Ылғи «...тық», «...тік». Әдеби тіл сол тілді жақсы білетін адамдардың өзіне әрқашан шет тілі сияқты болып көрінеді деген пікірдің сөзжасам практикасына да қатысы бар деп ойлаймыз. Мысалы, біз балама сөздерді айналысқа қосқанда, жоғарыда айтқандай, олардың болмысына қазақы көзбен қараймыз. Жаңа қолданыстардың жазылуы былай тұрсын, айтылуының өзі бізге ғана емес, мемлекеттік тілді игерсем деп жүрген қандастарымыз бен басқа ұлт өкілдеріне де қиындау екенін ескере бермейміз. Айталық, «құқық» деген сөзді қазақтардың өзі біраз уақыт айта алмай жүрді, тіпті оның «құқ», «хұқ», «хұқық» деген нұсқалары қолдануға біршама жеңілірек деген пікірлер әлі де кездеседі. Бұл сияқты мысалдар баршылық. (Орайы келген соң айта кетейік, көрнекті жазушымыз Мұхтар Мағауиннің өз еңбектерінде «құқұқ» деп қолданып жүргені тегін емес). Жалпы түсініксіз сөздер не айтылуы мен жазылуы қиын қолданыстар неғұрлым көп болса, ондай тілді тұтыну соғұрлым белгілі бір дәрежеде кеми түсетінін тілнаманың арғы-бергі даму тарихы дәлелдеген. Сол себепті қай тіл болса да өзінің жеңіл қолданылу мүмкіндігін кеңейту арқылы тарала түседі. Орыстың «брэндті» бренд, «трэндті» тренд деген сияқты, кірме сөздерді оп-оңай қабылдап, атасөзіндей қылып өз тіліне сіңіріп ала қоятын салтының сабақты ерекшелігі осында. Бүгінгі танымал тілдердің кең жайылуының себебі де нақ тұтынуға жеңілдігінде жатыр. Қазақ тілін қолдану, ұлттық сөзжасам ісі де бұдан сырт тұрмауы шарыт. Бізде көп баламалар «-тық», «-тік» жұрнақтары арқылы көбірек жасалады. Қазақ сөздеріне қатысты бұлардың бәрі үйлесімді, мысалы: азамат+тық, ұлт+тық, т.б. Бірақ орыс тілі арқылы біздің қолданысымызға енген шет жұрт сөздеріне (холдинг, клиринг, инжиниринг, лизинг, маркетинг, демпинг, мониторинг, каверинг, каршеринг, т.б.) «-тік», «-тық» жұрнақтарын жалғау арқылы балама тудыру тәжірибесі сәтті деп айтуға болмайды. Әрине мұндай кірме сөздерге жалқы есімдер ретінде көптік жалғаулар жалғануына, зат есім ретінде тәуелденуіне, сол сияқты жеті түрлі болып септелуіне қарсылық болмайтыны белгілі, мәселенің мәнісі – анықтауыштық қатынастағы қолданылуы жайында ғана. Мысалы, «инжиниринговые услуги – инжинирингтік қызмет көрсету», «демпинговая маржа – демпингтік маржа», «маркетинговые услуги – маркетингтік қызметтер көрсету», т.б. болып аударылады. Біз бұл кірме сөздерді дәл осы орайында жалғау жалғамай атау тұлғасында пайдалану тәжірибесі дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Айталық, «инжиниринговые услуги – инжиниринг қызметтерін көрсету», «маркетинговые услуги – маркетинг қызметтерін көрсету» деген сияқты. Сөз соңына «-тық» пен «-тік» қоспай жазғаннан қазақша мағынасына зәредей қатер төнбейді, ештеңе өзгеріске түспейді. Керісінше айту да, жазу да оңайлайды. Қазір аударма ісінде сырт сөздерді қазақшалауда «-тық», «-тік» жұрнақтарын пайдалану жайылып бара жатқанын ескеріп осылай жазып отырмыз. Бұлар тілді пайдалануды қиындатпаса, оңайлатпайды. Демек, осы бағытта әлі де дұрыстап жүйелейтін бір шоғыр жұмыс бар.