"Үздік педагог" атаған беру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы "Үздік педагог" атағын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 8-6) тармақшасына сәйкес әзірленген және меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарының педагогтеріне "Үздік педагог" атағын беру тәртібін айқындайды. 2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) Конкурстық комиссия – аудандық (қалалық), облыстық деңгейде Конкурстың аталған кезеңінің жеңімпазын айқындау және Конкурстың келесі кезеңдеріне қатысу үшін ұсыным ұсыну үшін құрылатын комиссия (бұдан әрі – Комиссия). 2) Конкурсқа қатысушы – осы Қағидаларға сәйкес Конкурсқа қатысуға құжаттарын ұсынған білім беру ұйымының штаттағы педагогі; 3) педагог портфолиосы – педагогтің білім беру қызметіндегі жеке кәсіби жетістіктері, оқушыларының оқуы мен тәрбиесі және дамуының нәтижелері, педагогтің белгілі бір уақыт аралығындағы білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі ұсынылған жеке папкасы; 4) Республикалық конкурстық комиссия – Конкурс жеңімпазын айқындау және оған "Үздік педагог" атағын беру үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі құратын комиссия (бұдан әрі – Республикалық комиссия); 5) сыйақы – Конкурста жеңіске жеткен білім беру ұйымының педагогіне қайтарымсыз берілетін ақша; 6) эссе – ұсынылған тақырып бойынша жеке әсерді, идеяларды білдіретін шағын көлемді ойлар, шығарма. 2-тарау. "Үздік педагог" атағын беру тәртібі 3. "Үздік педагог" атағы білім беру ұйымдарының педагогтеріне жыл сайын конкурстық негізде беріледі. 4. "Үздік педагог" атағы бір адамға он жыл ішінде бір реттен артық берілмейді. Конкурсқа мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін білім беру ұйымдарының педагогтері қатысады: білім беру ұйымдарының штаттағы педагогтері болып табылатын; Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру сәтінде кемінде бес жыл үзіліссіз педагогикалық өтілі бар. 5. Эссе тақырыбын көрсете отырып, Конкурс өткізу туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Конкурстың I кезеңін өткізу басталғанға дейін бір ай бұрын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды, сондай-ақ Министрліктің интернет-ресурсына орналастырады. 6. Конкурс жыл сайын үш кезеңде өткізіледі.