Б, в, г, д дыбыстарына аяқталған сөздердің айтылуы ескеріліп, қосымша оларға қатаңнан басталып жалғанады. Мысалы: Оспанов-ты. клуб-қа, педагог-тар т. б.
Қазақ тілінде қолданылатын ілгерінді ықпал бойынша, бірсыпыра дыбыстар сөзде басқа дыбыстармен алмасып айтылады, бірақ түбірі сақталып жазылады.
1) Қатаң дыбыстардың әсерімен сөз басындағы б, г, ғ, ж дыбыстары қатаң п, к, ш дыбыстарымен алмасып естіледі, жазуда б, г, ғ, ж әріптері жазылады.
М ы с а л ы: Жақыпбек — Жақыппек, көк бауыр — көк пауыр. Көрікбай — Көрікпай, ақ бақай — ақ пақай, көк гүл — көк күл, қас жау — қаш шау, қаш жылдам — қаш шылдам, жас жалын — жаш шалын, қос жүйрік — қош жүйрік, Азатгүл — Азаткүл.
2) Түбір ш дыбысына аяқталып, қосымша с-дан басталса, ол ш болып айтылады, с-мен жазылады.
Мысалы: аш-са — а шш а, ш-с е — ішше, өш-сің — өшшің.
(суды) кеш-сең— кешшең, түйреуіш-сіз — түйреуішшіз, көш-сіз — көшшіз, қаш-саң — қашшаң, білгіш-сің — білгішшің, көнгіш-сің — көнгішшің.
3) Сөз дауыстыға, ұяңға, сонарға аяқталып, оған қосылатын морфема қатаң қ, к дыбыстарынан басталса, ол ұяң к, қ дыбыстарына айналып естіледі, жазуда сөздің түбірі сақталады.
Мысалы: алақап — алағап, қара көк—қара гөк Мал қора— малғора, қара күз — қара гүз, алтын көк — алтын гөк, ала қол — ала ғол, келе көр— келе гөр, ала көз — ала гөз.
Сөз бен қосымша, сөз бен сөз арасындағы соңғы дыбыстың өзінен бұрынғы дыбысқа өзіне ұқсата әсер етуін кейінгі ықпал дейміз.
Кейінгі ықпал мына жерлерде кездеседі.
1) Сөздің соңғы дыбысы қатаң п, к, қ болғанда, оған жалғанатын дауыстыдан басталған қосымша п дыбысын не б не у дыбысына, к, қ дыбыстарын г, ғ дыбыстарына айналдырады. Мұндай сөздер өзгерген қалпында жазылады: Мысалы: теп-тебін, теуіп, жап-жабады, жауып; табақ-табағы, серік-серігі, сабақ-сабағы, бесік-бесігі т. б.
2) Соңғы морфема б, п дыбыстарынан басталып, алғашқы морфема н дыбысына аяқталғанда, бұл дыбыс м дыбысымен алмасып айтылады да, н әрпімен жазылады. Мысалы : Жанбай — Жамбай, Егінбай — Егімбай, Тоғанбек-Тоғамбек, Жанпейіс-Жампіейіс, Жанболат-Жамболат, Жаманбек-Жамамбек.
3) Алғашқы морфема з дыбысына аяқталып, екінші морфема с дыбысынан басталса, з дыбысы с-мен алмасады, жазуда сөздің түбірі сақталып жазылады. Мысалы: көзсіз — көссіз, сөзсіз — сөссіз, қазса, — қасса, безсе — бессе, жазсын, жассын, азса—асса, кез-сең - кессең, озса — осса.
4) Алғашқы морфема з дыбысына аяқталып, соңғы морфема ж дыбысынан басталса, з дыбысы ж-мен алмасып айтылады да, з-мен жазылады.
Мысалы: бозжан — божжан, бозжирен — божжирен, көз жақсы — көж жақсы, саз жол — саж жол.
5) Алғашқы сөз к, қ, п дыбыстарына аяқталып, екінші сөз дауысты, ұяң, сонардан басталса, бұлар ұяң ғ, г, б дыбыстарымен алмасып айтылады, бірақ жазуда сөздің түбірі сақталады.
Мысалы: көк ала — көг ала, кек алу — кег алу, көп бала көб бала, есеп еді — есеб еді, тоқ екен — тоғ екен, сақ адам — сағ адам.
6) Соңғы морфема ш дыбысынан басталса, алдыңғы сөздің соңындағы с, з дыбыстары ш дыбысымен алмасады, жазуда бұл ескерілмейді.
Мысалы: бос сөзшіл — бос сөшшіл, кесші — кешші, қосшы — қошшы, қазша — қашша, жазшы — жашшы, кезші — кешші.
7) Қазіргі казақ тілінің байырғы сөздері б, в, г, д дыбыстарына аяқталмайды. Орыс тілінен енген термин сөздерде б, в, г, д дыбыстары сөздің соңында келсе, олар айтылуда п, ф, к, т дыбыстарымен алмасады, бірақ б, в, г, д әріптерімен жазылады. Мысалы: педагог — педагок, актив — актиф, завод — завот, клуб — құлып т. б. (Бұл мысалдардағы сөздің соңында жазылған к, ф, т, п әріптері ол сөздердің орфоэпиясына ғана қатысты).
8) Қазақтың байырғы сөздерінде қатар айтылған екі сөздің алғашқысы дауысты дыбысқа аяқталып, соңғысы дауыстыдан басталғанда, екі дауыстының бірі түсіп қалып айтылады, емледе дауысты әріп сақталады.
Мысалы: қара ала— қарала, қара ағаш — қарағаш, келе ме екен — келе мекен, қара алтын — қаралтын.
Сөздегі бір буынның көтеріңкі айтылуы екпін деп аталады.
М ы с а л ы: келді, аспаннан, қаздар, ауданда т. б. Осы мысалдардағы-ді, -нан, -дар, -да буындарына екпін түскен.
Қазақ тілінде екпін соңғы буынға түседі. Сондықтан сөзге қосымша жалғанған сайын екпін соңғы жалғанған қосымшаға ауысып отырады.
Бала-бала-лар-балалар-ға
өнер-өнер-лі-өнерлі-ден
жұмысшы- жұмысшы-лар - жұмысшылар-ды.
Тілде екпін қабылдамайтын да қосымшалар бар. Олар мыналар:
1) Жіктік жалғау (оқушы-мын, келе-мін).
2) Етістіктің болымсыздық жұрнағы (кел-ме, оқы-ма, ал-ма).
3) Етістіктің қалау, тілек мәнді жұрнағы (кел -ші, оқы- шы, ал-шы).
4) Бұйрық райда қолданылатын жіктік жалғаудың 1 — жағы, 2 — жақ сыпайы түрі (кел-ейін, кел-іңіз).
5) Сын есімнің дай, дей жұрнағы (тау-дай, үй-дей, өзім-дей).
Достарыңызбен бөлісу: |