Ыдыс-аяқ жуатын химиялық қоспаларға да назар аударған жөн. Ыдыстарда шайылмай қалған химиялық заттар тамақпен бірге ілесіп, адам ағзасына залалын тигізеді. Бүгін Европа құрамында табиғи түрдегі заттары бар ыдыс-аяқ жуатын құралдарды әлдеқашан мойындап, оларды шығаруды өндірістік жолға қойды. Яғни, химиялық қышқылдарды жойып, соның негізінде адам ағзасына тамақпен түсетін химиялық қоспаларды залалсыздандыруға көмектеседі.
Мысалы, қарапайым май кетіретін сұйықтықтардан кейін жуған ыдысымызды сірке қышқылы қосылған сумен бір-екі рет шайқап алғанымыз жөн. Себебі, құрамында ағзаға қауіпті канцероген қоспасы бар. Айғайлап жарнамалап жататын жуғыш өнімдерінің құрамында фосфат пен хлор мөлшерден тыс екен. Кір жуу ұнтағында фосфаттың мөлшері 5 пайыздан аспау керек. Ал хлор болса, канализация жүйесіндегі органика қоспалармен араласқан кезде «трихалометан» деген өте қауіпті химиялық затты ортаға шығарады. Сонымен қатар бұл өнімдердің құрамында иістендіруші, түс беруші мұнай қоспалары бар. Тұрмыста табиғи сабынды және жуғыш өнімдерін жасауға бола ма?
Ол үшін сода, карбонат, ұшпа өсімдік майлары, сірке қышқылы мен бура (натрий бор қышқылы) қажет. Бура — суда тез еритін, сырт келбеті нафталинге ұқсас бор қосындысы. Ол жалпы тазартушы ретінде қолданылады. Түрлі иісі бар, дақ шығару, бактериялардың көбеюіне қарсы тұру ерекшеліктері бар. Сода май дақтарын шығарады, суды жұмсартады.