түсті. Тәуке хан тұсында бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырады. Белгілі орыс тарихшысы – ғалым А.И.Левшин өзінің “Описание киргиз – казачьих или киргиз – кайсацких орд и степей” деген еңбегінде Қазақ хандығын Тәуке хан билеген кезеңді былай сипаттайды: «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургы, Драконты – сол адам. Тәуке ала ауыз болып, қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен әділдігінің арқасында жұрттың бәрін өзіне мойынсұндыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әулетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, тәубәсіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты».


Тәукеден кейін Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандықтарға бөлінді. Жүздердің әрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің (1720-1740 жж.), Қайып (1716-1719 жж.), сосын Сәмеке (1719-1734 жж.) Орта жүздің, Әбілхайыр (1718-1748 жж.) Кіші жүздің хандары болды. Тәукенің тағына отырған оның баласы Болаттың (1718-1726 жж.) Ұлы хан деген атағы ғана болды. Саяси тұтастығынан айырылған мемлекеттің экономикасы да әлсірей бастады. Жүздердің арасындағы шаруашылық байланыстар және сыртқы сауда-саттық үзіліп қалды. Қолөнер мен сауданың орталығы болған Оңтүстік Қазақстандағы қалалар құлдырады. Көшпелі және жартылай көшпелі аймақтармен отырықшы халықтың арасындағы байланыстың әлсіреуі халықтың әлеуметтік, мәдени, психологиялық, демографиялық жағдайын төмендетті.
Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы жағдайы да шиеленісе түсті. Жоңғар шапқыншылығы күшейді. 1690-1697 жж. болған Қытай – Жоңғар соғысы кезінде ойраттар (жоңғарлар) біраз жерінен, адамынан (50 мың), малынан айырылды. Қытайға қарсы күресуге күші жетпеген Жоңғар мемлекеті соғыста айырылған байлықтарын (адам, жер, мал) Қазақ хандығының есебінен қайтаруға тырысты. Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының көш-қоныс жерлеріне жақындады. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне Орта Азия хандықтары, Еділ бойындағы қалмақтар, башқұрттар мен Сібір казактары да үздіксіз шабуыл жасап отырды.
ХҮІІІ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылдардың басындағы жеңістердің нәтижесінде жоңғарлар қазақтың біраз жерін босатуға мәжбүр болады. Әрине, қазақтың барлық жері түгел азат етілмесе де, бұл үлкен жетістік еді. Қазақтар осы шайқастарда біріксе ғана біртұтас күш ретінде елі мен жерін қорғауға шамасы жететінін көрсетті. Алайда, Ұлы хандық билік үшін күрес қазақтарды тағы бөлшектеді. Ұлы хандықтан үміткер Кіші жүзден - Әбілқайыр, Орта жүзден - Сәмеке өздерін елеусіз қалдырды деп, Аңырақайдағы жеңістен соң шайқас алаңын тастап кетіп қалды. Осы ішкі алауыздықтарды, қырқысуларды пайдаланған жоңғарлар қазақ жерлерін басып алу үшін қайтадан батысқа қарай жылжыды. Осындай қиын–қыстау жағдай Әбілқайыр ханды Ресей мемлекеті сияқты одақтас іздеуге мәжбүр етті.
1730 жылы жазда Әбілқайыр Уфа наместнигі арқылы Петербургке Сейітқұл Құндағұлы мен Құтлымбет Қоштайұлын елші етіп жіберіп, Ресей империясының бодандығына қабылдауды өтінеді. Тұтас алғанда Кіші жүздің Ресей бодандығын қабылдауының объективті негіздерін жоққа шығармай, Әбілқайырдың алысты көздейтін жеке басының менмендігін, оның барған сайын айқын көріне түскен қара басын ойлаған мүдделерін естен шығармау керек екенін атап өтеміз. Хатында Әбілхайыр хан Орта және Кіші жүз қазақтарымен түгел Ресей бодандығын қабылдайтынын атап көрсетті.
Еділ қалмақтарын, Қабарда княздігін, Грузин билеушілерінің жерлерін Ресей құрамына қабылдау Сыртқы істер алқасы дипломатиялық қызметінің өрісін едәуір кеңейтті. Бұл жолы да Әбілхайыр ханның елшілігіне барынша құрмет көрсетілді. Оның Құтлымбет Қоштайұлы бастаған 7 адамнан тұратын елшілері құрметпен қабылданып, бағалы сыйлықтар тартылды. Әбілхайырдың өтінішін қабыл етудің себебі орыс патшасы І Петрдің XVІІІ ғ. басында Қазақ хандығы туралы айтылған пікірінен белгілі. Ол: «…барлық Азия елдері мен жерлеріне кірудің кілті мен қақпасы дәл сол орданың (Қазақ хандығының) өзі ғана, осы себептен де солар арқылы барлық Азия елдерімен қатынасатын жолымыз болуы үшін қазақ ордасы Ресейдің қол астында болу керек» деген еді.
Осы мақсатта ол қазақ жеріне 1713-1720 жж. бірнеше экспедициялар жібереді. Алғашқысын 1713 ж. кінәз Александр Бекович-Черкасский басқарды. 1715 ж. И.Д. Бухгольц экспедициясы жасақталды. І Петрдің И.Д. Бухгольцке арнаулы жарлығында оған Тобылға бару және онда аталған губернатордан 1500 әскери адам алып, солармен Ямышев көліне бару, онда қала жасап, аталған адамдарымен жаңадан салынған бекініс пен оның маңайына орналастыратын жерге жету міндеттелді. Осы әскери экспедиция үшін адамдар Томскіден, Түменнен, Тарадан және төңіректегі қыстақтардан жинап алынды. Деректерге қарағанда, 70- ке жуық әртүрлі зеңбіректер алынған. И.Д.Бухгольцтің қырдағы жүрісінен ойраттар қауіптенбеу үшін қонтайшы Цеван-Рабтанға алдын-ала Сібір губернаторының арнаулы өкілдері жіберілді. 1715 жылы 1 қазанда экспедиция Ямышев көлінің жағасына жетіп, сол жерде бекініс салды. 1716 ж. Омбы бекінісінің іргесі қаланады. 1717 ж. полковник П.Ступин экспедициясы Ямышевск бекінісінің іргесін одан әрі бекітеді, 1718 ж. П.Северскийдің отряды Железинск бекінісін салады, ал В.Чередов басқарған екінші отряд Семей бекінісінің іргесін қалайды, 1720 жылы И. Лихарев экспедициясы Үлбі өзенінің Ертіске құятын жерінде Өскемен бекінісінің негізін салады. Ресей мемлекеті үшін Қазақ хандығы «Азияға кіретін кілт пен қақпа” ғана емес, ол бірнеше мың халықтың бейбіт жолмен империяға қосылуы, Ресейдің оңтүстік-шығыс шекарасында тыныштықтың орнауы еді. Сонымен бірге Ресей қазақтар арқылы жоңғарлар мен башқұрттарға күш көрсетуге немесе әлсіретуге мүмкіндік аламыз және Орта Азия халықтарын бағындыруға жеңілдік туады деп есептеді.
1731 жылы 19 ақпанда Ресейдің патшасы Анна Иоановна қазақтарды Ресей бодандығына қабылдау жөніндегі құжатқа қол қойды. Бұл құжатта былай жазылған: біріншіден, қазақтар патшаға берік болса және де салық төлеп тұруға уәде берсе, екіншіден, Ресей азаматтары қазақтарды ренжітпесе, қорлық көрсетпесе; үшіншіден, қазақтарға біреулер шабуыл жасаса, Ресей империясы оларды өз азаматтарындай қорғаса, төртіншіден, тұтқынға түскен орыс азаматтарын қайтарып, башқұрт және де қалмақтармен тату-тәтті боламыз деп қазақтар уәде беріп отырса, біз оларды Ресей империясының қол астына аламыз да, оның боданы деп есептейміз. Ал қазақтар, империяның боданы болған соң, өз жерлерінде Ресей бодандарына ешқандай қиыншылық жасамай, ренжітпей, тату-тәтті болуы қажет.
Осы грамотаны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылдың 31 сәуірінде Ресей Кіші жүзге Сыртқы істер коллегиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған арнайы елшілік жіберді. Патша үкіметі А.И.Тевкелевті қырғыз-қайсақ ордасын Ресей бодандығына келтірудегі міндеттері белгіленген Мемлекеттік сыртқы істер алқасының 12 тармақтан тұратын нұсқауымен жабдықтады. Бұл құжат дипломатиялық миссия үшін іс-қимыл бағдарламасы болды. Онда Ресей елшісіне тек Кіші жүз қазақтарын ғана емес, бүкіл қазақ хандығын түгел бодандыққа өткізу міндеті қойылған еді. Нұсқауда Ресей бодандығын қабылдау мәселесінде хан төңірегінде алауыздықтар анықталған жағдайда дипломаттың еркін нұсқаулар таңдау мүмкіндігі болды.
Империяның ішкі губернияларына неғұрлым жақын орналасқан Кіші жүзге дипломат жібергенде үкіметте ол жөнінде жеткілікті ақпарат болған жоқ, тек Қазақстанның солтүстік- батыс аудандары туралы Сыртқы істер алқасының кеңсесінде бәрі алдын-ала алынған, үзік- созық сипаттағы мәлімет болды. А.И.Тевкелев дипломатиялық тәжірибені қазақ жерінде жүріп жинақтады. Нұсқауда оған қырғыз-қайсақтар туралы мәліметті жазып алу, елдің орфографиясын, халыққа бодандықтың ұнайтын-ұнамайтынын, оның көршілерінің кімдер екенін, өздері зеңбіректер құя білетін-білмейтінін зерттеу міндеті жүктелді. Осы нұсқау негізінде А. И.Тевкелев күнделік–журнал жүргізген.
Белгілі тарихшы Н.Маев 150 жыл өткен соң, өзі жинаған деректер негізінде даладағы істің жайы туралы да, халықтың салты туралы да, тіпті оның тілектері туралы да сенімді мәліметтері болмай, жорамалмен әрекет еткен үкіметтің көзқарасын сын көзбен бағалады.
1731 жылы 5 қазанда А.И.Тевкелев Ырғыз өзеніндегі хан ордасы орналасқан Майтөбе сайына келді. Атақты мейманды бастап жүруді Әбілхайыр хан үлкен баласы, тәжірибелі жауынгер, әкесінің қызметін түгелдей қолдаған Нұрмұхамед Әли Баһадүрге (Нұралыға) тапсырды. Алайда Ұлы даланың тілі де, әдет-ғұрпы да жақын, түсінікті болған бұрынғы татар мырзасының күрделі дипломатиялық мансабының алғашқы қадамдарының өзі көрнекті ақсақалдардың, сұлтандардың зор қарсылығына ұшырады. Олар орысқа бодандық туралы естігілері де келмеді, «ханды соқыр тиын сияқты да көрмеді” тіпті оны өлтіруге тырысқаны туралы дерек бар. Осы жағдай Әбілхайырдың Ресей патшасына елшілерді билеуші топтармен және халықпен ақылдаспай жібергендігін дәлелдейді. Ал Тевкелев болса өз басының пайдасын ойлап келген адам, сондықтан ол өз мақсатын орындау үшін қазақтың кейбір ақсақалдары мен билеріне мол сыйлықтар беріп, алдап-сулап әрен көндірген деп жазады тарихшы С.Асфендияров. А.И.Тевкелев күнделігіне 2 жылға жуық уақыт бойы үнемі өлім қаупіне бас тіге жүріп, аштыққа шыдап, бүкіл қабілетін жұмсап, бүкіл орданы көндіргенін жазды.
Бірінші болып бодандыққа Әбілхайыр хан ант берді, оған Бөкенбай ақсақал, содан соң Есет батыр қосылды. Сол арада адалдыққа 27 ақсақал ант берді. Сонымен қазіргі кейбір басылымдарда жазылып жүргендей бастапқыда антты 27 емес, ханнан басқа 29 адам бекітті. Бодандықты қабылдаған Әбілхайыр Ресей империясының шығыс шекарасын, орыс көпестерінің сауда керуендерін қорғауға, орыс мемлекетіне әскери көмек көрсетуге, бағалы терілерден салық төлеуге уәде берді. Бірақ бұл уәделердің бәрі толық орындалған жоқ. Сонымен қатар Әбілхайыр патша өкіметінен өз ұрпағында хандық биліктің қалуын, іштен және сырттан қиындықтар туа қалған жағдайда, өзіне тірек және қорған болатын Ор бекінісін салуды талап етті. Әбілқайырдың бұл талаптарына патша өкіметі үлкен мән бермеді, себебі жоғарыдағы талаптар патша үкіметінің шығыс шекарасындағы мүдделеріне қарсы келмеді. Тіптен Хан ордасы мен шекаралық аймақта бекініс салу Ресей үшін хандық бодандықты нығайтуға тиімді еді.
1731 жылы Кіші жүз бен орыс мемлекетінің арасындағы қарым-қатынас осы жылы Ресей империясының протекторатын қабылдау туралы құжатқа қол қойғаннан бастап іс жүзінде бекітілді. Бұл сонда, қандай қарым-қатынас? «Протекторат немесе қамқорлық қатынастар - бастапқыда күшті және әлсіз мемлекеттердің арасында ерекше хұқықтар мен өзара міндеттемелер белгілейтін шартқа негізделген қатынастар. Оның мәнісі – алғашқысы кейінгісін қорғаса, ал кейінгісі алғашқысына егемендігін сақтай отыра белгілі қызмет көрсетеді” дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» деген еңбегінде. Протекторат – қорғаушы, қамқоршы, тірегі, демеушісі. Протекторатын қабылдау – күшті мемлекет әлсіз мемлекеттің қорғаушысы, қамқоршысы, демеушісі, арқа сүйегіші, тірегі болады, ал әлсіз мемлекет сол үшін белгіленген (келіскен) міндеттер атқарып отырады. Басқаша айтқанда, Ресей империясы Қазақ мемлекетін (Кіші жүзді) сыртқы жаулардан қорғап, ішкі саясатына араласпай, қазақтардың егемендігін сақтап қалуға мүмкіндік жасауға тиіс. Әбілхайыр ханның Ресей патшасына жазған хатына, Анна Иоановнаның қазақ халқына берген грамотасының мазмұнына қарап, бұл тарихи процесті Қазақстанның өз еркімен Ресей империясына кірді деп айтуға болмас. Кіші жүз басшылары Ресей империясының протекторатын қабылдауы немесе оның «боданы» болуын сұрауы тарихи факт. Алайда «бодан» (подданный) қосылу емес. Ол тату болу, бейбіт қарым– қатынас жасау, одақтасу, адал болу деген ұғымдарды білдіреді.
Әілхайыр хан Ресеймен татулыққа жету арқылы таққа талас мәселесін шешуді ойлады, яғни өзінің билікке жетуінің бірден-бір жолы деп үміттенді. Екіншіден, халықтың ұзақ соғыстан шаршағанын, экономиканың қансырағанын, орыс бекіністерінің қаптауын, орыс- казак станицаларының салынуын және жоңғарлар мен Еділ қалмақтарынан, Орта Азия хандықтарынан, Қытайдан келетін қауіп-қатерлерді ескере отырып, ол Ресейден бодандықты сұрауға мәжбүр болды. Дәл осы сәтте хан тағына лайықты адам «соғыс тәжірибесі мол, атағы да, абыройы да зор, өктем мінезді, өркөкірек Әбілхайыр …» болды дейді тарихшы Ж. Қасымбаев. Ал М. Мағауиннің пікірінше: «… үш жүздің әскерлерінің бас қолбасшысы сайланып, өзінің ұйымдастырушылық дарын, қабілеті, жеке басының ерлігімен аты шыққан, оның үстіне тәжірибесі мол…Әбілхайырдың аға хандықтан үміт етуіне негізі бар еді …». Тарихшы-ғалым М.Қ. Қозыбаевтың пікірі де осы мағынамен ұштасады. Ол: «Сол бір сәтте төре әулетінде Әбілхайырдан басқа жан жоқты. Алайда бақ таласы, тақ таласы, жүздік талас нәтижесінде бұл мақсат іске аспады. Әбілхайыр хан халық бірлігін, оның болашақ тірлігінің өзіндік жолын іздеді …» дейді.
Сонымен қатар Ресей патшалығы қазақ хандықтарын түгел өзіне қарату мақсатында бұл өлкеге бірнеше экспедиция жасақтады. 1734 жылы мамырда қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Көп кешікпей оны Орынбор экспедициясы деп атады. Ол экспедицияны сенаттың обер хатшысы И. К. Кириллов басқарды. Ол өлген соң 1737 жылы Н. Татищев келді. Бұл экспедициялардың мақсаты Кіші жүз және Орта жүздегі ықпалды Шыңғыс ұрпақтарының бодандығын нығайту болды. 1740 жылы Орынбор бекінісіне олар қазақтың беделді сұлтандарын шақырып, Ресейге өздерінің бодандығын мойындауды талап етті. Осы жолы орта жүздің біраз сұлтандары Ресей бодандығын қабылдады. Алайда, айта кету керек, бұл жерде бодандық қабылдау тұралы құжатқа қол қою рәсімі болған жоқ. Осыған байланысты айта кететін жәйт, қазақ билеуші топтарының бодандық туралы мәселеге өте селқос қарауында. Оған патшалық Ресей империясының қазақ билеуші топтарынан ант алу рәсімін жиі қайталауы себеп болды. Мысалы: Әбілқайырдың өзі үш рет ант берген. Әбілқайырдың 1742 жылы тамыздың 20-жұлдызында берген антының 1731, 1738 жылдардағы анттарының мәніндей құны болмаған.
1740 жылы Қытаймен бейбіт бітім жасасқан жоңғарлар 1741 ж. Орта жүз қазақтарының жеріне басып кіреді. Күтпеген соққыны қазақтар қайтара алмай, Кіші жүз жеріне қарай шегінуге мәжбүр болады. Әбілхайыр хан дереу Ресейден әскери көмек сұрайды. Бірақ Ресей империясы көмек көрсетпейді, өз азаматтары (подданныйы) ретінде санап, сыртқы жаудан қорғамайды. Бұл жерде Ресейдің екіжүзді саясаты көрінеді және де Орта жүздің Ресей протекторатын қабылдауы жай ғана сөз жүзінде қалып, ешқандай саяси мағынасы болмаған деп айтуға болады. Ресей империясы қазақ хандығының күшеюін немесе біртұтас болғанын қаламады. Себебі, ондай мемлекетті бағындыру қиын болатынын түсінді. Сондықтан Ресей қазақ билеушілерін бір–біріне айдап салу және түрлі сыйлықтар мен атақтар таратып өз мақсаттарына пайдалану, қазақ жерін Ресей империясының отарына айналдыру саясатын ұстанды. Ресей Әбілхайыр ханды патша үкіметіне түгелдей тәуелді ету үшін оның ұлы Қожахметті аманатта ұстады. Тарихшы С. Асфендияровтың пікірі бойынша патшалық үкімет Қазақстанға достық және бодандық туын желеу етіп, жыртқыштық, тонаушылық саясатты ұстанды.
Патша үкіметінің Кіші жүздегі өз ықпалын күшейтуге бағытталған шаралары Әбілхайыр ханды қарсылыққа мәжбүрледі. 1744 жылы ол қарақалпақтарды шауып, Астраханнан Хиуа мен Бұқараға тауар алып бара жатқан көпестерді тонайды, 1746 ж. Ресей қарамағындағы қалмақтарға, сосын орыс шекараларына шабуыл жасайды. Жоңғар хандығы әлсіреген кезеңде қазақ жеріне орыстар билігінің таралуына орай бұл мәселелер Әбілхайырдың Орынбор әкімшілерімен жиі өткізілген қиын келіссөздердің нысанасына айналып, егес, күтпеген түсініспеушіліктер туғызды. Осы жағдай Әбілхайыр ханның Ресей жағына қатысты бұрынғы адал және ізгі ниетті көзқарасының салқындауына себеп болды. Әбілхайыр ханның Ресей билеушілеріне қарсылық көрсеткені төмендегіден көрінеді. 1748 жылы Әбілхайыр ханды Орта жүздің Барақ сұлтаны өлтіргенде Ресей империясының шенеуніктері былай деп жазған: «Әбілхайыр хан қаншалық қиянат жасаса да, басқаларға қарағанда бірінші болып императордың ұлы мәртебесінің қол астына кірген еді».
Осы жылы патша үкіметі Кіші жүздің хандығына Әбілхайырдың баласы Нұралыны бекітті және ол Петербордан Орынборға әкелген сыйлықтарға ие болды. Патша Анна Иоанновнаның атынан келген тартулар атап айтқанда, «татар және орыс тілдерінде жазулары бар қылыш, бұлғын тон, қара түлкілі екі бөрік, мәуіті тон …», - дей келе, сонымен бірге қасындағы інілеріне, анасына, старшын, бий т.б. сыйлықтарға «жалпы 3000 руб. ден де көп қаржы жұмсалды …», - дейді В. Витебский «Неплюев және 1758 жылға дейінгі бұрынғы құрамдағы Орынбор өлкесі» деген еңбегінде. Ресей мемлекетінің бұл ісі қазақ мемлекетінің ішкі саясатына араласуға жағдай жасау, яғни мемлекетті бостандығынан, тәуелсіздігінен айыруға жол бастау еді. Бұл жерде Ресей империясының дипломатиялық корпусы үлкен рөл атқарды. Мысалы: Бекович–Черкасский, Тевкелев тәрізді басқа ұлт өкілдерінің қазақ жеріндегі әскери–зерттеу миссиясы Ресейдің қазақ жеріне ендеп кіруіне мүмкіндік туғызды.
ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары-ақ Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының Ресей протекторатын қабылдағанына қарамастан, олардың бағынуы нақты болмады. Себебі, қазақ билеушілері бұл кезде жоңғар жаулаушыларымен қырғи-қабақ соғыста еді. Оның үстіне Қазақстан шекарасында күшті Цин империясының пайда болуы күрделі саяси жағдайдың тууына және қазақтардың Ресей ықпалынан шығып кету қаупіне әкеліп соқты. Жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне әлсін-әлсін шабуылын Ресей үкіметі тиімді пайдалануға тырысты. Осыған орай Қазақстанның осы аймақтарын Ресей бодандығында ұстау шекаралық өкімет орындарының негізгі міндетіне айналды. Ресей әскери күштері Қазақстанмен шекара аймақтарында бекіністер салуды үдетті. Ресей империясы ХVІІІ ғасырдың 30-40 жылдары Қазақстанның солтүстік-батыс шекарасында Верхнеяицкіден Звериноголов бекінісіне дейін созылып жатқан Үй бекініс–шебін салды. Оның ұзындығы 770 шақырым болды. 1752 жылдың жазында генерал С.В.Киндерманның басшылығымен 11 бекіністен тұратын Новоишим бекіністі шебін салу басталды. Оның жалпы ұзындығы 662 шақырым болды. Осы бекіністі шептің ең бастысы Есілдегі Петропавл болды. Бекіністі шептің басты мақсаты Үй және Ертіс шептерін жалғастыру болатын. Осы шептердің салыну салдарынан қазақтардан ені 50 шақырымнан 200 шақырымға дейін жететін жер көлемі алынды. Ресейдің Қазақстан территориясына экспанциясы нәтижесінде 1752 жылдан бастап Ертістің жоғарғы ағысындағы Үлбі, Бұқтырма және Нарын бойындағы жерлердің Ресейге қосылғаны туралы ресми түрде жарияланды.
Ресей империясы қазақ жерін отарлау саясатын барған сайын күшейтті. Шекаралық өкімет билеушісі И.И.Неплюевтің “бөліп ал да билей бер“ принципіне негізделген идеялары мен жоспарлары қолданысқа кірді. Қазақ руларының Жайыққа, Жайық қалашығы мен бекіністерге жақын жерлерде көшіп жүруіне тиым салу туралы 1742 жылы 19 қазанда жарлық шықты. Кейін ол 1756 жылы толықтырылып, түгел Жайық пен Еділ арасында қазақтарға көшіп-қонуға тиым салынды.
1760 жылы Өскемен бекінісінен Телец көліне дейін бекіністер салына бастады. 1761 жылы Өскеменнен Зайсанға дейін Бұқтырма шебінің бекіністері пайда болды. Осы алынған жерлерді шаруашылықпен игерген кезде ғана бекітіп алуға болатынын түсінген шекаралық өкімет орындары бұл аудандарға ел қоныстандыруға белсене күш–жігер жұмсады. ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарында-ақ Алтайға Тобыл губерниясынан 2 мың шаруа мен әртектілер көшіріліп әкелінді. Сонымен бірге шекаралық өкімет органдары қазақтарды шекаралық аудандардан ығыстырып тастау жөнінде шаралар қолданды. 1755 жылы Сыртқы істер алқасы Сібірдің өкімет орындарына қазақтар “бұлайша еркін өту олардың дағдысына айналмау үшін Ертістің оң жағына өткізілмесін” деген нұсқау берді. 1764 жылы қазақтардың Ертіске 10 шақырымнан және орыс бекіністерінен 30 шақырымнан жақын жерде көшіп жүруіне мүлде тиым салынды. Осылай 1730-1740 жж. Кіші және Орта жүз билеуші топтарының Ресей бодандығын қабылдауы нәтижесінде солтүстік–батыс Қазақстан жері Ресей империясының отарына айналды.

Абылай ханның қазақ хандығын нығайту жолындағы қызметі.

Абылай хан туралы көптеген дастандар, аңыз-әңгімелер, өлең–жырлар, тарихи деректер мен зерттеулер бар. Абылай ханды еске алғанда біз оны батыр, Орта жүздің сұлтаны, сосын Орта жүз және де бүкіл қазақ халқын біріктіріп, қазақ хандығын біртұтас мемлекет ретінде сақтап қалып, оның Ұлы ханы болып, өзіне қазақтың барлық хандары мен билерін– сұлтандарын бағындыра алғанын және де саяси қайраткер, ақылды қолбасшы, дарынды мәлімгер, күйші екенін айтқанымыз жөн.


Абылай хан бүкіл өмірін қазақ халқы (қазақ елінің) бостандығы, егемендігі үшін арнады. Шоқан Уәлиханов «Қазақ жерінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманы оларда қазақтың ерлік заманы болып саналады» деп жазған еді. Абылайдың шын аты - Әбілмансұр. 1711 жылы әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін өте қауіпті, ауыр кезең еді. Үш айдаһардың (Жоңғар, Қытай, Ресей) ортасында қазақ мемлекетінің жойылып кету қаупі төніп тұрды. Қытай мен Ресей жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып отырды. Ауыр «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдары Абылай 12 жасында жауынгерлердің қатарына қосылады да, 22–де батыр, қолбасшы ретінде танылады.
XVІІІ ғасырдың орта шенінде қазақ елін жаулардан қорғау үшін Абылай Ресеймен және Қытаймен татулық, достық қатынас сақтап, олардың қолдауы арқасында жоңғар басқыншылығын талқандауды жөн көрді. Ең ірі қауіп жоңғарлардың басқыншылығы екендігін түсінді. 1740 жылғы шайқаста Абылай қазақ жауынгерлерінің тікелей қолбасшысы болды. Қазақ әскері жоңғарларға қатты соққы берді. Жоңғарлар көп шығынға ұшырап, кейін шегінуге мәжбүр болды. Абылай қазақ әскерлерін ұйымдастырып, жауға қарсы көтеріп, басын біріктіріп, негізгі әскери күшті жинап көрші мемлекеттерге қазақ хандығы біртұтас ел екенін көрсетті. Абылай сұлтан бұл кезде қазақтарды біртіндеп жоңғар шабуылдарынан құтқарып, елдің тыныштығын, халықтың тұтастығын, мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігін сақтап қалуды мақсат еткен. Бұл мақсатты іске асыру барысында ол Ресей империясының 1740 ж. Орынборда (тамыздың 28-і) сұлтан Абылай «верным добрым и послушным … и подданным быть …» деп Ресей империясының өкіметіне, кейін Қытай мемлекетінің бодандығын қабылдауға мәжбүр болды. Тарихшы – ғалым Н. Мұхаметқанұлы «XҮІІІ ғасырдағы Чин патшалығы мен қазақтардың қарым-қатынасы» атты мақаласында былай деп жазады: «1755 ж. Орта жүз ханы Абылай Чин хандығының елшілерін күтіп алған кезде, оларға Чин хандығына бағынышты болу ниетін білдірді: «Ұлы мәртебелі патшаның орталық ойпатты билеп отырғанын бұрыннан естуші едім, арада асқар тау, алып өзендер көп, жер шалғай болғандықтан тарту-таралғы апара алмадық. Міне, бүгін патшаның құдіреті шалғайды шарлап, Ілені сапырып, Лама дінін көркейтті. Қазақтар мен жоңғарларға тыныштық орнатылды деп қуанып отыр. Мен шын ниетіммен мәртебелі патшаға қараймын». Ал бұл туралы А.Левшин былай деп жазады: «Жауын сұсымен де, күшімен де сескендіре отыра, ол өз қалауымен біресе Ресейдің, біресе Қытайдың бодандығын қабылдауға мәжбүр болғанымен шын мәнінде ешкімге де бой ұсынбаған тәуелсіз басшы болды».
Екі ірі мемлекетпен дипломатиялық, сауда қарым–қатынастарын орнатып, кезінде жоңғарлар басып алған Алтай, Тарбағатай өңіріндегі қазақ қоныстарын қайтарып алды. Қазақтар жаппай ата-мекендеріне орала бастады. Жоңғарлармен күресте халықтың басын біріктіруде ерекше рөл атқарды. Абылай сұлтан өзінің шебер саясаткерлігінің арқасында Ресей мен Қытай сияқты ірі империяларды өз саясатымен санасуға мәжбүр ете отырып, іс жүзінде елдің дербестігін, жерінің тұтастығын сақтап қалды.
Абылай өткір ойлы, терең білімді шешен адам болған. Бірнеше түрік халықтарының және де парсы, қытай, орыс тілдерін жетік білген. 1741 жылы Абылай сұлтан жоңғарлардың қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Тұтқында болған екі жыл ішінде олардың тілі мен жазуын үйреніп, жоңғар хандығының ішкі саяси жағдайын жіті бақылап, бұл мемлекеттің күштілігі – мықты орталықтанған билікке бағынуында және де халықтың бірлігінде екенін түсінеді. Абылай сұлтан және де бірге болған серіктері, барлығы отыз бес адам қалмақ тұтқынынан 1743 жылдың 5-і қыркүйегінде елге қайтып оралады. Абылайдың тұтқындағы екі жылдай уақыт ішінде өзінің қадыр–қасиетін жоғалтпай жоғары ұстауы, сөз жүйесіндегі тапқырлығы мен батылдығы жауларын таңқалдырған. Қалдан Церен Абылайдың даналағына бас иіп, оған жоғары мәртебелі сый–сыяпат көрсеткен және де «ол (Абылай) заманынан жүз жыл бұрын ерте туды, бүкіл әлемді билеу қолынан келеді» деп тегіннен–тегін айтпаған болар. Осы мәселеге байланысты орыс деректерінде былай жазылған: «Он, Аблай, от зюнгарцев с великим награждением отпущен, а именно: дана ему палатка, шитая золотом шуба, крытая парчою золотою, палатка железная складная, панцырь и прочее». Жоңғарлардың қонтайшысы Қалдан – Церен «менің ұлымды өлтірген сен бе?» - дегенде Абылай былай жауап берген екен «… балаңды өлтірген мен емес, халық, менің қолым халықтың бұйрығын орындаушы ғана».
ХҮІІІ ғ. 50-шы жылдары Жоңғар мемлекеті саяси дағдарысқа ұшырап, әлсіреп, ыдырай бастады. Бірақ, Абылай хан ол елді қырып шапқан жоқ. Себебі Қытай империясымен Қазақ елінің арасында буферлік рөл атқарған Жоңғар хандығының мүлдем жойылуы неге әкеліп соғатынын Абылай жақсы түсінген. Сондықтан да ол қалмақ халқының Қытай басқыншыларына қарсы ұлт–азаттық күресін қолдады. Бірақ, қалмақтар ауыз бірліктен айырылды, соның нәтижесінде 1756-1757 жылдары Цин империясы Жоңғар мемлекетін жойып, халқын қырып тынды.
XVІІІ ғ. орта кезінен бастап Абылай қазақ елінің ерікті, іргелі біртұтас ел болуын, ата қонысына жайғасып, бейбіт еңбек етуін қалады. Ол елді отырықшылыққа көшіруді, Үш жүздің басын қосуды, туған Отанын жаудан қорғауды мақсат етті. Абылай хандық құрған кезде ханның жанында Кеңес болған. Оған барлық жүздердің өкілдері қатысып, маңызды мәселелерді қарайтын және де бүкілқазақтық Құрылтай шақырылып, соғыс пен бітім, қоныс пен жайылым, дау мен дамай, басқа халықтармен арадағы сауда мен дипломатиялық қарым – қатынас мәселелері қарастырылып отырды.
Ташкент, Ходжент, Сайрам, Шымкент, Созақ, Түркістан қалалары азат болған соң, яғни қазақ хандығына қайтадан қарағаннан кейін, Үш жүздің бірлігінің көрінісі ретінде ежелгі Түркістан қаласы қазақ мемлекетінің астанасы болып белгіленді.
Мемлекеттің тәуелсіздігін сақтау үшін, басқыншылардан елін қорғай алатын жауынгерлік қабілеті бар әскери күш жинап, оларды басқаратын тапқыр әскер басшыларын өзінің қасына жинай білген және де өзінің жоғары дәрежедегі қолбасшылық қасиеті бар екенін көрсете алған. Орыс казактары салып жатқан бекініс, қамал–қалалардың маңындағы жайылымды жерлерден айырылып қалмау үшін, орыс мұжықтарынан қазақтарға егіншілікті үйретуге әрекет етті.
Ал сауда–саттық жүргізу ісіне көп көңіл бөлгені де орынды еді. Бұрын айырбас сауда тек Орынборда ғана жүргізілсе, енді 1760-шы жылдары Троицкіде, Семейде, Қызылжарда жүргізілетін болды. Ертіс өзенінің сол жағын бойлай шығысқа – Қытайға қарай «Абылай жолы» атты сауда жолы салынды. Қазақ хандығы мен Қытай арасындағы сауда–саттық биік дәрежеге көтерілді. Тарбағатай мен Құлжада жәрмеңкелер ашылып, олар қазақтарға малын, қолөнер бұйымдарын Қытай тауарларымен айырбастауға мүмкіншілік тудырды және Ресей мен Орта Азия мемлекеттеріне де Қытаймен сауда қарым–қатынасын орнатуға жол ашты.
1771 жылы үш жүздің өкілдері жиналып Абылайды бүкіл қазақтың ханы етіп сайлайды. Оның хан атағын Қытай императоры да, орыстың ақ патшасы да бекітеді. Ресей патшасы Екатерина ІІ Абылайды хандыққа бекіту, әйтпесе, оған әлдебір нұсқаулар беру үшін оны талай рет Петербургке, не Орынборға арнайы шақыртады, алайда Абылай хан ол шақыртуларға: «Мені үш жүзге хан қылып халқым сайлады, ендеше бұған қоса айрықша бір куәлік алудың қажеті жоқ», - деп жауап берген. Шын мәнінде де Абылай ханның тұсында қазақ мемлекеті өзінің ішкі, сыртқы саясатын ешкімге жалтақтамай дербес жүргізді. Ол өз мемлекетінің дербестігін бәрінен де жоғары санады.
Сондықтан, Цин империясы Жоңғар мемлекетін қырып-жойып, шауып тастағаннан бастап Абылай бірнеше елшілер жіберіп, Қытай мемлекетімен бейбіт саяси қатынас орнатуға тырысты. Қытай империясы бірнеше қайтара шапқыншылық жасап, қазақ жерін жаулап алмақшы болды. Қытай мемлекетін жеңу оңай емес екенін түсінген Абылай хан онымен бейбіт келісімге келіп, сауда–саттықа жол ашып, оны Ресей империясына қарсы қолданған. Қытаймен бейбіт қарым–қатынасты өрбіте отырып, Абылай Ресеймен де қалыптасқан саяси және экономикалық қатынасты үзбеген. Ресей империясы қазақ жерінің шекарасына бекіністер, қамал–қалалар салып, оларды орыс казактарымен толық жайғастырып жатқанда және де Жайықтың, Ертістің тағы басқа өзендердің жағасына қазақтар малын жаюына тиім салу жөніндегі жарлықтарын шығарғанда Ресеймен жағдайды шиеленістіруге бармай, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысты. Ресей патшалығының отаршыл, басып алу саясатының құрбаны болу қаупі тұрғанын сезді.
XVІІІ ғ. 70-шы жылдары Түркістан аймағында тұратын қазақтарды қырғыздар шауып, мал-жандарын айдап әкетіп отырады. Қазақтар Абылайдан өздерін қорлықтан құтқарып, қорғауды талап етеді. 1779 жылы Абылай әскерлері қырғыздарды талқандап, басшысы – Садырбаланы тұтқынға алады. Қырғыздар келісімге келіп, бітім жасауды өтінеді. Сосын, Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ қалалары босатылады, ал 1781 жылы Ташкентті бағындырады, оны алым–салық төлеп тұруға міндетті етеді. Абылай хан «… өзі әулет басы ретінде рубасыларының ғұрпы бойынша өмір сүру үшін Түркістанда қалды. Сонда 1781жылы дүние салып, мүрдесі Қожахмет Яссауидің мешіті алаңына жерленді», - дейді Ш. Уәлиханов.
Абылай хан мемлекеттің, қазақ халқының жағдайын шұғыл түзеді. Абылай кезеңі тарихта ең бір елеулі кезең болды. Жау қуылды, халық өз жерінде емін – еркін тұрмыс құрды, бірлікке, ұйымшылдыққа негізделген хандық билігі құрылды. Солай бола тұрса да Абылай хан көзі тірісінде Қазақ елінің мемлекетінің тұрақты болуының тарихи жағдайын жасап үлгермеді. 1781 жылы Абылай хан дүние салғаннан кейін еліміздің тұтастығы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігінен айырыла бастады.
Абылай хан – XVІІІ ғасырдағы тарихымыздың аса ірі тұлғасы. Ол туралы орыс ғалымы А. Левшин былай дейді: «Абылай тәжірибесі, ақыл – айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны, күші жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың боғда ханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын өз тұсындағылардың бәрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына мінәйім мінезді, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді».
Бұл жерде Абылай ханның XVІІІ ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшілеріміздің бірі екенін айта кеткен жөн болар. Себебі қазақ қоғамында күйдің алар орны айрықша, ең мол дерек көзі күй тілінде және күй аңыздары түрінде сақталған. Абылай ханның күйлерінің тақырыбы нақтылы өмір құбылыстарына арналған және де ел қамы мен халық тағдыры жөнінде толғанған ойларын сипаттайды. Абылай ханның күйлері туралы Ш. Уәлиханов, А. Затаевич сияқты ғалым–зерттеушілер кезінде жазған. Олар: «Ақ толқын», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Қайран елім», «Қоржын қақпай», «Жетім торы» т.б. «Бұл күйлердің бәрі күні осы уақытқа дейін Абылай ұрпақтарына сонау бір даңқты кезеңдерді елестетеді» дейді Ш.Уәлиханов.
Абылай ханның алға ұстаған саясаты, мақсаты – қазақ халқының бостандығы мен бірлігі, мемлекеттігі мен тәуелсіздігі еді. Алайда ол дүние салғаннан кейін қазақ мемлекеті қайта бөлшектеніп ыдырай бастады. Ресей империясы қазақ жерін отарлауды қызу қолға алды. Оны іске асыру әр түрлі жолдармен іске асты, яғни әскери шеп бекіністер салу, қазақ жерін тартып алу, хандық билікті жою, рухани отарлау және т.б.
Абылай кезінде қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы жақсарды. Қазақ халқы бірлікке, тәуелсіздікке, бейбіт өмірге ұмтылды. Абылай сұлтан болған кезінде ақыл– айласымен, сабырлы салмақтылығымен маңайына Төле би, Айтеке би, Қазыбек би, Байдалы би, Сасық билерді, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай т.б. батырларды, Бұхар жырау, Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау сияқты сыншы-жырауларды топтастыра білді. Абылай ел арасында аса зор беделге ие болған. Қазақ халқының басқа халықтармен терезесі тең дамуы үшін жан аямай арпалысқан хан. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Абылай деген ат тәуелсіздік, бостандық, бірлік, ерлік, азаматтық, мемлекеттік тәрізді ұғымдармен бірге айтылатын болды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет