Дауысты дыбыстардың ашық және қысаң болып бөлінуі жақтың ашылу қалпына байланысты.
Жақтың кең ашылуы арқылы жасалған дауысты дыбыстарды ашық дауыстылар деп атаймыз. Ашық дауысты дыбыстар мыналар: а, ә, о, ө, е, э.
Жақтың тар ашылуы арқылы жасалған дауысты дыбыстарды қысаң дауыстылар деп атаймыз. Қысаң дауысты дыбыстар мыналар: ы, і, и, у, ұ, ү.
Дауысты дыбыстардың жасалуына ерін мен езудің қатысуына қарай олар еріндік және езулік дауысты дыбыстар болып бөлінеді.
Еріннің дөңгеленіп алға қарай созылуы арқылы жасалған дауысты дыбыстарды еріндік дауыстылар деп атаймыз. Еріндік дауыстылар мыналар: о, ө, у, ұ, ү.
Езудің кейін тартылуы арқылы жасалған дауысты дыбыстарды езулік дауыстылар деп атаймыз. Езулік дауыстылар мыналар: а, ә, е, э, ы, і, и.
Өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырап шығуынан жасалатын дыбыстарды дауыссыз дыбыстар деп атаймыз.
Дауыссыз дыбыстар мыналар: б, в, г, ғ, д, ж, з, й, к, қ, л, м, н, ң, п, р, с, т, у, ф, х, һ, ц, ч, ш, щ.
Дауыссыз дыбыстарды айтқанда, өкпеден шыққан ауа сөйлеу мүшелеріне соқтығып, одан салдыр пайда болады. Сондықтан дауыссыз дыбыстарда үнге салдыр араласады.
Дауыссыз дыбыстардың үннің қатысына қарай жіктелуі.
Дауыссыздар үн мен салдырдың қатысына қарай қатаң, ұяң және үнді болып үш топқа бөлінеді.
Салдырдан жасалған дауыссыз дыбыстарды қатаң дауыссыздар деп атаймыз. Қатаң дауыссыздар мыналар: п, ф, к, қ, т, с, ш, щ, х, ц, ч.
Үн мен салдырдың қатысы арқылы жасалған дауыссыз дыбыстарды ұяң дауыссыздар деп атаймыз. Бұларда үннен салдыр басым болады. Ұяң дауыссыздар мыналар: б, в, г, ғ, д, з, ж, һ.
Қатаң, ұяң дауыссыздардың бірімен-бірі жұп құрайтындары бар. Мұндай жұп болып келетін қатаң, ұяң дауыссыздар мыналар: п-б, ф-в, к-г, т-д, с-з, ш-ж.
Үн мен салдырдың қатысынан жасалып, бірақ салдырдан үн басым болатын дыбыстарды үнді дыбыстар деп атаймыз. Үнді дауыссыздар мыналар: р, л, й, у (тау), м, н, ң.
Дауыссыз дыбыстардың жасалуында өзіндік айырма бар. п мен б дыбыстарын айтқанда, екі ерін жымдасып, ауа кілт шығады. Ал с, ш дыбыстарын айтқанда, тіл көтеріліп, үстіңгі тіске жақыңдайды да, ауа сүзіліп шығады. Дауыссыздардың айтылуындағы, жасалуындағы осындай ерекшеліктерге байланысты олар шұғыл, ызың болып бөлінеді.
Шұғыл дауыссыздар мыналар: п, б, т, д, қ, к, г, ч, ц.
Ызың дауыссыздар мыналар: в, ф, с, ғ, з, ш, щ, ж, х, һ.
Дауыссыз дыбыстардың жасалуында сөйлеу мүшелері түрліше қызмет атқарады. Мысалға п дыбысы екі еріннің қатты жымдасуы арқылы жасалса, з дыбысын айттқанда, тіл тіске жақындайды, ауа тістің арасынан шығады.
Сөйтіп, п дыбысының жасалуында екі ерін ерекше қызмет атқарады, з дыбысының жасалуында тілдің қызметі басым болады. Сол сияқты әр дауыссыздың жасалу орны бар.
Қазақ тіліндегі дауыссыздар жасалу орнына қарай төмендегіше жіктеледі: тіл арты дыбыстары: қ, ғ, х, һ: 2) тіл ортасы дыбыстары: к, г: 3) тіл алды дыбыстары: н, р, л, ш, ч, ж, й, т, с, д, з: 4) еріндік дыбыстар: а) қос еріндіктер: п, б, м: б) тіс еріндіктері: ф,в.
БУЫН. Сөз айтылғанда тұтас, бірден айтыла алмайды. Сөздердің айтылуында ауа толқыны үзіліп-үзіліп шығады, бір сөздің ішінде ауа толқынына негізделген бірнеше бөлшек бола береді.
Сөздегі бір дауыстының немесе дауысты мен дауысыздың бөлшектеніп айтылуын буын деп атаймыз. Ана, ата деген сөздер іштей екі бөлініп айтылады: а-на, а-та.
Сөздің буынға бөлінуі дауысты дыбысқа байланысты. Сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады, өйткені дауысты дыбыс қана буын жасайды. Дауыссыз дыбыс буын жасай алмайды, ол дауысты дыбыспен бірге буын құрамына кіреді.
Мысалы: қа-ла, ө-нер, жас-тық, өт-кел, за-ман, та-ма-ша т.б.
Буын жеке дауыстыдан және дауысты мен дауыссыз дыбыстардың тіркесінен жасалатын болғандықтан, оның құрамы үнемі бір қалыпта болмайды. Буын кұрамының түрліше болуына байланысты буынның қазақ тілінде үш түрі бар. Олар: 1) ашық буын, 2) тұйық буын, 3) бітеу буын.
1. Ашық буын. Тек дауыстыдан ғана болған немесе дауыссыздан басталып, дауыстыға аяқталған буынды ашық буын деп атаймыз. Мысалы: а-ға, а-ғе-ке, ба-ла, ба-ға, бо-са, т, б,
2. Тұйық буын. Дауыстыдан басталып, дауыссызға аяқталған буынды тұйық буын деп атаймыз. Мысалы; ат, аз, ақ, ән, әр, өс, өр, ор, оз, ұқ, ұт, үк, ық, ін, т. б.
3. Бітеу буын. Дауыссыздан басталып, дауыссызға аяқталған, екі жағынан дауыссызбен қоршалған дауыстысы бар буынды бітеу буын деп атаймыз. Мысалы: бақ, бол, бұлт, бұр, жоқ, жент, дат, зор, қол, көл, соқ, паң, таң, заң, мен, нан т.б.
Қазақ тілінің дыбыстары сөз ішінде, сөз бен қосымша, сөз бен сөздің арасында бірімен-бірі үйлесіп, бірі жасалуы, айтылуы жағынан жақындап отырады. Мәселен: бала-лар, ана-лар, мектеп-те, қыс-тақ-та деген сөздерге қосылған қосымшаларды алайық. Бала, ана деген сөздер үннен тұратын дауысты дыбысқа аяқталған. Дауыссыз дыбыстардың ішінде үні көп дыбыстар — үнді дауыссыздар. Сондықтан дауыстыға аяқталған сөзге үнді дауыссыздан басталатын қосымша жалғанып, олар бірімен-бірі үн жағынан ыңғайласып тұр.
Сол сияқты мектеп, қыстақ сөздері қатаң дауыссызға аяқталғандықтан, оларға қатаңнан басталатын (те-та) қосымшалар жалғанып, олар салдыр жағынан біріне-бірі үндесіп тұр.
Сонымен бірге бұл мысалдардың бәрі жуан, жіңішке болып үндескен. Бала, ана, қыстақ деген сөздер жуан болғандықтан, оларға жуан қосымшалар жалғанған. Мектеп деген сөз жіңішке болғандықтан, оған жіңішке қосымша
Достарыңызбен бөлісу: |