2 ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ФОНЕТИКАСЫН МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ
2.1 Фонетика тарауын инновациялық әдістер негізінде оқыту жолдары
Жалпы фонетика – тіл білімінің басты бір саласы. Оның зерттеу объектісі – тіл дабастары, олардың құрамы мен жүйесі. Тіл дыбыстары адам ойын білдіру үшін қызмет атқарады. Ол бұл қызметін сөз арқылы жүзеге асырады, өйткені сөздерден сөз тіркестері, сөйлем құралады. Ал тілдегі әр сөз тіл дыбыстарынан тұрады. Мысалы, Сен едің базарым (Абай). Осы сөйлемдегі бірінші сөз (сен) үш дыбыстан (с-е-н), ) екінші сөз (едің) төрт дыбыстан (е-д-і-ң), үшінші сөз (базарым) жеті дыбыстан (б-а-з-а-р-ы-м) құралған. Тілдегі әр сөздің тұрақты дыбыстық құрамы болады және олардың әрқайсысының сөзде қалыптасқан орны бар. Мысалы, жер деген сөзде үш дыбыс (ж-е-р) бар және ол үш дыбыстың сөзде осы тәртіпте ғана орналасуы шарт. Сондықтан кез-келгендыбыстың тіркесі сөз жасай бермейді .
Тілдегі дыбыстардың мұндай екі топқа бөлінуі олардың жасалуына, үн мен салдырдың қатысына байланысты. Үн өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырамай еркін шығуынан пайда болады. Салдыр өпеден шыққан ауаның сөйлеу мүшелерінің біріне соқтығып, кедергіге ұшырауынан пайда болады. Осы үн мен салдырдың дыбысқа қатысуына қарай тілдегі дыбыстар дауысты және дауыссыз болып келеді. Ауа өкпеден кедергісіз шығып, үннен ғана тұратын дыбыстарды дауысты дыбыстар дейміз. Тілде мынадай он екі дауысты дыбыстар бар: а, ә, и, о, ө, е, э, у, ұ, ү, ы, і. Дауысты дыбыстардың жасалуына белгілі сөйлеу мүшелерінің ерекше қатысуына қарай дауысты дыбыстар бірнеше топқа бөлінеді. Олар: жуан, жіңішке, ашық, қысаң, еріндік, езулік дауысты дыбыстар [12].
Дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке болып бөлінуі тілдің қатысына байланысты. Тілдің ұшы кейін тартылып, үсті дөңестену арқылы жасалған дауысты дыбыстарды жуан дауыстылар дейміз. Оларды кейде тіл арты дауысты дыбыстар деп те атайды. Жуан дауысты дыбыстар мыналар: а, о, ұ, ы, у. Тілдің ұшы ілгері қарай созылып жатуы арқылы жасалған дауысты дыбыстарды жіңішке дауыстылар деп атайды. Оларды кейде тіл алды дауысты дыбыстардеп те атайды. Жіңішке дауысты дыбыстар мыналар: ә, ө, ү, і, е, э, и, у. У дыбысының әрі жуан, әрі жіңішке (бару, келу) айтылуына қарай, ол жуан да, жіңішке де дауыстылардың тобына жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |