Шарт пен шар+ыт. Осы орайда ұшына шыға алмай жүрген ұғымның бірі ретінде «условие» сөзін айтуға болар еді. Бұл мәнмәтіндік мазмұнына қарай бірде «жағдай», бірде «талап» деп қолданылса да тура баламасы – «шарт». «Договор» да «шарт» деп аударылады және солай қалыптасқан, егер ұлттық ұғымға салсақ, бұл «уағда». «Уағдаласушы тараптар» деген тіркес бар. Бірақ «шартты» енді «уағда» деп бұза алмаймыз. Аударма тәжірибесі көрсетіп отырғандай, «условия договора» дегенді «шарттың шарттары» деп жазбас үшін, бірде «шарттың талаптары» десек, екінші жолы «шарттың жағдайлары» деп қолданамыз. «Договор» жоқ жерде ғана жеке келіп қалса, «условиені» «шарт» деп нықтап жаза аламыз. Бұдан басқа тілімізде «шарт жүгіну», «шарт жұму», «шарт ету» , «шарт кету», «шарт сыну», «шартты рефлекс», «шартты белгі», «шартты рай» сияқты т.б. осындай тіркестер бар екені белгілі. Осы ретте «условиенің» «обстоятельство», «требование» мағыналарына сәйкес келетін баламасын «шарыт» үлгісінде қолдансақ қалай болар еді. Ондай жағдайда біз үшін «условия договора» – «шарттың шарыттары» болмақ... (Әгәрки жұртшылық осы ойды қолдап жатса, әртүрлі жазылатын «условиенің» тұрақтауға тиісті мағынасына біртабан жақындай түсер едік. Біріншіден, «шарытты» «условия договора» және басқа талап, міндет, парыз ұғымдарына сәйкес келетін мақсатында ғана пайдалану; екіншіден, тіліміздегі параллель (қатарлас) сөздер (жоғарғы-жоғары; өкіметүкімет, т.б.) сияқты «шарт-шарыт» үлгісін ұстану. Айталық, «ЕАЭС и Иран переходят на преференциальные условия торговли» деген сөйлемді біз әдетте «ЕАЭО мен Иран сауданың преференциялы жағдайларына көшеді» деп аударамыз; егер «шарытты» қолдансақ, ол «ЕАЭО мен Иран сауданың преференциялы шарыттарына көшеді» деп жазылар еді де «жағдай» өз «случай» -ын күтіп, жайына тұрар еді. Сол сияқты «об установлении случаев и условий...» деген тіркес кездесті дейік. Әдет бойынша «...жағдайлары мен шарттарын белгілеу туралы» деп аударатынымыз сөзсіз. «Шарттарын» деген соң-ақ оқыған адамның ойында «договор» тұрады, ал «...жағдайлары мен шарыттарын белгілеу туралы» деп жазсақ, нақты мазмұнға жақындай түсеміз. Бір әріпті қоса отырып, қолданыс тәжірибесін былай да өзгертуге болар еді: «Оның бәрін білу шарыт емес; «аталған шарыттар арқылы», «шарытты жаза», «шарытты түрде», «шарытты есептелген», «шарытты белгі», «шарытсыз рефлекс», т.б. осы сияқты. (Түбі бір жұрттан бір мысал: қырғыз баспасөзінен: «...озунун арын сактап журуусу шарыт» деген жолдарды оқыдық); Сол сияқты «контракт» – «келісімшарт» деп екі сөзбен аударылды. Бірақ өткен тарихымызға жүгінсек, бұрын «контракт» мағынасын берген сөз қазақ тілінде бар болатын, ол «шартнама» деп аталатын.