Xxii республикалық студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми конференция материалдары


СЫР СҮЛЕЙЛЕРІ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ АДАМГЕРШІЛІК ТУРАЛЫ ОЙЛАР



Pdf көрінісі
бет32/267
Дата18.10.2023
өлшемі8,13 Mb.
#117865
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   267
 
СЫР СҮЛЕЙЛЕРІ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ АДАМГЕРШІЛІК ТУРАЛЫ ОЙЛАР 
 
Өтегенова Л., Апенов Б.М. 
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ 
 
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында мұсылманша білім алу 
– Сыр елін рухани өрлеу дәуіріне жетелегені белгілі. Мұсылманша оқып, хат танудың 
қазақ қоғамында ағартушылық үдерісті дамытуда мәні күшті болды, өйткені соларқылы 
ойшылдар ғылым мен білімнің заманауи қоғамдағы ролін айқын түсінді, қазақ қоғамы 
болашағын ғылым мен білімді қаншалықты ертерек қабылдап, меңгеруімен 
байланыстырды. Сөз өнерін қастерлеу, білімге, өнерге ұмтылу, адамгершілік пен 
имандылықты жоғары бағалау күнделікті өмір заңына айналды. Бір-бірімен бір заманда 
өмір сүрген Сыр сүлейлерінің шығармаларында ортақ үндестік бар, дегенмен олардың 
барлығының дүниетанымдық ой-пікірлері бір сарында, бір мәселе төңірегінде болды деп 
айта алмаймыз. Басқа ақындарға қарағанда, Омар билікке араласты. Шораяқтың 
Омарының шығармашылығын қарай отырып, оның қоғамдық саяси жағдайға қатысты 
айтқан сындары көңіл аударуды қажет етеді. 
Кеңестік идеологияның барлық адамды тең қыламыз, билік шаруаларға деген 
саясатының барлық халықтар үшін жемісті болмағаны анық, кейбір ұлттар үшін, оның 
ішінде қазақ халқы үшін де зор залалы болғаны анық. Ешқандай ел билеу туралы қабілеті 
мен білімі жоқ солақай белсенділердің қазақ қоғамына жат ұрандармен, жаттанды 
саясатпен ел билеуі, оның салдарынан қазақ тұрмысының төмендеуі оған деген ақынның 
ішкі қарсылығын тудырады және өз ойын өлеңдеріне арқау етеді. 
Түркістан бес болыстық түрлі уәләят, 
Бірінен бірі тауып жатыр жазым... 
Қаз болып қара қарға шақырам деп, 
Бипарық былықтырды қыс пен жазын. 
Сарапсыз совет болып бұзылып тұр, 
Еске алсақ көне ықылымды қылып сарын... 
Кеңестің шықты небір келеңсізі, 
Тоқсанда тоң аударғандай айдап соқа. 
Көңілінде жұрттың бәрін тонды қылмақ, 
Жанына байлап жүріп жарты малта - деп, «Тау еліне» дастанында заман өзгерісін 
талдай отырып, кеңестік идеологияның қазақ қоғамына тигізген залалдарын, теріс 
салдарларын айқын көрсетеді, оның саясатын өткір сынайды, бұзылған қоғамдық өмірді 
мысал етеді.Қазақта «жарлыдан байыған бай жаман», «адамды білгің келсе, қолына билік 
бер» деген нақылдар бар. Қазақ әрдайым билікті алмас қылышқа теңеген. Сондықтан, 
билікті тек қабілеті мен тегі сәйкес келетін адамдарға ғана сеніп тапсырған. Кеңестік 
дәуірдегі тек кедейлерді ғана билікке қою саясатын ақын тектілік институтының бұзылуы 
деп санайды, оның мысалы ретінде шаш пен мұрт қоюды жаңа заман үлгісі, билік көрінісі 
санайтын надандықты атайды.
Бұл күнде баз біреу жүр большевик боп, 
Өскенін өнер көріп шаш пен мұрттың.
Омар ақын дүниетанымының ерекшелігі қоғамдағы мәселе мен айшылықты 


67 
көтеріп қана қоймай, оның шешімін, шығар жолын іздейді, табуға талпынады. 
Адамдардың қолына билік тисе, адамдардың обалына қарамай өзгелеріне әлімжеттік 
қылып, зорлық жасайтынын, қоғам ішінде ашкөздіктен дау-жанжалдардың көбейгенін 
сынай келе, адам ынсабының дүзелуін тек Алладан күтеді, адамдардың пейілі түзелмесе 
оның арты жақсылыққа апармайтынын ескертеді. 
Бір алла «ал, құлым» деп дүземесе, 
Дау-жанжал бүгінгінің ынты-шынты. 
Ғұл-ғұпылық ел ішінде дау көбейіп
Әр жерде көрініп тұр бәле кілті. 
Ойламай обал, сауап іс қылады 
Бір елі биік болса кімнің тұрқы. 
Зүлзала бола ма деп қауіп ойлаймын, 
Алаштың дүзелмесе пейлі, құлқы. 
Сыр сүлейлерінің арасында өзіндік ойы мен орны бар Тұрмағанбет жырлары 
халықты ізгілік пен адамгершілікке, құрмет пен кішілікке үндейді. Оның ой-толғамдары 
халықтың сан ғасырлық даналағымен, өмірлік тәжірибесімен толығымен үндеседі. Халық 
даналығы «қыс тірлігіңді жазда ойла» деген өсиет қалдырса, ақын жырларында: 
Жаз болғаннан есіңе ал, 
Алдыңдағы қысыңды – деп ой толғайды. Халық даналығынан нәр ала отырып, 
Тұрмағанбеттің өзге адамды құрмет тұтуды, ізгілік пен тазалыққа, қанағатшылдық пен 
ұстамдылыққа, өзгеге үлгі-өнеге болуға, шамасына қарай ұмтылуға шақыратын өмірлік 
ұстанымын төмендегі жыр жолдарынан анық байқауға болады: 
Бақ құс қонса басыңа, 
Қадір тұт келген кісіңді. 
Үйретіп үлгі өнеге, 
Таза бақ, жасы кішіңді. 
Ақылың озат болғанмен, 
Орнына жұмса күшіңді. 
Қанаты қалар қайырылып, 
Қалыңға салсаң құсыңды. 
Ел ізіңе ермейді 
Тазартып алмай ішіңді. 
Ақын да өз толғамдарында осы адамгершілік қағидаларынан айнымай, еліне 
қамқор болуға шақырады. Ол үшін, ең алдымен, адам өзін-өзі түзеп, өзін, өзінің 
жақсылылығы мен жамандығын тануы қажет, сонда ғана халық алдында сыйлы болып, 
сөзі өтетінін деп тұжырымдайды. Бұл пікір гректің көне замандағы ойшылы Сократтың 
«ең алдымен өз-өзіңді таны» деген басты қағидасын еске түсіреді.
Құбылып тұрған қу заман,
Әлі-ақ бастан өтесің.
Ажалдан аман қалудың,
Тапқан жоқ ешкім төтесін.
Қазақтың ойшылдары арасында өзіндік ойымен ерекшеленетін Жүсіп 
Ешниязұлының шығармашылығы – қазақтың философиялық ой-толғамдарының жаңаша 
сипатымен танылады. Ақын-тірлік қозғалыстарын жан дүниесімен қабылдайтын, айрықша 
тіршілік иесі. Жаратылыс құбылыстарының өзара үндескен ұқсас қасиеттерін, сырларын 
өлең жолдарына айналдырады. Туған халқының психологиялық болмысын терең сезіне 
білген ақын жұртының қуанышын да, қайғысын да өзіне алады, жыр өзегіне айналдырады. 
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде – қазақ әдебиетінің сөз 
өнеріндегі өркениеттің озық дәстүрлерінен үндесе өркендеді. 
Жүсіп ақынның өлеңдері – өзі ұстанған дәстүрдің аясында танылатын туындылар. 
Ақын – халық әдебиетінің насихатшысы. Жүсіптің өлеңдерінде қазақ халқының ата-


68 
бабалар қалыптастырған ұлағат жолы насихатталады. Адамзаттың бәріне ортақ асыл 
қасиеттерді ғанаЖүсіп Ешниязұлыныңмұрат тұту басты назарға алынады. Адамның 
балалық шағынан бастап бозбала, жігіт, жігіт ағасы, ересек, егде болған кезеңдерде 
ұстанған қасиеттерінің маңындағы адамдарға кейінгі ұрпақтарға үлгі болатын ұлағатты, 
ғибрат уағыздалады. Жүсіптің «Әлеумет келді жиналып», «Адамдық пен надандық», 
«Өмір сырлары», «Жақсыдан есте қалған бір ауыз сөз», «Тіл ал!» атты насихат өлеңдері 
бар. Оның өлеңдері өнеге боларлық, тағлым аларлық, ғибраттылық мәнімен ойды 
көркемдеп нақышты сөздермен жеткізетін бейнелілігі, тартымдылығымен құнды болған. 
Насихат өлеңнен сол замандағы қоғамдық көзқарастар, арман-мұраттар, халықтың 
адамгершілікке, ерлікке, әділдікке ұмтылысы, жақсы мен жаманды қалай түсінетіні айқын 
танылады. Жүсіп – ойшыл ақын. Барлық адамзат үшін дүниеге келгенде бесікке тиген 
арқасымен ертең-ақ табытқа жататын заңдылығы үнемі еске алу арқылы қысқа ғұмырда 
имандылықпен өмір сүру ұлағаты ұғындырылады. Насихат өлеңдерінің негізгі идеялық 
түйіндері – осы өмірдегі адамгершілік, жақсылықты. Оның мәні мен мағынасын түсіндіру, 
оны о дүниедегі имандылық игілігіне ұластыру. Бұл – қазақ поэзиясында сонау ежелгі 
түркілік дәуір әдебиетінен үзілмей жеткен сопылық дүниетаным дәстүрінің жалғасы. 
«Өлең сырлары» насихат өлеңінде осыны айта отырып, ақын түркілік дүниетаным 
аясында, фәниді мағыналы өткізуді насихаттайды: 
Көңілім – гүл, өмірім – бақша, тілім – бұлбұл, 
Адамзат осы үшеумен жайнайды гүл. 
Өмірі адамзаттың жаз бен қыстай, 
Гүлденіп тұрады ол жасап жыл-жыл... 
Қызықты қызық көрер нағыз осы, 
Ертерек, есің болса, мұны бір біл! 
«Темірді қызған кезде соқ», – деген бар. 
Жүсіп ақынның «Әлеумет келді жиылып» өлеңінде ажамдарға міндетті 
адамзаттық парасат, халық алдындағы борышы, рухани қызметі, парызы үлгі етіледі. 
Өлеңнің негізгі бөлімінде ақынның насихат сөзін тыңдаушының да тұлғасы айқындалады. 
Ақынның жалпы ұлағатты ақылшының сөзін тыңдайтын байсалды, байыпты, маңғаз қазақ 
ұлты өкілінің тұрпатын елестетеміз. Қазақтың халық даналығы бойынша «Тыңдаушысы 
жоқ сөз жетім» деген ұлағатты тұжырым бекер айтылмаған. 
Ақынның өлеңдері оның адамгершілік тәрбиесіне бағдарланған азаматтық 
парасат биігіндегі қалпын танытады. Жүсіптің мұндай өлеңдері философиялық 
мазмұндағы 
азаматтық, 
адамгершілік 
тәрбиесін 
негіздей 
жырлаумен 
ерекшеленеді.Өлеңнің негізгі бөлімінде он екі түрлі адамға баға беріледі. Ақын 
тыңдаушысын өзі бейнелеген сол он екі түрлі адамның мұраттарына баламалап 
бейнелейді, ондай адамдардың қоғамдық-әлеуметтік ортадағы іс-әрекеттеріне, рухани 
дүниетанымына баға береді.
 
Бұл өлең – адамгершілік тәрбиенің аса жауапты салмағын 
ұқтыратын туынды. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген даналықтың шындығы, 
тұрмыстағы реалистік таным бағалауларымен түсіндіріледі. Адамдардың әртүрлі кәсіппен 
айналысқаны халық ортасында түрліше бағаланатыны аталады. Сонда алуан түрлі 
таныммен қарайтын халықтың әлеуметтік ортасындағы әрбір жеке жолы жіңішке аса нәзік 
тағдырлы тұрмыстық қарым-қатынастың өлшеміне ақын өзінің насихат тілімен бағдар-
бағыт, үгіт сөзін айтады: 
Бұл халыққа адам жақпас, 
Жамандықтан пайда таппас. 
Жақсылық болса ете бер, 
Қолыңнан келсе әрнешік! 
Насихат сөзге құлақ сал 
Лебізің болсын шырын бал! 
Тірі жанмен шатаспа, 
Мүләйім бол сонша кішік. 


69 
Кімде-кімнің ұлындай бол, 
Жасы үлкеннің «құлындай» бол, 
Аңқауырақ қолбаңдау бол, 
Тым жүгініп – болма пысық! 
Қазынаға жетер жол қуған, 
Бәлеге қалар сөз қуған, 
Бұрынғының нақылы бар: 
«Жай жүрген жақсы көтті қысып. 
Ақынның өсиет өлеңдерінің негізі адамгершілік, астамшылықққа ұрынбау, 
үлкен мен кішіні құрметтеу. Көне қытайдың ұлы ойшылы Конфуций «Жэнь» 
қағидасының мәні мейірімділік пен ізгілік болса, «Сяо» қағидасының өзегі үлкен мен 
кішіге құрмет көрсету. Ақын өз адамгершілік туралы ойларында осы Қытай қоғамының 
даму тарихында маңызды роль атқарған ойшылдың ұлы ойшылдың өмірлік 
принциптерімен үндеседі және адамгершілік қағидаларын адам өмірінің басты мұраты, 
құндылығы ретінде насихаттайды.
Ақын мұраты қазақ елінің басқа жұрттармен терезесі тең ел болуы. Тәуелсіздік, өз 
алдына ел болу қазақ халқының қашанда да айқын мақсаты болған. Жүсіп ақын ел 
болудың алғышарты бірлік, тәуелсіздікке деген ұмтылыс, татулық екенін айтады. ХХ 
ғасырдағы қазақ қоғам қайраткерлерінің дүниетанымында кең таралған, әсіресе Мұстафа 
Шоқайдың еңбектерінде көп кездесетін «Пантуркизм» идеясынына Жүсіп ақын 
көзқарасының да жақындығын байқауға болады. Ақын өзбек, қырғыз, ноғай 
халықтарының қазақпен іштей туыстығын негізге ала отырып, бір-бірінің өз алдына ел 
болуына сеп болуына, ел тәуелсіздікке бастар тұлғаларды күндемей, оларға демеу болып, 
артына еруге шақырады. 
Ақынның өлеңіндегі адамзаттық ойдың түйіні – қазақ ұлтының ақылды басшыны 
қолдай отырып бірлік туының астында нығайған ұлтқа айналуы. Тарихтың талай сын 
сағаттарын, қилы кезеңдерін бастан кешкен халқымыздың ішкі бірлігі, туысқан 
жұрттармен де ынтымақтастығы кемелдікке жеткізетін сара жол екендігі нағыз ұлт 
ақынына тән парасат үні болып төгіледіАқын – ақылымен, талпынысымен, ізденісімен 
биіктерге жететін жандарды үлгі етеді. Халықтың даналығы – ақындық жанрдың өзегі. 
Қазақтың халықтық мақал-мәтелдері – философиялық әдебиеттің көркемдік негізі. Мақал-
мәтелдер –философиялық ғибрат үлгілері. Жүсіптің өлеңдеріндегі ойлар осындай 
тағылымды танытады: 
Жақсыдан есте қалған бір ауыз сөз, 
Өлмесең өміріңде болады кез. 
Дамылсыз іздеуіне ерінбесең, 
Асықпа «Түспеді деп қолыма тез!» 
Ақылдан, жастық пенен кәрілік жоқ, 
Абырой ақылдыдан арылу жоқ! 
Ақылсыз аты шықпас ажарлаумен, 
Алтын шам май құймаса жарығы жоқ. 
Ақын - адамзатқа ортақ тағылым атауына ғибратшыл ой өрімдерімен өрнектейтін 
парасат иесі. Жан дүниесіндегі ізгіліктен қуат алған, жамандықтан жабыққан көңіл-күй 
әуендерін ғибратшыл ойлы толғаныстармен жырлайды. Ата-бабалар қалыптастырған 
ізгілік жолын өзімен тұстас және кейінгі толқын ұрпақтардың жалғастыруын армандайды. 
Насихат өлеңдеріндегі адамгершілік ұлағатына шақырған ой өрімдері ақынның ұлттық 
топырақтағы гуманистік мұраттарды биіктетуші тұғырнамасын дәлелдейді.Жүсіп 
Ешниязұлының терме толғаулары да ерте түркілік дәуірден қалыптасқан дәстүрлігін 
сақтап келе жатқан жыр-толғаулармен үндеседі. 
Жүсіптің дүниетанымдық бағдардағы азаматтық, адамгершілік тәрбиесі 
хақындағы өлеңдері бар. Осындай өлеңдерінде ақын тіршіліктің қарама-қайшылықты 
сипаттарын жырлайды.«Адамдық пен надандық», «Қосыңды артсаң аумайды» және т.б. 


70 
өлеңдерінде өмір қозғалысының сан алуан сипатын өрнектейді. Ақындық ойдың астарлы, 
мегзеулі бағдарларының шығарма мәтініндегі осындай символдық кейіпкерлік 
бейнелеулер арқылы берілуі – халықтың эстетикалық танымымен де сабақтасады. 
Мысалы, «Қосыңды артсаң аумайды» өлеңінің құрылымында адамдар ортасының 
шынайы сипаты бейнеленеді. Адамның асыл сапалық қажеттері күнделікті тұрмыстық, 
қарым-қатынастар жүйесінде талай сындарға түседі. Нар мінезді тиянақты, рухы күшті, 
жігерлі адамдар ғана маңындағыларға жақсылық жасай алады. Жан дүниесінде 
адамгершілік қасиеттерінің асыл саналары тұтасқан адамдар ғана тіршілік танымын 
кеңейтетіні бейнелі сөздер арқылы дәйектеле суреттеледі: 
Қу медиен құла дүз, 
Пайдаға аспай әлемде, 
Босқа жатқан сай да бар ... 
Жасаты келмес күмістен, 
Сұлулап соққан мыс артық. 
Ақын адамдардың рухани әлеміне тән қасиеттердің сапасын анықтау 
үшін осындай астарлы, мегзеулі ишараты мол бейнелеулерді мол қолданады. Аталған 
өлеңде, әрине, адамдар ортасын тікелей ашық, айқын көрсете суреттей жырлау мол. Бұл – 
терме-толғау жанрына тән ерекшеліктердің бірі. Ал, халықтың ұлылығын дәлелдейтін 
«Жақсы адам» бейнесін де ақын көркемдік-эстетикалық тұрғыда жырлайды: 
Жақсы болса жолдасың 
Тура тұрар тілекке. 
Қас батырдың белгісі, 
Тайғақ кешу, тар жолда. 
Шаппай қоймас сүйекке. 
Асыл туған бекзада, 
Жолдасын жауға бермейді. 
Келгенше жаны иекке. 
Ақын – өмір шындығының жаршысы. Қоршаған әлеуметтік ортаның қарама-
қайшылықты құбылыстарының арасында жақсы мен жаманды салыстыру арқылы 
адамгершілік тәрбиесінің негіздерін жырлайды. Өлеңде қазақ халқының өзіндік 
әлеуметтік ортасына тән жағымсыз қылық иелері де бейнеленеді.
Айдарынан жел ескен, 
Бір малым деп босқа өскен. 
Пайдасы жоқ бай да бар 
Қарасаң түрі бірдей боп, 
Бәйге атымен теңдей боп, 
Топтардан озық пайда бар . 
Жақындасаң жаманға, 
Асып айтқан сөзіңді, 
Жүрекке түйіп қылар кек. 
Пайдасынан күдер үз, 
Өзі жүрсе тимей тек . 
Хабары жоқ әлемнен, 
Өзі хан боп, өзі бек. 
Ел ішінде аз ба адам, 
Осылайша жақсылар, 
Бұл сияқты иттер көп. 
Сипаты адам болғанмен, 
Ұстанбайды бидасын, 
Жақындассаң жаманмен 
Жатып тұрып ұрысасың. 


71 
Жинақтап айтқанда, өлеңнің мазмұнында қазақ тұрмысында қалыптасқан ата-
бабаның ізгі дәстүрлері жырланады. Атап айтқанда, текті әулеттің қызына үйлену, 
адамгершілік 
сапасының 
қарама-қайшылықты 
белгілері 
(мәрттік, 
сараңдық, 
мақтаншақтық, кекшілдік және т.б.).Жүсіптің «Адамдық пен надандық» деп аталатын 
өлеңінде де қарама-қарсы мінез-құлық ерекшеліктері салыстырыла жырланады. Ақын 
адамдардың мінез-құлық қасиеттерінің әр түрлі сапада болатынын өмір шындығы 
қалпымен дәлелдейді. Фәнидің өткіншілігі, ұрпақтар толқындарының ауыспалылығы, 
ақылдылық пен надандық сипаттары, салмақты және жеңілтек мінез иелерін салыстыру 
мәселелері түйінделе өрнектеледі: 
Дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген
Табиғат – түбі терең қол жетпеген. 
Өтерін өмірінің біле тұрып, 
Маңдайын пенде бар ма терлетпеген. 
Баз біреу көп ақылға ие болып, 
Жұмысын ешбір жанға жөндетпеген 
Баз біреу мал базарын мақсат етіп,
Ауруын адамдықтың емдетпеген. 
Ақылдың ауырлығы қорғасындай, 
Көңілді бұзық іске өрлетпеген. 
Жүсіп Ешниязұлының терме-толғауларының да осы айтылған бағалауға 
сәйкестігін аңғарамыз. Қазақ сөз өнері алыптарының мұраларын бағаламайтын, өздерін 
ғана зор тұтқан дүмбілез еліктеушілердің жағымсыз қылықтарына да өткір сын айтылады: 
Дүрлерді мұндай еліктеп, 
Адасып жүрген адам көп: 
Есегін – «Ат», – деп сабалап 
Көре алмайтын – көрмәдік. 
Соларға да сын тағар, 
Сыртынан шулап, табалап. 
Жүсіптің «Сыр бойының сүлейлері» атты терме-толғауында да ақынның 
халқының алдындағы азаматтық парызы, өзіне дейінгі көрнекті ұстаз ақын-жыраулардың 
өнегесін ардақтау жырланады. Өзінің халық алдындағы жауапкершілігін перзенттік кішік 
көңілімен білдіреді: 
Есендікпен қауышып, 
Кездескен соң аға-іні. 
Төбемнен қызмет етейін, 
Тал шыбықтай иіліп... 
Табылса сөзің, таңырқат, 
Тамсандырып таңдайды, 
Жиынға барған қыздардай, 
Үстіне жібек киініп... 
Ел ішінде атақты,
Даңқты талант шайыр көп, 
Шопандай бағыт дүрлікті, 
Алдына жүрген иіріп. 
Терме-толғауда адамның текті әулеттің ұрпағына үйленуі, қас батырдың, 
бекзаданың асылдығына, «Алтын бесік ел ішіндегі», «Жақсы-жаман жайда бар» екендігіне 
баға беріледі. Ақын тіршілік қозғалысындағы уақыт пен кеңістік жүйесіндегі пайдасыз, 
жағымсыз нәрселерді, құбылыстарды санамалайды. Терме-толғаудың түйіндеулері адам 
мен табиғаттағы жанды, жансыз заттарды егіздеу арқылы жеткізеді: 
Сыпаты бірдей адамдар, 
Ерден ердің ісі артық. 
Жасаты келмес күмістен, 


72 
Сұлулап соққан мыс артық. 
Жаңбырсыз өткен жаз күннен, 
Жайлы болған қыс артық. 
Тұрымтай атты күнінде 
Тұғыры құтсыз болған соң, 
Қайырлы болған қарақұс артық. 
Құрымы тамған қараша үй, 
Ықыласты болса адамы, 
Таза болса тамағы 
Боз ордадан үй артық. 
Қазақ ақындарының аңшылық, саятшылық және махаббат тақырыбындағы 
өлеңдері бір-бірімен сабақтаса жырланады. Тіршіліктегі эстетикалық дүниетаным 
өрісіндегі заттар мен құбылыстардың өзара бірлігі анық. Адам мен табиғат құбылыстары 
жаратылыстың біртұтас жүйесі аясында өзара жалғаса құрылады.Жүсіп ақынның 
лирикалық өлеңдерінде тіршілікке және адамға деген көзқарастар өзара жалғасқан 
дүниетаным кеңістігінде жырланады. Адамзаттың пайда болуы мен қалыптасуы 
кезеңдерінің барлығында да ең басты мәселе – еркек пен әйелдің сезім әуендері.
Жүсіп Ешниязұлының бірқатар өлеңдері саяси-әлеуметтік, азаматтық сарында 
жырланады. Халықтың тарихына, тағдырына арналған өлеңдерде ақындар жат 
жұрттықтардың басқыншылық, отаршылдық қанауына түскен заман келгенін шынайы 
қалпымен жырлайды. Жүсіптің «Өткен заман» атты өлеңінің идеялық-композициялық 
құрылымында қазақ халқының басынан өткізген түрлі тарихи кезеңдер шындығы 
жырланады: біріншісі – Қоқан хандығының билеп төстеген уақыты: екіншісі – Ресей 
патшалығының отарлық бұғауында болған кез: үшіншісі – Кеңес өкіметі заманы. 
Қоқан хандығының озбырлық іс-әрекеттері өктемдік, зорлық түрлері қалпында 
реалистікпен бейнеленеді: 
Сарттың бегі қабақ түйіп сұстанса, 
Сорлы шаруа саулы інгендей күйлеген, 
Жылда алып екі зекет зарлатып,
Ондай өртке ел қалған жоқ күймеген. 
Жақсы ат болса әкімдердің астында, 
Жорға, жүйрік жерге аяғы тимеген. 
Әйелдерді тоқалдыққа алыпты, 
Болса-дағы қалап өзін сүймеген. 
Талай жастың күні өткен жылаумен, 
Ерке нардай иесіне имеген. 
Сұлу қыздың бетін қазақ күйелеп, 
Адам көрсе киіз үйге сүйреген. 
Ресей патшалығының отарлық бұғауына түскен жылдар – зар заман ақындары 
жырларының басты ерекшелігі. Жүсіптің зар заман поэзиясымен де үндесетін ойларын 
байқаймыз. Патшаның отарлық саясаты зардаптарын жырлаған өлеңдерінің көлемі аз 
болса да, халқын сүйген гуманист ақынның заман шындығы шыншыл тілмен жырлаған 
сыншылдығын анық танимыз. Осы «Өткен заман» атты өлеңіндегі қазақ халқына ауыр 
зардаптар әкелген Ресей патшалығы қарауында болған кезең шындығы мағыналы 
жолдарымен бейнелене жырланады. 
Мұнан кейін ел патшаға табынды, 
Жаққан қазақ иініне шен тағынды. 
Өнерпазды өрге қарай жүргізбей, 
Қаңтардағы нар бурадай шабынды. 
Жыртық киім жалшыларға жанаспай, 
«Шалғайма, шаң жұғад» деп қағынды. 
Қыздар күң боп мал орнына сатылып, 


73 
Не сұлулар шалға тиіп шағылды. 
Николайдың заманында бай мен би, 
Сұлы жеген бедеу аттай бағылды. 
Құлақтар мен қожа молда құтырып, 
Ұлықтардың сөзін сөйлеп жағынды. 
Жалшылар мен шаруаға сан тимей, 
Қорлық тонын күнде үстіне жамылды. 
Демек, Ресейдің отарлық құрсауындағы қазақ халқының осындай тағдырын 
реалистікпен бейнелеген Жүсіп ақын өлеңінің маңыздылығы ақиқат. Жүсіп Ешниязұлы 
және онымен тектес көптеген ақындар мұралары көп жылдар бойы қоғамдық-әлеуметтік 
идеологиялық себептерге байланысты қарастырылмай келеді. Қазақстанның тарихында 
діни-ағартушылық, имандылық сипаты айқын Жүсіп Ешниязұлының мұрасын әлемдік 
және ұлттық дәстүрлер сабақтастығы, үндестігі тұрғысынан қарастырудың өзектілігі 
айқындала түседі. 
Жүсіп ақынның адамгершілік қағидаларының негізі үлкенді сыйлау, кішіге 
қамқорлық, сабырлық, кішіпейілділік. Оның пікірінше, ел тірлігінің негізі - бірлік пен 
татулық. Араздық елдің тұрақсыздығына, бүлінуіне апарар құбылыс. Өмірдің қысқалығын 
мысал ете отырып, халықты бірлік пен татулыққа шақырады, араздықтың кім де болса да 
жақсылыққа апармайтынын, ашуға бой алдырмай, барлығын ақылмен шешуге өсиет 
айтады.
Өлшеулі өмір сүріп, кетіп жатыр,
Пәниден жақсы-жаман, мендей әркім.
Ерегіс – ел ішінде дау көбейсе
Ерлерің түзелмейді ойла, қалпың.
Қалайда қарындасқа қоғамда боп,
Кеңкиме, кішіктеңгін келсе қартың!
Ақиқат пенде болса, өлмек рас,
Елемейд күн ілгері, ешкім парқын.
Береке татулықтан табылады, 
Сақтансаң сабырлы бол, бұзбай әлпің. 
Араңа араздық от тұтандырма,
Білгенге: ашу-дұшпан, ақыл-алтын. 
Сыр бойының белгілі ақындарының бірі Шегебай ақынның жырлары 
ағартушылық бағытпен қатар, әлеуметтік философия саласында құнды ой-толғамдарымен 
маңызды. Ақын дамгершілік, өмір мен оның мәні тақырыптарында қызықты, мәнді 
пікірлер қалдырады. Ақынның өмір туралы толғауларында дүние мен байлықтың 
алдамшылығын, опасыздығын, адамның бұл өмірден о дүниеге алып кетері тек алты 
қарыс ақ мата кебін ғана екені туралы ой толғайды. Әрине, адам пенде. Адам өзінің бек 
күндік қысқа ғұмырында пенделікке салынып, дүние шіркіннің артынан қуып, байлыққа, 
дәулетке ұмтылады. Ақын ойы қаншама дүние мен байлыққа ие болғанмен, өмірлік 
қызықтың алдамшылығын ұмытпау қажеттігі туралы толғамға келіп тіреледі.
Жалғаннан өтті неше патша мен бай,
Еткен жоқ ерлер тоқтау, жарағы сай.
Ойласаң опасы жоқ, бұл дүниенің,
Болғанмен әуелі шат ақыры у-ай.
Ақ мата, алты қарыс қолға ұстарың,
Жүрсеңде дүние малың жерге сыймай. 
Әлібек ақын өлеңдері елді, туған жерді мадақтауға, қасиетін түсінуге, қазақ 
халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің, қазақтың сөз өнерінің құдіретінің 
маңызы мен мәнін насихаттауға арналған. Өз жырларында ақын Сыр елінің бастан 
өткерген қайғы-қасіретін, қиыншылығын жырға қоса отырып, туған жерін анасына 
теңейді. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында жерді Анаға теңеу, Ана ретінде 


74 
қабылдау дәстүрлі құбылыс. Жер –Ана ұғымы дүниенің аналық бастамасын білдіретін 
қасиетті ұғым. Ақын Сыр жерінің асқақтығын, сұлулығын жырлай отырып, оның берер 
бар ырзығы сол жердің халқының несібесі болу қажет деп санайды. 
Құттықтау ел атынан сұлу сырым,
Арналды бір сен үшін сүйген жырым,
Өткерген көпті көзден анам едің,
Өзгерткен елдің сырын, жердің түрін.
Хан да өтті, қара да өтті талай-талай, 
Кеудеңнен бастырмадың соның бірін.
Біз ғана байлығыңды пайдаланып,
Отырмыз ашайық деп Сырдың сырын. 
Қазақ халқының дүниетанымында жаугершілік сарын кең орын алатыны 
бәрімізге белгілі. Әсіресе, жаугершілік тақырыбы жыраулық дәстүр шығармашылығында 
барынша кең қамтылған. Жаугершілік Ақтамберді, Доспамбет, Бұқар жыраулар 
толғауларының негізгі өзегі болды. Оның да өзіндік әлеуметтік алғышарттары болды. 
Қазақ қоғамының көшпелі өмір салты барысында сыртқы жаулардан қорғану, елді, жерді 
сақтау тұтас ұлт ретінде өзін сақтап қалу мәселесімен бір орында болды. Әлібек ақын да 
жыраулар дәстүрін жалғастыра отырып, өз жырларында ерлік рухқа толы өсиеттерін 
қалдырады, елді бірлікке, ерлікке шақырады.
Ел шетіне жау келсе,
Жау жиналып қау келсе,
Атқа мінбей сайланып,
Бас қаруды байланып,
Шынайы ерлер шыдай ма!
Асыл семсер асынбай,
Ашуланбай, ашынбай,
Халықтан тұман ашылмай,
Қастың қаны шашылмай,
Қас батырға ұнай ма?
Ақын жырлары жау басына ақыр-заман ойнатып, қырғидай тиген ерлердің 
ерліктерін мадақтауға, оларды кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде насихаттауға 
бағытталған. «Халықтан тұман ашылмай» дей отырып, ерлердің ерлігі халық игілігі, 
амандығы, азаттығына бағытталуы қажет деген өсиет айтады. 
Біреуі сол қыранның Хасен батыр,
Ерекше тиді жауға ол да батыл.
Орнатпақ ол жауына, оқ ойнатып,
Басынан кетпес мәңгі заман ақыр. 
Қазақ халқы сөз қадірін жақсы түсінген халық, сондықтан сөзді өз орнымен 
ғана қолданылуына аса мән берген. Мұны «тіл тас кесер, тас кеспесе бас кесер», «басқа 
пәле тілден» деген нақылдардан-ақ ұғынуға болады. Әлібек те өлең сөздің құдіретін 
жоғары бағалаған. Өз сөзінде өлең сөзді жауға алмас қылыш пен оқтан артық жұмсауға 
болатындығын айтады. 
Өлеңім оқ боп атылып,
Жүйрікше жүйткіп есуде.
Ақ алмастай жарқылдап,
Жау өркенін кесуде.
Өлеңді оққа шыдамай,
Жау қарасы өшуде.
Қанды балық, қанқұмар,
Өз қанын судай кешуде. 
Ақын адал еңбектің адам өміріндегі маңызын жоғары бағалайды. Еңбек 
еткен адамның жүзі жарқын болып, адам өмірден өткеннен кейін оның артында оның 


75 
ұмытылмас асыл мұрасы болып тек еңбегі қалатынын, сондықтан халықты еңбекке баулу 
адамның ең асыл қасиеттерінің бірі екенін тұжырымдайды. 
Үйреткен ер еңбекке барлық халқын,
Ерлердің еңбегі артық, жүзі жарқын.
Өмірге ойласаңдар өлім серік,
Еңбегің азбас-тозбас қызыл алтын. 
Қазақ халқы өмірінде жылқы малының, түлігінің алатын орны ерекше, төрт 
түліктің ішіндегі ең қасиеттісі, асылы. Басқа түліктерге қарағанда қазақ халқы жалқы 
малына еркше қарап, оның күтіміне ерекше мән берген. Қазақ жыраулары мен 
ақындарының ішінде жылқыны дәріптемеген, жырға қоспағандары кемде-кем. Әлібек 
ақында осы бір ізгі дәстүрді жалғастыра отырып, жүйрік ат ер қанаты, ер мен ат ел 
қамқоры мен қорғаушысы деп санайды. 
Асса анық тұлпар болып екі жастан,
Арасын айлық жолдың алты басқан.
Бесті аттың осы күні бейнесі бар,
Қарғыса жұқпай кетет қия тастан.
Жүйрік ат-ер қанаты, ердің досы,
Ер мен ат егіз туған елдің досы.
Бұл құлын заманға сай туған тұлпар,
Алып-анадан, ат-биеден деген осы. 
Ақындар өлеңдері мен жырларында, әсіресе, жүйрік аттың мүсінін, тұрқын, 
бейнесін сипаттау көп кездеседі. Әлібек ақынның төмендегі өлең жолдарынан оның нағыз 
тұлпардың бейнесіне эстетикалық көзқараспен қарай отырып, керемет көркем тілмен, 
бейнелі теңеулерді орынды қолдана отырып жеткізгенін, яғни өмірдегі әдемілік пен 
сұлулықты тани, бағалай алғанын көреміз.
Қос құлағы кесіктей, 
Омырауы есіктей. 
Ерлердің кеуілін қоштаған, 
Бауыры жарған төстіктей 
Құйрықтың түгі істіктей. 
Мысалы көзі тостаған, 
От орнындай тұяғы 
Жерді аударып тастаған. 
Қазақтың әдет-ғұрып, дәстүрлерінің ішіндегі гуманистік мазмұнға толы 
институттарының бірі – қонақжайлық. Қонақжайлық қазақтың көшпелі өмір салтының 
қатал табиғаты жағдайында ең қажетті дәстүрі болды, өйткені жолаушының орнында кез-
келген көшпендінің болу мүмкіндігі заңдылық. Сондықтан халық «Қонақжайық» 
дәстүрінің орындалуына аса мән беріп, оның бұзылған жағдайында билер тарапынан 
қатаң жазаланып отырған. 
Үсенге кеп ек дөптеліп,
Мал соя ма деп ек бөктеріп.
Есенбай мырза отыр ғой,
Шайнаған былғарыдай беттеніп.
Мына шіркін қондырмас,
Қондырғанмен ондырмас.
Қора-қопсы көп екен,
Түнімен жақсақ тондырмас. 
Әлібек ақынның өмір сүрген кезеңі билер институтының жойылған кезі болатын. 
Соған қармастан, атадан дәстүр болып келе жатқан қонақжайлықты бұзған адамдарды 
өткір тілмен сынап, ел алдында масқаралап отырған. Ал ел алдында масқаралау қазақ 


76 
қоғамындағы өлімнен де ауыр жаза блып саналады. Яғни, ақын ата-бабадан қалып, 
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтауға, 
қадірлеуге асамән беріп, оның жауапкершілігін ұғына білген. 
Әзілкеш ақынның жырларында қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы және 
ондағы адамдар арасындағы қарым-қатынас ережелер мен жүйелері, жаугершілік арын, 
ерлік пен батылдық, дос пен қас ұғымдары қамтылған. Қазақ халқының өмірінде «ағайын» 
ұғымының алатын орны ерекше. Оның бір алғышарты қазақ қоғамының рулық дәстүрге 
негізделіп өмір сүруге бейімделуі. Қазақ халқының жазалау жүйесінде «рудан аластату» 
ең ауыр жаза болып саналған, оның себебі рудан аласталған адам өмір сүрудің әлеуметтік 
жағдайларынан толықтай айрылады. Сондықтан, рудан аласталу өліммен тең болып 
саналған. Әзілкеш ақын, осы тұрғыда, ағайынның адам өміріндегі ролі мен орнын жоғары 
бағалаған. 
Сондағы сенетінім сыртарыңнан,
Аға-інім арқа сүйер сендер едің.
Жүрсемде қиын-қыстау қандай жайда,
Есімнен кетпейді өсіп, өнген елім.
Сондықтан тіршілікте теңерім жоқ,
Кір жуып, кіндік кескен жерге менің. 
Баспан ақын жырлары өз заманының шынайы болмысын, адам өмірінің 
құндылықтарын, бірлік пен адамгершілік қағидаларын, замана ағымын бейнелеуге 
арналған. Ақын ойынша, бұл өмірде мал мен дәулет те, өмірдің өзі де өткінші, алдамшы, 
сондықтан бұл өмірде жат пен жақыныңды танып, біршілігіңді сақта, ағайынның 
бірлігінен айрылсаң өзгеге, жауға жем боласың деген өсиет айтады. Қазақ 
дүниетанымында «бірлік» категориясы, жоғарыда айтып өткеніміздей, ел тұтастығының 
негізі, бақ пен құттың, берекенің кепілі. Өз жырларында елді бірлікке шақырмаған, қоғам 
өмірінде бірліктің маңызын атап өтпеген жыраулар мен ақындар кемде-кем. Баспан ақын 
да осы дәстүр шеңберінен аттап өтпей, ел бірлігінің маңызына тоқталып, бірлік азаттық 
пен теңдіктің кепілі екенін айтады. 
Байлардың малы бір жұрттық,
Дәулетіне мас болған.
Батырдың жаны бір оқтық,
Тау шөгіп, дәрпі тас жарған.
Жағынып жатқа жем болар,
Біршіліктен айрылар,
Жақынымен қас болған.
Сейтжан ақын жырларындағы дүниелік ой-толғамдар өзегін адам мен өмірі, заман 
мен оның қайшылықтары, адамгершілік және ағартушылық идеялары құрайды. Ақын өз 
заманы ағымының өзгерістерін анық пайымдап, ескіліктен арылуға, жаңашылдыққа 
үндейді. Сейтжан ағартушы ақын, өз өлеңдерінде қу дүниенің соңына ермей, адамдық 
жолдан аттамай, жаңа өмірдің жаңашылдығы білім мен өнерді игеруше шақырады. Білім 
мен өнер жаңаша өмір сүрудің тәсілі, сол жолды бетке ұстанғанда ғана басқа деңгеңі озық 
ұлттардан кем болмай, олармен терезесі тең болатынын ескертеді. 
Бауырларым неге мұнша,
Дүние деп зарладық.
Сол дүниенің қасіреті-
Адамдық жолға бармадық,
Білім, өнер үйренуге,
Назарды біз салмадық.
Ақынның ойы адамгершілік қағидаларынан аттамай, адалдықпен өмір сүру, 


77 
надандықтан арылып, ғылымға бет бұру, сол арқылы өркениетті елдер секілді бай, қуатты 
ел болу, өркениеттілікке жету. Аңғаратын болсақ, ақынның ой-толғамы қазіргі қоғам 
талабымен тлығымен үндеседі. Қазіргі ақпараттық, постиндустралдық қоғамның басты 
белгісі ақпараттың, яғни білімнің басты құндылық болып саналып, елдердің даму деңгейі 
өндіріспен емес, ғылымның даму деңгейіне сәйкес анықталатынын, өмір сүрудің басты 
тәсілі – тек білім ғана екенін ескерсек, Сейтжан ақын өз ойында білім арқылы 
өркениеттілікке, өмір сүрудің жоғары деңгейіне жетуге болатындығын тұжырымдайды. 
Құрысын енді надандық,
Түсейік жолға адамдық.
Ісіміз болсын адалдық,
Болайық біз де бай халық.
Сейтжан ақын өмір сүрген кезең ақындарының барлығы дерлік заман 
ағымының өзгерісіне, қайшылығына, оның себептері мен алғышарттарын талдауға талап 
қылған. Ақын 
өз өлеңдерінде қазақ қоғамының орыс отаршылылдығының 
ықпалына түскенін, орыс өмір салтына еліктей бастағанын, соның нәижесінде үлкенді 
сыйламау, құрметтемеу, құмар ойындарға салыну секілді бұрын қазақ қоғамында 
болмаған жағымсыз, жаман құбылыстардың дендеп енуін өткір сынайды.
Иванның түсіп кеттік тәртібіне,
Ойнайды жас балалар карта тартып.
Он бірден, он екіге келе қалса,
Шаруасын шыға келед мойнына артып.
Ақын ойынша, ең бірінші қағида - бұл адамгершіліктен аттамау, халықты 
сыйлау, құрметтеу, халық үшін өмір сүру. Өз өмірін халық игілігі, мұраты, бақыты үшін 
арнау - бұл әрине зиялылықтың, тектіліктің белгісі, адамдық қасиеттердің ең жоғарғысы. 
Ақынның да ойы адам үшін ең бастысы халық үшін өмір сүру, халыққа қызмет ету, 
сыйлау халық алдында бас иіп өту. 
Халықтан қорық, халыққа істе қызмет,
Кекіреймей басыңды и жүгініп.
Тірлік түбі – бірлік. Көнеден келе жатқан халық даналығы осылай дейді. 
Ақын ойында ел болудың тірегі тек бірлік қана емес, ескіліктен арылып, жаңашылдыққа 
ұмтылу. Ақын заман ағымының өзгерісін дәл бағамдай білген. Оның ойынша, ескілік 
шырмауында қалу - басқа жұрттың артында қалу, оның арты қайғы мен қасірет, отарлық, 
біреудің ықпалымен, еркімен өмір сүру, оларға бағыну, құлдық. Сондықтан, ақын ертерек 
ескі, заман ағымынан қалық түсініктерден арылып, қоғам болып ғылым мен өнерге бет 
бұру қажеттігі туралы ой толғайды. 
Ерлерім ел болмайсың бірікпесең,
Астаудай айырыласың кірікпесең.
Қайғы мен қасіреттен құтылмайсың,
Өзгеріс еткен жайға ілікпесең.
Жал түгел жаптан да әрі аса алмайсың,
Ертерек ескі әдетті шірітпесең.
Имандылық ұғымының мағынасы кең. Имандылық бұл тек Аллаға сеніп, оған 
құлшылық жасау ғана емес, ақын пікірінше, жетімдерді жебеп, артына жақсы сөз, іс 
қалдыру. Адам өмірге келгеннен кейін, құмға сіңген су секілді болмай, артында естелік 
болар белгі қалдыру қажет. Сол белгі адамның өз өмірін босқа өткізбегенінің, оның өмірге 
босқа келмегенінің көрінісі болуы қажет. 
Арманы жоқ әркімнің,
Артыңда белгі қалынса,
Ғажап емес, Мұхтаржан,
Мұратың һақтан табылса.


78 
Жетімді бақсаң жетерсің,
Тілегі болар қабылша. 
Сонымен, Сыр сүлейлері шығармашылығында адамгершілік мәселелері адам 
болмысының басты қасиеті ретінде ғана емес, қоғам өмірі мен адамдар арасындағы 
қарым-қатынастардың үйлесімділігін реттеуші ретінде де қарастырылған. Мұнда 
жақсылық пен жамандық, қайырымдылық пен зұлымды, пендешілік пен имандылық, 
байлық пен кедейлік, сараңдық пен жомарттық секілді адами қасиеттердің өзіндік 
диалектикалық байланысы ашылған. Әрине, адам ұғымы мәнін адамгершілік ұғымынсыз 
ашу да, түсіну де мүмкін емес. Осы тұрғыда адамгершілік қағидаларының ақындар 
дүниетанымында кеңінен қамтылып, олардың еңбектерінің өзегіне айналғаны заңдылық 
деуге болады..


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет