8. Ш.Смаханұлы мен С.Адамбековтің шағын прозасындағы интертекстер
Кейінгі кезде тіл білімінде де, әдебиеттану ғылымында да зерттеу нысанына айналған мәселелердің бірі – цитация. Көптеген ғалымдар цитацияны интертекстуалды, яғни текстаралық байланыстарға жатқызады. Зерттеуші И.В.Арнольдтің пікіріне сүйене отырып, текстаралық байланыстардың түрі, көлемі, типі сан алуан болатынын айта келіп? зерттеуші А.С.Әділова: «...қаламгер интертекстерді өзі құрып (жазып) отырған текске бұрыннан көпшілікке таныс, идеялық-эстетикалық әсері қуатты, көркем тілді шығармалардан алады. Шетелдік және орыс ғалымдары мұндай текстерді «прецедентті текстер» (Қараулов Ю.Н., Арнольд И.В., Ванхала-Анишевски), «преконструкт» (Серио П.), «текст-түпнұсқа» (Супрун А.Е., Мелерович А.М.) деп атайды және олардың қатарына Библия, фольклорлық шығармалар, антикалық әдебиет пен мифологияны, әлемдік және орыс көркем туындыларын, балалар әдебиетін, халық әндері мен кеңінен танымал авторлық әндерді, саяси қайраткерлердің сөзі мен текстерін, бұқаралық ақпарат құралдарын жатқызады» [38] деп көрсетеді, яғни сондай пертекстердің бірі халық тілінің мәйегі саналатын мақал-мәтелдер.
«Сөз көркі» саналатын мақал-мәтелдер С.Адамбеков пен Ш.Смаханұлы шығармаларында түрлі қызмет атқарады. Оларға қал кейде пікірін дәйектеу үшін, бірде пікірлерін толықтыру үшін, енді бірде ойының әр бөлігін жалғастырып, жымдастыру үшін жүгінеді. Әңгімеде қандай локацияда келсе де, бұл мақал-мәтелдер бағалауыштық сипатқа ие, оны кейде графикалық ерекшелік те көрсетіп тұрады.
Жолдастар, «көп тілеуі – көл» деген, кеткеніміз келіп, кемтігіміз толса екен деуші едік бір кезде.
«Бөрі жоқ деме – бөрік астында» дегендей қатты шошынған үй иесі табан тіреп, шірене кеп тартқанда, бүкіл үш бөлме Жандостың құшағына еніп кеткендей болды.
-«Үндеместе пәле бар, екі ұртында шала бар» дегендей бір гәп бар…
Өзің газет бетіне қараудан да қалыпсың ғой. Оқы, әне, стол үстінде жатыр. Облыстық газеттің үшінші бетіндегі «Өтірік өрге баспайды» деген мақала саған арналған, - деді есік алдында тұрған әйелі.
«Аңдысқан ауыл болмас» дегенде, қашанғы қырқысамын да жүремін.
«Таң атпайын десе де күн қоймады» деген екен бұрынғылар.
Бірінің бесігін бірі тербетіп, бірінің қуыршағын екіншісі ала қашса, ер балалары асыққа таласып, «балалы үй базар» деген рас, бейнебір бала бақшаға айналады да кетеді.
Ата,- деді көрпе астынан шыға келген немересі, - келіндеріңе «әзілің жарасса атаңмен она» деуші ең ғой.
«Тойған үйге тоғыз бар» деп Елпекбай мен Жүміт түйешінің үйіне ертеңіне тағы келді.
Оған күйеуі Келіс мәз екен! «Балықшы балықшыны алыстан таниды». «Қарғайын десем жалғызым, қарғамаын десем жалмауызым» деген осы ә! «Аталы сөзге антұрған таласады» деген.
Бір-екеуінің орны босай қалса, «үмітсіз-сайтан» деген, неғыпты, әрекет жасармын дедім.
Байқап отырғанымыздай, мақал-мәтелдерді дәйексөз ретінде қолдану екі қаламгердің екеуінде де кездессе, басқа ақын-жазушылардың өлең жолдарын, пікірлерін, тіпті сөз тіркестерін өз ойын жеткізу үшін Ш.Смаханұлы жиі пайдаланады. Бұл өзінен бұрын айтылған пікірдің жеріне жете айтылғандығы, оқырманға таныстығы, көркемдігі, эмоционалдық-экспрессивтілігі себебінен болса керек. Мәселен, Ш.Смаханұлының «Не болады өңкей көл»? фельетонында цитата ретінде халық мақалы (Өнер алды – қызыл тіл), Абай өлеңдерінің фрагменттері («Сөз патшасы - өлең», «Дүние есігін өлеңмен ашатын халық, «Баяғы жартас – бір жартас, қаңқ етер, түкті бақамас», Мыңмен жалғыз алыстым»), прецедентті атаулар («Қызғыш құс», Шығайбай) алынған. Бұлар фельетонда ойды дәлелдеу, кейіпкерді бағалау, эмоцияны білдіру, пікір қорыту сияқты қызметтерде көрінеді.
Ш.Смаханұлының «Той төресі» әңгімесінде шығыс ақыны Низами Ганжауидің бір шумағы асаба аузымен қонақтарға қатысты айтылып, ол коннотативті қызмет атқарады. Әңгіме модальділігін, яғни сықақты түзуге ықпал етеді:
Дүние – алтын жиһаз… безбе бұдан,
Адам бол, қызық, құмарт, - болма жылан.
Өліні жыланға ұқсап азық етпе,
Гүлісің дүниенің сен шалқып тұрған .
Айта кетерлік бір жайт, дәл осы шумақты қаламгер «Сыпайы конфискация» деген скетчінде де пайдаланады, яғни осы шумақты келтірген автордың позициясы да байқалады.
Бұл келтірілген мысалдар автордың цитаталарды бұрыннан белгілі прецедентті текстерден алғанын байқатады. Әрине, бұл әдісті қолдану қаламгердің тіл жұтаңдығы немесе тіл қазынасынан өз қажетіне жарайтын сөзді таппағанынан емес, керісінше, өзіне бұрыннан белгілі ойға сүйене отырып, өзінің пікірін нықтау, әсерлеу, әсірелеу үшін өте тиімді.
Бұл цитаталар кейде көркемдегіш құрал ретінде, символ ретінде жалпы алғанда, оқырман үшін ассоциацияға негіз болатын фактор ретінде қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |