Куәлік пен куәлік+ше. «Удостоверение» – куәлік екені рас. «Личное удостоверение», яки «жеке куәлігіміз» бар. Қандай жағдайда да «удостоверениені» басқаша аударуға болмайды. Мәселен, «свидетельство» да – куәлік. Құжаттарда кейде осы екі сөз қатар келіп қалады. «Свидетельство» деп сол күйінше қалдыра алмаймыз, оны да «куәлік» деп қотарамыз. («Свидетельствоның» «айғақ» деп бекітілген және бір мағынасы кездеседі).Тіліміз бай дейміз. Олай болса, жоғарыдағы екі сөзге неге екі бөлек балама бермейміз? Міне, төл терминжасам алаңындағы алынбай жүрген қамалдың бірі нақ осындай сөз иірімдері болса керек. Бізден бұрын өткен аудармашы ақсақалдар осы екі сөзді бірбірінен айыру үшін «свидетельствоның» «куәлік қағаз» деген үлгісін қалдырып кетіпті. Бірақ біріккен сөз үлгісімен пайда болған не қос сөз түрінде көп қолданылатын мұндай баламалардан («вызов» – сын-қатер деген сияқты) бәрібір жасандылық сезіліп тұрады. Сол себепті біз «−ше» жұрнағын жалғау арқылы жаңа мағына беретін туынды сөз жасауды ұсынамыз. Сонда ««удостоверение» – куәлік, «свидетельство» – «куәлікше» болады; кері аударылған кезінде де ненің не екенін бірден айыруға болады.